Әл-Ғазали философиясы туралы қазақша реферат
Жоспар
Кіріспе. 3
I тарау. Әл-Ғазалидің философиялық еңбектері жайлы.. 5
II тарау. Әл-Ғазалидің философиясындағы мәселелер. 8
Қорытынды.. 11
Пайдаланған әдебиеттер. 12
Кіріспе
Бай тарихы бар Ислам мәдениетінің адамзат үшін әкелгені шаш етектен. Соның бірі –мұсылман философтары. Олар бүкіл Шығыс пен Батысқа адами асыл мұраттардың жаршысы болған. Айталық, әл-Фараби, Ибн Сина сынды данышпандардың Ежелгі Грециядағы ұмыт қалған философиялық дүниелерді тарих қойнауынан аршып алып, оларға жаңаша өң беріп түсініктемелер жазғаны жаһан тарихына мағлұм. [1]
Мұсылман философиясының идеялық бастауы жалқы емес. Мұсылман философиясы, біріншіден, VI ғ. соңындағы араб мәдениеті, христиан және иудаистік идеялардың өзара алмасуының жемісі, екіншіден, ислам дінінің интеллектуалды деңгейі, үшіншіден, парсы, түрік тілдес ұлттық мәдениеттің қалыптасу және жетілу бағдары. Мұсылман философиясының объектісі –дүниетанымның мәңгі мәселелері туралы антикалық және діни дәстүрлерді саралау, әрбір тарихи кезеңдегі аймақтық, ұлттық рухани жетістіктерді бағалау.
Мұсылман философиясының қалыптасу кезеңдері мен бағыттары қилы-қилы, қайшылықққа толы. Ол өзінің объектісі бойынша бір-біріне сабақтасады. Мұсылман философиясының бір бастауы – Құранның рухани құндылығында, ислам дінінің христиан және иудаизммен пікір таласында, екіншісі – аристотелизмде. Дүниетанымның осы бағдарларында болмыс бастамасы, дүние мен адам қатынасы, шындыққа жету жолдары көзқарасты үнемі үйіріп отырады.[2]
Әл-Фараби мен Ибн Синаның жасап кеткен шындық іздеу жолын жалықпай сын елегінен өткізген, шынайы сыни көзқарасқа ие мұсылман философтардың да болғаны мәлім. Солардың ең басында Исламның «төл құжаты» деген атқа ие болып, атағы жаһанға жайылған ислам философы Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали келеді.
Әл-Ғазали сан-саланы меңгерген жан-жақты философ. Оны қай жағынан қарастырсақ та таусылмайтын теңіз сияқты. Біз, бұл жерде философтың тек қана кәләм ғылымына, философияға, логика және Батыс философиясына тигізген әсерін, сонымен қоса, өз заманында ортаға шыққан Батиния бүлігіне қарсы жасаған еңбектерін тілге тиек етеміз. [3]
I тарау. Әл-Ғазалидің философиялық еңбектері жайлы
Философияның көрнекті ойшылы Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали Европада туып-өсіп өмір сүрмеді демесе осы аймақтарда кең атақ болған адам. Ислам әлемі оған көзінің тірісінде «Шейх-ул-ислам» деген құрметті атақ берген. Сондықтан Ғазали туралы айтушылардың мына пікіріне таң қалуға болмайды: «Егер Мұхамедтен кейін пайғамбар болса, ол сөзсіз Ғазали болған болар еді.[4]
Ғазали хижри 450/милади 1059 жылдарында Хорасанның Туси уәләятында дүниеге келіп, 505/1111 жылдарда туған жерінде дүние салған.
Әл-Ғазали 473/1085 жылында Тус қаласының бір топ жастарымен Нишапур қаласына барып Низамия медресесіне оқуға қабылданады. Ол жерде атақты кәләмшы Имам Харамайн әл-Жүвайниден сабақ алады. Ұстазы дүние салғаннан кейін, 1092/485 Селжұқ Сұлтаны Мәлікшахтың данышпан уәзірі Низамул Мүліктің қасына барып, оның қадағалауындағы фықых (Ислам құқығы) кәләм (Ислам теологиясы) ғылымдарының ғылыми пікірталасына қатысады. Бұл жер ғылымға, өнерге құмар Низамул Мүліктің небір дүлділдерімен, ғылымның қаймағын қалқып ішкен ғұламалардың бас қосатын, ғылымның ордасы болатын.
