Тілдік құбылыстардың бүгінгі жайын білу үшін, оның өткен күйін білу шарт. Тіліміздегі араб және парсы элемменттерінің сырлы тұстарын айқындауда орта ғасыр жазба ескерткіштері таптырмайтын құнды дерек көзі екендігі даусыз. Қолжазбаның негізгі мазмұны ислам дінінің шарттары мен иман негіздері болғандықтан да араб сөздерінің едәуір мөлшерде болуы заңды құбылыс. Қолжазба тіліндегі араб сөздеріне лингвистикалық түсініктеме бере отырып оларды өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға топтасыруға болады:
Кісі есімдері: ‘Абдуллаһعَبدواللَه — жалқы есім; ‘Абдуллаһдан عَبدواللَهدَن «хабар вирилди ‘Абдуллаһдан Омароғлы (2б, 6)» (Хабар берілді Омарұлы Абдуллаһтан). Абдуллаһ ибн Омар. Ғалым сахаба. Фыкықшы және хадисші. Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) екінші сахабасы Омар бин Хаттабтың ұлы. Сөздің өзі арабша ‘абд (құл) және иләһ (тәңір) сөздерінің бірігуінен қалыптасқан. Яғни «Тәңірдің құлы» деген лексикалық мағына береді. Түркі тілдерінің барлығына дерлік енген сөз. Қазақ тілінің артикуляциялық базасына жат болып саналатын арабшадағы «ع» және «ه» дыбыстары кейде түсіріліп, ал кейде орнын басқа дыбыстар ауыстыратын болғандықтан, тілімізде осы сөздің Абдулла, Әбділдә, Әбділдә, Ғабдулла, Қабдолла, Қабдылла т.б сияқты бірнеше аллофондары кездеседі.
‘Иса عِيسىَ –Жалқы есім; ‘Исайа عِيسَ يَه «дахы ‘Исайа виргән савабы (36б, 2)» (және Исаға берген сауапты). Төрт үлкен пайғамбардың бірі. Яхуди (еврей) халқына жіберілген пайғамбар. Оған уаһи арқылы інжіл кітабы түсірілген. Бұл есім мұсылман түркі халықтарының барлығында кездеседі. ҚБ: ‘Иса (Иисус, ДТС; 213); ГТ, КФ: ‘Иса; Кітаби тіліміз бен діни туындыларда Ғайса формасында да ұшырасады. Арабша кірме сөздердегі ғ//ø заңдылығы жөнінде жоғарыда баяндалды.
‘Али — عَلِى —Али.«хабар вирилди ‘Алидән Абиталибоғлы 32 а. 1» (Хабар берілді Әбутәліпұлы Алиден). Али бин Абутәліп. Пайғамбарымыз Мухаммәдтің (ғ.с.) немере інісі, күйәу баласы, сенімді серігі және төртінші халифасы. Али— «биік, сұңғақ» деген мағына береді. Кісі есімі ретінде қазіргі түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Қазақ тілінде жоғарыда атап өткен заңдылықтар негізінде Али, Әлі, Ғали деген фонетикалық варианттары кездеседі. Сондай-ақ Әлібек, Әліби, Сапарәлі, Тұрдәлі, Шералы, Серғали секілді көптеген күрделі кісі есімдері құрамынан да көреміз.
Әби Бәкир اَبِىبَكر— Жалқы есім. «бу дәлил бирлә хабар вирилди Әби Бәкр сыддықдан (32а, 3)» (бұл дәлелмен хабар берілді Әбу Бәкір сыддықтан). Мұхаммед (ғ.с) пайғамбарға тұңғыш иман келтірген, исламды тұңғыш қабылдаған ер кісі. Ең жақын досы және бірінші халифасы. Есімнің өзі «Бәкірдің (тайлақтың) әкесі» деген лексикалық мағына береді. Түркі тілдерінің барлығында кісі есімі ретінде кездеседі. Тілімізде «Әубәкір, Әбубәкір» деген есімдер жиі ұшырасады.
Әби Йусуф اَبِىيُوسُف– жалқы есім; «ол Әби Йусуф аңды амали адлу китабында (9а, 6)» (ол Әбу Йусуф еске алды «айтты» амали атты кітабында). «Әби Йусуф қатында дахы Мухаммәд қатында (10б, 4)» (Әбу Юсуф және Мұхаммед қасында /пікірінше/). Ислам ғалымы.Әбу Ханифаның мүжтәхид (реформатор) дәрежесіне жеткен атақты шәкірттерінің бірі. «Жүсіптің әкесі» деген мағынаға келеді. «Йусуф» есімі барлық түркі тілдерінде кездеседі. Қазақ тілінде де Жүсіп есімі көп қолданылатын кісі есімдерінің бірі. Сондай-ақ Жүсіп, Үсіп, Нүсіп, Түсіп секілді бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі.
Әби Ханифә اَبِىحَنِيفَا—жалқы есім; «фарздур Әби Хәнифә қатында» (Әбу Ханифа қасында /пікірінше/ парыз); «намазуң ижиндә дәгүлдүр Әби Ханифә қатында 10 б. 6» (намаздың ішінде емес Әбу Ханифа пікірінше). Имам Ағзам Әбу Ханифа, әһли сүннәттің 4 имамының бірі. Ханефи ағымының (мәзхәбінің) құрушысы. Толық аты-жөні Нұғман ибн Сәбит. Ханиф -«нағыз, шын, шынайы» деген мағына береді. Қазақ тілінде сөз басындағы х (ح) дыбысы түсірілген және орнын қ дыбысына алмастырған Қанапия, Әнәпия деген кісі есімдері қолданылады.
Ибраһим اِبرَهِيم – жалқы есім; «Тәңри Таَала виргәй аңа Ибраһимә виргән савабы (36б, 1)» (Тәңір Тағала берсін оған Ибраһимге берген сауапты). Құран Кәрімде аты кездесетін, «үлүлазм» деп аталатын алты үлкен пайғамбардың бірі. Келдани қауымына пайғамбар болған. Жалпы «Ибраһим» есімі түркі тілдерінің барлығында кездеседі. Қазақ тілінде де түрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырап, Ибраһим, Ибрагим, Ибрахим, Ыбырайым, Ыбырай, Ібрәкім сияқты бірнеше варианттары қалыптасқан.
Мухәммәд مُحَمَّد — жалқы есім; «дахы Мухаммәдә виргән савабы (36б, 2)» (және Мұхаммедке берген сауапты). «хақ Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм расүлидүр (3а, 4)» (хақ Мухаммед әрі құлы, әрі елшісі). Өте мақтаулы мағнасына келетін бұл сөз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа б. Абдуллаһтың есімі. 571 жылы рабиуләууәл айының 12-де (17- сәуір) дүйсенбі күні Меккеде туып, 632 жылы рабиуләууәл айының 12-де дүйсенбі күні Мәдинада дүниеден озды. Соңғы пайғамбар. (Siyer-i Nebi). «Мұхаммед» есімі түркі тілдерінің барлығына танымал және өте жиі қолданылатын арапша кірме есімдердің бірі. Қазақ тілінде Мұхаммед, Маханбет, Мәмбет секілді бірнеше аллофондары бар.
Мәс’удоғлы مَسعُوداُغلِى— жалқы есім. Мас’удоғлындан مَسعُوداُغلِندَن«хабар вирилди Мас’удоғлындан (28б, 3)» (хабар берілді Мәсудұлынан). Абдуллаһ ибн Мәсуд. Алғаш мұсылман болған кісілердің бірі. Хадисші, фиқықшы және тәпсірші. Мас’уд – «бақытты» деген лексикалық мағына береді. Лексеманың өзі азербайжан және түрік тілдерінде қолданылады месуд олмақ – бақытты болу [10, 1544] Ал қыпшақ тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде кісі есім ретінде сирек кездеседі. Абайдың лирикалық өлеңдерінің көпшілігі 20 – 40 жол болып келеді, ал «Масғұт» поэмасы 128-ақ жол (Б. Кенжебаев, ө. Есназаров).
Хасан حَسَن— Хасан Басри; «хабар вирилди Хасан Басридән тәңри рахмәти аңа 40б. 1» (хабар берілді Хасан Басриден). Толық аты-жөні Әбу Саид әл-Хасан бин Әбил-Хасан Йесар әл-Басри. Хз Омардың халифалығы дәуірінде 621-жылы Басрада туып, 728-жылы қаза тапқан. Үлкен ислам ғалымы. Фиқықшы және тәпсірші [20, 61].Хасан — түркі тілдерінде жиі ұшырасатын есімдердің бірі. «Сұлу, көркем» мағынасындағы бұл сөздің қазақ тілінде Асан, Қасен деген формалары да бар.
Шафи’и شَافِعِى— жалқы есім; «хужжат әйләди Шафи’и (28б, 2)» (дәлел етті Шафиғи). «ол Шафи’и қаулидүр (8б, 1)» (ол Шафиғи қаулысы). «ол кижәр саймақ шартдур Шафи’и қатында (28б, 1)» (ол жарамды деп санау шарт Шафиғи қатында /пікірі бойынша/). Мұхаммед бин Идрис әс-Шафиғи. Әһли сүннәттің 4 имамының бірі. 767 жылы Палестинаның Газза қаласында туып, 819-жылы мысырда дүниеден озды және сол жерге жерленген.
ә. Ислам дініне байланысты наным сенімдер мен терминдер: Аллаһ اَللَّه— Алла, тәңір, құдай; «хақ намаз димәк Аллаһ Та’аладан рахмәтдүр (5б, 3)» (Хақ намаз деген Алла Тағаладан рахмет). Аллаһа اَلّلَهَ«ол киши айдағай шүкр Аллаһа кидәрди мәндән бәни инжиткәни (31б, 4)» (Ол кісі айтсын, шүкір Аллаға, кетірді менен менің жаныма батқанды). Түркі тілдеріне ислам дінімен бірге еніп, көне тәңір сөзімен әлі күнге дейін жарыса қолданылатындығы белгілі. Қолжазба тілінде де солай. Арабша әл-иләһ сөздерінің біріккен түрі. ГИ, ГТ, ИМ, КФ: Аллаһ; қаз.: Алла, Алда, Аллаһ; баш., тат.: Аллаһ(ы);: Аллаһ(ы); қырғыз: Алла; түрік, азер. өзб.: Аллаһ; түркм.: Аллā; ұйғ.: Алла(һ) [8, 38-39]. Тілімізде сөз соңындағы һ (ه)дыбысының түсірілген Алла (Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Абай) және сөз ортасындағы л (ل) дыбысының орнын «д» дыбысы алмастырған Алда (Алда риза болсын Батима ханым,- деді Төле би. «Т. Ахтанов») деген варианттары кездеседі. Соңғы кездері тілімізде соңғы дыбысын түсірілмеген формасы да қолданылып жүр. Мысалы: Ислам дінінде жауапкер- Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйым салған нәрселерден бойын аулақ ұстаған адам [14, 27].
Аллаһү әкбәр اَللَّهُ اَكْبَر— Аллаһ ұлық; Аллаһ ұлылардың ұлысы; «биз айтдук әууәл Аллаһү әкбәр димәк рүкндүр (16б, 3)» (біз айттық, алдымен Аллаһү әкбәр деп айту шарт). Арабша Аллаһ (тәңір) және әкбар (ұлы, асқан биік) сөздерінің тіркесінен жасалып тұр. Н. Оңдасынов осы тіркестің қазақ тілінде кездесетін «Алла әкбар, Аллау акпар, Алла әкпар, Аллаһу әкпер, Алла әкбәр, Аллаһу әкбәр, Алла акбар» сияқты аллофондарын көрсете отырып, әрқайсысына мысалдар келтіреді [15, 44].
‘ибадет عِبَادَت– ғибадат; құлшылық; тәңірдің бұйрықтарын орындау. «‘ибадет идүң тәңрийә ари көңүл бирлә (15б, 6)» (ғибадат етіңдер тәңірге пәк көңілмен). Мұсылман түрік халықтарының барлығына еніп, түркі тілдеріне ортақ сөзге айналған және өте жиі қолданылатын сөздердің бірі. ДТС:‘ибадәт(служение богу; покланение; 201); ГИ, ГТ, КФ, МГ: ‘ибадат; Қазақ тілінде арабша «ع» дыбысымен басталатын өзге сөздер секілді ғ//øзаңдылығы бойынша ғибадат, ибадат фонетикалық варианттары қалыптасқан. Лексикалық мағыналарында өзгешелік жоқ. қаз.: ғибадат; ибадат; баш.: ғыбәдәт; тат.: ғибадәт; түрік: ибāдет; азер.: ибāдәт; түркм.: ыбāдәт; өзб.: ибадәт; ұйғ.: ибадәт [7, 362; 8, 401; 9, 22; 10, 1031].
ахирәт اَخِرَت —ақырет; діни сенім бойынша адам өлгеннен кейін баратын және Алла алдында есеп беретін жер; о дүние; ахирәтдә اَخِرَتدَه «ахирәтдә рахмәт идижидүр мүминләрә (1б, 1)» (ақыретте рақым етуші момындарға). Жазба ескерткіштер тілінде: БВ: ГИ: ГТ: ИМ: КФ: ахирет [16. 4]. Қазіргі түркі тілдеріне тегіс танымал арапша кірме лексема: қаз.: ақырет; баш.: әһирәт; тат.: аһирәт; қырғыз: ақырет; түрік: аһирет; азер.: ахирәт; түркм.: āһырәт; өзб.: àхирәт; ұйғ.: ахирәт[8, 10-11]; Арапша — қазақша түсіндірме сөздікте осы сөздің тілімізде кездесетін ақират, ақирет, ақырет, ахирет, ахрет, ахірет, ақірет деген аллофондарын атап көрсетіп, әрқайсысына жеке-жеке мысалдар келтірген [15, 23].
ғусл غُسل–ғұсыл, шомылу. «қайсы жүнүбдүр хажат дәгүл ғусл аңа (41б, 2)» (қандай жүніптік қажет емес ғұсыл оған «Қандай жүніптік ғұсылды қажет етпейді»). Жалпы мұсылман түркі халықтарының барлығына діни термин ретінде кең тараған.ГИ, ИМ, КФ, КФТ: гусл;қаз.: ғұсыл; түрк: гусүл; ес. осм: гусл; Арабша «шомылу, жуыну» деген мағынаны білдіреді. Діни термин ретінде жыныстық қатынастан немесе ұрық сыртқа шыққан кейін діннің үкімі бойынша жуыну. Мысалы: Аллаһ елшісі былай дейді: «мәзиде — дәрет, мәниде – ғұсыл бар» [14, 49].
ду’а دُعَا—дұға, дуа; Тәңірге жалыну, одан тілеу; ду’адан دُعَادَن «араб дилиндә ‘ибаратдур ду’адан (5б, 6)» (араб тілінде дуадан тұрады). ду’адур دُعَادُر «мүминләрдән ду’адур (5а, 5)» (момындардан дұға /бата, тілек/). ду’алар دُعَالَر «дахы ду’алар оқумақ һәр а’зайы йуғанда (24а, 6)» (және дұғалар оқу әр дене мүшесін жуғанда). Түркі тілдерінің барлығынан кездестіре аламыз. ҚБ: ду’а (молитва; ДТС, 161);ГИ, ГТ, КФ, МГ, РХ, ат-Тухфа: ду’а; қаз.: дуа, дұға; баш., тат., түркм.: доға; қырғыз: доба; түрік, азер.: өзб.: дуà; ұйғ.: дуға; Қазіргі қазақ тілінде осы сөз өзінің негізгі мағнасымен қатар «сиқырлау, жадылық жасау;. қарғау, қарғыс» секілді ауыспалы мағыналарда да қолданылып жүр: 1. Лепес қып өзі бастап, «ақын» бол деп, Дұғасын ықыласпен берді маған. (С. Торайғыров); 2. Дуаны қылып, сиқырлап, міне, бір кісіні өлтіріп отырсың. (С. Торайғыров);
әжир اَجِر—1. діни. ақыретте берілетін марапат, сауап. 2. еңбек ақы, жалақы, өтеуі. әжирдә اَجِردَه «уәләкин ол кишийә ишләмәгилә артуқ олур әжирдә дахы дәрәжәдә (43а, 3)» (бірақ ол кісі осыны істеумен артық болады сауапта және дәрежеде). Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштерінің бір сыпырасында кездеседі. ГИ: ежр; ГТ: ежр, ежр тап- (сауап табу) КФ: ежр; ежр-и мисл (соған ұқсас сыйлық); ИМ: ежр-и мисл [16, 69]. Қазіргі түркі тілдерінде онша кең тарай қоймаған. Оғыз тілдерінде қолданылады. Қазақ тілінде қазіргі кезде онша көп қолдана бермейтін, әйтсе де соңғы кездерде ғана орысша «прокат» сөзінің баламасы ретінде қолданысқа ене бастаған «ежіре» сөзі осы сөзбен төркіндес.
жәннәт جَنَّت—жұмақ, жәннат; «жәннәт йахшыларжүн (1б, 2)» (жәннәт жақсылар үшін). жәннәтинә جَنَّاتِنَه «кирәсиз тәңриңүзүң жәннәтине хисабсуз дахы ‘азабсуз (3б, 5)» (кіресіз тәңіріңіздің жәннәтіне есепсіз және азапсыз).Түркі тілдерін өте кең тараған сөздердің бірі. ГИ, ГТ, КФ: женнет; қаз.: жәннат; баш.: йәннәт; тат.: жәннәт; қырғыз: жаннат; түрік: женнет; азер.: жәннәт; түркм.: женнет; өзб.: жәннәт; ұйғ.: жәннәт;Қазақ тілінде жәннат сөзімен қатар жаннат,жәннәт, жанат, жәннет секілді бірнеше аллофондары да жұмсалады.
Жибрийл جِبرِيل— Жәбрейіл періште; «имам олды баңа Жибрийл Ка’ба ишигиндә ики күн (14 а. 5)» (имам болды маған Жәбірейіл Қағба есігінде екі күн). Пайғамбарларға Алланың әмірлері мен уақиларын жеткізуші және ең үлкен төрт періштенің бірі. Түркі тілдеріне танымал сөздердің бірі. Қазақ тілінде Жебірейіл, Жабырайыл, Жәбірәйіл, Жәбірайыл, Жебрейіл секілді көптеген фонетикалық варианттары кездеседі. Н Оңдасынов «Арапша-қазақша түсіндірме сөздігінде» тіліміздегі жәбір, зәбір сөздерін де осы сөзбен төркіндес деп көрсетеді.
жинн جِن—жын. Көзге көрінбейтін дерексіз мақлұқ; жинләр جِنلَر«жинләр иман кәтүргән кижә 28 б. 4» (Жындар имн келтірген түні). Түркі тілдеріне кеңінен танымал лексема. Барлығында дерлік кездеседі. ГИ, ГТ, ИМ, КФ: жинн; қаз.: жын; баш.: йін; тат.: жин; қырғыз; түрік, азер.: жин; түркм.: жын; өзб., ұйғ.: жиннәт (көпше); Тілімізде парсы тілінен енген «пері, дию» сөздері де осы сөзбен синоним сөздер ретінде қолданылады.
зәкәт زَكَات—зекет; Ислам діні бойынша мал-мүліктің қырықта бірін садақа ретінде берілуі; «буйурды бизә намаз қылмағы зәкәт вирмәги (2а, 4)» (бұйырды бізге намаз оқуды, зекет беруді). зәкәти زَكَاتىِ «вирүңүз малыңузуң зәкәти 3б. 3» (беріңдер малдарыңның зекетін). Қыпшақ тілдері мен басқа түркі тілдеріне белгілі сөз. Түркі тілдерінің барлығынан кездестіруге болады. ДТС: зәкәт (639); ГТ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ: зекат; қаз., қырғыз: зекет; баш., тат.: зәкәт; түрік: зекāт; азер.: зәкат; түркм., өзб.: зекāт; ұйғ.: закат; Қазақ тілінде сирек те болса закат формасы да ұшырасады: Закатқа жетім ұстайтын, «Қоқанның» болмас қол құлы. (І. Жансүгіров).
зикр ذِكر— зікір, еске алу. «анлар ким зикр идәрләр Аллаһа дуруркән дахы отуруркән (19а, 1)» (олар зікір етеді Аллаға тұрғанда және отырғанда). ДТС: зикр (память, воспоминание; 161); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: зикр; Түркі тілдерінің барлығына танымал сөз. Формасы және мағнасы жағынан бәлендей айырмашылық жоқ. Тек кейбірінде «зикр», енді біреуінде «зикир, зікір» түрінде қалыптасқан.
иләһи اِلَهِى–Ей Тәңірім; «йа иләһи қылғыл мәни тәубә идижиләрдән (32Б. 5)» (Ей тәңірім! Мені тәубә етушілерден қыл). «йа иләһи арыт ағзум қоқусы бағышла йазуғумы (33б, 3)» (Ей Тәңірім! Тазарт аузымның иісін, кешір жазығымды). «йа иләһи йарлығ әйлә паңа зикрүң оқумаға дахы шүкрүң оқумаға йахшы қуллуқ итмәгә (33б, 4)» (Ей Тәңірім! Жарлық ет маған зікіріңді оқуға және шүкіріңді оқуға жақсы құлшылық етуге). Басқа ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінде кездесе бермейді.
ислам اِسْلَام—ислам; «дахы шүкр идәрмән Аллаһа дин ислам үстинә (32б, 4)» (Шүкір етемін Аллаға ислам діні үстіне). «дахы ислам нур қулды (33а, 4)» (және исламды нұр қылды). Араб тілінде «бағыну, мойынсұну» мағынасына келетін бұл сөз, Мұхаммәд ( ғ.с.) пайғамбардың жайған дінінің атауы, яғни мұсылмандық. ДТС: ислам (214); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: ислам; Түркі тілдерінің бәріне танымал, бәріне ортақ кірме сөз. Тұлғасы және лексикалық мағынасы барлығында осылай. Бірақ тілімізде кейде «іслам, ісләм» деп те кездесіп жатады. Мысалы: Ұлы мәртебелі Уайс хан- ісләм дінінің қорғаны,- деді ол. (І. Есенберлин).
истиғфар اِستِغفَار—Аллаһтан күнәләрі үшін кешірім сұрау, тәубе ету. истиғфардур اِستِغفَاردُر «мәләйкләрдән истиғфардур (5б, 5)» (періштелерден кешірім /періштелер адамдар үшін Алладан кешірім сұрайды/). Түркі тілдеріне сіңісіп кетпесе де, белгілі бір дәрежеде енген сөз. ГИ, ГТ, ИМ, КФ: истиғфар; Қазақ тілінде және басқа да түркі тілдерінде көбіне астапыралла /әстағфуруллаһ/ (Алладан кешірім сұраймын) сөзінің құрамында кездеседі. Ал бұл сөз тілімізде таң қалғанда және «Алладан кешірім сұраймын» деген мағыналарда өте жиі қолданылады.
