Ағызынды суларды тазарту сызбасы туралы қазақша реферат
Механикалық әдісі – суды тұндыру және сүзу арқылы ондағы механикалық қоспалардан тазарту. Көлемі әр түрлі бөлшектер мөлшеріне қарай әр түрлі конструкциялық торлармен, су бетілік қоспалар – май, смола, мұнай ұстағыштар арқылы сүзіледі.
Химиялық әдісте суды тазалау үшін химиялық реагенттер, мысалы, хлор, хлорлы ізбес сияқты қосылыстар қолданылады.
Хлор суды қауіпті бактериялогиялық ластардан тамаша, пәрменді қауіпсіздендіреді. Бірақ …соңғы кезде белгілі болғандай, хлорланған ауыз суы ғалымдар дәлелдегендей бауыр, қуық, асқазан ісіктерін, аллергиялық аурулар туындатады. Хлор тағы да біздің ағзамыздағы ақуыздарды бұзып, тері мен шашқа жағымсыз әсер етеді. Жазға кезеңде, микроағзалар жылдам, қарқынды көбейетін шақта су көбірек хлорланады, осы кезде адам денсаулығына қауіп күшейеді.
Суды жекелей тұтынуда хлордан құтылудың ең тиімді әдісі – су тазартқыш (сүзгіш) пайдалану. Егер сүзгі жоқ болса, онда суды бірнеше сағат тұндырып қою керек, сонда хлор ұшып кетеді.
Ағызынды суды тазартудың химиялық әдістерінің ең көп қолданылатын түрі – нейтралдау. Өнеркәсіп орындарының әртүрлі қышқылдарды бөлетін лас суларын нейтралдау үшін магнезит, доломит, ізбестастар қолданылады.
Суды тазалаудың биологиялық әдісі – микроскопиялық өсімдіктер мен жануарлар өсіріп, үстінен ағызынды сумен толтырады да төменгі жағынан қатты ауа ағынымен үрлейді, Оттектің (ауамен үрлегенде) және органикалық заттардың көп мөлшерінде бактериялар мен микрофауна қарқынды өсіп, көбейіп, органикалық ластаушыларды жай минералдық заттарға дейін ыдырататын ферменттер бөле бастайды. Органикалық заттардың минералдану процесі жүреді.
Органикалық заттардың мол қорымен қоректенген бактериялар активті көбейе бастап, массалары ұлғая түседі. Бактериялардың кесектелген массалары біртіндеп судың түбіне шөгіп, ал су тазара береді. Биологиялық тазалауға қатысатын организмдерге әр түрлі бактериялардан басқа балдырлар, саңырауқұлақтар, ең төмен сатыдағы жәндіктер, құрттар және басқалар жатады. Солардың бірқатарына тоқталамыз.
Жамбасқұрт – жамбастап жылжып қозғалатын жәндік. Бұл оның уақытша қозғалысы емес табиғи бейімділігі. Жамбасқұрттар балықтардың сүйікті жемі болумен қатар, өте пайдалы жәндіктер. Олар түрлі организмдердің қалдықтарымен қоректеніп, су түбі тазалығын сақтауда үлкен роль атқарады.
Қоңыздар. Көп жылғы бақылаулар бойынша қоңыздардың негізгі қорегінің 60%-ы маса личинкалары екен. Арнайы жүргізілген тәжірибелерде бір ғана қоңыздың тәулігіне 65-70 маса личинкасын жоятыны осыны дәлелдейді.
Су шаяны. Су шаяны ақпайтын тоқтау суларда, өсімдіктері көп, әрі ластанған өсімдік шірінділері көп көлшіктерде тіршілік етеді. Олардың негізгі қорегі – маса, сона мен басқа да су жәндіктері. Лаборатория жағдайында су шаяндары тәулігіне масаның 85 личинкасын жоятыны анықталған.
Инеліктер. Судағы жәндіктердің ішінде инеліктердің орны ерекше. Барлығы дерліктей жыртқыштар. Тіршілік ету ерекшелігіне байланысты инеліктерді су насекомдарының “қос мекенділері” деп атауға болады. өйткені инеліктердің личинкалары суда дамиды да, ал ересектерінің даму кезеңдері су жағасында өтеді. Ересек инеліктер қорегін тек қана ұшып қуып барып ұстайды. Олардың өткір тырнағына көбіне масалар, шыбындар, соналар т.б. зиянды насекомдар ілінеді.
Су жүйелерін тазалайтын балықтар да бар екен. Арықтар бойын арамшөптерден тазарту үшін маман ғалымдар көп ізденіс жасап, канал бойларына ақ амур, дөң маңдай сияқты балықтарды қолдан жерсіндірді. Ақ амур ересектерінің дене тұрқы 120 см, салмағы 32 кг-ға дейін жететін ірі балық. Денесі ірі бұл балықтың ерекшелігі – ол сондай мешкей. Олар каналда өскен шөптерді жеп, өсімдіктердің қаулап өсуіне жол бермеген.
Арық пен канал бойындағы өсімдіктерден құтылу үшін қолданылып жүрген механикалық әдістерді шөппен қоректенетін балықтармен алмастыру экономикалық жағынан өте тиімді. Сондай-ақ бұл балықтар басқа да маңызды қызмет атқарады. Жағасында қамыс өскен су төңірегінде орналасқан ауыл-село тұрғындары жазда масадан көп зардап шегетіні белгілі. Ондай кезде ақ амурлар суда өскен қамыс құрақты азық етіп, масалардың ұрық салатын орнын құртады. Сондықтан да су жүйелерін тазалайтын бұл балықтарды келешекте канал, арық суларында өсіруді қолға алған жөн.