Әл-Ғазали Низамия медресесінде ұстаз, қазіргі тілмен айтсақ мәртебелі ректор секілді абыройлы қызметтер атқарды. Ол көптеген ғылым саласын терең меңгерген жоғары ғылыми дәрежеге лайық, халықтың мақтанар біртуар тұлғасы. Ғұмыры қысқа болғанымен де Ибн Сина сияқты артында философия, астрономия, ислам шариғатына қатысты жүздеген еңбек қалдырған ірі тұлға.
Әл-Ғазалидің Ислам философиясының дамуына қосқан үлесі қандай болса, сопылық ғылымының да белгілі бір жүйеге келіп, қалыптасуына еңбегі сондай сіңген. [5]
Әл-Ғазалидің жалпы еңбектерінің саны жүзге тартады. Бұл еңбектері құқықтану, философия, логика, теология, суфизмнің теориясы және тәрбиенің өзекті мәселелеріле арналған. Суфизмнің көрнекті өкілдерін халыққа танытушы белгілі ғалым Ғ. Есім: «әл-Ғазалисіз суфизм түгілі, жалпы ислам философиясын түсіну мүмкін емес»,- дейді. Ғалым Ғазалиді ислам философиясын ғылыми дәрежеге көтерген аса мол білімді хәкім. Өйткені суфизм әл-Ғазали қолында «христиан мен ислам арасындағы діни партикуляризмді шешудің құралына айналған» дей отырып, оның суфизмнің көрнекті ойшылы екенін «Нұрды орын алу тәртібі»; «Жұмыс өлшемі»; «Інжілді бұрмалаушыларға нақтылы жауап» және төрт томдық «Діни ғылымдардың қайта өрлеуі» атты еңбектеріне сүйене отырып дәлелдейді.
Ғазалидің жазған шығармаларының ішінде халық арасына кең тарағандары «Жәуһар», «Орталық», «Қысқа», «Қорытынды», «Мұстафа», «Жас шыбық», «Философтарды» бекерге шығаруы», «Адасудан арылу», «Көзқарасты анықтау», «Ілім өлшемі», «Әдемі есімдер –Алла есімдері», «Шығыс», «Мақсат пен уақыт аралығында», «Құстар жайлы кітапша», «Хақ жолының бастамасы», «Ей, перзент», «Діни ілімдерді тірілуі», «Алла есімдерінің мағынасы», «Түсінулер» және т.б. [6]
Ғазали орта ғасырдағы Европаға белгілі болып қана қойған жоқ, ол жалпы батыстық схоластикаға әсер еткен ғұлама. Ол сонымен бірге әл-Фараби, ибн Синалармен айтысқа түсіп, екі кітап жазған: «Философтар ниеті» (Манасид әл-фаласафия) және «Философтардың өздерін терістеуі» (Тафафут әл-фаласафия).
Кезінде Ғазалиді христиан дініне іш тартты дегендер де болды. Оның себебі ол суфистік ілімнің барлық діндерге іштей жақындығы барын айтты. Осы пікірін «Інжілді бұрмалаушыларға нақтылы жауап» атты еңбегінде келтірген. Мұнда ол Інжілді түсіндіруші христиан ғалымдарын сынаған. Ғазалиді жете түсінбегендер, оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық бар, іштей өзгеше пейілде болуы мүмкін деген жорамалдар жасаушылар көп болған.