ихсан اِحسَان—1. жақсылық, қайыр 2. Аллаһты көріп тұрғандай ықыласпен ғибадат ету; «ихсан димәк Аллаһа қуллық қылмақдур сән аны көрәр киби (44б, 5)» (ихсан деген Аллаға құлшылық ету сен оны көріп тұрғандай). «ихсан дидүгүмүз ол ихсандур тәңри йаратған қуллара (44б, 3)» (ихсан дегеніміз жақсылық, тәңір жаратқан құлдарға). ДТС: ихсан (дар; 205);ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ: ихсан; Түрік, азербайжан және өзбек тілдерінде белсенді қолданылады. түрік: ихсан; азер.: ехсан; өзб.: ехсáн; Ал қазақ тілінде екінің бірі біле бермейтін, бірақ көбіне ескі жыр дастандарда жиі ұшырасатын бір сөз. 1. Малынан қайыр-ихсан бермеген соң, Жер жұтып, ғазап тартып мехнат шеккен. (Ақан сері). 2 Өнерді үйренбек — өзі де ихсан. (Абай).
йархамүкаллаһ يَرحَمُكَاللَه— жәракімалла; «дахы өхсүрәнә йархамүкаллаһ димәк киби (5а, 5)» (және түшкіргенде жәракімалла деу сияқты). Адам түшкіргенде «Алла мәрхәмәт етсін» мағынасында айтылатын қошемет сөз.Түркі тілдеріне танымал күнделікті қолданылып жүрген сөздердің бірі.
Ка’ба كَعبَه— Қағба; ««имам олды баңа Жибрийл Ка’ба ишигиндә ики күн 14 а. 5» (имам болды маған Жәбірейіл Қағба есігінде /ішінде/ екі күн). Меккеде Харәм Шәріп деп аталатын мешіттердің ортасында орналасқан қасиетті ғимарат. Мұсылмандардың қасиетті мекені. Сондай-ақ, намаз қылғанда бет бұратын жақ, яғни қыбла.Түркі тілдеріне танымал лексема. Бірінде сөз ортасындағы «ع» дыбысын түсіріп Қаба, Қабә, енді бірінде ғ дыбысымен алмасқан Қағба тұлғасында кездеседі. БВ, ГТ, ИМ, КФ: Ка’бе;
қыбла قِبلََه—қыбыла; намаз оқығанда бет бұратын жақ, Мекке жақ. «қыблайа қаршу дурмақ 10 а. 4» (құбылаға қарсы тұру). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: қыбле; қаз.: құбыла; баш.: қыбла; тат.: кыйбла ; қырғыз: қыбыла; түрік: кыбле; азер.: гиблә; түркм.: кыбла; өзб., ұйғ.: қыблә; Қазақ тілінде көбіне «құбыла» деп айтылғанымен,«қыбыла» деген варианты да жиі қолданылады. «құбыла» ауыз екі сөйле тіліндегі, ал «қыбыла» діни термин ретінде қолданылатын, яғни кітап арқылы енген формасы болса керек. Қыбылаңызға шұба қылмаймын. Ақыл аға! (М. Әуезов). Түркі тілдеріне жаппай белгілі лексема.
кәфир كاَفِر— кәпір; Алланы танымаушы, құдайсыз, дінсіз; «инкәр идән аңа кафир олур (43а, 1)» (мойындамаған кәпір болады). кәфирләрә كَافِرلَرَه «дүниада рахмәт идижидүр мүминләрә кәфирләрә (1б, 1)» (дүниеде мәрхәмәт етуші момындарға, кәпірлерге). ДТС: кафир (гяур, вероотступник; 288); ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: кафир; қаз.: кәпір; баш.: кафыр; тат.: кяфир; қырғыз: кāпыр; түрік: кафир; азер.: кафир; түркм.: кāпыр; өзб.: кàфир; ұйғ.: капир; Қазақ тілінде кәпір формасымен қатар қапир, кауір, қапыр деген фонетикалық варианттары ұшырасады. Фонетикалық тұлғаларында өзгешелік болғанымен, лексикалық мағыналары бірдей.
қыйамет قِيَامَت—қиямет; дүниенің соңы, өлілердің қайта тіріліп мақшарда жиналатын шақ; «ким ки оқуса үж кәз тәңри та’ала дурғузғай аны қыйамет күни нәбиләр дурған йирдә (37а, 5)» (кімде кім оқыса үш рет тәңірі тағала тұрғызсын оны қиямет күні нәбилер тұрған жерде). «ол инанмақдур Аллаһа дахы мәләйкләринә дахы китабларына дахы расулларына дахы қыйамет күнинә (46б, 1)» (ол Аллаға және періштелеріне және кітаптарына және пайғамбарларына және қиямет күніне сену). Түркі тілдеріне жаппай белгілі сөз. ДТС: қыйәмәт (воскресение мертвых; 441); БВ, ГИ, ИМ, ИН, КФ, РХ: қыйамет; қаз.: қиямет; баш, тат.: қийәмәт; қырғыз: киямат; түрік: кыямет; азер.: гиямет; түркм.: куввāт; өзб., ұйғ.: қуввәт;
қамет قَامَت— қамат, тәкбір. Мешіттерде жамағатты намазға тұрғызу үшін айтылатын азан. «қамат киби уитир киби иртә сүннәти киби зуһр сүннәти киби (39а, 1)» (қамат сияқты, үтір намазы сияқты, таң намазы сүннеті сияқты, бесін намазы сүннеті сияқты). ГИ, ИМ, КФ: қамет; Түркі тілдерінің барлығында діни термин ретінде ғана жұмсалады. Ерлерге мейлі жекелей, мейлі жамағатпен болсын парыз бен қаза намазға тұрар алдында қамат айту – мүәккад сүннет [14, 142].
қуран قُراَن—құран; «қуран дидүгүмүз Тәңри та’алануң қаулидүр (2а, 2)» (құран дегеніміз тәңір тағаланың сөзі). қуранда قُراَندَه «дахы башламақ тәңри та’ала башлаған киби қуранда (24б, 6)» (және бастау, тәңір тағала бастаған секілді құранда). қурандан قُراَندَن «дахы ануңила бир нәснә оқумақ қурандан (19б, 2)» (және онымен бір нәрсе оқу құраннан). Ислам дінінің негізгі қағидаларын қамтитын, хз. Мұхаммедке (ғ.с) түсірілген қасиетті кітап. ДТС: қуран (467); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФТ, ал-Каванин: куран; қаз.: құран; баш., тат.: кор’ән ; қырғыз: қуран; түрік: кур’ан; азер.: гур’ан; түркм.: гурһан; өзб.: қур’áн; ұйғ.: ку’ан;
мәкрүһ مَكرُه—мәкрүк; шариғатта онша құп көрілмейтін істер; «дахы мәкрүһләри вар (22а, 5)» (және мәкрүктері бар). мәкрүһләри مَكرُهلَرِى«аудазуң мәкрүһләри алтыдур (25б, 2)» (дәреттің мәкрүктері алтау). мәкрүһдүр مَكرُوهدُر«мәкрүһдүр истинжа алты нәснә бирлә (29б, 2)» (алты нәрсемен истинжа жасау мәкрүк). Діни термин ретінде түркі тілдерінің барлығында қолданылады. БВ, ИМ, КФ, КФТ: мекруһ; қаз.: мәкрүк; қырғыз: мәкүрө; түрік: мекруһ; азер.: мәкруһ; түркм.: мекруу; өзб.: мәкрүһ; ұйғ.: мәкру; Қазақ тілінде «жиіркенішті, ұнамсыз» мағыналарында да қолданылатын мәкрүк формасымен қатар, макру, мәкру, мәкүру сияқты бірнеше фонетикалық варианттары да кездеседі. Мысалы: Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкрүк (мақал). Шошқа баққан мына макру қатыннан құтқар, — деді Ұлсүйген (Ә. Тәжібаев). Мақшар күні мұрттарын тарта алмастан, Мәкүруде тамған болса астарына (Ұлбике).
мәләк مَلَك—періште;«айдурды йа ики мәләклер сақлижылар мәнүм үстимә отуруң бунда (32а, 6)» (айтатын еді, ей екі періште қорғаушылар, менің үстіме отырыңдар мұнда). Түркі тілдерінің ішінде оғыз және қарлұқ топтарында кең тараған. ГИ, ГТ, КФ: мелек; өзб.: мәләк, ұйғ.: мәләк; түрік: мелек; азер.: мәләк; түркм.: мелек [7, 574; 8, 608, 10, 1528; 9, 166]. Ал қыпшақ тобына кіретін тілдерде бұл сөздің парсыша періште варианты қолданылады. Дегенмен ескі жыр-дастандарда мәлік формасында сирек те болса ұшырасады. Әрине кітап арқылы енсе керек. Ай мен күн сырнай тартып, жұлдыз билеп, Той қылса көкте мәлік қуанғаннан (Әріп).
мәләйк مَلَاِيك—періштелер; мәләйкләрдән مَلَاِيكلَردَن«мәләйкләрдән истиғфардур(5б, 5)» (періштелерден кешірім / періштелер адамдар үшін Алладан кешірім сұрайды/ ). мәләйкләринә مَلَايكلَرِنَه «ол инанмақдур Аллаһа дахы мәләйкләринә (46а, 6)» (ол Аллаға және періштелеріне сену). Мелек сөзінің көптік формасы. Түркі тілдерінде онша сіңісе қоймаған. Тек түрік тілінде мелаике түрінде кездеседі [10, 1527]. Байқап отырғанымыздай қолжазба тілінде «мелек» және «мәләйк» сөздері синоним сөздер ретінде қолданылған сияқты. Себебі қолжазбада кездесетін екі жерде де көптік мағынаны түбір күйінде емес, -лер көптік жалғауын жалғау арқылы берген. Яғни көптік мән екі граматикалық көрсеткіш арқылы беріліп тұр.Бұл құбылыс қазақ тіліне де жат емес. Араб тілінен енген әруақ (рухтар), аспап (себептер), ақбар (хабарлар) секілді сөздерге де көптік жалғауы жалғана береді. ГИ, ГТ, ИМ: мелайик; КФ: мелайик; мелайике;
мәсх مَسح —1. сипау, сүрту. 2. мәсіх тарту; дәрет алғанда сулы қолмен басты, құлақты, мойынды және аяқтағы мәсіні сипау, сүрту. «дахы баша мәсх әйләмәк буйруқ Аллаһ та’аладандур (11б, 1)» (Және басқа мәсіх тарту бұйрық Алла тағаладан). «мәсх әйләңүз башуңуза(23а, 3)» (Мәсіх тартыңыз басыңызға). ГИ, ИМ, КФ: месх;Діни термин ретінде түркі тілдерінде жиі қолданылады. «әйлә-, тарт-, чек-, ет- » (қаз.: мәсіх тарту; түрік: мәсх етмек, түркмен: мәс чәкмәк т.б.) сияқты көмекші етістіктермен бірігіп күрделі етістік құрайды. Мәсіге мәсіх тартудың мөлшері — әр аяқтың алдыңғы жағындағы мәсінің үстіне қолдың үш саусағының ені және ұзындығы өлшеміндей [14, 70]. Мысалда көрсетілген, күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын мәсі сөзінің де шыққан төркіні осы сөз болып табылады.
мисуәк مِسوَاك— мисуак, тіс тазалайтын арнайы ағаш тамыры; «дахы мисуәк әйләмәк (23б, 6)» (және мисуак жасу /миуакпен тіс тазалау/). мисуәки مِسوَاكِى «андан мисуәк әйләйә әгәр олса мисуәки (33а, 6; 33б, 1)» (содан соң мисуак етсінегер мисуәгі болса). Түркі тілдерінің барлығында кездеседі. Бірақ қазіргі таңда діни орталарда болмаса көп қолданылмайды. Тілімізде мисуак, мәсуек, мәсәуәк деген фонетикалық варианттары кездеседі. Мисуак қолдану – маңызды сүннет [14, 60]. Асыққанда мәсуегін ұмытып, аузын құр сумен шая салды (Ә. Нұрпейісов). Молданың насихатын тыңдасам да, Мәсәуәк ұстамадым шалмаменен (Әбубәкір).
мүмин مُومِن— момын, иман еткен, мұсылман; мүминләрдән مُومِنلَردَن«мүминләрдән ду’адур (5б, 5)» (момындардан /иман келтіргендерден/ дұға). мүминләрә مُومِن لَرَه «дүниада рахмәт идижидүр мүминләрә кәфирләрә (1б, 1)» (дүниеде мәрхәмәт етуші момындарға, кәпірлерге). Түркі тілдеріне кең тараған кірме сөз. ДТС: мумин; мүмин (правоверный, мусульманин; 347); ГИ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: мүмин; қаз.: момын; қырғыз: момун; түрік: мү’мин; азер.: мө’мин; түркм.: мөмин;өзб.: момин; [7, 620; 8, 723, 10, 107; 15, 121; 11, 465]. Қазақ тіліне бұл сөз алғашқыда «Аллаға сенген, мұсылман» мағынасында кіргенімен, уақыт өте қолданылу өрісі мен мағынасы ұлғайып, «момақан, жуас» деген жаңа лексикалық мағынаға ие болады (момын кісі, момын бала т.б). Ал бұл мағынасы басқа түркі тілдерінде кездесе бермейді. Сонымен қатар кітаби лексикада мұхмын, мүһмін деген фонетикалық варианттары да кездеседі. Айтып ем «Ақайыттан» үш ауыз пән, Бабынан «фазлияттың» мұхмын құлға (Ермұрат). Тегінде ишан бар ма мүрид шыққан, Мүһміннің әлін байқап ашқан бағын (Ақан сері).
мүсүлман مُسُلمَان—мұсылман;. «қайсы мүсүлман әбчидүр әгәр олса фариза қабул олмаз андан (41а, 2)» (қандай мұсылман әйелдің парызы одан қабыл болмайды). Түркі тілдеріне жаппай белгілі сөз. ДТС: мүсүлман (354); БВ, ДМ, ГТ, ИМ, МГ: мүсүлман; қаз.: мұсылман; баш.: мөсөлман; тат.: мөсилман; қырғыз: мусулман; түрік: мүслүман; азер.: мүсәлман; түркм.: мусулмāн; өзб.: мүсүлмàн; ұйғ.: мусулман;
нәжәсәт نَجَسَت— нәжісәт, ластық. «кидәрүр хақ нәжәсәти қумашдан дахы тәндән (8а, 1)» (хақ нәжісті киімнен және тәннен кетіреді). «дахы аринмақ нәжәсәтдән (10а, 3)» (және нәжістен тазару). ГИ, ИМ, КФ, КФТ: нежасет; Жоғарыдағы нәжіс сөзімен түбірлес. Көбіне діни әдебиеттерде ұшырасады. Екеуі бір-бірінің орнында қолданыла береді. Тілімізде «нәжәсәт» сөзі онша кездесе бермейді. Көбіне «нәжіс» қолданылады. Ал оғыз тобына кіретін тілдерде керісінше «нәжіс» сөзінен гөрі «нәжәсәт» сөзі жиі қолданылады.
нәби نَبىِ— пайғамбар, Алла елшісі; «қуранилә нәби хадиси билә (11а, 2)» (құранмен нәби /пайғамбар/ хадисімен). нәбидән نَبِىدَن «кәлди бир хабар да нәбидән (3б, 6)» (келді бір хабар нәбиден). нәбижүн نَبِىجُون «ануң сәфәри Аллаһижүн дахы нәбижүн (16а, 6)» (оның сапары Алла үшін және нәби үшін). нәбийә نَبيه «дахы нәбиә салауат вирмәк киби (5а, 6)» (және нәбиге салауат айту сияқты). Түркі тілдерінің бәріне танымал сөз. ДТС: нәби (пророк; 355); ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, РХ: неби; Қазақ тілінде көбіне ер кісі есімі ретінде де кездеседі. сондай-ақ әулие-әнбия дегендегі әнбия сөзі де осы сөздің көптік формасы болып табылады.
нәфл نَافل– нәфилә نَافِله— 1. нәпіл, парыз да емес, уәжіп те емес, кісі өз еркімен орындайтын ғибадат. 2.бос, әншейін, жарамсыз. «дахы нәфиләләри вар (22а, 4)» (және нәпілдері бар). «аудазуң нәфиләси алтыдур(24а, 3)» (дәреттің нәпілі алтау). ИМ, КФ, ИН: нафиле; ГИ: нефл; Діни термин ретінде нәпіл, нәфилә, нәфил түрінде бүкіл түркі тілдерінде қолданылады. Қазақ тілінде нәпіл, нәфіл сыпатында қолданылады. Бұлардың бірі (нәпіл) халықтың сөйлеу тіліндегі формасы болса, екіншісі кітаби лексикадағы тұлғасы. Ниет қыла білмейді, Не қылады нәпілді (Абай). Қуанғанымнан мешітке кіріп, екі бас нәпіл намаз оқыдым (МБТ).
нәфс نَفس — нәпсі. 1. адамның өзі; жан. 2. жеу, ішу, ұйқтау сияқты адамның биологиялық қажеттіліктері.3. адамның бойындағы шектен тыс құштарлық. «сүннәт дидүгүмүз ишләди нәби аны тәңри рахмәти нәби үстинә өз нәфсиндән (42б, 2)» (сүннет дегеніміз істеді пайғамбар оны «тәңірдің рахметі пайғамардың үстіне» өздігінен). «ари болғай нәфсиңүз (3б, 4)» (таза болсын нәпсіңіз). ДТС: нәфс (страсть, чувственность, плоть; 355); ГИ, ГТ, ИН, КФ, КФТ, ИМ: нефс; қаз.: нәпсі; түрік: нефис; азер.: нәфс; түркм.: небис; өзб.: нәфис; ұйғ.: нәпс; Қазақ тілінде осы сөздің «нәпсі, нәфсі, ләпсі, ләфсі» секілді бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. Қулық сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас (Абай). …нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайтажиғызып алатұғын мен емес пе? (Абай). Ей, Үмбет, иман қайда, ұят қайда, Лапсының іздегені бақыр қайда? (Нұрила). Бұлардың ішіндегі нәфсі кітаби тілдегі, ал қалғандары ауыз екі сөйлеу тіліндегі формалары болса керек.
мүстәхаб مُستَحَب — мұстахап, жақсы саналатын, сауапты іс; «мүстәхаб дидүгүмүз қачан ишемесе зыбылламаса ол киши йуғай су чықан йири (27а, 5)» (мүстахап дегеніміз қашан үлкен және кіші дәрет сындырмаса ол кісі жусын су шыққан жерді). мүстәхаблары مُستَحَب لَرِى «дахы мүстәхаблары вар (22а, 4)» (және мұстахаптары бар). мүстәхабдур مُستَحَب دُر«бири андан мүстәхабдур (26б, 3)» (оның бірі мұстахап). ГИ, ИМ, КФ, КФТ: мүстехаб; Түркі тілдерінде көбіне діни термин ретінде ұшырасады. Мұстахап – таңдаулы, ең көркем амал [14,36].
һидайат هِدَايَة— тура жол, мұсылмандық; һидайатдур هِدَايَةدُر «айт иман иқрардур дахы һидайатдур (47а, 3)» (айт, иман растау және тура жол). ГИ, ИМ, КФ: һидайат; Оғыз және қарлұқ топтарында белсенді қолданылады. Қыпшақ тілдерінде кездесе бермейді. түрік: Һидайет; азер.: һидайәт; өзб.: һидàйәт; ұйғ.: һидайәт; Әйтседе, ескі жыр-шумақтардан ідаят тұлғасында сирек те болса ұшырасады. Кітап арқылы енген сөз болуы керек. «Оқытып жөһиттен де құтылдық» деп, Шөккен жан таупық пенен ідаяттан (Шораяқтың Омары).
нифәс نِفَس— нифас, әйел босанғаннан кейін пайда болатын қан; «йунмақ киби жүнүбликдән хаиздан нифәсдән (6б, 4)» (жуыну сияқты жүніптіктен, хайыздан, нифәстан). «ол йунмақдур жүнүбликдән хаиздан нифәсдән нәжәсәтдән (26б, 6)» (ол жүніптен, хайыздан, нәжістен жуыну /тазару/). ГИ, ИМ, КФ, КФТ: нифас;Түркі тілдерінде күнделікті ауыз екі сөйлеу тілінде қолданылмағанымен діни термин ретінде жиі ұшырасады. Қазақ тілінде басқа сөздердегі секілді сөз ортасындағы ф дыбысы п-ға өзгереді. Қашапа, қайыз, нипастардың я дүниеге, я ақиретке нинди файда бар соң? – деді мұғалім (І. Жансүгіров).
рака’ат رَكَعَت — рәкәт, намаз басы. рака’атда رَكَعَتدَه«дахы ануңила бир нәснә оқумақ қурандан әууәл ики рака’атда (19б, 2)» (және онымен бірге бір нәрсе оқу құраннан әуелгі екі рәкәтта). «фатиха йалңуз оқумақ ахир ики рака’атда (20б, 5)» (жалғыз фатиханы оқу ақырғы екі рәкәтта). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: рек’ат; қаз: ірәкәт; қырғыз: ірекет; баш: рәкәт; тат: рәкат; түрік: рекāт; азер: рүк’ат; түркм: рекāт; өзб: рәкәәт; ұйғ: рәкәәт; [7, 721; 8, 885, 10, 1853; 10, 194]. Қазақ тілінде ірәкәт, рәкәғат, ракағат деген варианттары қолданылады. Біріншісі сөйлеу тіліндегі, яғни дыбыстық артикуляциямызға бейімделген варианты болса, соңғы екеуі кітап арқылы енген формалар болса керек. Мың ірәкәт намазыңнан артық деген, Кісіге істеген бір ізет – құрмет (Майлықожа). Қуанай қазірет жар салып халайықты мешітке жинатты да өзіекі ракағат намаз соңынан уағыз айтты (М. Әуезов). Сондай-ақ тілімізде көбіне осы сөздің орнына «бас»нумаративі де қолданылады. Қуанғанымнан мешітке кіріп, екі бас нәпілнамаз оқыдым (МБТ).
рамазанرَمَضَن– рамазан; «дахы рамазанда оруж дутмақ (3а, 5)» (және рамазан айында ораза тұту). Ай күнтізбесі бойынша тоғызыншы ай. Мұсылмандардың ораза тұтылатын айы. Түркі тілдеріне белгілі лексема. ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: рамазан; Түркі тілдерінде ер кісі есімі ретінде де жиі ұшырасады. қаз., қырғыз, тат., түрік, азер.: рамазан; түркм.: ремезан; өзб.: рәмәзáн; ұйғ.: рамизан; [7, 718; 8, 876, 10, 1844; 15, 195]. Қазақ тілінде сирек теболса рамадан формасы да ұшырасады: Рамадан арапша күйдіруші, жандырушы. Арап жерінде бұл өте ыстық ай (Т. Жанұзақов).
