МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ДАМУ БАҒЫТЫ
1.1 Елдегі тарихи жағдайлар мен саяси-әлеуметтік ахуал
1.2 Алаш әдебиетінің негізгі идеясы
2 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АҒАРТУШЫЛЫҚ-ДЕМОКРАТТЫҚ БАҒЫТТАҒЫ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР
2.1 Ұлттық әдебиеттің өзіндік ерекшелігі
2.2 Жаңа реалистік әдебиеттің, ағартушылық-халықтық бағыттағы әдебиеттң ерекшеліктері мен жаңашылдық сипаты
ҚОРЫТЫНДЫ
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. XX ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары болды. Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Ғұмар Қарашев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев… бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрес дәуірі болды. Дәуір болмысының шындығы, саяси ахуалы көркем әдебиетке зор ықпал-әсер етті. Осыған орай қазақ әдебиетінде азатшылдық, ағартушы-демократтық және туған топырақтан нәр алған ұлттық қасиет бағыттары өріс алды. Осындай прогресшіл бағыттардың алдыңғы сапында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев және т.б. болды.
Қазақ халқының бодандықтан бостандыққа ұмтылған арман-тілектері азатшылдық идеясын насихаттаған «Оян, қазақ!» (М.Дулатов), «Тілек батам», «Жұбату» (А.Байтұрсынов), «Бостандық» (М.Жұмабаев), «Алаш ұраны» (С.Торайғыров), т.б. авторлардың шығармаларынан көрініс тапты.
Сонымен бірге, қазақ жұртшылығының кежегесінен кейін тартқан жалқаулықты, алаауыздықты сынап, оларды ерінбей еңбек етуге, оқу-білімге, әртүрлі өнердің түрлерін үйренуге шақырған ағартушылық бағыттағы өлеңдер туды. Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімін бір сілкіндіріп, рухани өмірімізге өлшеусіз серпін бергені тарихи ақиқат. Сондықтан, да біртуар ұлдарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау – бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселе.
Зертеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ әдебиетінің тарихындағы маңызды да күрделі кезең болып табылатын ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ағартушылық-демократтық бағыттағы ақын-жазушылардың ұстанған бағытын, әдебиеттегі орнын анықтау. Осы мақсатты орындау үшін жұмыстың алдына мынадай міндеттер қойылды:
— елдегі тарихи жағдайлар мен саяси-әлеуметтік ахуалды қарастыру;
— Алаш әдебиетінің негізгі идеясын анықтау;
— сол кездегі тұтас әдеби процесс, ондағы түрлі ағымдар мен бағыттарды айқындау;
— ұлттық әдебиеттің көтерер жүгін саралау;
— жаңа реалистік әдебиеттің, ағартушылық-халықтық бағыттағы әдебиеттің ерекшеліктері мен жаңашылдық сипатын көрсету.
Зерттеудің нысаны. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ағартушылық-демократтық бағыттағы ақын-жазушылардың шығармашылығы зерттеудің нысаны ретінде алынды.
Зерттеудің дереккөздері. Курс жұмысын жазу кезінде Қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ ұлттық энциклопедиясындағы деректер, жетекші ғалымдар С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, М.Мырзахметұлы, Р.Нұрғали, Д.Ысқақұлы, Ө.Әбдиманұлы т.б. еңбектері пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Курс жұмысында қаралған мәселелерді қазақ әдебиетінің тарихы пәнінде деректік негіз ретінде қолдануға, сондай-ақ курс жұмысын, реферат жазу кезінде пайдалануға болады.
Жұмыстың құрылымы. Курс жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі соңынан беріледі.