Ғазали кәміл адам (инсан-и-кәмил) туралы «Мизан әл-амал» / Жұмыс өлшемдері/ деген кітабында жан-жақты айтқан. Онда ол кәмілетті жан бір мезгілде бірнеше өлшемде /кеңістікте/ өмір сүруі ықтимал деген батыл ой айтқан. Тегінде кәмелетті адам идеясына соқпай өтпеген ғұлама болмаған. Себебі, мәселе адам және оның мүмкіндігі туралы сөз болғанда, адам –пенде, адам –Жаратушының құлы; адам –Құдай немесе Құдайдың ұлы сияқты ұғымдардың барлығын мойындау емес, осылардың діни қағидалар барын естен шығаруғы болмайды. Сондықтан кәмелетті адам қандай жан деген сұрақ бүгінге дейін күн тәтібінен түскен жоқ.[7]
II тарау. Әл-Ғазалидің философиясындағы мәселелер
Суфизмнің көптеген идеяларын мұсылман әлемінің әл-Ғазали (1058- 1111) сияқты ірі теолог қостады. Әл-Ғазалиге дейін өмір сүрген ойшылдар да, оның замандастары да мемлекеттік құрылым мәселесін айналып өте алмады. Әл-Ғазали өзінің бірқатар жұмыстарында мемлекетті басқару мәселесінде сұлтанға ұсыныстар береді, сұлтанның нақты билігін заңдастыру негізінде оны нығайту мәселесін көтеріп, халифты сынайды. Ғазали халиф пен сұлтан арақатынасы мәселесін жан-жақты сипаттап, имамат теориясын дайындайды. Ғазалидің пікірінше, мемлекет ислам мен мұсылманша өмір сүру тәртібін қорғауға тиіс. Ол «Философтарды терістеу» деген еңбегінде Фарабиді, Ибн Синаны сынап, оларға «әлемнің ешнәрседен жаратылысы» туралы өз идеясын қарсы қояды. Бұл идеяда ол бүкіл қоргаған әлемге өзінің ықпалын жүргізетін құдайдың шексіз еркі туралы ойды негіздейді.[8]
Әл-Ғазалидің жан-жақты тұлғасының маңызды, ықпалды жетістіктерінің бірі, этика мәселесінің және жалпы алғанда, Ислам қоғамының ахлаки көмескі жатқан тұстарын өте жақсы байқауы. Сондай-ақ «Дін ғылымдарының жандануы» атты еңбегінде солардың шешімін тауып, өте бай ахлаки тұжырымдар жасаған. Атынан мәлім болғандай, бұл еңбек ахлақпен бірге өз ішінде қамтып, бұл ұғымдарға жаңаша көзқарастар, тың жорамалдар жасаған. Әл-Ғазалидің еңбектерінің арасынан шариғат методологиясы саналатын «Ғылымның таңдамалы әдістері» атты еңбегі ахлақтың теориясына қатысты маңызды мағлұматтарды қамтиды.
Әл-Ғазали адамның мәні түсініктілеу болуы үшін рух ұғымының мағынасын, бұның жүрек, нәпсі, ақыл ұғымдарымен қатынасын терең зерттеген «Ихия» еңбегінің «Жүректің ғажайыптары» деген бөлімінде бұл төрт ұғымның психологиялық, этикалық тұрғыдан бірдей мағынаға келетінін ортаға қойған. Сондай-ақ Ғазалидің мезгіл-мезгіл рухтың орнына басқа ұғымдарды да қолданғаны байқалады. Ол адамның болмыс бітімін зерттегенде көбірек көңіл бөлген мәселесі рухани жақтар болып табылады.