рәсүл رَسُول— елші, хабаршы, пайғамбар; рәсүлидүр رَسُولِدُر«хақ Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм рәсүлидүр 3 а. 4» (хақ Мухаммед әрі құлы, әрі елшісі). расүлүңдүр رَسُولُكدُر «тануқлуқ вирүрмән саңа хақ Мухәммәд қулуңдур рәсүлүңдүр 35 б. 5, 6» (куәлік етемін саған хақ Мұхаммед құлың, елшің). Өлі және тірі түркі тілдеріне танымал арапша кірме сөз. Көбіне діни термин ретінде қолданылады. ДТС: рәсул (пророк; 477); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: ресул; Сонымен қатар кісі есімі ретінде де жиі кездеседі. Қазақ тілінде расул, рәсул деген фонетикалық формалары ұшырасады. Рәсулді алған бұл өлім, Кімнен жөнді сұрайды (Абай). Хажы әке бұл сөзімді білсең керек, Расулдың айтқанына көнсең керек (Назым).
рахмәт رَخمَت— рақмет, рахымдылық, мейрімділік; «дүниада рахмәт идижидүр мүминләрә кәфирләрә (1б, 1)» (дүниеде мәрхәмәт етуші момындарға, кәпірлерге). «ахирәтдә рахмәт идижидүр мүминләрә (1б, 1)» (ақыретте рақым етуші момындарға). «тәжирлүгүм һәләк итмә сану рахмәтүң бирлә (35а, 6)» (Саудамды жыға көрме шексіз рахметіңмен). Түркі тілдерінің барлығына белгілі лексема. Тілімізде рахмет, рақымет, рақмет, рахмат, рахымет деген фонетикалық варианттары кездеседі. Сәуірде көтерілер рахмет туы, Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы (Ы. Алтынсарин). Артықша жаратқан Алланың рахматы (Абай). Қазақ тілінде алғыс айтқанда осы «рахмет» сөзі қолданылады. Бұл әнрине ауыспалы мағнасы.
рүку‘ رُكُوغ— рүкуғ, намазда қолды тізеге қойып иілу; «биз айтдук рүку’әйләмәк дахы сүжуд әйләмәк рүкндүр (18а, 5)» (біз айттық, рүкуғ ету және сәжде ету шарт). «рүку’әйләңүз сүжуд әйләңүз дахы қуллық әйләңүз тәңриңизә (18а, 6)» (рүкуғ етіңіз, сәжде етіңіз және құлшылық етіңіз тәңіріңізге). Қыпшақ жазба ескерткіштерінен діни сарында жазылған бірнешеуінде ғана ұшырасады. ГИ, ИМ, КФ, КФТ:рүку’; Қазақ тілінде рүкүғ, рүкуғ формаларында қолданылады. Бұл тәкбірді рүкүғке жақын алса намазы бұзылады [14, 114]. Рүкуғ бас ұрмақ… ол да – ишарат (Абай). Жалпы түркі тілдеріне белгілі сөз.
севаб ثَوَاب— сауап, сый, силық; «тәңри таَала виргәй аңа илик йыллық қылмыш сәвабы (36а, 6)» (Тәңір тағала берсін оған елу жылдық қылған сауапты). сәваблу ثَوَابلُو «тәрк ишләр сәваблу олурлар (41а, 5)» (тәрк етсе сауапты болдады). Түркі тілдерінің барлығына белгілі сөз. ДТС: саваб; сәваб (492); ГИ, ИМ, ИН, КФ, МГ: севаб; қаз.: сауап; баш.: савап; тат.: савап; қырғыз: сōп; түрік: севап; азер.: саваб; түркм.: соғāп; өзб.: сәвáб; ұйғ.: савап; [7, 767; 8, 945, 10, 1953; 15, 93].
садақа صَدَقَه –садақа; «дахы садақайы қабул әйләмәз ғулул малындан (12а, 5)» (және садақаны қабыл етпейді ұрлықы дүниеден). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: садақа; КК: садаға; қаз.: садақа; баш.: сәдәқә; тат.: сәдақа; қырғыз: садаға; түрік: садака; азер.: сәдәгә; түркм.: садака; өзб.: сәдақа; ұйғ.: садықа; [7, 731; 8, 906, 10, 1880; 15, 243]. Тілімізде садаға (Малым жанымның садағасы) деген аллофоны да кездеседі. Дегенмен бұл ауыз екі сөйлеу тіліндегі варианты болса керек.
салават صَلَوَت—салауат; Хз. Мұхаммед пен оның туыстарына оқылатын дұға. «дахы нәбиә салауат вирмәк киби (5а, 6)» (және нәбиге салауат беру сияқты). ГИ, ИМ, КФ: салават; Діни термин ретінде түркі тілдеріне белгілі сөз. Қазақ тілінде салауат, сәләуәт тұлғаларында кездеседі. Енді намаздың аты — салауат, салауат дұға мағнасында деген (Абай). Шадиярға көп сәләуәт (Ә. Тәжібаев). Бұлардың біріншісі кітаби тілдегі, соңғысы халық тіліндегі варианты болса керек.
сәждә سَجدَه— сәжде; «уәжиб олғанда унутқайжүн сәждә әйләмәк (20а, 2)» (уәжіп болғанда ұмытқаны үшін сәжде ету). «айтды ба’зылар уәжиб олур ану үстинә сәждә сәһуй (20а, 4)» (кейбіреулер айтты, уәжіп болады оның үстіне сәһуи /жаңылысу/ сәждесі). ГИ, ИМ, КФ: сежде; қаз.: сәжде; баш.,тат.: сәждә; қырғыз: сажда; түрік: сежде; азер: сәждә;түркм.: сежде; өзб.: сәждә; ұйғ.: сәҗдә; [7, 754; 8, 927, 10, 1927; 15, 205]. Түркі тілдеріне жаппай белгілі сөз. Тілімізде саждә, сәжда, сәждә, шажда, шәждә, шаһжда деген формалары кездеседі екен [15, 205].
сәһуй سَهوِى—сәһу; қате, жаңлысу; (сәжде сәһуй — жаңлысу сәждесі); «айтды ба’зылар уәжиб олур ану үстинә сәждә сәһуй (20а, 5)» (кейбіреулер айтты, уәжіп болады оның үстіне сәжде сәһу). «айтды ба’зылар уәжиб олмаз сәждә сәһуй (20а, 6)» (кейбіреулер айтты уәжіп болмайды сәһу сәжде). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ: сехв;Түркі тілдерінде тек діни термин ретінде қолданылады. ….яки қиямға жақын тұрып қойса, намазын әрі қарай жалғастырып, соңында сәһу сәждесін жасайды.[14, 190].
сүбхәнәкә سُبحَانَكَ – «Алланы күллі кемшіліктерден пәктеймін» мағынасындағы дұға сөзі; «сүбхәнәкә оқумақ (20б, 2)» (Сүбхәнәкә дұғасын оқу). Түркі тілдеріне жаппай таныс лексема. Тілімізде бұл сөз сұбхан// субхан// субыхан// сұбқан// сұбықан// сұбыхан// сүбіхан сияқты бірнеше фонетикалық вариантта ұшырасады [15, 204]. Дүңк етіп күн күркірей ме? Субхан Алла!- деді қажы (Х. Есенжанов). Тәубе!…Субыхан Алла!- деді.Қылдым тәубе-ай сұбықан (С. Дөнентаев). Ескерткіштер тілінде: КФ: сүбханеке; ГИ: сүбханеке; ИМ: сүбханеке; ГТ: сүбхане [16, 244]
сүннәт سُنَّت—сүндет; Хз. Мұхаммедтің мұсылмандар тарапынан істелуі керек істері және белгілі бір тақырыпта айтқан сөздері; сүннәтләрдән سُنَتلَردَن«айтды ба’зылар ол икиси сүннәтләрдән (20а, 1)» (кейбіреулер айтты, ол екеуі сүннеттерден). сүннәтләри سُنَتلَرِى «намаз сүннәтләри он икидүр (20а, 6)» (намаздың сүндеттері он екі). «әгәр тәрк итсә бир нәснә сүүнәт дигәнүмүздән (22а, 1)» (Егер тәрк етсе бір нәрсе сүндет дегенімізден). ГИ, ГТ, ИМ, КФ: сүннет; КФТ: сүннет (сүндет той); қаз.: сүндет, баш., тат.: сөннәт; қырғыз.: сүннөт; түрік: сүннет; азер.: сүннәт; түркм.: сүннет; өзб.: сүннәт; ұйғ.: сүннәт; [7, 803; 8, 971, 10, 2051; 15, 214; 11, 293]. Қазақ тілінде осы сөздің сүндет, сүннет, сүннәт, сүнниет, сунна, сұнна сияқты бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. [15, 214]. Сондай-ақ ер баланы сүндетке отырғызғанда жасалатын сүндет той да осы сөзден туындаған.
сүрә سُورَ– сүре; Құранның 114 бөлігінің әрбірі; сүрәсин سُورَسِن«фатиха сүрәсин оқумақ (19б, 1)» (фатиха сүресін оқу) «андан оқуйа иннә әнзалнәһу сүрәсин ахиринә дәгин аудазуң ардынжа (36а, 1)» (содан соң оқығай иннә әнзәлнәһу сүресін ақырына дейін дәреттің артынша). ГИ, ГТ, ИМ, КФ: суре; қаз.: сүре; баш., тат: сүрә; қырғыз: сүрө; түрік: суре; азер.: сурә; түркм.: сүре; өзб., ұйғ.: сүрә; [7, 799; 8, 964, 10, 2043; 15, 214; 11, 293]. Қазақ тілінде суре деген варианты да кездеседі. алайда бұл кітаби лексикадағы фомасы. Әншейін қасына суре танитын сопысымақтарды жиып алған (С. Торайғыров);
сырат صِرَاط – сырат; 1. жол. 2. жәннатқа қарай өтетін тозақтың үстіне құрылған өтуі қиын көпір, қыл көпір; «йа иләһи мүхкәм әйлә ики айағумы сырат үстинә табрылған күн анда айақлар (35а, 2)» (Ей Тәңірім! Мығым қыл аяғымды қыл көпір үстінде тайдырылған күүн ол жерде аяқтар). ГИ, ИМ, КФ: сырат; қаз.: сират; баш.: сырат; тат.: сырат; түрік.: сырат; азер.: сират; түркм.: сырāт; өзб.: сирáт; ұйғ.: сират; [7, 774; 8, 950, 10, 1971; 15, 243]. Қазақ тілінде ысрат, сұрат деген аллофондары да қолданылады. Бүгінгі күні арамыздан жетім шал дүние салып, ысрат сапарынажол шеккенде… (Ә. Нұршайықов). Сол сұрат көпір мына біздің күйімізден ауыр емес шығар, — дейді Рухия (С. Сматаев).
таһаратطَهَارَت—тәһарат, дәрет, тазалық, тазалану; «бири улу таһаратдур бири кижи таһаратдур (6б, 2)» (бірі ұлы таһәрәт /тазалық/ бірі кіші тәһәрат); Қолжазбада авдаз сөзімен синоним ретінде қолданылған бұл сөз, басқа ескерткіштерде кездесе бермейді. Себебі бұл сөздің орнына көбіне парсыша авдаз сөзі қолданылған (Қ. авдаз). ГТ: таһарат;қаз.: дәрет; баш.: тәһәрәт; тат.: тәһарәт; қырғыз: тарат; түркм.: тәрет; өзб.: тәһáрәт; ұйғ.: таһарәт; [7, 3; 9, 14]. Дәрет ауыз екі сөйлеу тілімізде, ал тәһарат, таһарат болса кітаби әдеби тіліміздегі формалары.
тахиат تَحِيَات— тәхиәт; намазда оқылатын әт-тахият дұғасы; сәлем беру, жақсылық тілеу; «ахир тахиата отурмақ тахиат қадарынжа (10б, 1)» (ақырғы тәхиятқа отыру тәхият шамасында). «биз айтдук ахир тахиата отурмақ рүкндүр (18б, 6)» (біз айттық, ақырғы тәхиятқа отыру шарт). ГИ, КФ: тахийат; Діни термин ретінде болмаса, түркі тілдеріне кең тарай қоймаған. Кітаби тілімізде тілімізде сирек ұшырасады. Қағадат ұлахир – дұғаның… ақырында…. тәхият, одан тәшәһһуд, одан салауат… ең ақырында сәлеммен тауысасыз (Абай).
тәйәммүм تَيَمُّم— тәйәммүм, су табылмаған кезде құм, топрақ сияқты заттарға қолды ұрып, дәрет алу; «хүкми аудаз дидүгүмүз тәйәммүм киби тобрағилә (38б, 4)» (хүкми дәрет дегеніміз тәйәммүм сияқты топырақпен). «дахы тәйәммүм алды (41б, 5)» (және тәйәммүм алды). ГИ, ИМ, КФ: тейеммүм; Түркі тілдерінде көбіне діни термин ретінде қолданылады. Тәйәммүм – су болмаған кезде немесе су бола тұрып пайдалана таза топраққа топраққа соққан қолдары арқылы жүзін және екі қолын шынтаққа дейін мәсіх ету [14,73].
тәубә تَوبَه— тәубә, істеген күнәләрына өкініп, Алладан кешірім сұрау; «йа иләһи қылғыл мәни тәубә идижиләрдән (32б, 6)» (Ей Тәңірім! Қыла көр мені тәубе етушілерден). «йалңузсән ортағуң йоқдур саңа қайтармән тәубә идәрмән саңа (35б, 4)» (Жалғызсың, ортағың жоқ, саған қайтамын, тәубе етемін саған). Түркі тілдеріне белгілі арапша кірме сөз. ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: тевбе; Қазақ тілінде тәубе, тауба, тәуба, тәубә, тоба секілді бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. Ер Жәке тауба қылып орныңнан тұр (К. Әзірбаев). «Тойған сайын тәубе қыл!», Айтқаныма егеспей! (Тұрмағамбет). Тоқсан кірдім қамалға, Тоба деп көңлім басылмай (Ж. Саин).
тәухид تَوحِد— Аллаһты бір деп білу; тәухиддән تَوحِد دَن «имандан дахы мағрифатдан дахы тәухиддән дахы шари’атдан дахы диндән айтды (45а, 1)» (иманнан және мағрифаттан және тәухидтен және шариғаттан және діннен айтты). «тәухид дигән иқрардур бирлижидин әууәлдән ари көңүл бирлә (45а, 5)» (тәухид деген растау, бір деп білу әуелден пәк көңілмен). ГТ, ИМ, КФ: тевхид; Күнделікті тұрмыста қолданылммаса діни термин ретінде қолданылады. «Тәухиттің көп айт деген кәлимасын, Отына махаббатың күйді басым» — деген сияқты арап сөздері көп араласқан діншілдік мазмұндағы сөздер көп болады екен (С. Мұқанов).
тәфсир تَفسِير— тәпсір, түсініктеме; «қумашуңы арыт айдылды тәфсир ижиндә (12а, 3)» (киіміңді тазарт деп айтылды тәпсір ішінде). «бунуң киби уарид олды тәфсирдә (14а, 3)» (осылай жетті тәпсірде). «Құранның түсініктемесі» мәніндегі діни термин ретінде түркі ітлдерінде қолданылады. ГИ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: тефсир; қаз.: тәпсір; баш.: тәфсир; тат.: тәфсир; қырғыз: тефсир; түрік: тефсир; азер.: тәфсир; түркм.: тефсир; өзб.: тәфсир; ұйғ.: тәпсир; қазақ тілінде тәпсір, тапсыр, тәпсир, тәфсир, тәфсір сияқты бірнеше аллофондары кездеседі.
уәжиб وَاجِب – уажып; Парыздан кейінгі маңызды міндет, борыш. уәжибләри وَجِبلَرى«дахы уәжибләри вар (10а, 1)» (және уажыптары бар). «намазуң уәжибләри йидидүр (19б, 1)» (намаздың уәжіптері жетеу). уәжибләрдән وَجِبلَردَن«айтды ба’зылар ол икиси уәжибләрдән 19б. 6» (айтты кейбіреулер ол екеуі уәжіптерден). ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: важиб; қаз.: уажып, уәжіп; қырғыз: уәжип; түрік: вāжип; азер: вāжиб; түркм: вāжип; өзб: вáжиб; ұйғ: важип;[7, 934; 8, 1131, 10, 2325; 11, 404; 9, 205]. Түркі тілдеріне танымал лексема. Көбіне діни термин ретінде қолданылады. Тілімізде уажып, уәжіп, уажип, уажіп сияқты бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. Көрмекке бізге уажып нұр дидарын, Жетісу амансың ба, саңылағым (Шашубай), бәндеге бұйырғаны парыз уажіп, Құдайға керегі жоқ мал мен бақтың (Назым). Бір жылда «өтіп уәжіп» неше келер (Ұлбике).
уитирوِتِر— үтір намазы; «дахы қунуд оқумақ уитирдә (19б, 4)» (және құныт дұғасын оқу үтір намазында). «уитир киби иртә сүннәти киби зуһр сүннәти киби нәки бунлара бәңзәрсә (39а, 1)» (үтір намазы сияқты, таң намазы сүннеті сияқты, бесін сүннеті сияқты не осыларға ұқсаса). ГИ, ИМ, КФ: витр; Діни термин ретінде барлық түрік тілінде кездеседі. Үтір намазы рамазы рамазанда ғана жамағатпен оқылады [14, 148].
үммәт اُمَّت— үмбет, халық, қауым; үммәтүм اُمَّتُم«жәми’ олмаз мәнүм үммәтүм йаманлығ үстинә (4б. 2)» (бірікпейді /топтаспайды/ менің үммәтім жамандық үстіне). үммәтүң اُمَّتُك «дахы үммәтүң уақтыдур (15б, 3)» (және үмбеттің уақыты). үммәтинә اُمَّتِنَه «аңды ануң мүздыны үммәтинә (42б, 5)» (айтты оның артықшылығын үмбетіне). ДТС: үммәт (религиозная община; 625); ГИ, ГТ, ИМ, КФ: үммет;қаз.: үмбет, үммәт,үммет; қырғыз: үммөт; түрік: үммет; азер.: үммәт; түркм.: ыммат; өзб.: үммәт; ұйғ.: үммәт; [7, 927; 8, 1128, 10, 2308; 11, 437; 15, 48]. Түркі тілдеріне танымал арапша кірме сөз.
фарз فَرض—парыз, міндет, борыш; Алланың бұйрықтары; фарзлығы فَرض لِغِى«билинди намаз фарзлығы қуранилә нәби хадиси билә (2а, 1)» (білінді намаздың парыздығы құранмен, нәби хадисімен). «хақ фарз ики дүрлүдүр (4б, 4)» (шын парыз екі түрлі). «хақ аудазуң фарзлары вар (22а, 4)» (шын дәреттің парыздары бар). ГИ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: фарз; қаз., қырғыз: парыз; баш., тат.: фарыз; түрік: фарз; азер.: фәрз; түркм.: парз; өзб.: фәрз; ұйғ.: пәрз; [7, 239; 8, 251, 10, 762; 11, 214].Түркі тілдеріне тегіс танымал лексема. Қазақ тілінде алғаш діни термин ретінде кіріп, уақыт өте келе мағынасы мен қолданылу өрісі кеңіп, актив сөзге айналған. Парыз сөзімен қатар сирек те болса фарыз деген формасы да қолданылады. Кітаби лексикадағы варианты болуы керек. Түсірдің мал фарызын Мекке барып (Назым);
фарз ‘аин فَرضِ عَين— айын парыз; әр мұсылман өзі істемейінше құтылмайтын парыздар. Намаз ораза т.б. «бири фарз ‘аиндүр (4б, 4)» (бірі айн парыз). «фарз ‘аин дидүгмүз шулдур (4б, 5)» (парыз айн дегеніміз мынау). Тек діни термин ретінде сирек қолданылады. ИМ: фарз аин; Айн парыз. Әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар [14, 30]. Жазба әдеби туындыларымызда парызғайын тұлғасында ұшырасады. Парызғайын – жұрт аңырап қалды (І. Жансүгіров).
фарз кифәйә فَرضِ كِفَايَه— кифая парыз; кейбір мұсылмандардың орындауы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыздар; жаназа т.б. «бири фарз-ы кифәйәдүр (4б. 4)» (бірі кифая парыз); «фарз кифәйә дидүгмүз шулдур (5а, 3)» (кифая парыз дегеніміз мынау). Бұл да діни термин ретінде сирек кездеседі. ИМ: фарз кифайе; Кифая парыз: жалпы мұсылмандарға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыру арқылы барлық мұсылмандардың мойнынан түсетін парыздар [14, 30].
фатиха فَاتِحَه — фатиха, ашылу, кіріспе; 2. Құранның бірінші сүресі; «фатиха сүрәсин оқумақ (19б, 1)» (фатиха сүресін оқу). «фатиха йалңуз оқумақ ахир ики рака’атда (20б, 5)» (фатиханы жалғыз оқу ақырғы екі рәкәтта). қаз.: патиха, фатиха; баш.,тат., түрік: фатиха; қырғыз: фатиқа; азер.: фāтихә; өзб.: фáтихә; ұйғ.: патихә; [7, 238; 8, 252, 10, 765;]. Тілімізде ос сөздің бірнеше фонетикалық варианттары ұшырасады. Мысалы: Сіздердің патихаларыңызбен, — деді Ажар (С. Омаров). Онан соң қирәт, яғни сураий фатиха оқисың (Абай). Жарықбас молда батихасын берді (Ә. Нұрпейісов). Ал енді тілімізде жиі қолданылатын «бата, бәте» сөздерінің де шығу төркінінің осы сөз екендігін аңғару да қиын емес (Батамен ер, жаңбырмен жер көгерер).
хадис حَدِث—хадис; 1. әңгіме, кеңес, сөз. 2. Хз. Мұхаммедтің (ғ.с.) сөздері мен істерінен әңгіме. хадиси حَدِثىِ«Нәби хадиси дидүгүмүз (2б, 6)» (нәби хадисі дегеніміз). «билинди намаз фарзлығы қуранилә нәби хадиси билә (2а, 1)» (білінді намаздың парыздығы құранмен, нәби хадисімен). хадисилә حَدِثِلَه«қуранилә нәби хадисилә (12а, 1)» (құранмен, нәби хадисімен). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: хадис;қаз., баш.: хадис; тат.: хәдис; қырғыз: хадис; түрік, түркм., ұйғ.: хадис; азер.,өзб.: хәдис; Түркі тілдеріне танымал арапша кірме лексема. Қазақ қадыс, қадис деген фонетикалық варианттары да бар. Пайғамбардың қадысы, — деді Сүгір молда (Ғ. Мүсірепов). Бұл қадисте пайғамбарымыз һәм кімнің сыртқы түрін айтқан (С. Сейфуллин).
хаж حَج— қаж, қажылық; хажжында حَجِندَه«ол нәби айтды ахир хажжында (3б, 2)» (Ол нәби айтты ақырғы қажылығында). «дахы хаж әйләмәк (3а, 5)» (және қажылық жасау). «хаж әйләңүз тәңриңүзүң әвинә (3б, 4)» (қажылық жасаңыз тәңіріңіздің үйіне). Хаж (хадж; ДТС, 199); ГИ, ИХ, КФ, МГ, ИМ: хаж; қаз.: қаж, қажылық; баш., тат., түрік, түркм.: хаж; қырғыз: ажы; азер.: хажж; өзб., ұйғ.: хәж; Қазақ тілінде осы сөздің қаж//қажылық; әж//әжілік; хаж// хажылық сияқты бірнеше вариантын кездестіруге болады. Бұлардың алғашқы екеуі (қажылық, әжілік) сөйлеу тіліміздегі, ал соңғысы (хажылық) кітаби лексикадағы варианттары болса керек. Деп айтқан мың реттік әжіліктен, артық деп халыққа қылған бір әділ іс (Майлықожа). Меккенің хажылық жолын аштым (А. Машанов).
