Архентина, Аргентина, Аргентина Республикасы — Оңтүстік Американы орналасқан мемлекет.
Мазмұны
1 Жағрапиясы
2 Тарихы
Жағрапиясы
Аргентина — Оңтүстік Американың (Латын Америкасының) оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет, федеративтік республика. Аумағы 2,77 млн. км2. Халқы – 39 млн. адам, мемлекеттік тілі – испан тілі. Астанасы – Буэнос-Айрес. Аргентина 22 провинция, 1 ұлттық аумақ және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Аргентинаның солтүстік-шығысында Гран-Чако, Ла-Плата жазықтары, батысында Анд тауына (ең биік тұсы Аконкагуа шыңы, 6960 м) жалғасып жатқан Атакама шөлі бар. Оңтүстік-батысын Патагония үстірті (2000 м) алып жатыр. Кен байлықтарынан мұнай және табиғи газ, тас көмір, қорғасын, мыс, темір, вольфрам, уран кентастары өндіріледі. Аргентина тропиктік, субтропиктік және шөлейтті климаттық белдеуде орналасқан. Қаңтардың орташа температурасы 9 – 20 ӘС, шілдеде 23 – 30 ӘС, жылдық жауын-шашын мөлшері 250 – 900 мм. Суы мол Парана, Парагвай, Уругвай өзендерінде кеме жүзеді. Көлдердің көбі осы өзендердің алабында және Патагонияда орналасқан. Жерінің бестен бірі тропиктік орман. Ерте заманда Аргентина жерінде үндіс тайпалары қоныстанған. Солтүстік-шығыс пен орталықта гуарани, тапес, чарруа, керанда, солтүстік-батыста диагиттер, оңтүстікте араукандар, патагондар тұрған. Диагит тайпалары отырықшы тұрмыс құрып, егіншілікпен шұғылданды, мата тоқуды, түсті металл қорытуды кәсіп етті. Бұлардан басқалары негізінен көшпелі үндістер болды. 1516 ж. испан теңізшісі Хуан Диас де Солис Рио-дела-Плата өзені сағасының төңірегін Испания жері деп жариялады. Осы күнгі Аргентина жерін отарлау 15 ғасырдың 30-жылдарынан кейін күшейе түсті. Отаршылдар үндістерді қырып-жойып, көпшілігін құлға айналдырды. Испандар бағындыра алмаған тайпалар құнарлы жерлерінен тықсырылып, оңтүстіктегі суық өңірлерге қарай ығысты. 1620 ж. жаулап алынып, Ла-Плата деген ат қойылған аймақ Перу вице-корольдігіне қосылды. Отарлаушылар ірі жер иеліктерін құрып, жұмыс қолы жетіспеген соң Африкадан зәңгі-құлдар әкеле бастады. Осы күнгі Аргентина, Боливия, Парагвай мен Уругвай кіретін аймақ 1766 ж. Ла-Плата вице-корольдігі болып бөлінді. 19 ғасырдың басында Испанияның отарлық үстемдігі әлсіреп, енді бұл өңірге ағылшындар көз тіге бастады. Алайда жергілікті халық жасақтары 1806 – 07 ж. ағылшындардың екі дүркін шабуылын тойтарып, 1810 ж. Ла-Платаның уақытша үкіметін құрды. Үкімет тәуелсіздік жолындағы күресті күшейтті. 1816 ж. 9 шілдеде Оңтүстік Американың біріккен провинциялары (осы күнгі Аргентина) өз тәуелсіздігін жариялады. 1826 ж. Аргентина Федеративтік Республикасы болып қайта құрылды. 19 ғасырдың 2-жартысында Еуропадан қоныс аударушылар лек-легімен ағылып, елдің халқы тез көбейді, экономика жедел өркендеді. 20 ғасырдың басында еуропалықтардан құралған аргентина ұлтының қалыптасу процесі аяқталды. Отаршылдар қырғынынан аман қалған аз ғана үндістер елдің қиыр оңтүстігі мен солтүстігін мекендеуге мәжбүр болды. 20 ғасырдың 30-жылдарынан басталған әскери төңкерістер 1983 жылға дейін толастамай, Аргентина жарты ғасырдан астам уақыт әскери адамдардың билігінде болды (1955 – 58); 1966 – 73; 1976 – 83). Соңғы әскери режим билігі кезіндегі елдегі жағдай әсіресе 1982 ж. сәуір – маусым айларында Англия мен Аргентина арасындағы әскери жанжал кезінде шиеленісе түсті. Бұл соғыста Аргентина жеңіліс тауып, Фолкленд (Мальвин) аралдарында (Оңтүстік Атлантика) Ұлыбританияның үстемдігі орнады. 1983 ж. елде демократиялық өкімет қайта орнап, құқық билігі үстемдік алды. Аргентина Біріккен Ұлттар Ұйымына, Халықаралық валюта қорына, Америка мемлекеттері ұйымына және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше. 1993 ж. 25 маусымда Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнатты. Аргентина – аграрлы-индустриялы ел. Негізгі пайда экспортқа шығаратын өнімдерінен түседі. Экономикасының дамыған саласы – ауыл шаруашылығы. Басты бағыты – астық және мақта егу, етті мал өсіру. Сонымен қатар темекі, жеміс және цитрус плантациялары бар. Жері орманды, ағаш қоры жөнінен Латын Америкасында 3-орын алады. Теңіз жағалаулары мен өзендерден балық ауланады. Пайдалы қазбаларға бай. Мұнай, газ, тас көмір, темір, қорғасын, мырыш, уран кендері өндіріледі. Өнеркәсібінің басты салалары – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін тамақ және жеңіл өнеркәсіп, кен өндірісі. Бидай ұны, қант, күнбағыс майы, мақта жібі, жасанды талшық өндіріледі. Металлургия өнеркәсібін дамытуда едәуір табысқа жеткен. Машина жасау өнеркәсібі автомашиналар мен тракторлар, станоктар мен кіржуғыш машиналар шығарады. Басты өнеркәсіп орталығы – Буэнос-Айрес қаласы. Барлық жүк айналымының 37,2%-ы су жолымен (басты порттары – Буэнос-Айрес, Госарино), 29,5%-ы автомобильмен, 20,6%-ы темір жолмен, 12,7%-ы құбыр арқылы тасылады. Сыртқы саудадағы негізгі серіктестері – АҚШ, Бразилия, Германия.
Тарихы
16 ғасырда испандықтар Онтүстік Американы жаулап ала бастады. Бұларды жат жерден алтын мен күміс табыла ма деген үміт қызықтырған еді. Сондықтан олар құрлықтың оңтүстігіндегі елді – Аргентина – ‘күмісті’ деп атады.
Бірақ Аргентинада алтын да, күміс те жоқ болып шықты. Бірнеше ғасыр бойы ол Испанияның Америкадағы иесіз қалған отарларының шет аймағы күйінде қала берді.
Осыдан бір ғасырдан аз-ақ бұрын бұл өңір өзгеріп сала берді. Бұл кезде теңіз жолдары құрлықтарды бір-бірімен жалғастырып жібірген еді. Еуропада өнеркәсіп қауырт дамып, қалалар тез өсті. Осыған байланысты Аргентинада ауыл шаруашылығы, әсіресе мал шаруашылығы шұғыл дами бастады. Аргентина еті Еуропаға жөнелтіліп жатты.
1814-1817 генерал Жозе Сан Мартин, Испаниямен тәуелсіздік үшін соғыс бастады. Оның арқасында Аргентина, Чили және Перу өздерінің тәуелсіздігін жариялады.