Әл-Ғазали рухпен бірге денені де адамның болмыс бітімінің бір бөлшегі, табиғи шындық деп есептеуі өмірде адамның денесіне баға берілу керектігі түріндегі көзқарасын назарға алып осы тұрғыдан оның дуалист болғанын айтуға болады.[9]
Ғазалидің «Діни ғылымдарының қайта өрлеуінің» маңызы өте зор. Осы еңбегін жазудағы мақсатын автор былай түйеді: «Дін туралы білім өте керек, оны нағыз білушілер оны білгендер. Бала үлкендер әрекеті туралы біле бермейді. Ересек адам болғанымен, ол ғалымның білгенін білмейді. Сол сияқты ғалым да суфийлерге аян арқылы берілетін білімнен бейхабар». Яғни дін туралы білімді тек ақылмен қорытып щығару мүмкін емес. Оның табиғаты – мистикалық мәнде. Дін туралы мұндай ғылымның аты – ғалам. Бұл еңбек туралы ойды қоғамдау жеңіл емес. Ғазали өмірде кездесетін әр түрлі мәндегі күнәлар адам затының төрт сипатына қатысты дейді: бірінші –хайуан инстинкті, екінші – тағылық инстинкті, үшінші – Құдайға қарсылық, надандық, төртінші өзінің жоғары күшке ие екендігі туралы жалған сана. Ғұлама осылардың қасиеттерін толық таратады. [10]
Ғазали еңбектерінің ішінде Т.Айнабекұлы өзбек тілінен аударған «Бақытқа жету әліппесі» атты ғибратнамалық еңбегі тәлімдік-тәрбиелік мәнінің зор болуымен құнды. Осы еңбегінің «Сөз апаты және тілдің зияны» атты 1-тарауында өмірдегі құбылыстардың іске асу-аспауына басты себепкер –тіл, оның ұзындығының пайдасынан, зиянының зор екендігі туралы Мұхаммед пайғамбардың да осы кесапаттан сақтандырған хадистерінен мысал келтіріп дәлелдейді. Оның бұл пікірлері қазақ ойшылы Ж.Баласағұнның пікірлерімен үндесіп келеді.
Келесі тарауында өсекшілдік сияқты кесапат туралы Алланың айтқандарын мысал етеді. Ол: «Өсекшілер –жетімнен де қор» деп мұндай қасиеттен жирендіреді және оның адамға тигізетін үш зиянын. 1) көңілсіздендіру; 2) уайымға батыру; 3) өзінің жылпостығын көрсету дейді. Өсекшілік – үлкен апат, оның себебінен нақақтан қан да төгіледі деп, оған өсекші құл туралы тәрбиелік мәнді мысал етеді. Үшінші тарауының құндылығы сол, ол тәрбиедегі ең маңызды мәселенің бірі – перзент тәрбиесіне арналады. Ғұлама жақсы перзентті – жаны таза, жаңалықты қабылдауға құштар және әр нәрсені үйренуге бейім келеді деп сипаттайды. Сонымен қатар отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне де жете мән береді. Балалардың кемшіліктерін түзеуге көмектесуге әкесі өзінің сабырлылық, шыдамдылық сияқты жағымды қасиеттерін көрсетіп үлгі-өнеге болуы тиіс деп тәрбиеде ата-ананың жеке бас үлгісінің де зор екенін дәлелдейді.[11]
Әл-Ғазали діни догматиканың ықпалынан босану үшін шындықты іздеді, сондай-ақ өз заманының төрт бірдей идеялық ағымдарын – мұсылман теологиясы – каламды, исмаилиттер ілімін, философтар мен суфистердің көзқарастарын сын тұрғыдан талдады.
Әл-Ғазали білім әдеп ғылымынан және жаңаны ашу ғылымының құралатынына күмәнданбайды. Білімнің қайнар көзі – діни ұйғарымда, діни наным-сенімде, Құранның өзі. Адамға сенім табандылығымен келетін білім жетіспейді. Метафизикалық проблемаларды парасатпен икемдеуге болмайды. Метафизикалық мәселелер күмәндылықты тудырады. Күмәндану, Әл-Ғазалидің пікірінше, шындықты іздестірудің қозғаушы күші.[12]
Қорытынды
Ғазали мұрасын біршама зерттеген орыс ғалымы В.Наумкиннің пікіріне сүйенсек, Ғазали мұсылман дүниетанымының үш басты бағытында: традиционализм, рационализм және мистицизмде еңбек еткен. Сондықтан да оның еңбектерінде әр түрлі ойлар жиі тоғысып отырады.