хаиз حَيض—хайыз, етеккір; хаиздан حَيضدَن«дахы йунмақ киби жүнүбликдән дахы хаиздан (5а, 2)» (жүніптіктен және хайыздан жуыну сияқты). «ол йунмақдур жүнүбликдән хаиздан нифәсдән нәжәсәтдән 26 б. 5, 6» (ол жүніптен, хайыздан, нәжістен жуыну /тазару/). ИМ, МГ, КФТ: хайыз;. Қазақ тілінде, сондаай-ақ басқа түркі тілдерінде діни термин ретінде сирек ұшырасады. Хайыз — әр айдың белгілі күндерінде әйел адамдарда пайда болып, кейбір ғибадаттарға кедергі жасайтын қан [14,56].
хақ حَق— хақ. 1. Алла, Тәңір. 2. шын, тура; «хақ Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм расүлидүр (3а, 4)» (хақ Мухаммед әрі құлы, әрі елшісі).«биз айтдук хақ ниәт шартдур (15б, 4)» (біз айттық шынайы ниет шарт). «хақ арилық алты дүрлүдүр (37а, 6)» (шын тазалық алты түрлі). ДТС: хақ (право, обязанность; 198); хақ сөз (истинное слово; 198); ГИ, ГТ, КФ: хақ (Алла, тәңір; ақы); ИМ: хақ (шын, дұрыс; ақы); ИН, КФТ: хақ (құқық); қаз.: хақ, ақы; баш., тат: хақ; қырғыз: ақы; түрік: хак; азер.: хагг; түркм.: хак; өзб.: хак; ұйғ.: хәк; Тілімізде жиі қолданылатын ақы (еңбек ақы, құдай ақы), ақ (ақ махаббат, «аққа құдай жақ») сөздерінің де арғы тегі осы сөзден екен [15, 131].
хәлал حَلَال — адал, Алланың рұқсат берген нәрсесі; «хәлал олмақ дүниа иши сәләм вирмәкдүр (17а, 3)» (адал болған дүние ісі сәлем беру). «хәлал олмақ сәләмиләдүр (11б, 5)» (адал болу сәлеммен). ДТС: халал (дозволенное; 198); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: хелал; қаз., қырғыз: адал; баш., тат.: хәләл; түрік: хелāл; азер.,түркм.: халāл; өзб.: хәлáл; ұйғ.: халал; Түркі тілдеріне кең тараған лексема. Қазақ тілінде адал сөзімен бірге қалақ, халал формалары да қолданылады. Әлбетте соңғы екеуі кітаби тілдегі варианттары. Мысалы: Қарамға қалал кісі жүрмес жақын. Тілеймін қалал жолмен алмағымды (Молда Мұса). Малға махаббатын аудармай ізгілікке бола халал кәсіп бірлән тапқан дүние емес (Абай). Алал сопы мен емес, Пірдің сөзін тұтынған (Дулат)
харам حَرَام— арам, исламиятта тиым салынған нәрселер; «дөрдинжи арытғай қарныны харам йәмәкдән (37б, 6)» (төртінші арындыр қарныңды арам тамақтан). Түркі тілдеріне тегіс белгілі сөз. ДТС: харам (запретное, недозволенное; 199); КК, ГИ, ГТ, ИН, КФ, КФТ: харам; қаз.: арам; баш.: харам; тат.: хәрәм; қырғыз: арам; түрік: харам; азер.: харам; түркм.: харāм; өзб.: хәрáм; ұйғ.: харам; Тілімізде харам, қарам деген фонетикалық варианттары да жиі айтылады.
шәйтанشَيطَان– шайтан; «йа иләһи мән сығынурмән саңа рижсдән нәжисдән хабисдән ташланмышдан шайтандан 31а. 5» (Ей Тәңірім! Мен сиынамын саған рижстен, нәжістен жамандықтан, тас атылып қуылғаннан, шайтаннан). КК, ГИ, ГТ, ИМ, КФ: шейтан; қаз., баш., тат.: қырғыз: шайтан; түрік, азер., түркм.: шейтан; өзб., ұйғ.: шәйтан; Түркі тілдеріне тегіс таныс сөз. Қазақ тілінде сайтан формасы да жиі қолданылады.
шари’ат شَرِيعَت— шариғат; Алланың әмірі, діни заңдылықтар; шари’атда شَرِيعَتدَه «шари’атда ‘ибаратдур бәллү рүкүнләрдән (6а, 1)» (шариғатта белгілі шарттардан /негіздерден/ тұрады). «алтынжы аудаз алмақдур шари’атда 37б. 6» (алтыншы дәрет алу шариғатта). ДТС: шари’ат; шәри’ат (520); ГИ, ИМ, КФ, КФТ:шери’ат; қаз.: шариғат; баш., тат.: шәриғәт; қырғыз: шарият; түрік: шерият; азер.: шәрият; түркм.: шериғат; өзб., ұйғ: шәриәт; Қазақ тілінде шарият деп те қолданылады. Шарият кітаптарының да көңілге тұтар сабағы болғаны (Д. Досжанов).
шәһидشَهِيد– шейіт; Алла үшін, дін үшін соғыста жанын құрбан еткен адам; шәһидләрдәнشَهِيدلَردَن«ким ки оқуса ики кәз йазылғай шәһидләрдән салихләрдән (37а, 3)» (кімде кім оқыса екі рет жазылсын /саналсын/ шейіттерден, салихтардан). ГИ, ИМ, КФ: шеһид; қаз., қырғыз: шейіт; баш.,тат: шәһит;түрік, түркм.: шеһит; азер.: шәһид; өзб: шәһид; ұйғ.: шеһид; [7, 808; 8, 984, 10, 2081; 11, 482; 15, 233]. Түркі тілдеріне тегіс танымал арапша кірме сөз. Тілімізде бұдан өзге шейт, шәйт, шәйіт, шаһид, шаһит, шәһид секілді бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. Бұлардың соңғы үшеуі /шаһид, шаһит, шәһид/ кітаби тілдегі варианттары болса керек. Өлгендерді шейіт деп, Өлмегенің қазы деп (Жамбыл). Қалғандай шаһидтерді аза тұтып, Дауылды дала лезде қарауытып (Жамбыл). Алты ағамның соңынан шаһит кебінін киейін (Ер Қосай). Тағдыр осы екі ұлың шәһит болды (Ақылбай).
ни’мәт نِعْمَت—нығмет, береке, сый; ни’мәтлү نِعْمَتلُو«дахы дәлил қылды сәнүң жәннәтүңә ни’мәтлү жәннәтүңә (33а, 4)»(және дәлел қылды сенің жәннатыңа, нығметі мол жәннатыңа). ни’мәтләриндән نِعْمَت لَرِندَن «ризқ әйлә паңа ни’мәтләриндән (33б, 6)» (рызық қыл маған нығметтеріңнен). Ни’мет (милость; благодеяние; дары; ДТС; 359); ГИ, ГТ, ИМ, КФ: ни’мет; қаз.: нығмет; баш.: ниғмәт; тат.: ниғмәт; түрік: нимет; азер.: не’мәт; түркм.: нығмат; өзб.: не’мәт; ұйғ.: немәт; Н. Оңдасынов аталмыш сөздігінде осы сөздің нығмет, ниғмет, ниғымәт, нығмат, нығмәт, нығымат секілді бірнеше варианттарын атап көрсеткен. Дегенмен бұлардың ішінде кең тарағаны және қазіргі әдеби нормада қолданылып жүргені нығмет формасы. Ал қалғандары кітәби лексикадағы не диалектизм болса керек..
б. Адамның атақ-лауазымын, кәсібін білдіретін сөздер және қоғамдық-әлументтік атаулар: фақиһ فَقيه— фикыһшы, діни үкім шығарушы ғалым, заңгер; «зикр әйләди фақиһ Ләйс атасы (8б, 2)» (айтты фиқықшы Ләйс әкесі /Әбу Ләйс/). ГИ, ИМ, КФ, КФТ: фақиһ; Түркі тілдерінде діни термин ретінде ғана сирек қолданылады. Көнерген сөздер қатарына жатады.
мүеззин مُوَذِّن— мүзәзин, азаншы; муазинләрә مُوَذِنلَرَه«ол мути’ олмақдур бәгләрә дахы султанлара дахы имамлара дахы муазинләрә (47а, 1)» (ол мойынсұну бектерге және сұлтандарға және имамдарға және азаншыларға). Түркі тілдерінің көбіне танымал кірме сөз. ГТ, ИМ: мүеззин; тат.: мәзин; баш.: мәзин; түрік: мүеззин; азер.: мүәззин; өзб.: муәззин; ұйғ.: мәзин [7, 616; 8, 711, 10, 1603; 9, 175]. Қазақ, қырғыз және түркмен тілдерінде «азаншы // азанчы» делінеді. Мысалы: Азаншылық – аса ерекше мамандық. [14,142]. Әйтседе екеуі түбірлес сөздер. Н. Оңдасынов аталмыш сөздігінде бұл сөздің тіліміздегі баламасын «мәзін» деп көрсетіп, Р. Ғамзатовтан аударма мысал келтірген. Мәзін азан шақырып ед – бесінге, Мешітке жұрт келіп жатыр шуласып (Р. Ғамзатов). Бұл жерде аудармашы осы сөзді аудармастан башқұрт тіліндегі нұсқасын тікелей алған сияқты.
имам يمَم—имам, жамағатқа намаз қылдырушы; «тахқиқ тамам олды имам намазы дахы ол кишиләрүң намазы киби (19а, 5)» (дұрыс бітті имамның намазы және сол кісілердің намазы секілді).«имам олды баңа Жибрийл Ка’ба ишигиндә ики күн (14а, 5)» (имам болды маған Жәбірейіл Қағба есігінде екі күн). «ол мути’ олмақдур бәгләрә дахы султанлара дахы имамлара (47а, 1)» (ол мойынсұну бектерге және сұлтандарға және имамдарға). БВ, ГИ, ИМ, ИН, КФ: имам; Түркі тілдерінде жаппай қолданылады. Фонетиалық тұлғалары мен лексикалық мағынасы барлығында осылай.
султан سُلطَن—сұлтан. «ол мути’ олмақдур бәгләрә дахы султанлара дахы имамлара (46б, 6)» (ол мойынсұну бектерге және сұлтандарға және имамдарға). БВ, КК, ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ, ал-Каванин, ТА, ат-Тухфа:султан; қаз.: сұлтан; баш.: солтан; тат., қырғыз, түрік, азер.: султан; түркм.: солтан; өзб., ұйғ.: султан; [7, 798; 8, 963, 10, 2039; 15, 212; 11, 284]. Түркі тілдерінде тегіс кездеседі.
‘алимعَالِم — ғалым, оқымысты, білгір. ‘алимләр عَالِملَر «‘алимләр иттифақи билә (2а, 2)» (ғалымдардың келісімімен).Түркі тілдерінің барлығына дерлік енген сөз. ДТС:‘алим(ученный;34); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ, РХ: ‘алим; қаз.: ғалым; баш.: ғәлим; тат.: ғалим; түрік: āлим; азер.: āлим; түркм.: алым; өзб.: алим; ұйғ.: алим [7, 16; 8, 29; 9, 21; 19, 84]. Н. Оңдасынов «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде» қазақ тілінде ғалым, алым, ғалім, әлім сияқты фонетикалық варианттарын көрсетіп жеке-жеке мысалдар келтіреді. Әрине бұлардың біріншісі ғана әдеби норма да, қалғандары кісі есімдері құрамында (Әлім, Әлімбай, Әлімжан, Алым, Ғалымжан тб.), ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби лексикада кездесетін тұлғалары.
күфчи كُفجِ– күфийе(тақия) тоқитын не сататын кісі; күфчиләр كُفجِلَر«оқудум намаз китабы Әби Йусуф үстинә күфчиләр базарында (40а, 3)» (намаз оқыдым Әбу Йусуф үстіне /жолы бойынша/ тақияшылар базарында). Негізгі түбірі күфие, -чи зат есім жұрнағын. Қ. күфие. –чи;
‘абд عَبد— 1. құл, кіріптар 2. діни. Аллаға құл болу. «хақ Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм расүлидүр 3 а. 4» (хақ Мухаммед әрі құлы, әрі елшісі). Өлі және тірі қыпшақ тілдері мен қазіргі түркі тілдерінің көбіне енген сөз болғанымен жазба әдеби тілде болсмаса ауыз екі сөйлеу тілінде кең етек жая қоймаған бір сөз. ГИ, КФ, КФТ: абд (құл); Қазақ тілінде бұл сөз кісі есімдеріне байланысты қолданылады. Н. Оңдасынов осы сөздің жергілікті халық тіліндегі ғабд, абд, абди, абды, әбд, әбді, ғабд, ғабды, қабд, қабды секілді бірнеше фонетикалық варианттарын атап көрсетеді [9, 23]. Дегенмен бұлар кісі есімімен байланысты болса керек.
әһл اَهل— 1. туысқан, ағайын, жанұя (әһлі бәйт – Пайғамбарымыздың жанұясы) 2. адамдар, жұрт, қауым (әһлі ислам— ислам жұрты) 3. ие. 4. ұста, машық. «та әһл ола қуллық қылмаға 38 а. 2» (Құлшылық қылуға машықтанғанға дейін). «Мухәммәдүң әһли үстинә 1 б. 4» (Мұхаммедтің жанұясы үстіне). Басқа сөздер секілді кеңінен тарап, сіңсіп кетпесе де, түркі тілдерінің көбіне еніп жоғарыда көрсетілген мағыналарда қолданылғанын көреміз. КФ: әһл (ұста, машық); ГИ: әһл (1. ұста, машық, 2. жұрт, халық); ГТ, ИМ, ИН, КФТ: әһл (жұрт, халық); БВ: әһл (ие); Бізге оншалықты таныс сөз болмаса да кіаби ақындардың жыр-шумақтарынан кездестіруге болады. Мысалы: Әғлия әһілінен жан екенсің, Солардың ие таныс білісінде (Ақан сері). Айтпа ақылы мол әһіл ғылым, жандырар жанабынан шамға шырақ (Кете Жүсіп).
халқ خَلق— 1. жаратылу, жасалу; «Аллаһ та’ала бирдүр икинжиси йоқдур халқ йарадыжыдур (46а, 4)» (Алла тағала бір, екіншісі жоқ, жаратылғандарды /жаратылысты/ жаратушы). 2. халық, жұрт. «йа халқилар қылуңуз биш намазыңуз 3б. 2» (Ей халайық! Бес уақыт намаздарыңды оқыңдар). ГТ: халқ (жаратылыс); ГИ, ГТ, ИН, ИМ, КФ: халк (халық); Бірінші мағынада қазіргі түрік тілінде көнерген сөз ретінде сирек кездеседі (халк ет- ТС, 933). Екінші «халық, жұрт» мағынасы түркі тілдеріне кеңінен танымал жиі қолданылатын сөздердің бірі. қаз.: халық; баш.,тат.: халык; қырғыз: қалқ; түрік: халк; азер: халг; түркм.: халк; өзб.: халк; ұйғ.: хәлык; [7, 306; 8, 318, 10, 933; 11, 453].
адамоғлы اَدَم اُغلِى— адамзат, адам баласы; «йа адамоғлы алуңуз қамашуңуз һәр намаз қылғанда (12б, 3)» (Ей, адам баласы! алыңдар жайнаңдар әр намаз қылғанда). Біріккен сөз. Адам –арабша, зат есім түбірі; оғ(у)л— түркіше, зат есім түбірі; — ы – тәуелдік жалғауы, 3-жақ жекеше; Қазіргі түркі тілдерінің көбінде қолданылады. Тек кейбірінде адамсөзімен, кейбірінде инсан сөзімен бірігетін болса, енді бірінде оғул сөзінің орнында бала сөзі қолданылады. қаз.: адам баласы; баш.: адам балаһы; тат.: адәм баласы ; түрік: ;адемоғы; азер.: инсаноғлу; түркм.: āдам оғлы; өзб.: инсàн бàласы; [7, 392].
Адамның және басқа да нәрселердің мінез-құлық, қасиеттеріне байланысты сөздер: ‘аси عَاصِى – 1. мойынсұнбаушы, қарсы келуші, бас көтеруші. 2. күнәһәр. «фарз дидүгүмүз олур тәрк әйләйән ‘аси (43а, 1)» (парыз дегеніміз тәрк еткен күнәһәр (қарсы келуші) болады ). Бір қатар орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштерінде кездеседі: ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: аси;Түрік және азербайжан тілдерінде кең қолданыс тапқан. «бұзақы, сөз тыңдамайтын, сотқар, шалдуар, бас көтеруші» мағналарында қолданылады. «Аси евлад- сотқар бала». Қыпшақ тобына кіретін тілдерге, соның ішінде қазақ тіліне онша сіңісе қоймас да, ескі қисса-дастандар мен кітаптарда асы, ғасы, ғаси тұлғаларында ұшырастыруға болады. [9, 20] Мысалы, Аллаға асы, бейске қашқан болып, онан соңғы бұл емес менің жолым (Абай); Ол аузыма үңілді, Сұм дүние сөз қуар, жұлды ғаси тілімді...(І. Жансүгіров).
изәтлү عِزتلُو— 1.үлкен, ұлы, даңқты, абройлы. 2. қадірлі, қасиетті«йа ‘изәтлү тәңри (35б, 1)» (әй ұлы «ізетті» тәңір). Өлі қыпшақ және қазіргі түркі тілдеріне кең тараған арабша кірме сөздердің бірі. БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФТ, МГ: иззет; қаз.: ізет; түрік: иззет; азер.: иззәт; өзб.: иззәт; ұйғ.: иззәт [7, 414; 8, 473; 9, 33; 10, 1132; 11, 522]. Қазақ тілінде бұл сөз өзінің негізгі мағнасынан гөрі ауыспалы «сый, құрмет, әдеп сыпайылық» деген мағынада жиі қолданылады. Мысалы: Алыңыз, біздегі ең жақсы осы сөйлеп тұрған приемник,- деді қыз ізетпен кішілік білдіріп. (С. Омаров). Сондай-ақ тілімізде ізет формасымен қатар ғиззәт, ғиззат деген фонетикалық варианттары кездеседі. Бұл кітап арқылы енген элементтер болса керек. Мысалы: Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс, Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып. (Абай).
залим ظَالِم— залым, зұлымдық жасаушы; залимлер ظَالِملَر «дүшманлық йоқ иллә залимлер үстинә вар (1б, 3)» (дұшпандық жоқ, тек залымдардың үстіне бар).Түркі тілдеріне өте кең тараған, қолданылуы жағынан өте белсенді сөздердің бірі. ГТ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ: залим; қаз.: залым; баш., тат.: залим; қырғыз: залім; түрік: зāлим; азер., түркм.: зāлым; өзб.: зàлим; ұйғ.: залым; Қазақ тілінде залым сөзімен қатар зәлім деген фонетикалық формасы да ұшырасады. Бірі әдеби норма да, екіншісі диалектизм болса керек: Жер бетінен құртайық, халықтың жауы-залымын (Жамбыл). Біреуі сол сұмдардың Құсан зәлім, талайға жауыздығы болған мәлім (И. Байзақов).
садық صَادِق— шыншыл, сенімді, берілген; «ким ки оқуса иннә әнзәлнәһу сүрәсин аудаз ардынжа бир кәз йазылғай садықлардан (37а, 2)» (кім оқыса иннә әнзәлнәһу сүресін дәреттің артынан бір рет жазылсын садықтардан /шыншылдардан/). ГИ, ГТ, ИМ, КФ: садық; Оғыз және қарлұқ топтарында белсенді қолданылады. Қыпшақ тобында кездесе бермейді. түрік: садык; азер.: сāдиг; түркм.: сāдык; өзб.: сáдық; ұйғ.: садық [7, 731; 8, 907, 10, 1880]. Әйтседе қазақ тілінде кісі есімі ретінде жиі ұшырасады. Садық, Садықбек, Садықбай т.б.
сыддық صِدِّيق— өте шынайылық, шыншылдық, сенімділік; Әбу Бәкірдің сыпаты; «бу дәлил бирлә хабар вирилди Әби Бәкр сыддықдан (32а, 3)» (бұл дәлелмен хабар берілді Әбубәкір сыддықтан). Түрік тілдеріне кең тарай қоймаған. Көбіне жазба әдеби тілде, соның ішінде діни әдебиеттерде жиі қолданылады. Жазба әдеби тілімізде сиддық тұлғасында кездестіруге болады. Әбубәкір сиддықтың даналығынан, Ғұмардың әділдігінен, Ғұсманның ғалымдығы мен Ғалидың ерлігінен басталдықазірет Қуанай уағызы (Х. Есенжанов). Қазақ тілінде жиі кездесетін Сыздық, Сыдық деген кісі есімдерінің де арғы тегі осы сөз.
фазиләт فَضِيلَت— фазилат, артықшылық,аса сапалылық; «хасыл олмаз намаз фазиләти (16а, 5)» (пайда болмайды намаз фазилаты). ДТС: фазиләт (милосердие, доброта; 193); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ: фазилет; Түркі тілдерінің қарлұқ және оғыз топтарында белсенді қолданылады. Ал қыпшақ тобына кіретін тілдерде сирек ұшырасады. түрік: фазилет; азер.: фәзиләт; өзб.: фазиләт; ұйғ.: пазиләт; Әйтсе де, тілімізде жиі қолданылатын абзал сөзі осы сөзбен түбірлес болып келеді.
фасық فَاسِق— пасық, күнәһәр, кесірлі, азғын; «сүннәт дидүгүмүз тәрк әйләйән фасық олур (43а, 2)» (сүннет дегеніміз тәрк еткен пасық болады). «нәфл дидүгүмүз олмаз тәрк әйләйән аны фасық олмаз (43а, 3)» (нәпіл дегеніміз тәрк еткен оны пасық болмайды). ДТС: фасық (беспутьный;нечесивый; 193); ГИ, ГТ, ИМ, КФТ: фасық; Қазақ тілінде пасық, фасық деген фонетикалық варианттары кездеседі. Бірі (пасық) сөйлеу тіліндегі, бірі (фасық) кітаби тіліміздегі варианты. Пасықтың пиғылы лас – қараңғылық (Ақан сері). Әншейін фасық қой малға сенген (Назым).
шәриф شَرِيف— абройлы, қасиетті;«шәриф дахы улу бу китабдан тәңри китабдан башға (40а, 6)» (қасиетті және ұлы бұл кітаптан Тәңірлік кітаптан басқа). Түркі тілдерінде сирек ұшырасады. Дегенмен осы сөздің түбірлес «шәрәф» сөзі жиі қолданылады. баш.: шәрәф; тат.: шәраф; түрік: шереф; азер.: шәрәф; өзб.: шәрәф; ұйғ.: шәрәп; [7, 821; 8, 990, 10, 208]. Бұл лексема кітаби тілімізде шәріп, шарип, шариф, шәрип, шәриф, шаріф секілді бірнеше фонетикалық вариантта кездеседі. Жұрттың айтуынша Ағатан қазірет «Бұхар Шәріпте отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмәм қып келген кісі» (С. Мұқанов). Төрт құбылаң тең жаралған дегдар шарип (Ақан сері). Мазалы хадис шәрип айтқан сөзің (Мәлике) … өзі тілеп қосылуы Россия үшін үлкен шәриф еді (С. Торайғыров)… т.б Сондай-ақ тілімізде Шәріп, Шәрипа сияқты кісі есімі ретінде де жиі кездеседі.
салих صَلِح— діндар, иманды; «қылғыл мәни салих қулларуңдан (33а, 1)» (мені салих /иманды/ құлдарыңнан қыла гөр). «йа иләһи аққыл йүзүмү аққылған күн салихләрүң йүзүни (34а, 1)» (Ей Тәңірім! Ағарт жүзімді салихтардың жүзін ағартқан күні). Түркі тілдерінде сирек ұшырасады. Алайда кісі есімі ретінде жиі ұшырасады. Салық, Салих, Салиха т.б. ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: салих;
Жақсы қасиеттер, сипаттар, ұғымдар мен сезімдерге байланысты сөздер: сахих صَحِيح—1. шын,шынайы, нағыз, кемшіліксіз; «кирмәк сахих олмағижүн намаза (10а, 1)» (кіру шынайы болу үшін намазға). БВ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: сахих; Түркі тілдерінің көбінде кездесе бермейді. Кітаби тілімізде сиек те болса ұшырасып жатады. Сөйлесе сөзі сахих тоты кепті. Асылзат арғы атасы сұңғақ текті (Ғашық-наме).
шәфақат شَفَقَت— шапқат, мейрім, аяу; «ол ихсандур тәңри йаратған қуллара дахы шафақат әйләмәкдүр анлара (44б. 4)» (ол жақсылық Тәңір жаратқан құлдарға және шапқат ету /мейрімі түсу/ оларға). ГИ, ГТ, ИМ, КФ: шефқат; Қазіргі түркі тілдерінің ішінде оғыз және қарлұқ топтарына кіретін тілдерде белсенді қолданысқа ие. түрік: шефкат; азер: шәфгәт; өзб.: шафкат; ұйғ.: шәпқәт; [7, 816; 8, 983, 10, 2080; 11, 474; 15, 230]. Қазақ тіліне онша сіңісе қоймаса да, кітаби тілімізде шапқат, шафқат, шафғат формаларында жиі ұшырасып отырады. Мысалы: Арбағыш тызылдады шафқат сұрап, Сұлудың жүрегіне қолын салды (Ә. Х. Д). Әділет шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға (Абай). Шафғат сұрай келген екенсіз, — әрине мәслихат етуге әзірміз, — деді Мұқаш молда (А. Сейдімбеков).
беркет بَرَكَات—берекет, береке, молшылық. 2. жақсылық,бақыт. берекетүңденبَرَكَاتُكنَن«дүшүр паңа сәнүң берекетүңден (34б, 2)» (түсір маған сенің берекетіңнен). Түркі тілдерінің барлығына дерлік енген арапша кірме лексема. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде берекет//берекāт тұлғаларында кездеседі. ГИ, ГТ, ИМ, КФ: берекāт; КК, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, РХ: берекет; қаз.: береке, берекет; қырғыз: берекет; түрік: берекет; азер.: бәрәкәт; түркм.: берекет; өзб.: бәрәкәт; ұйғ.: бәрикәт; [7, 62; 5, 87; 10, 271; 15, 61]. Қазақ тіліндегі береке, берекет сөздерімен қатар «мейрам, той» мағынасына келетін мереке сөзінің де түп төркіні осы сөзбен байланысты екендігі күмән туғызбаса керек.Мысалы: Даусыздық – береке, жаусыздық – мереке. (мақал).Сондай-ақ, қуанғанда немесе біреуге риза болғанда айдылатын бәрекелді, бәрекелде одағайы да баракә және Аллаһ (Алла сені жарылқасын) сөздерінің бірігуінен туындап, ықшамдалып қалыптасқан.
ихлас اِخلَاص—ықылас. ізгі ңиет, шын көңіл; «ихлас дигән хасыл олмаз иллә ниәт бирлә (16а, 1)» (ықылас деген пайда болмайды тек ниетпен). Түркі тілдеріне танымал арабша кірме сөздердің бірі. ГИ, ИМ, КФ, МГ: ихлас; Қазақ тілінде ықлас//ыхлас деген аллофондары бар: Кел балалар оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық (Ы. Алтынсарин).
қуввет قُوَت— қуат, күш, энергия; қувветлүсүдүр قُوَتلُسِدُر «үммәт йығлышмақ хужжатларуң қувветлүсүдүр (4б, 1)» (үммет жиылысу куәлердің қуаттысы). Өлі және тірі қыпшақ тілдері мен өзге де түркі тілдерінде өте белсенді қолданысқа ие болумен қатар, өзінің негізгі мағынасын сақтаған. ДТС: қувват; қуввәт(сила, энергия; 475); ГТ, ИМ, ИН, КФ, МГ, РХ: қуввет; БВ, КФТ: қуввет; қуввқууветлү; қаз.: қуат; баш.: қивәт; тат., қуәт., қырғыз: қубат; түрік: куввет; азер.: гүввәт; түркм.: кувват; ұйғ., өзб.: қыямәт;
махас مَخاص—1. ерекше, арнайы (особый). 2.тән. «махас ишләрдүр (6а, 1)» (ерекше істер). Түркі тілдерінде кездесе бермейді. Бірақ осы сөзбен түбірлес хас (خَاص) және дәл осы мағынада махсус сөздері түркі тілдерінде белсенді қолданылады. (Себебі қолжазбаның арпша бөлігінде осы сөз махсусдеп берілген). Қазақ тілінде де махсұс, мақсұс тұлғаларында сирек те болса ұшырасады. Мұндай сөз ат ұрлап кісі өлтірген, болмаса басқа бір әлеумет тыныштығын бұзған қылмыстарға махсұс (Х. Есенжанов).
нийәт نِيَت—ниет; «ниәт әйләмәк (10а, 5)» (ниет ету). «биз айтдук хақ ниәт шартдур (15б, 4)» (біз айттық шынайы ниет шарт). «һәр киши ниәт әйләгәй киби олур (16а, 4)» (әр кісі ниет еткені сияқты болады). Түркі тілдеріне етене таныс, барлығына ортақ бір сөз іспеттес. Өте белсенді қолданылады. ДТС: ниәт қыл- (намереваться; ставит целью; 359); ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: нийет; қаз., қырғыз: ниет; баш; тат: ниәт; түрік: нийет; азер.: ниййәт; түркм.: ниет; өзб.: ниәт; ұйғ.: ниәт [7, 652; 8, 842, 10, 1657; 15, 198].
разы رَاضِى —разы, риза болған, мақұл көрген. «тәңри разы олсун ол икисиндән (3а, 1)» (Тәңір разы болсын ол екеуіне). «тәңри разы олсун андан (10б, 3)» (Тәңір разы болсын оған). Түркі тілдерінің барлығына белгілі лексема. ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: разы; қаз.: разы; қырғыз: ыразы; баш., тат.: разый; түрік, азер., түркм.: рāзы; өзб.: рáзи; ұйғ.: рази; [7, 720; 8, 880, 10, 1848]. Түбірлес, дегенмен беретін мағналары екі басқа болса да тілімізде риза сөзі осы разы сөзімен синоним сөз ретінде (разы болу – риза болу) қолданылады.
рызқ رِزق— рызық, ризық, несібе; «рызқ әйлә паңа ни’мәтләриндән (33б, 6)» (рызық қыл маған нығметтеріңнен).«дахы рызықларын вирижидүр (46а, 4)» (және рызықтарды беруші). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: рызқ; қаз.: рызық; қырғыз: ырысқы; баш., тат.: ризық; түрік: рызк; азер.: рузи; түркм.: рызк; өзб.: рызқ; ұйғ.: ризық; [7, 724; 8, 896, 10, 1861; 15, 191]. Қазақ тілінде осы сөздің рызық, ризық, ырзық, ырызық секілді бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. Бұлардың алдыңғы екеуі кітаби тілдегі, соңғылары ауыз екі сөйлеу тіліндегі формалары болса керек. Саған да өлшеулі ризық табылар (І. Манкин). Тек қана адам емес құрт-құмырсқа, Түгел-ақ алады ырзық қарап жүмей (Рахымжан).
сәләм سَلَام—1. сәлем. 2. амандық, тыныштық, бейбітшілік; «сәләм қайтурмақ киби (5а, 5)» (сәлем қайтару сияқты). «халал олмақ дүниа иши сәләм вирмәкдүр (17а, 3)» (халал /адал/ болған дүние ісі сәлем беру). «йитишдүрмәк сәләм лафзыны (21а, 2)» (сәлем сөзін жеткізу). Түркі тілдерінің барлығына танымал лексема. ДТС: сәлам (привет, поклон; 493); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ: селам; қаз.: сәлем; баш.: сәләм; тат.: сәлам; қырғыз: салам; түрік: селам; азер.: салам; түркм.: салāм; өзб.: сәлáм; ұйғ.: салам; [7, 758; 8, 931, 10, 1934; 15, 211].
сәләмәт سَلَامَتلِغِى— сәлемет, амандық, саламаттық, саулық; «тәңри рахмәти сәләмәтлиги йарадламыш йахшы үстинә (1б, 4)» (тәңірдің рахметі, саламаттығы жаратылған жақсының үстіне). ИМ, КФ: селамет; селаметлық; ГТ: селамет; қаз.: сәлемет; баш.: һау-сәләмәт; тат.: сәу-сәламәт; қырғыз: саламат; түрік: селамет; азер.: саламат; түркм.: салāмат; өзб.: сәлáмәт; ұйғ.: саламәт; [7, 758; 8, 931, 10, 1934; 15, 211]. Тілімізде сәлемет, саламат, сәламат, сәләмат сияқты бірнеше формада кездеседі. Сұлтаным келіп сәлемет, Дұшпанға салса әлемет (Қобланды батыр). Саламат достан, Сәруар тірі жүрсең…. (Шораяқтың Омары). Ернінің ұшымен әрең ғана «Сәламатсыз ба?», деді Айша (Т. Ахтанов).
тахқиқ تَحقِيق— 1. шынымен, анық, рас, дұрыс. 2. дұрыс не бұрыс екендігін анықтау, зерттеу; «тахқиқ тамам олды имам намазы дахы ол кишиләрүң намазы киби (19а, 5)» (дұрыс бітті имамның намазы және сол кісілердің намазы секілді).Түркі тілдерінде сирек ұшырасады. ГИ, ИМ, КФ, ИН: тахқиқ; түрік: тахкик /сұрастыру, зерттеу/ [10, 2113]; азер.: тагиг; ұйғ.: тәхқық [7, 836]. Жазба әдеби тілімізде сирек те болса қолданылғандығын көруге болады. Кітап арқылы енген сөз болуы керек. Мынау тахқиқ , ақырзаман нышаны (М. Әуезов).
фаида فَِيدَه—пайда; «бақмадум аңа иллә фаида дуттум (40б, 4)» (қарамадым оған тек пайда тұттым). «иллә фаида дуттум һәр бақғанда йәңи фаида (41а, 1)» (тек пайда тұттым әр қарағанда жаңа пайда). ДТС: файда (польза; 192); БВ, ГТ,ИМ, КФТ, ИН, РХ: файиде; қаз.: пайда; баш.: файда; тат.: файда; қырғыз: пайда; түрік: файда; азер.: файда; түркм.: пейдā; өзб.: фáйда; ұйғ.: пайда; [7, 239; 8, 249, 10, 765; 11, 211]. Түркі тілдеріне тегіс танымал сөз. Қазақ тілінде «файда» деген аллофоны да кездеседі. Файдаң тие ме деп жаза салдым. Қабыл бола ма екен деп жазған хатым (Абай).
хаир خَير— 1. жақсы, пайдалы. 2. қайыр, жақсылық, игілік. «хаир әйләңүз олғай ким (18б. 1)» (жақсылық жасаңыз кім болса да). «дахы хаири шәрри тәңри дутдығына (46а, 6)» (және жақсылық пен жамандықтың тәңір еркінде екендігіне). Түркі тілдеріне тегіс белгілі сөз. БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ: хайр; КФТ: хайырлы; қаз.: қайыр; баш., тат.: хәйир; қырғ.: қайыр; түрік, түркм.: хайыр; азер.: хейир; өзб.: хайр; ұйғ.: хәйр; қазақ тілінде хайыр деген аллофоны да кездеседі. Сонымен қатар осы сөз тілімізде «қоштасу, садақа, құрбандық» сияқты жанама мағыналар алған. Дегенмен мұның барлығы негізгі мағынадан алшақ емес.
хатырخَاطِر– көңіл, ой, ақыл; «намаз қылыжы кендү хатыры билә 10б. 2» (намаз қылушы өз көңілімен /еркімен/). ГИ, ГТ: хатыр; баш.: хәтир; тат.: хәтир; түрік: хатыр; азер.: хәтир; өзб.: хáтир; Қазақ тіліне онша сіңісе қоймаған. Әйтседе кітаби тілімізде қатер, хатер, хатир, хатір сияқты фонетикалық вариантта ұшырасады. Аударма көңіліңді ғашықтықтан, Шығарма қатеріңнен мені ілкі (Ғашық-наме). Бір хамит хатеріме келе қалды, — деген сияқты арап сөздері көп болады екен (С. Мұханов). Неліктен болболдың маған хатірің тар (Ғашық-наме).
шүкр شُكْر— шүкір; алғыс; «шүкр тәңрийә сәбитдүр бәслижүдүр ‘аләмләри (1б, 2)» (Шүкір тәңірге, тұрақты және бүкіл ғаламды асыраушы). «бишинжи шүкр әйләмәкдүр Аллаһа (31б, 3)» (бесінші Аллаға шүкір ету).«шүкр аңа көкләрдә дахы йирдә (14а, 1)» (шүкір оған көктерде және жерде). ДТС: шүкр (благодарность; 525); БВ, ДМ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, МГ: шүкр; қаз.: шүкір; баш.: шөкөрлік; тат.: шөкир; қырғыз: шүгүр; түрік, азер., түркм., өзб., ұйғ.: шүкүр; осман: шүкр. [7, 830; 8, 1005, 10, 2103; 11, 499; 15, 231]. Түркі тілдеріне танымал сөз.
зинет زينَت—сән, сәндену, әшекей; сұлулық; «диләдүгүмүз зинәтдән уйатлығы йапмақдур (12б, 4)» (сәнденуден қалағанымыз ұятты жерді жабу). ДТС: зинәт (639) КК, ГТ, ИМ: зинет; Түркі тілдеріне онша кең тарай қоймағанмен қазақ тілінде зейнет тұлғасында жұмсалады. Мысалы: Зейнеттеп, отауыңды құлпыртар деп, Келешек жеміс күтіп сеніп бердім. (Көпбай). Бейнет түбі зейнет.( мақал). Сондай-ақ, Зинет, Зейне, Зина деген әйел есімдері де осы түбірден қалыптасқан.
Жаман қасиеттер, сипаттар, ұғымдар мен сезімдерге байланысты сөздер: хасәд حَسَدَّن—қызғаншақтық; хасәдден حَسَدَّن«икинжи арытғай йүрәгини кирдән хасәдден 37б. 2» (екінші жүрегін арындырсын кірден және қызғаншақтықтан). ГТ, КФ: хасед; Түркі тілдерінің қарлұқ және оғыз тобына кіретін тілдерде жиі қолданылады. Ал қыпшақ тобындағы тілдерде кездесе бермейді. түрік: хасет; азер.: хәсәд; өзб.: хәсәд; ұйғ: хәсәд [7, 314; 8, 335, 10, 951].
‘азаб عَذَاب — азап, қайғы-қасірет. . ‘азабсуз عَذَاب سُوز«кирәсиз тәңриңүзүң жәннәтинә хисабсуз дахы ‘азабсуз (3б, 6)» (Кіресіз тәңірлеріңнің жәннатына есепсіз және азапсыз). Түркі тілдеріне араб тілінен енген сөздер арасында кең тараған сөздердің бірі. ДТС: ‘азаб (мука; страдание; 72); ГИ, ГТ, КФ, КФТ: ‘азаб; Қазіргі тілдерде: қаз.: азап; башқ.: ғазап, тат.: ғазап; өзб.: әзаб; ұйғ.: азап; түрік: азап; азер.: әзаб; түркім.: азāб; [7, 38; 8, 56; 9, 27; 10, 183]. Ауызекі сөйлеу және әдеби тілімізде азап тұлғасында айтылса, кітаби тілімізде ғазап деген формасы да ұшырасып жатады. Бұл екеуінің лексикалық мағынасында айырмашылық жоқ. Мысалы, Малынан қайыр ихсан бермеген соң, Жер жұтып, ғазап тартып мехнат шеккен (Ақан сері).
бүһтан بُهتَن — жала, қаралау; буһтанданبُهتَندَن«арытғай дилини йаландан ғайбатдан йахшылығы кизләр йаманлығы сөйләр буһтандан (37б, 4)» (тазартсын тілін жалғаннан, ғайбаттан, жақсылықты жасырып, жамандықты айтатын жаладан). Қазіргі қыпшақ тілдерінде кездесе бермейтін бұл лексема қыпшақ жазба ескерткіштерінде сирек те болса ұшырасады. ГИ: бүһтан; КФ: бүһтан; КФТ: бүһтан; Қазіргі түрік тілінде ғана көнерген сөз ретінде сирек қолданылады [10, 366].
ғайбет غَيبت— ғайбат, бірінің артынан жамандау. ғайбетден غَيبتدَن «арытғай дилини йаландан ғайбетден (37б, 3)» (тіліңді арындыр жалғаннан, ғайбаттан). Түркі тілдеріне араб тілінен енген сөздер арасында кең тараған сөздердің бірі. Ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінде ғайбет//ғыйбет//ғайбат//ғәйбәт// гийбәт// гыбат формаларында ұшырасады. ГТ: ғайбет, ғыйбет; КФ: ғыйбет; қаз.: ғайбат; баш.: ғәйбәт; тат.: ғайбәт; түрік: гыйбет; азер.: гийбәт; түркм.: гыбат; өзб.:ғыйбәт; ұйғ.: ғәйвәт; ес. осм.: гайбет, гыйбет [7, 272; 8, 289; 9, 60; 10, 853]. Қазақ тілінде ғайбат ең кең тараған түрі. Сонымен қатар қайбат, айбат деген варианттары да қолданылады. Лексикалық мағыналарында айырмашылық жоқ. Бір сөздің ғ//қ//ø заңдылығы бойынша қалыптасқан фонетикалық варианттары.Мысалы:өтірік емес, қайбат емес, несі бар бұ да жаңалық. (Ғ.Мұстафин), Ақылы бар кісіні, Айбаттайды, даттайды (Абай).
инкар — اِنكَار – танымау, мойындамау, жоққа шығару. «инкәр идән аңа кәфир олур 43 а. 1» (оны мойындамаған кәпір болады). «инкәр әйләйән аңа мүбтәди’ олмаз 43 а. 3» (оны мойындамаған бүлдіруші болмайды). Түркі тілдерінде кең тараған кірме сөздердің бірі. Қазіргі қазақ тіліне енгенде бұл сөз өзінің негізгі лексикалық мағынасынан гөрі, одан мүлдем алшақтап «құштар, ынтық» деген мағынаға ауысқан. Мысалы, Лайық ақылыңа қылықтарың, іңкәр боп, сол ғой менің құмартқаным (Молда Мұса). Тіптен, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «іңкәр- өте құмар, ынтықтық» деп бір ғана мағынасына тоқталып, негізгі мағынасын мүлдем ұмыт қалдырған [11, 525]. Ал, Абай тілі сөздігінің авторлары: «іңкәр— 1. құмар, ынтық, ынтызар; 2. ауыс. күдік, күмән, шүбә» деп сөздің екі мағынасын көрсетеді де, мына мысалды келтіреді: Тахқиқ бұл айтқандарыңның бәрі рас, жаратушы артық «ақыл иесі». Оның ұлықтығына інкәрім жоқ (Абай) [26, 233]. Бұл жерде де сөздің негізгі «мойындамау, жоққа шығару» мағынасы көрсетілмеген. Екінші көрсеткен «күмән, күдік»мағынасы да сөздің негізгі мағынасы емес. Сөздік авторлары келтірілген мысалдағы «іңкәрім жоқ» дегенді осылай пайымдаған. Абай бұл жерде «Алланың ұлықтығын теріске шығармаймын, жоққа шығармаймын» десе керек. Өйткені сөздің негізгі мағынасы солай. Мысалы, «Алланың барлығын инкар етесіз,- деді Асан. (І. Жансүгіров)» дегенде инкар етесіз «жоққа шығарасыз, мойындамайсыз» мағынасында айтылғанымен, сөздің негізгі мағынасын білмесе оны «күмән келтіресіз» деп те түсінуге болады. «күмән күдік» мағынасының ауыспалы болуының сыры осы болса керек. Н. Оңдасынов да өзінің аталмыш сөдігінде «күдік, күмән» мағынасын ауыспалы деп көрсеткен [9, 52]. Ал «құмар, ынтызар» мағынасы орта ғасыр ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінің ешбірінде кездеспейді. баш., тат.: инкар; түрік, азер.: инкāр; түркм.: инкәр; өзб., ұйғ.: инкар(барлығында «мойындамау, жоққа шығару» мағынасында). Тағы бір назар аудартатын жәйт, тілімізде осы сөз қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімделген іңкәр (и~і // н~ң сәйкестіктері) және өзінің түпкі қалыбын сақтаған инкар деген екі түрлі фонетикалық формада кездеседі. Бұлардың біріншісі /іңкәр/ сөйлеу тілімізбен әдеби нормадағы белсенді қолданылатын нұсқасы да, екіншісі /инкар/ сирек ұшырасатын кітап арқылы енген нұсқасы.
қасд قَصد—әдейі, қасақана. «әгәр тәрк әйләсә қасд бирлә (20а, 2)» (егер тәрк етсе әдейі). «әгәр олса қасд бирлә уәжиб олмаз ануң үстинә сәждә сәһуй (21б, 4)» (егер әдейі болса уәжіп болмайды оның үстіне сәһуй сәждесі). Түркі тілдерінде кейде түбір күйінде, ал кейде осы түбірден туындаған туынды түбір күйінде өте жиі кездеседі. БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: касд; түрік: касыт (кастен, касти, кастетмек), азер.: гәст (гәстән, гастетмәк), өзб.: касд /касддан/; түркм.: каст /билкастлы, билкастлайын/ ұйғ.: кәст /кәстән, кәсти/. Дегенмен мағыналары арасында айырмашылықтар бар. Берілген мысалдардан да көріп отырғанымыздай, бұл сөз оғыз және қарлұқ топтарында белсенділік танытқанымен қыпшақ тобында олай емес. Дей тұрғанмен қазақ тіліндегі «қас, қастық, қастандық, қасақана» сөздерінің шығу төркінінің осы сөз екендігін аңғару қиын емес.