Ғазали өз дәуіріндегі көзқарастарды таным мәселесіне шоғырландыруға тырысты, мұсылман теологиясының суфизммен жарастырды, суфизмді «құдайтану ғылымдарының» санатына көтерді.
Қорыта келе айтарым, енді ғана Ислам ғылымдарының кәусарынан сусындап келе жатқан елімізде, Ислам философиясын, Ислам этикасын, Ислам мәдениетін және т.б. ислами ғылымдарды бұрмаланбаған таза бұлақтардан үйрену, үйрету қолға алынып келеді. Наным-сенімнен жұрдай дінсіздік сананың ұлтымызға пайдасының болмағандығына көзіміз жетіп отыр. Ол үшін, бұл күнгідей рухани шыт-шытырман заманда адаспай тура жол тауып беретін құндылықтар керек. Сондықтан да халқымыздың мақтанышы, рухани мұрамыз Фарабиді де, Ибн Синаны да, сөз етіп отырған Ислам философы әл-Ғазалиді де бір жақты көзқараспен емес, жан-жақты шынайы көзқараспен қайта үйреніп, жаңа нәсілге қайта үйрету керек.
Пайдаланған әдебиеттер
- Молдабеков Ж. Қасабек А. Шығыс философиясы .Алматы: Қазақ университеті, 2001.- 302 б.
- Ортағасырлық діни философия. 5 том. Алматы: Жазушы, 2005.- 560 б.
- Есім Ғ. Фалсафа тарихы. Алматы: «Раритет», 2004.- 304 б.
- Философия. Алматы: Қаржы-Қаражат, 2002.- 352 б. bigox.kz
- Дайыр Д. Әл-Ғазалидің Шығыс пен Батыс философиясына қосқан үлесі // Ақиқат, 2005.- №6 , 54-58 б.
- Айдаров Ш. Әл-Ғазали еңбектерінің этика философиясы // Ақиқат, 2006.- №5, 60-63 б.
- Иманбекова Б. Имам Ғазали тәрбие туралы // Білім берудегі менеджмент, 2004.- №2, 186-191 б.
- Есім Ғ. Әл-Ғазали // Абай, 2002.- №4, 11-17 б.
[1] Дайыр Д. Әл-Ғазалидің Шығыс пен Батыс философиясына қосқан үлесі // Ақиқат 2005. №6, 54 б.
[2] Молдабеков ж. Қасабек А. Шығыс философиясы- Алматы, 2001. — 183 б.
[3] Дайыр Д. Әл-Ғазалидің Шығыс пен Батыс философиясына қосқан үлесі // Ақиқат 2005.- №6, 55 б.
[4] Есім Ғ. Фалсафа тарихы, Алматы, 2004, 91 б. bigox.kz
[5] Дайыр Д. Әл-Ғазалидің Шығыс пен Батыс философиясына қосқан үлесі // Ақиқат, 205.-№6, 54-55 б.
[6] Иманбекова Б. Имам Ғазали тәрбие туралы // Білім берудегі менеджмент. 2004.- №2, 186 б.
[7] Есім Ғ. Әл-Ғазали // Абай, 2002.- №4, 11-12б.
[8] Философия.- Алматы: Қаржы –Қаражат, 2002.- 42 б.
[9] Айдаров Ш. Әл-Ғазали еңбектеріндегі этика философиясы // Ақиқат, 2006.- №5, 60-61 б.
[10] Ортағасырлық діни философия. 5-том. Алматы: Жазушы.- 2005, 292 б.
[11] Иманбекова Б. Имам Ғазали тәрбие туралы // Білім берудегі менеджмент, 2004.- №2, 186-187 б.
[12] Молдабеков Ж. Қасабек А. Шығыс мәселесі –Алматы, 2001.-191-192 б.
«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – «сыйлық», «үкім», «есеп», «жаза», «мойынсұну», «бағыну», «құлшылық», «шариғат», «заң», «жол», тіпті кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал «діннің» терминологиялық мағынасын, Аллаһ Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттарды, ақыретте Аллаһтың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсіндіруге болады