нәжис نَجِس—нәжіс, лас, боқ;. нәжисдән نَجِسدَن«йа иләһи мән сығынурмән саңа рижсдән нәжисдән31 а. 4» (ей Тәңірім! Мн сиынамын саған ластықтан, нәжістен). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: нежис; Түркі тілдеріне белгілі лексема. Қазақ тілінде нәжіс, нәжес, нажес, нажас сияқты фонетикалық формалары кездеседі. Абайға Жиреншенің аузы нәжіс төгіп отырғандай жиіркенішті көрініп кетті (М. Әуезов). Атыңа пірзадалық жағып нажес, Дүние опасы жоқ бір занталақ (Қаңлы Жүсіп).
һәләк هَلَك — өлу, қирау, жойылу; «тәжирлүгүм һәләк итмә сану рахмәтүң бирлә (35а, 6)» (Саудамды жыға көрме шексіз рахметіңмен). Түркі тілдерінің көбінде белсенді қолданылатын сөздердің бірі. БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФ: һелак; қаз.: әлек; баш.: һәләк; тат.: һәлак; түрік: һелак; азер.: һәлāк; түркм.: һеләк; өзб.: һелàк; ұйғ.: һалак; Араб тілінде «өлім, ажал» мәніндегі бұл сөз, қазақ тілінде өзінің негізгі мағынасынан гөрі «әурешілік, әуре-сарсаң, сергелдең» мағынасында белсенді қолданылады. Мысалы: Әлін білмеген әлек (мақал); У да шу айғаймен, тасыр-тұсыр әлекке толды (М. Әуезов). Сондай-ақ һәлақ, һәләк деген фонетикалық варианттары ұшырасады. Бұл әрине кітаби лексикадағы формалары. Құранның шындығына шек келтірген бини Хаттап қауымымен һәлақ болды, — дедіҚуанай (Х. Есенжанов). Жақсылар не дейді екен, ел үсті майдан астында қалып һәләк болмас па? – деді қарт Жүніс (Х. Есенжанов).
никс نِكس – лас нәрсе, нәжіс; «рижс дахы никс дәгән бир ма’надур (29а, 1)» (рижс және никс бір мағына). никсдүр نِكس دُر«айтды бу рижсдүр дахы никсдүр 29 а. 1» (айтты бұл лас нәсе және жиіркенішті). Басқа ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінің ешбірінде кездеспейді. Арабшадан тікелей алынса керек.
рижс رِجُس – лас нәсе, нәжіс; «рижс дахы никс дәгән бир ма’надур (29а, 1)» (рижс және никс бір мағына). рижсдүр رِجسيِدُر«айтды бу рижсдүр дахы никсдүр (29а, 1)» (айтты бұл лас және жиіркенішті). ИМ, КФ: рижс; Түркі тілдерінде кездесе бермейді. Арабша мен парсышаның әсері басым бір тіл болғандықтан болса керек тек ескі осман тілінде қолданылған [8, 893].
хабис خَبِيث—жаман, жексұрын; хабисдән خَبِيث دَن«йа иләһи мән сығынурмән саңа рижсдән нәжисдән хабисдән (31а, 5)» (Ей Тәңірім! Мен сиынамын саған рижстен, нәжістен және жамандықтан). Түркі тілдерінде кездесе бермейді. Түрік тілінде көнерген сөз ретінде өте сирек қолданылады. Н. Оңдасынов өзінің аталмыш сөздігінде тілімізде кездеседі деп мына бір мысалды келтіреді (15, 150): Қашқын жолға түскенде, қарт зынданда хабіс олсын, — деді Жәңгір (І. Жансүгіров). Мысалдағы «хабіс» сөзі біз сөз етіп отырған хабис (خَبيث) емес, арапша хабс (حَابس) «қамау, жабу» мағынасындағы сөз екендігін аңғару қиын емес.
шәрр شَرّ — жамандық, қастық, зұлымдық; «ол инанмақдур Аллаһа дахы мәләйкләринә дахы китабларына дахы расулларына дахы қиамәт күнинә дахы хаири шәрри тәңри дутдығына (46б, 1)» (ол Аллаға және періштелеріне және кітаптарына және пайғамбарларына және қиямет күніне және жақсылық пен жамандықтың тәңір еркінде екендігіне сену). ДТС: шер (вред; 522); ГТ, ИМ, КФ: шер;Қазіргі тілдерден оғыз тобында белсенділігі байқалады. Түрік, түркм.: шер; азер: шәр; Қазақ тілінде өзінің тура мағынасында кездеспегінімен «қайғы, мұң, қасірет» мағынасында (шер тарқатты) жиі қолданылады. Қорқыттың қобызымен боздаттың ғой, Асанның шерге толған өлеңдерін (М. Мақатаев).
Мезгіл-уақытты білдіретін сөздер: ‘аср عصر — асыр намазы, намаздыгер уақыты; ‘асры عصرِى «шул уақт олды һәр нәснәнүң көләгәси өз қадарынжа дахы қылды ‘асры (15а, 5)» (сол кезде әр нәрсенің көлеңкесі өз деңгейіндей болғанда тағы оқыды асрды /екінді намазын/). ГТ: аср (ғасыр); КФ: аср (ғасыр; екінді намазы); БВ, ГИ, ИМ, КФТ, ал-Каванин: аср (екінді намазы); «Ғасыр, жүз жылдық» мағнасында түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. қаз.: ғасыр; баш.: ғасыр; тат.: ғасыр; түрік: асыр; азер.: әср; түркм.: асыр; өзб.: әср; ұйғ.: әсір, Ал қолжазба тілінде қолданылған «екінді намазы» мағынасы түркі тілдеріне онша кең тарамаған болса керек. Дегенмен қазақ тілінде осы сөздің сөз басында ғ//ø заңдылығы арқылы қалыптасқан ғасыр, асыр деген екі фонетикалық варианты кездеседі. ғасыр — сөзі «жүзжылдық, дәуір» деген мағынаны берсе, асыр формасы намаздыгер намазының уақытын білдіреді. Мысалы: Асыр уақыты – бесін уақытының шыққан сәтінен бастап, күннің батуына дейінгі мезгіл [ 14, 95].
дәйим دَايم— дәйім, ұдайы, үздіксіз; «дахы олды дәйим ануң үстинә баржа ‘өмриндә (42б, 2)» (және үздіксіз болды оның үстіне барша өмірінде «бар өмірнде оны үздіксіз атқарды»). Түркі тілдеріне белгілі лексема. Ескертккіштер тілінде дайим//дайима тұлғалары кездеседі. БВ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: дайим; ГТ: дайима; қаз.: дайым, дәйім; баш.: даими; тат.: даими; түрік: даим, даима; азер.: даима; өзб.: даим, даима; ұйғ.: дайм, дайма [7, 144; 8, 162; 15, 168; 10, 515]. Қазақ тілінде дайым, дәйімдеген аллофондарын кездестіреміз. Мысалы: Бауырында Оқжетпестің бір шоқ қайың, Жүреді келіп сонда сері дайым (І. Жансүгіров). Дәйім уақытынан кеш қалып… Өмір бойы ғафыл болып отырғаның (Абай). Сондай-ақ әрдәйім деген күрделі үстеу құрамында да кездеседі.
зуһр ظُهر — түс,түскі уақыт, түскі намаз. «зуһр сүннәти киби (39а, 1)» (түскі намаздың сүннеті сияқты). Орта ғасырлық бірсыпыра ескерткіштерде кездесетін бұл лексема, қазіргі түркі тілдерінде қолданыла бермейді. ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, ал-Каванин: зуһр (түскі мезгіл); Қазақ және көптеген түркі тілдерінде «Зухра» деген әйел есімі кездеседі. Бірақ бұл екеуін шатыстырмау керек. Біз қолданып жүрген Зухра астраномияда шолпан жұлдызының арабша баламасы. Зуһратун—زهرة—; Ал ескерткіш тіліндегі болса зуһр — ظهر -; яғни «түс, түскі мезгіл» деген мағынада.
мағриб مَغرِب—1. күнбатыс 2. күн батқан уақыт; 3. ақшам намазы уақыты; «шул уақт мағриб олғанда (13б, 6)» (сол кезде күн батқанда). Бірсыпыра түркі тілдерінде қолданылады. Түрік, азербайжан, өзбек және ұйғыр тілдеріндегі «күнбатыс» мағнасындағы «ғарб (гәрб)» сөзі осы сөздің негізгі түбірі болып табылады. Қазіргі сөйлеу тіліміз бен әдеби нормада қолданылмаса да, кітаби лексикада мағриб, мағриф, мағрұп, мағұрып, мағырып, мағріб секілді бірнеше фонетикалық вариантта жиі ұшырасады. 1. Машриқтан мағрип қашса, желіп-жортып, Ғазизім Баймұхаммед еске түссең. (М. Сералин). 2. Қайта айналып, қаннаттарын жайғанда «Мағырып» пен «Машырыққа» жеткендей (Ғ. Мүсірепов).
сабах صَبَاح —таңертең, таңғы уақыт; «дахы шул уақт сабах олғанда (14а, 1)» (Сол уақыт таң атқанда). Қазіргі түрік тілінде әбден сіңісіп, белсенді қолданылатын бұл сөз, басқа түркі тілдерінде ұшыраса бермейді. Алайда, кітаби тіл деп айдар тағып жүрген тілімізден сиректе болса ұшырастыруға болады. Аллаға шаһ Ғасим қылды шүкір, Сабах шам хамді сана айтар зікір (Ғашық-наме).
уақт وَقْت—уақыт; «буйурды бизә сақламағы биш уақт намазы (2б, 1)» (бұйырды бізге бес уақыт намазды сақтауды). «диләдүгүмүз айтдан уақтларудур намазуң (14а, 2)» (айтудағы тілегіміз /мақсатымыз/ намаздың уақыттары). Түркі тілдеріне етене таныс, әбден сіңіскен сөздердің бірі. вақт (время; ДТС, 632); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: вақт; қаз.: уақыт; баш.: уақыт; тат.: уақыт; қырғыз: убақыт; түрік: вакит; азер.: вахт; түркм.: вағт; өзб.: вакт; ұйғ.: вакт; [7, 936; 8, 1135, 10, 2328; 11, 405; 9, 213].
әввәл اَوَّل—әуелі, алдымен. «бири әввәл Аллаһү акбәр димекдүр (10а, 6)» (бірі алдымен Аллаһү әкбар деп айту). әввәли اَوَّلِى «әввәли башламақдур сол айағ бирлә (31а, 3)» (әуелі сол аяқпен бастау).«тәңри ады бирле башламақ әввәлинде аудазуң (23б, 2)» (Тәңірдің атымен бастау әуелінде дәреттің).ДТС: әууәл (сначала, пржде; 76); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ, ИН: еввел; қаз.: әуел; баш.; тат.: әуәл; қырғыз: абал; түрік, азер.: әввәл; түркм.: овал; өзб.: әввәл; ұйғ.: аввал; Түркі тілдеріне белгілі сөз. Түрлі қосымшалар жалғану арқылы граматикалық және семантикалық түрленулерге түседі (әуелі, әуелде, әуелден, әуелгі, әуелгідей т.б).
ахир اَخِرْ – ақыр, соңғы, ақырғы; «ол нәби айтды ахир хажжында (3б, 2)» (Ол нәби айтты ақырғы қажылығында). ахиринә اَحِرِنَا «андан оқуйа иннә әнзалнәһу сүрәсин ахиринә дәгин (36а, 1)» (Содан соң оқығай иннә әнзәлнаһу сүресін соңына дейін). БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: ахир; Қаз.: ақыр; баш.: әхир; тат.: ахир; қырғыз: ақыр; түрік: ахир; азер: ахир; түркм.: āхыр; өзб.: àхир; ұйғ.: ахир; [7, 10; 8, 16; 15, 22; 10, 47]. Өлі қыпшақ және қазіргі түркі тілдерінде кең тараған сөздердің бірі.
шафақ شَفَق— шапақ; «шул уақт шафақ ғайб олғанда (14б, 5)» (сол уақыт шапақ ғайып болғанда). «шафақ дидүгүмүз ол ақлықдур ки көғүң қырағында қызыллықдан соңра (14б, 5)» (шапақ дегеніміз ол ақ нәрсе көкжиекте қызыл нәрседен кейінгі). Жоғарыда біз көрсеткен ескерткіштердің ешбірінде кездесбейді. Әйтсе де, қазіргі түркі тілдеріне танымал лексема. қаз.: шапақ; баш.: шәфәқ; тат.: шәфәқ; қырғыз:шапāта; түрік: шафак; азер.: шәфәг; түркм.: шапак; өзб.: шәфак; ұйғ.: шәпәқ; [7, 808; 8, 974, 10, 2065; 11, 474; 15, 230].
Өлшем, көлем, мөлшер білдіретін сөздер: дередже دَرَجََه— дәреже; дереджеде دَرَجَدَه «уелекин ол кишийе ишлемегиле артуқ олур әжирдә дахы дереджеде (43а, 3)» (бірақ ол кісі осыны істеумен артық болады сауапта және дәрежеде). Түркі тілдеріне кең тараған, қолданылу өрісі кең сөз. ГИ,ИМ, КФ: дередже;қаз.: дәреже; баш.: дәрәжә; тат.: дәрәджә; түрік: дередже; азер.: дәрәджә; өзб.:дәрәджә; ұйғ.: дәриджә; [7, 164; 8, 175; 15, 170; 10, 561].
сүлүс ثُلُث – үште бірі; сүлси;ثُثىِ – «шул уақт кижәнүң сүлси кижкәндән соңра (15б, 1)» (сол кезде түннің үште бірі өткеннен кейін). Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштерінде жиі кездескенімен, қазіргі түркі тілдерінде ұшыраспайды. ГИ: сүлүс; ИМ: сүлүс; МГ: сүлүс; КФ: сүлүс; КФТ: сүлүс;
тамамتَمَام— тәмәм. 1. толық, бүтін. 2. соңы, аяғы. «тахиқиқ тамам олды имам намазы дахы ол кишиләрүң намазы киби (19а, 5)» (дұрыс бітті имамның намазы және сол кісілердің намазы секілді). ДТС: тәмам; тамам; (весь,целый; 544); тәмам бол- (заканчиватся; 544); БВ, КК, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ, РХ: тамам; қаз.: тәмәм; түрік: тамам; азер.: тамам; өзб.: тәмáм; ұйғ.: тамам; [7, 84; 8, 1030, 10, 2127; 15, 243]. Тілімізде «тамам, тәмәм» деген фонетикалық варианттары бар. Ер жігіттің сұрауы, Дүниеде дүниеде мақсұт тамам деп… (Н. Наушабаев). Түркіні тәмәм тілдің көркі білдім (Әбубәкір).
дирһам دِرهَم—1. салмақ өлшемі. 2. күміс ақша. «қажан олды жоқрақ дирһам қадарындан (27а, 1)» (қашан болса көбірек дирхам деңгейінен). «қажан олды нәжәсәт дирһам қадарынжа истинжа әйләмәк уәжиб олур (27а, 2)» (Қашан болса нәжәсәт дирхам деггейіндей истинжа жасау уәжіп болады). Түркі тілдеріне түбегейлі сіңісіп, күнделікті тұрмыста белсенді түрде қолданылмағанымен әдеби жазбаларда жиі ұшырасады. Қазақ тілінде дирһем, дирхам, дирхем, дирһам сияқты бірнеше фонетикалық варианттарын кездестіруге болады. Мысалы: Адам, мал, динар, дирхем тағы басқа, осылар сияқты саналатын, яғни саны бар заттар саны (А. Көбесов). Фараби өзінің бұрынғы бағыбандық кәсібін істей жүріп, күніне әмірден алатын төрт дирхамды қанағат етумен тапсырманы орындап шықты… (А. Машанов).
әвлә اَوْلا — жақсырақ, биігірек. әвләдүр اَوْلادُر«әвләдүр кижмәкдән (17б, 5)» (өтуден жақсырақ). Мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған бір қатар ескерткіштерде кездесетін бұл етістік, басқа аймақта жазылған ескерткіштер (Алтын Орда және Хорезм) мен қазіргі қыпшақ тілдерінде кездеспейді. Сирек те болса қазіргі түрік тілі мен ескі осман тілінде қолданылған [8, 241; 10, 74]. Ескерткіш мәмлүк топрағында Османлылардың ықпалының артқан шағында жазылғандықтан, осман тілі арқылы немесе арап тілінен тікелей енген болуы мүмкін. ГТ: евла; ИМ: евла; КФТ: евла; ИМ: евла [16, 77];
зерре ذرَّه—1. тозаң, ұнтақ. 2. атом. «айт жүнүб киши йунды дахы қалды а’засында бир зәррә йир йитишмәди су аңа (41б, 2)» (айт, жүніп кісі жуынды және қалды дене мүшесінде бір зәредей /кішкентай/ жер, жетпеді су оған). ГТ, ИМ: зерре; қаз.: зәрре; түрік: зерре; азер.: зәррә; түркм.: зерре; өзб.: зәррә; ұйғ.: зәррә; Түркі тілдерінің көбінде белсенді қолданылатын бұл лексема, қазіргі қыпшақ тілдерінде сирек ұшырасады. Солай дей тұрғанмен тілімізде бір нәрсенің өте кішкентай екендігін сипаттау үшін зәрре, зәррә, зәре, зәррет зәредей сөздері қолданылады. Осы сөздердің бәрі басқа сөздердей белсенді қолданылмағанымен осы зәррә сөзінің тіліміздегі фонетикалық варианттары.
Қимыл-әрекеттерге байланысты сөздер: ‘амал عمَل –1. амал, іс-әрекет. 2. діни. Адамның діннің бұйрық және тыйымдарын орындау үшін істегендері.‘амаллар عمَل لَر«‘амаллар ниәтләрлә олур (16а, 3)» (амалдар ниеттермен болады). ‘амалымы عَمَلُمِى «‘амалымы мақбул қыл (35а, 6)» (амалымды қабыл қыл). ДТС: ‘амәл (дело); ГИ, ГТ, ИН, КФ, МГ, РХ: амел; Түркі тілдерінде кең тараған сөздердің бірі. Әсіресе қазақ тілінде бұл сөздің ішкі мағынасы кеңейіп, қолданылу өрісі артқандығы байқалады. Бірнеше мағынада қолданылады: 1. тәжірбие; 2. лаж, шара; 3. қызмет, кәсіп; 3. қулық, айла; 4. матем. жол, тәсіл. Тілімізде осы сөздің амал вариантымен қатар ғамалдеген варианты да қолданылады. Бұлардың бірі әдеби норма болса, екіншісі кітаби тілдегі варианты. Қулық, сұмдық, арамдық, Амалға елдің бәрі епті (Абай). Өлеңде бұл дүниеге керек ғамал (Әріп).
‘ибарет عِباَرَت— —дан тұрады, құралады; ибаретдүр عِباَرَتدُر «шари’атда ‘ибаретдүр бәллү рүкүнләрдән (6а, 1)» (шариғатта белгілі шарттардан /негіздерден/ тұрады). Қыпшақ тілдерінде онша кең қолданыс таба қоймаған сөз. Бірақ түркі тілдерінің оғыз және қарлұқ тобында өте белсенді қолданысқа ие. Басқа ескерткіштер тілінде сирек ұшырасады. ДТС: ‘ибарет (выражение; 201); ГТ: ‘ибарет (сөздер); ИМ: ‘ибарет (бірдей; дәл өзі); баш.: ғыйбәрәт; тат.: ғибарәт; түрік: ибāрет; азер.: ибāрәт; түркм.: ыбāрәт; өзб.: ибарәт; ұйғ.: ибарәт. [7, 362; 8, 402; 10, 1032].
жәм’ جَمِع — жиналу, топтасу. «жәм’ олмаз мәнүм үммәтүм йаманлығ үстинә (4б, 2)» (бірікпейді /топтаспайды/ менің үммәтім жамандық үстіне). ДТС: жәм; жем (сложение; 641); ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, МГ: жем’ (топтасу, жиналу); Арапшадан енген басқа сөздер секілді кең тарап кетпесе де, бір сыпыра түркі тілдерінде ұшырасады. Қазақ жұртшылығы үшін бейтаныс көрінгенімен, ескі ақын-жыршыларымыздың жыр-шумақтарынан кездестіреміз. Бұл әрине, кітап арқылы енген сөздер қатарына жатады: Ата-анамыз алыс болғанмен, жамиғи қазақ бір туған (Базар жырау). Сондай-ақ, қазіргі кезде өзіміздің төл сөзіміздей болып кеткен «жамағайын, жамағат, жамғысы, әмбе» секілді сөздер осы сөзбен түбі бір төркіндес сөздер.
иттифақ اِتِّفاَق —келісім, пәтуә, түсіністік; иттифақи اِتِّفاَقِ «‘алимләр иттифақи билә (2а, 2)» (ғалымдардың келісімімен). иттифақилә اِتِّفاَقِلَه«унутқайжүн сәждә әйләмәк иттифақилә (20а, 3)» (ұмытқаны үшін сәжде ету келісіммен). ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: иттифақ; ДТС: иттифақ (союз, согласие; 216); Бұл лексема түркі тілдерінің оғыз және қарлұқ тобына кіретін тілдерде кең тараған. Қыпшақ тобынан татар және башқұрт тілдерінде кездеседі. баш., тат.: иттифак; түрік: иттифак; азер.: иттифаг; өзб.: иттифáк; ұйғ.: иттипақ. Әйтсе де, Н. Оңдасынов өзінің аталмыш «Арапша – қазақша түсіндірме сөздігінде» тіліміздегі «ынтымақ» сөзінің арғы тегінің осы сөз екендігін айтады.
ишарәт اِشَرَت—1. ишарат, белгі.2. нұсқау; «әгәр күжи йәтмәсә дүшүб арқасы үстинә ишарәт әйләйә башы бирлә (17б, 4)» (егер күші жетпесе шалқалай жатып басымен ишара жасасын). ГТ, ИМ, КФ, МГ: ишарет (белгі, із); ГИ, КФТ: ишарет (көрсету); ДТС: ишарәт (знак, указание; 214); қаз.: ишарат; баш.; тат.: ишара; түрік: ишарет; азер.: ишарә; түркм.: ишāрат; өзб.: ишáрә, ишáрәт ; ұйғ.: ишарәт; Түркі тілдеріне жаппай белгілі арапша кірме сөз. Тілімізде кейде ишарат, ал кейде ишара деп те айтылады. Мағыналарында айырмашылық жоқ.1. Ақылы барға ишарат (мақал). 2. Әжесі өзіне байланысты бір нәрсені ишара қып отырғанды көріп… (М. Әуезов).
иқрар اِقرَار – растау, мойындау, сенім; «айт иқрар әйләмәк тәңри та’алануң бирлиғинә нәбиләрүң килдүгинә (43б, 6)» (айт, растау/сену/ Тәңір тағаланың бірлігіне нәбилердің келгендігіне). иқрардур اِقرَاردُر «айт иман дәгән иқрардур дил бирлә дахы инанмақдур көңүл бирлә 44 б. 1» (айт иман деген тілмен растау және көңілмен илану). Түркі тілдерінде сирек қолданылатын кірме сөздердің бірі. КК, ГТ, ИМ: иқрар; «Кітаби тіл» деп аталатын тілімізде жазылған туындыларда ұшырасып жатады. Қадирлігіне өзінің ғажиздығына ықрарының беріктігінің көрсеткен ишараты. (Абай).
тәкрар تَكرَار– қайта, (текрар ейле-қайталау); «тәкрар ейлемек дахы қайтармақ аңа сүннәтдүр (44а, 2)» (қайталау және қайтару оған сүннет). Оғыз және қарлұқ топтарында кеңінен қолданылады. түрік: текрар; азер.: тәкрар; өзб.: тәкрáр; ұйғ.: текрар; [7, 866; 8, 1065, 10, 2169]. Ал қыпшақ тілдерінде бұл белсенділік байқалмайды. Дегенмен жазба әдеби тілімізде сирек те болса такрар, тәкірар тұлғаларында ұшырастырамыз. Бұл әрине, кітап арқылы еніп, бірақ тілімізге сіңсе алмаған сөз болса керек. Қуанай қазірет жар салып халайықты мешітке жинатты да өзі екі рәкәт намаз соңынан өзгеріссіз такрарланатын уағыз айтты (Х. Есенжанов). Жүз айтсаң жат, мың айтсаң – тәкірар, — деді Мұстапа (Ғ. Мұстафин).
тәрк تَرك— тәрк, тастау; «ким ки тәрк итсә хақ дин йықмышдур (4а, 2)» (кімде кім тәрк етсе хақ дінді жыққан болады). «әгәр тәрк итсә бир нәснә шарт дигәнүмүздән (21а, 3)» (егер тәрк етсе бір нәрсе шарт дегенімізден). Өлі және тірі қыпшақ тілдерімен қазіргі түркі тілдерінде жиі ұшырасады. Әсіресе оғыз, қарлұқ топтарында белсенділігі күшті. ГИ, ИМ, ГТ, ИН, КФ, КФТ, МГ: терк; қаз.: тәрк; түрік: терк; азер.: тәрк; түркм.: терк; өзб.: тәрк; ұйғ.: тәрк; [7, 877; 8, 108, 10, 2198]. Қазақ тілінде тәрк, тәрік, тәркі деген формаларын кездестіруге болады. Тыныштықты, шын достықты тәрк етті (І. Жансүгіров). Жақсылар күйеу сила деп кетіпті, Тәркі сүннет болған соң сізді сөктік (Нармамбет). Тәрік еттің дүниені семіз салға (Ұлбай қыз). Ескере кетер нәрсе, көріп отырғанымыздай Тәркі варианты, «тәркі сүннет – тәрк-и сүннәт; тәркі дүние – тәрк- и дүниә» сияқты тіркестер арапшадан тұтастай алынғандықтан пайда болған.
хасыл حَاصِل— пайда болу, өну, өрбу; «ихлас дигән хасыл олмаз иллә ниәт бирлә (16а, 1)» (ықылас деген пайда болмайды тек ниетпен). «хасыл олмаз намаз фазиләти иллә ниәтлә кәржәк көңүллә (16а 4)» (пайда болмайды намаздың артықшылығы тек ниетпен, шын көңілмен). Қыпшақ жазбаларында жиі ұшырасатын бұл лексема, қазіргі оғыз және қарлұқ топтарында белсенді қолданылады. Қыпшақ тобына кіретін тілдерден татар және башқұрт тілдерінде кездеседі. ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ, РХ: хасыл; баш.: хәсил; тат.: хасыйл; түрік: хасыл; азер.: хāсил; өзб.: хáсил; ұйғ.: хасил; [7, 315; 8, 334, 10, 951]. Қазақ тіліне онша сіңісе қоймаған сөз болғанымен, ескі қиса-дастандар мен жыр-шумақтардан хасил, хасіл, қасыл, қасіл секілді бірнеше формада кездестіреміз. Мысалы: Сен кеткен соң бола ма, Менің хасыл мұрадым? (Ғашық-наме). Аз жұмыспен көп алтын хасил етсе (Абай). НЕгег мұнша құтырдың, Мұрадың қасіл болғандай (Ғашық-наме).
мути’ مُطِيع — мойынсұну, бағынышты; «ол мути’ олмақдур бәгләрә дахы султанлара дахы имамлара дахы муазинләрә (46б, 6)» (ол мойынсұну бектерге және сұлтандарға және имамдарға және азаншыларға).«ислам дидүгүмүз мути’олмақдур тәңринүң буйруғына (44б, 2)» (ислам дегеніміз тәңірдің бұйрығына бойынсұну). Түркі тілдеріне кең тарай қоймаған. Әйтседе кітаби лексикамызда «тілазар, жуас» деген мағнада мутиғы сөзі ұшырасады. «мутиғы болып қош көріп, Ұқсаған соқыр саңрауға» — ұйқының қалың жолы екен (Ы. Мырзалыұлы).
сәфәр سَفَر— сапар, саяхат; сәфәри سَفَرِى «ануң сәфәри Аллаһижүн дахы нәбижүн (16а, 6)» (оның сапары Алла үшін және нәби үшін). «ануң сәфәри дүниа ижүн (16а, 1)» (оның сапары дүние үшін). БВ, ГИ, КФ, КФТ, МГ: сефер; ДТС: (путешествие; 493); қаз.: сапар; баш.: сәфәр; тат.: сәфәр; қырғыз: сапар; түрік: сефер; азер.: сәфәр; түркм.: сапар; өзб.: сәфәр; ұйғ.: сәпәр; Түркі тілдерінде күнделікті қолданылып жүрген белгілі сөз.
‘аһд عَهد – ант, серт; «аһд әйләдүм тәңрийә сөйләмәгәймән су әвинә (32б, 1)» (Тәңірге ант етемін, сөйлемеймін әжетханада). Түркіше баламасы ант. Сыртқы тұрпаты ұқсағанымен бірі арабша, бірі түркіше. Қыпшақ ескерткіштері тілінде синоним сөздер ретінде жарыса жұмсалады. ДТС: аһд; ‘аһд (обязательство; 24); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ: аһд;Қазіргі түркі тілдерінде сирек ұшырасады: Түрік: аһит – ант; аһдетмек – ант ету; Түркмен: аһд;
Қажеттілік, мұқтаждық білдіретін сөздер: зәрурәт ضَرُورَت– қажеттілік, мұқтаждық. «мәғәр ки зәрурәт ола (26а, 3)» (алайда зәру болса).Түркі тілдерінде жиі ұшырасатын кірме сөздердің бірі. БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФТ, МГ: зарурет; қаз.: зәрулік; баш., тат.: зарурилық; түрік: зарурет; азер.: зәрурәт; түркм.: зерурлық; өзб.: зәрүрәт; ұйғ.: зәрүрият; Тілімізде бұл лексеманың дәл осы формасы онша көп қолданылмайды. Бірақ мүлдем жоқ деуге де келмейді. Мысалы: Жетпіске жасың келсе, денең солып,Сөл қалмас тамам ағыза зәрураттан (Шәді Төре). Әрине бұл кітаби лексикадағы варианты. Ал «зәру, зәрулік» сөздері барынша сіңісіп төл сөзімізге айналған.
мухтаж مُحتَاج— мұқтаж, қажеттілік. «әгәр арынса бир ташилә мухтаж олмаз икинжийә (28а, 2)»(егер тазарса бір таспен мұқтаж /қажеттілік/ болмайды екіншіге). «әгәр арынса бир ташилә мухтаж олмаз үжинжийә (28а, 3)»(егер тазарса бір таспен мұқтаж /қажеттілік/ болмайды үшіншіге). Түркі тілдеріне жаппай еніп, кең қолданысқа ие болған сөздердің бірі. БВ, КК, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: мухтаж; қаз.: мұқтаж; баш.: мохтаж; тат.: мохтадж; қырғыз: муктадж; түрік: мухтач; азер.: мөхтадж; түркм.: мәтәч; өзб.: мухтàдж; ұйғ.: мухтадж; [7, 604; 8, 674, 10, 1587; 11, 468; 15, 128].
хажат حَاجَت– қажет; «қайсы жүнүбдүр хажат дәгүл ғусл аңа (41б, 2)» (қандай жүніптік қажет емес ғұсыл оған «Қандай жүніптік ғұсылды қажет етпейді»). ДТС: хажәт; хажет (нужда; потребность; 199); ГИ, ГТ, КФ: хажат; хажет; ИН: хажат; БВ, КФТ, МГ: хажет; қаз.: қажет; баш.: хәжәт; тат.: хажәт; қырғыз: қажет; түрікт: хажет; азер.: хāжәт; түркм.: хāжат; өзб.: хáжәт; ұйғ.: хәжәт; Түркі тілдерінде көп қолданылатын арапша кірме сөздердің бірі. Қазақ тілінде қажет, әжет, қажат, хажат, хажет сияқты көптеген фонетикалық варианттары кездеседі.
Ғылым-ағартушылық мәндегі сөздер: китаб كِتَاب – кітап; китабында كِتَابِندَه «мухтәләф адлу китабында‘уйун адлу китабында (8б. 3)» («Мухтәләф» атты кітабында /және/ «‘уйун» атты кітабында). китабы كِتَابِى «оқудум намаз китабы (40а, 2)» (оқыдым намаз кітабы). китабумы كِتَابُمِى «виргил паңа китабумы сағ әлүмә (34а, 4)» (бере гөр маған кітабымды оң қолыма). Түркі тілдерінің орта ғасыр кезеңінен бастап көне бітіг сөзінің орнын алмастыра бастаған бұл арабша кірме лексема қазіргі түркі тілдерінде тегіс қолданылады. Орта ғасыр қыпшақ ескерткіштері тілінде «битиг, бити, битик, битив» сөздерімен синоним сөздер ретінде қатар қолданылса, қолжазбаның жазылған XV ғасырдың аяғы, яғни мәмлүктер мемлекетінің соңғы дәуірі осы сөздің мықтап бекіген дәуірі болса керек. Өйткені қолжазбада тек арабша нұсқасы қолданылған. БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: китаб; Қаз: кітап; Қырғ: китеп; Башқ, Тат, Түрік, Түркм,Ұйғ: китап; Азер: китаб; Өзб: китáб [7, 490-491].
қаул قَوْل—қаулы; сөздер, қаулида قَوْلِدَه«барча қаулида аудаз кижәр ануңила (7б, 1)» (барша қаулыда онымен дәрет жарамды /онымен дәрет алуға болады/). қаулүңи قَولُكى қаулүңә قَولُكَا «йа иләһи қылғыл мәни анлардан ишидүләр қаулүңи уйарлар қаулүңә (34б, 4)» (Ей Тәңірім мені сондайлардан қыл, естиді сөздеріңді, мойынсұнады сөздеріңе). ДТС: қавл (слово; реч; высказивание; 437); ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: қавл; Қазақ тілінде ауыспалы «шешім, қарар» мағынасы жиі қолданылады. Шешім, белгілі бір тұлғаның немесе топтың сөзімен, пікірімен жаслатын болғандығын ескерсек, тіліміздегі бұл мағынасы негізгі мағынадан алшақ емес сияқты. Басқа түркі тілдерінде кең етек жая қоймаған.
лафз — لَفْظ – сөз. «йитишдүрмәк сәләм лафзыны 21 а. 2» (сәлем сөзін жеткізу). Түркі тілдерінде қанатын оншалықты кеңге жая қоймаған бір сөз. Түрік (лафыз) және өзбек (ләфз) тілдерінде белсенді қолданылады. Н. Оңдасынов өзінің сөздігінде тіліміздегі «лебіз, лепес» сөздерінің шығу төркінін осы сөзбен байланыстырады және «Жақсы лепес – жарым ырыс» деген мақалды мысалға келтіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де: «лепес – лебіз, үн, хабар» деп әлгі мақалды мысалға алады. Лебіз сөзінің түпкі төркінінің осы сөз екендігі күмәнсіз. Ал, лепес сөзін бұл сөзбен байланыстыру шындыққа жанаспайтын секілді. Ф. Е. Корш лепес сөзінің бұл сөзден шығуының мүмкін еместігін, өйткені қазақ тілінде с//з сәйкестігінің кездеспейтіндігін және бұл сөздің араб тіліндегі нәфәсنفس(дем, тыныс, леп) сөзінің өзгерген түрі екендігін айтады [10, 140]. Біздіңше де осы пікір ақылға қонымды секілді. Өйткені тілімізде лепес «тыныс, дем» мағынасындажиі қолданылса, ал жоғарыдағы мақал «жақсы сөз – жарым ырыс» түрінде жиі айтылатындығы белгілі. Сондай-ақ араб тілінен енген сөздердегі сөз басындағы н дыбысының л-ға немесе керісінше л дыбысының н-ға ауысуы таңсық құбылыс емес. лағнет< нағлет, нәлет; нәпсі< ләпсі тб.
ма’на مَعنَا – мағына; бір нәрсенің ішкі мазмұны; ма’надур مَعنَادُر«рижс дахы никс дәгән бир ма’надур (29а, 1)» (рижс және никс деген бір мағына). «ануң ма’насы қажан аудазсуз олса аудаз алсун (39б, 2)» (оның мағнасы дәретсіз болса дәрет алсын). Түркі тілдерінің жаппай енген және өте белсенді қолданылып жүрген лексемалардың бірі. ГИ, ИМ, КФ: ма’на; БВ, ГТ, ИН, КФТ, МГ, РХ: ма’ни; қаз.: мән, мағына; баш.: мәғнә; тат.: мәғнә ; қырғыз: мāни; түрік: мāнā; азер.: мә’на; түркм.: мāни; өзб.: ма’нá; ұйғ.: мәна; Қазақ тіліндегі синоним сөздер ретінде қолданылатын мағына, мән сөздері, араб тіліндегі түбірлес ма’ән (مَعَانٍ) және ма’нә (مَعنىً)сөдерінің тіліміздегі көріністері. Мысалы: олай болса бағып қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы (Ы.Алтынсарин). «Еркек» деген сөздің мәні екеу емес пе? (Қабдолов). Ал кейде екеуі қосарланып, мән-мағына түрінде қос сөз болып жұмсалады.
ма’рифет مَغرِفت— мағрифат; білім, ғылым, өнер; ма’рифатдан مَغرِفتدَن«имандан дахы ма’рифатдан дахы тәухиддән дахы шари’атдан дахы диндән айтды(45а, 1)» (иманнан және мағрифаттан және тәухидтан және шариғаттан және діннен айтты). Түркі тілдеріне онша кең тарай қоймаған. БВ, ГТ, КФ, МГ, ИМ: ма’рифет; Азербайжан және түрік тілдерінде «өнер, ептілік» мағыналарында белсенді қолданылады. Кітаби тіл деген тілімізде сирек те мағрипат, мағрифаттүрінде ұшырасады екен. 1. Мағрипат – ілім, білім, ғылым, мәдениет, сауаттылық. (Т. Жанұзақов) 2. Осы істерді алып барудың тағы үлкен … жолы бар – мағрифат жолы, яғни білім таратушы –ұстаздық жол, — деді Ибн Жүнейд (А. Машанов).
мухтасар مُحتَصَر—кітап атауы.мұхтасар, қысқартылған, ықшамдалған; «аңды Кәрхи мухтасар адлу китабинда (8а, 3)» (еске алды Кәрхи «мұхтасар» атты кітабында). Түркі тілдерінің көбінде кездеседі. ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ, ИН: мухтасар; Қолжазбада кітаптың атауы ретінде жұмсалады. Қазақ тілінде мұхтасар, мұқтасар тұлғаларында ұшырастыра аламыз. Басқа кірме сөздері секілді белсенділік танытпағанымен, жазба әдеби туындыларда жиі ұшырасады. Жұлысып баламенен болма тауық, Мұқтасар тартып енді кідіріңіз (Кете Шегебай). Сонымен қатар исламның негізгі принцптері мен ережелерін қысқаша баяндайтын кітаптар «Мұхтасар ғылымхал» /яғни ықшамдалған ғылымхал/ деп аталады. Тілімізде «мұхтасар» сөзі осындай кітаптардың жалпылама атауы болып кеткен. Ол кездегі шәкірттер «Мұхтасар оқыдым», «Қафия оқыдым» деген жауаптармен өзінің білімінің дәрежесін аңғартатын (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров).
ривайәт رِوَايَت— рауаят, әңгімеленген оқиға, сөз, хабар; «бу мәсәлә бир ривайатда (9а, 3)» (бұл мәселе бір рауаятта). «бир ривайатда дахы (13а, 2)» (және бір рауаятта). ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: ривайет; қаз.: рауаят; баш.: риваят; тат.: риваят; түрік: ривайет; азер.: рәвāйәт; өзб.: ривáйәт; ұйғ.: ревайәт; [7, 724; 8, 895, 10, 1862; 15, 195]. Ауызекі сөйлеу тілімізде кездесе бермейді. Әйтсе де жазба әдеби тілімізде «рауаят, рәуаят» тұлғаларында қолданылған. Кітап арқылы енген лексема болуы керек. Осыны Азиз әфәнді де, Жанғабұл қажы да бір рәуәятқа сиғызып отыр (Ә. Сәрсенбаев).
хабар خَبَر— хабар; «хабар вирилди ‘Абдуллаһдан Омароғлы (2б, 6)» (Хабар берілді Омарұлы Абдуллаһтан). «кәлди бир хабар да нәбидән (3б, 6)» (келді бір хабар нәбиден). «хабар вирилди нәбидән 11б. 3» (хабар берілді нәбиден). ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, ИН: хабер; КК: хабар; қаз.: хабар; баш.: хәбәр; тат.: хәбәр; қырғыз: қабар; түрік: хабер; азер.: хәбәр; түркм.: хабар; өзб.: хабәр; ұйғ.: хавар;[7, 299; 8, 303, 10, 919; 11, 452]. Түркі тілдерінің барлығына белгілі лексема. Тілімізде қабар деп те қолданылады. «Бес жүз жігітпен келе жатыр екен» деген қабар бір күні бұрқ етті (С. Мұханов).
хисаб حِسَاب— есеп, сұрау; хисабсуз حِسَاب سُوز«кирәсиз тәңриңүзүң жәннәтинә хисабсуз дахы ‘азабсуз (3б, 6)» (Кіресіз тәңірлеріңнің жәннәтіна есепсіз және азапсыз). «киргәй аңа қайсы ишикдән диләсә хисабсуз азабсуз (36б, 5)» (кірсін оған қайсы есіктен қаласа есепсіз және азапсыз). хисабумы حِسَابُمِى«хисабумы қолай әйлә (34а, 5)» (есебімді оңай қыл). Түркі тілдеріне етене таныс, белсенді қолданылатын арапша кірме сөз. ДТС: хисаб (счет; 200); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, МГ, РХ: хисаб; қаз.: есеп, қисап; баш.: исәп; тат.: хисап, исәп; қырғ.: есеп; түрік: хесап; азер.: хесаб; түркм.: хесāп; өзб.: хисáб; ұйғ.: хесап; Қазақ тілінде бұл сөздің қисап, қысап, хисап сияқты аллофондары бар. Есебін тауып көреміз. Келемін — деді Абай Тоғжанға (М. Әуезов). Бас пен аяқ бір қысап (Абай). Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап (Абай).
хүжжет حُجَّت— құжат; куәлік, дәлел; хүжжетлерүң حُجَّتلَرُك«үммәт йығлышмақ хүжжетлерүң қуатлусудур (4б, 1)» (үмбет жиылысы дәлелдердің қуаттысы). «хүжжет әйләди Шафи’и (28б, 2)» (дәлел етті Шафи). ДТС: хужжәт (доказательство;200); ГТ, ИМ, КФТ: хүжжет; қаз.: құжат (документ); өзб.: хүжжат(документ); ұйғ.: хөжжәт(документ); Н. Оңдасынов «Арапша қазақша түсіндірме сөздігінде» аталмыш сөзге түсініктеме жасағанда тек ауыспалы «батылдық, қайсарлық» мағынасында қолданылатын «өжет» сөзіне ғана тоқталып, негізгі мағынасының тілімізде «құжат» түрінде кездесетіндігін ұмыт қалдырған сияқты [15, 117].
хүкм حُكم— үкім; жарлық; хүкми حُكمِى «хүкми аудаз дидүгүмүз тәйәммүм киби тобрағилә (38б, 4)» (хүкми дәрет дегеніміз тәйәммүм сияқты топрақпен). «нәки бунлара уқшаса аның хүкми ол су аридүр (7б, 5)» (не осыларға ұқсаса оның үкімі ол су таза). Түркі тілдерінде жаппай кездеседі. қаз.: үкім; баш.: хөкөм; тат.: хөким; қырғыз: өкүм; түрік: хүкүм; азер.: хөкм; түркм.: хөкүм; өзб.: хүкм; ұйғ.: хөкүм; [7, 355; 8, 389, 10, 1013; 11, 435; 15, 135]. Тілімізде өкім, хүкім, хұкім деген формалары да бар. Соңғы екеуі кітаби тіліміщдегі варианттары болса керек. Өздері хұкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады (Абай). Бүгін мен Мысырдағы патша болсам, Бұл жұртқа тақ үстінде хүкім қылса (Ғашық-наме).
шарт شَرط— шарт; «хақ намазуң шартлары вар (9б, 6)» (хақ намаздың шарттары бар). «намазуң әркәнләри алтыдур шартлары киби (10а, 5)» (намаздың рүкндері //негіздері// алтау шарттары сияқты). «биз айтдук хақ ниәт шартдур (15б, 4)» (біз айттық шынайы ниет шарт). қаз., баш., тат., қырғыз, түрік: шарт; азер., өзб., ұйғ: шәрт; түркм.: шерт; Түркі тілдеріне кең тараған сөз. Тілімізде «ант, уәде» мағынасында жиі қолданылатын серт сөзінің де шығу төркіні осы сөз екен [15, 225].
әркән اَركَان – негіздер, шарттар, тіреулер; «намазуң әркәнләри алтыдур шартлары киби (10а, 5)» (намаздың рүкндері /негіздері/ алтау шарттары сияқты). Қолжазба тілінде де кездесетін рүкүн (ركن) сөзінің көпше формасы. ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ: еркан; Түркі тілдерінде діни термин ретінде болмаса онша көп кездеспейді. Қазіргі түрік тілінде ауыспалы «атқамінерлер, ел ағалары» деген мағнада қолданылады. Тілімізде діни термин ретінде өте сирек те болса ұшырасады. Мысалы: Тағдил әркән – рүкүндерді дұрыстап орнымен жасау [14, 117 ].
Шаруашылық атауларымен байланысты сөздер: күфие كُفِيَه – бас киім, тақия; «башымда күфие варды (40а, 3)» (басымда тақия бар еді). ГИ, КФ: күфийе (тақия); басқа ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінде кездеспйді.
қумаш قُمَاش – мата, киім; «табар мусыз баржаңуз ики қумаш (13а, 2)» (баршаңыз екі киім табасыздар ма?). қумаша قُمَاشَه«қумаша қажан булғашса нәжәсәт (9а, 6)» (киімге қашан нәжіс жұқса). Қыпшақ жазба ескерткіштері тілінде «мата, киім» және «сатылатын зат» мағыналарында сирек кездеседі. ГИ, ГТ, ИН, КФ: қумаш (мата); ИМ: қумаш (сатылатын зат). Қазіргі бір қатар түркі тілдерінде «мата, кездеме» мағынасында қолданылады: Башқ: қомас; Тат: қомач; Түрік: кумаш; Азер: гумаш [7, 514-515].
мал مَال—1. дүние, байлық, мүлік. 2. ақша, капитал. малыңузуң مَالِكُوزُك«вирүңүз малыңузуң зәкәти (3б, 3)» (беріңдер малдарыңның /мал-мүлкіңнің/ зекетін). малындан مَالِندَن «дахы садақайы қабул әйләмәз ғулул малындан (12а, 6)» (және садақаны қабыл етпейді ұрлықы дүниеден). Түркі тілдеріне жаппай еніп, барлығына ортақ төл сөзіндей сіңісіп кеткен сөз. ДТС: мал (имущество, богатство; 335); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, КФТ, ат-Тухфа: мал; Қазақ тілінде осы лексема өзінің негізгі «байлық, дәулет» деген мағынасымен қатар төрт түліктің де жалпы атауы. Мұның себебі де қазақтың негізгі байлығы, капиталы төрт түлік болғандығынан болса керек. Мал баққанға бітеді (мақал). Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір (мақал).
мифтах مِفتَح –кілт; мифтахы مِفتَحِى«һәр нәснәнүң мифтахы вар (11б, 4)» (әр нәрсенің кілті бар). «намазуң мифтахы аудаздур (11б, 4)» (намаздың кілті дәрет). ГИ, ГТ, КФ: мифтах; Түркі тілдеріне онша сіңісе қоймаған сөз болса керек.
на’л نَعل – 1. нал, таға; 2. аяқкиім, сүйретпе; на’луң نَعلُك «нағлуң тасмасы қадар (14б, 2)» (сүйретпенің таспасы деңгейінде). Қыпшақ жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінің бір сыпырасында кездеседі. Ескерткіштер тілінде: БВ:на’л; ГТ: на’л; ГИ: на’л; ИМ: на’л; КФ: на’л; КФТ: на’л; КК: на’ал; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз: нәл; түркм: нāл; азер: нал; түік: нал [7, 638-39].
силсилә سِلسِلَه – шынжыр; силсиләләрдән سِلسِلَالَردَن«йа иләһи азад ид бойнумы отдан сақла мәни силсәләләрдән зинжирләрдән (34б, 6)» (Ей Тәңірім! Азат ет мойнымды оттан, сақта мені шынжырлардан). Ескерткіште «силсәләрдән» деп, көптік жалғауы жалғанғанда –лә- буыны ұмыт қалдырылған. Тағы бір жәйт дәл сол мағынаны беретін парсыша зинжир сөзімен қатар қолданылған. Бұлар сол дәуірде қатар қолданыста болған синоним сөздер болса керек. Мағынаны күшейту не түсінікті болу үшін екеуін де қатар қолданған. Өйткені ГТ мен ИМ—де де /силсилә/ зенжир/ бұл екі вариант та кездеседі. Қазіргі түрік, өзбек және азербайжан тілдерінде де «тізбек, шынжыр» мағыналарында бұл екі нұсқа да кездеседі: түрік: силсиле; азер: силсилә; өзб: силсилә [7, 780-781];
хаузحَوض– әуіз; Су қоймасы, бассейн. «хаузлар суйы киби (7а, 5)» (хауыздар суы сияқты). Түркі тілдерінде жиі қолданылатын сөздердің бірі. ГИ, ИМ, КФ: хавз; қаз.: хауыз; қырғыз: хауыз; түрік: хавуз; азер., түркм.: ховуз; өзб., ұйғ.: хавуз; Тілімізде хауыз, һауыз, қауыз, әуіз деген фонетикалық варианттары бар. Бұлардың алдыңғы екеуі кітаби тілімздегі, ал соңғы екеуі ауыз екі сөйлеу тіліндегі варианттары болса керек. Хауыздың бетінде көлеңкелер ойнайды (Айбек). Алаңша ортасы әуіз (Д. досжанов). Қауыз, қаусар суындай, Бейіштен шыққан жемісім (Қобланды Батыр).
Сын-сипат мәндегі сөздер: ғайиб غَيِب— ғайып. көрінбейтін, көзге түспейтін жасырын. «шул уақт шафақ ғайиб олғанда 14 б. 4, 5» (сол уақыт шапақ ғайып болғанда). Түркі тілдерінде өте кең тараған сөздердің бірі. Көбіне бол-; ет- көмекші етістіктерімен тіркесіп күрделі етістік құрайды. Қазақ тілінде ғайып сияқты белсенді қолданысқа ие болмаса да, қайып деген фонетикалық формасы да жұмсалады: Жарықтық-ай десейші, қаланың шетіне шыққасын үш қайтара кісінепті де қайып болыпты (Ғ. Мүсірепов). ҚБ: ғайыб (исчезнувший, потерявшийся; ДТС, 196);ГИ, ГТ, ИМ, КФТ: гайиб; қаз.: ғайып; түрік: кайып; азер.: гейб; түркм.: гāйып; өзб.,ұйғ: ғайип;
сәбит ثَابِت—тұрақты, берік; «шүкр тәңрийә сәбитдүр бәслижүдүр ‘аләмләри (1б, 2)» (Шүкір тәңірге, тұрақты және бүкіл ғаламды асыраушы). «бил хақ намаз фарздур дурандур доғры йолдур сәбитдүр (2а, 1)» (біл, шынайы намаз парыз, тұрған, тура жол, тұрақты). сабит (твердый, стойкий; ДТС, 479); БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: сабит; түрік: сāбит; азер.: сāбит; өзб.: сáбит; ұйғ.: сасабит; [7, 729; 8, 905, 10, 1876]. Қазақ тілінде бұл мағынада қолданылмағанымен, кісі есімі ретінде жиі ұшырасады.
мүхкәм مُحكَم—1.бекем, мығым, берік, жақсы істелген 2. дұрыс, дәл. 3. даусыз, ашық. «йа иләһи мүхкәм әйлә ики айағумы сырат үстинә табрылған күн анда айақлар (35 а. 2, 3)» (Ей Тәңірім! Мығым қыл аяғымды қыл көпір үстінде тайдырылған күүн ол жерде аяқтар). Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштері тілінде мухкем, мухким формаларында жиі ұшырасады. . ГИ: ГТ: ИМ: ИН: КФ: КФТ: МГ:мухкем, БВ: мухким; Қазақ тілінде күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын «бекем, мығым, мекем» сөздерінің арғы тегі осы сөз екендігі даусыз. Сондай-ақ махкам, махкәм, мәхкәм, мекм, мехкем сияқты бірнеше фонетикалық варианттары кездеседі. Бұлар әрине кітаби тілдегі көріністері. Уағдаңды махкам тұтсаң серт байласып, Босанба жазылсаң да біздің тордан (Әріп). Талпынам таза туған ажарыңа, Белімді тәуекелге махкәм байлап… (Ақан сері). (3, 130).
мутлақ مُطلَق—1.шексіз, тәуелсіз. 2. мүлде, тіпті, толық, әбден. «бири мутлақ судур бири муқайиәд судур (7а, 1)» (бірі мутлақ /шектеусіз/ су, бірі муқайиәд /шектеулі/ су). «мутлақ су дидүгүмүз ол су һәр судур (7а, 1)» (Мутлақ /шексіз/ су дегеніміз ол қандайда бір су). Түркі тілдерінің көбінде жиі қолданылатын сөздердің бірі. баш.: мотлак; тат.: мотлак; түрік: мутлак; азер.: мүтләг; өзб.: мутлақ; ұйғ: мутлак; Ауыз екі сөйлеу тілімізде ұшыраспағанмен кітаби тілімізде мутлақан түрінде сирек те болса кездестіруге болады. Сары ала қазды сүнни мәзһәби мутлақан қарам қылмыш сәбәп: сары ала қаз қайыз көреді, — деп белден біра-ақ басты (І. Жансүгіров).
муқайиәд مُقَيْد—1. шектеулі, тәуелді. 2. жазылған, тіркелген. «бири мутлақ судур бири муқайиәд судур (7а, 1)» (бірі мутлақ /шектеусіз/ су, бірі муқайиәд /шектеулі/ су). «муқайиәд су дидүгүмүз ол һәр судур (7б,2)» (Муқайиәд су дегеніміз ол қандайда бір су). ИМ: муқайәд;Түркі тілдерінде көп кездесе бермейді. Алайда қазақ тілінде «ұқыпты, тиянақты» мағынасында мұқият сөзі жиі қолданылады. Орынбордан шыққан әскердің күш жұмсауы ақиқат, онда істің ақыры насырға шабады, мұны мұқият ескеруіміз керек (Х. Есенжанов).
кәифйат كَيفِيَت – кейіп, бейне; сипат; кәифйатсуз كَيفِيَت سُوز«мағрифат дигән Аллаһ та’ала билмәкдүр кәифйатсуз дахы бәңмәзәтләмәксүз (45а. 4)» (мағрипат деген Алла тағаланы кейіпсіз және теңдессіз деп білу). ГИ, КФ: кейфиәт; Түркі тілдерінде жиі кездесетін кірме сөздердің бірі. Түркі тілдерінде «бейне, кейіп, сипат» және «жан ләззәті, кәйіп» сияқты екі түрлі мәнде жұмсалады. қаз.: кейіп; баш., тат.: кәйиф (мастық); түрік: кейф (ләззәт), кейфиет (сипат); азер.: кейфият (сипат), кеф (ләззәт); түркм.: кейп; өзб.: кәйф, кәйфийәт (екеуі де «ләззәт» мағ); ұйғ.: кәйп; Қазақ тіліндегі кәйіп және кейіп сөздерінің шығу төркіні бір болғанымен (тұлғасы жағынан да бәлендей өзгешелік болмаса да) екеуі екі басқа мағынада жұмсалады. кәйіп «жан рахаты, ләззәт»мәнінде, ал кейіпсөзі «бейне, кескін» мағынасында қолданылады. Мысалы: кәйіп тартқан дәлідей мәңгіріп отыр (Ә. Кекілбаев), Қарасаң сабырлы адам кейпі елестейді. (Т. Жароков). Бізідің қолжазбада да осы «кейіп, бейне» мағынасында жұмсалған.
Өсімдік атаулары: қыса قثَا — қияр; «қыса суйы киби (7б, 3)» (қияр суы сияқты).
Орта ғасыр қыпшақ ескерткіштерінен тек БВ- да ғана қысса тұлғасында кездеседі. Ескерткіш тілінде парсыша хыйар /хыяр суйы киби (7б, 4)/сөзі екеуі қатар қолданылған. Бұл бір заттың екі тілдегі атаулары болса, екеуінің қатар қолданылуы не диалектизм болғандықтан екеуін қатар қолданған немесе қиярдың екі түрлі сортына берілген атаулар болуы мүмкін. Өйткені Арабша – орысша сөздікте қысса сөзінің баламасын «ұзын қияр» деп көрсеткен. Қазіргі түркі тілдерінде кездеспейді.
үшнан اُشْنَان – шөптің түрі. Тамыры сабын орнына қолданылған;«ушнан суйы киби (7б, 5)» (… суы секілді). Қазіргі түркі тілдерінде кездеспегенімен бір қатар қыпшақ жазба ескерткіштері мен ескі осман тілінде ұшырасады: БВ: үшнан; ИМ: үшнан; КФТ: үшнан; РХ: үшнан [16, 299]; Ескі Осман: үшнан; Басқа ескерткіштер тілі мен қазіргі түркі тілдерінің ешбірінде кездесбейді.
Жаратылысқа байланысты сөздер: алем عَالَم — әлем, ғалам, дүние; ‘аләмләри عَالَملَرِى «шүкр тәңрийә сәбитдүр бәслижүдүр‘аләмләри (1б, 2)» (Шүкір тәңірге, тұрақты және бүкіл ғаламды асыраушы). Бұл сөз де өлі және тірі қыпшақ тілдері мен қазіргі түркі тілдеріне белгілі лексема. Қыпшақ жазба ескерткіштерінде «әлем, дүние» және «халық» деген мағыналарда жұмсалғандығын көреміз. ДТС: ‘аләм(вселенная; мир; 33); ГИ, ГТ, ИМ, КФ, МГ: алем (1. әлем; 2. халық); қаз.: әлем, ғалам; баш.: ғәләм; тат.: ғаләм; түрік: āлем; азер.: āләм; түркм.: әлем; өзб.: аләм; ұйғ.: аләм [7, 14; 8, 27; 9, 21; 10, 78]. Жоғарыда да айтып өткеніміздей, араб сөздері қыпшақтілдеріне, соның ішінде қазақ тілдеріне ауысқанда «ع» дыбысы кейде түсіріліп айтылса, кейде орнын «ә» дыбысы, ал кейде «ғ» дыбысы алмастыратындығы белгілі. Сондықтан да қазақ тілінде әлемжәне ғалам деген екі түрлі фонетикалық варианты қалыптасқан.әлем сөзі жер беті, жер жүзі (әлем чемпионы) деген мағынада жұмсалса, ғалам аспан мен жер арасындағы болмыстардан құралған кеңістікке айтылады (Мысалы, бүкіл ғаламның жаратушысы бір Алла).
‘өмр عُمْر—өмір, тіршілік. ‘өмридә عُمْرِدَه «нәби ишләди баржа‘өмридә (42а, 6)» (нәби істеді бүкіл өмірінде) ‘өмриндә عُمْرِندَه «дахы олды дәим ануң үстинә баржа‘өмриндә (42б, 2)»(және тұрақты болды оның үстіне бүкіл өмірінде). Түркі тілдеріне әбден сіңісіп төл сөзіне айналған сөздердің бірі. Тарихи қыпшақ жазба ескерткіштері тілінде: ДТС: өмр; өмүр (жизнь; 385); ГИ: ГТ: ИМ: ИН: КФ: КФТ: ‘өмр;Қазіргі түркі тілдерінде: қаз: өмір; баш: ғұмир; тат: ғомир; қыр: өмүр; түрік: өмүр; азер: өмүр; түркм: өмүр; өзб:үмр; ұйғ: өмүр; Қазақ тілінде осы сөздің өмір, ғұмыр деген аллофондары кездеседі. Мысалы: ғұмыр келте деп налисың досым-ау.. (М. Шаханов). Шын өмір, шын әділдік сол күнде орнап, Мен секілді қуанар милион халық (С. Торайғыров). Өмір, Өмірбай, өмірбек, Өмірзақ секілді кісі аты ретінде де жиі ұшырасады.
дүниа دُنيَِا— дүние, дүния. «дүниа ижүн илишүр (16б, 2)» (дүние үшін ілеседі). дүниада دُنيَادَه «дүниада рахмәт идижидүр мүминләрә кәфирләрә (1б, 1)» (дүниеде мәрхәмәт етуші момындарға, кәпірлерге). Түркі тілдерінде өте кең тараған және төл сөзіндей сіңісіп кеткен сөдердің бірі. ДТС: дүнйа (1. мир; свет; 2. блага; 3. богатство; 161); БВ, КК, ГИ, ИМ, ИН, КФ, КФТ: дүнйа; ГТ: дүнйе; Қазіргі түркі тілдерінде қолданылу өрісі мен мағынасы барынша кеңіп, «тіршілік, жер жүзі, осы өмір, байлық, зат, нәрсе» секілді көптеген мағналарда жұмсалады. Қаз.: дүние; баш.: дөня; тат.: дөн’я; қырғыз: дүнүйө; түрік, азер., түркм., өзб., ұйғ.: дүня; [7, 194; 8, 194; 15, 177; 10, 54; 17, 146]. Қазақ тілінде кейде «дүние» (махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қос. Абай), ал кейде «дүния» (Тоғыз ай тоғыз күн толған шақта, дүнияға бір қыз келді. С. Мұханов) деп те қолданылғанымен мағналарында пәлендей айырым жоқ. Бір сөздің екі түрлі фонетикалық варианты.
Топонимикалық атаулар: Мәккә مَكَّه– Мекке қаласы. «дөндәр йүзүңи Мәккә сару (13а, 5)» (бұр жүзіңді Меккеге қарай). «һәр қанда олсаңуз дөндәрүңүз йүзүңүзи Мәккә сару (13б, 1)» (қайда болсаңызда бұрыңыздар жүздеріңізді Меккеге қарай).
Мұхаммед (ғ.с) пайғамбардың туған қаласы және мұсылмандардың қасиетті Қағбасы орналасқан қала. Түркі тілдерінің барлығына танымал сөз.
Басри بَصرِى– жалқы есім; Басыралық; Басра қаласынан; Қ. I. Хасан
Бәжәл — بَخَلْ— жер атауы. «хабар вирилди ‘Абдуллаһдан Омароғлы Жәрирдән ‘Абдуллаһоғлы Бәжәл йәриндән» (хабар берілді Омарұлы Абдуллаһтан, Абдуллаһұлы Жәрирден Бәжәл жерінен).
Әскери лексика: ғазалық — غَزَالِغ – Соғыс. Дін үшін кәпірлермен болатын қасиетті соғыс. «ғазалыға вармақ киби (5а, 3)» (соғысқа бару секілді). Арабша ғаза غزا(діни соғыс) сөзіне түркіше –лық зат есім жұрнағы жалғану арқылы жасалып тұр. КФ, ИН: ғаза; Қаз., баш., тат.: ғазауат (көпше); қырғыз: қазауат (көпше); түрік: газа, газве (жекеше); түркм.: газават; өзб.: ғазàт; ұйғ.: ғазат;[7, 258; 8, 283, 284; 9, 57; 10, 820). Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ жазба әдеби тілінде көпше ғазауат// ғадауат// ғазават сияқты формалары кездескенімен, халық тілінде кең етек жая қоймаған. Мысалыға: ғазауат жариялап, совет үкіметімен щапағатсыз соғыс жүргізейік,- деді алашордашы. (М.Қаратаев). Махаббат ғадауатпен майдандасқан (Абай). ғазабат базарынан қайтқандар келеді. (Н.Хожагелдиев). Дін қарындастар Әһлі-ислам қауымы үшін пағамбарымыз расулалла Мұхаммает Мұстафаның жеңілмейтін көк туын көтерсін, ғазават соғысына шықсын (Ж. Арыстанов).
Шылаулар: иллә اِلَّا — тек, тек қана; «иллә ниәт бирлә (16а, 1)» (тек ниетпен). «иллә ол киши қажан олса қасд бирлә йазуқлу олур (22а, 2)» (тек ол кісі қашан әдейілеп болса /істесе/ жазықты болады). «дахы сөйләмәгәй иллә ду’алардан башқа (25а, 5)» (және сөйлемесін тек дұғалардан басқа). КК, ГТ, КФ, КФТ, МГ: иллә (тек; басқа, сөйтсе); ГИ, ИН: иллә (міндетті түрде); Қазіргі түркі тілдерінде кездесе бермейді. Тек түрік тілінде «міндетті түрде, әсіресе» деген мағналарда қолданылады.
йа’ни يَعنِى – яғни; «йа’ни қыса ит (12а, 3)» (яғни қысқа ет). Түркі тілдеріне жаппай енген сөз. Сөз ортасындағы арабша «ع» дыбысы түркі тілдерінде ø//ғ заңдылығы бойынша қалыптасқан. ДТС: йа’ни (то есть; 232); БВ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ, РХ: йа’ни; КК: йааны; қаз.: яғни; баш., тат.: йәғни; түрік: яни; азер.: я’ни; түркм.: яғны; өзб.: йә’ни; ұйғ.: йәни;
қадар قَدَر—дейін,шейін, шамамен, деңгейінде; «нағлуң тасмасы қадар (14б, 2)» (аяқкиімнің таспасына дейін). қадарындан قَدَرِندَن «қачан олды жоқрақ дирһам қадарындан (27а, 1)» (қашан болса көбірек /үлкенірек/ дирһам деңгейінен). қадарынжа قَدَرِنجَه«шул уақт һәр нәснәнүң көләгәси өз қадарынжа 14 б. 3»(әр нәрсенің көлеңкесі өз деңгейінде болған кезде). Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштері тілінде жиі ұшырасатын бұл лексема, қазіргі бірқатар түркі тілдерінде де (әсіресе оғыз, қарлұқ топтарында) белсенді қолдынлады. ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ, РХ: қадар; баш.: қәдәр: тат.: қадәр; түрік: кадар; азер.: гәдәр; өзб.: кадәр; ұйғ.: қәдәр. Ал қазақ тілінде сирек ұшырасады. Кітаби лексика болса керек. 1. Олай болғанда… пенде өз ақылы жетерлік қадарі білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хаким ат қойған (Абай). 2. Қолымыздан келгенше қадары халық үшін тырысайық (М. Сералин).
Одағай: йа يَا –Ей, уа! «йа Мухәммәд диди (15б, 2)» (ей Мұхаммед,- деді). «йа иләһи арыт ағзум қоқусы бағышла йазуғумы (33, 3)» (Ей Тәңірім! Тазарт аузымның иісін, кешір жазығымды). . «йа иман кәтүрген кишиләр (18, 6)» (Ей иман келтірген кісілер). Бірсыпыра түркі тілдерінде қолданылады. ДТС: йа (междометие употребляется при обращении; 221); БВ, ГИ, ГТ, ИН, КФ, КФТ, МГ: ей (ей, уа!); Тіптен қазіргі түрік тілінде, әдеби тіл былай тұрсын күнделікті ауыз екі сөйлеу тілінің өзінде қарату немесе сезімді күшейту мақсатында сөз басында және аяғында өте жиі қолданылады. Ал тілімізде бұл одағай кездеспейді.
Белгісіздік есімдігі:ба’зы بَعْضِى– бағзы, кейбір; ба’зылар بَعْضِلَر «айтды ба’зыларол киши кәтүргәй ики айағын су әвиндә аудаз алған йирәдик (30а, 2)» (айтты кейбіреулер ол кісі әкелсін екі аяғын дәретханада дәрет алған жерге дейін). Өлі қыпшақ және қазіргі заман түркі тілдерінің біразына енгенімен қолданылу ауқымы жағынан басқа сөздерге қарағанда онша кең етек ала қоймаған сөз. ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ: ба’зы [16. 26]. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде оғыз және қарлұқ топтарында бұл сөздің белсенділігі көрінеді. Тілімізде базбір (кейбір), базбіреу сияқты біріккен сөздер құрамында жиі қолданылып жүр. Қаз.: бағзы; түрік: базы; азер.: бәзи; өзб.: бә’зи; ұйғ.: бәзи; [7, 56; 8, 74; 9, 63; 10, 251].