Адамзатқа қарсы және Халықаралық қорғау аясындағы адамдар мен ұйымдарға қарсы қылмыс туралы қазақша реферат
Қазақстан Республикасы Президентінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасау (318-бап).
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Республиканың Президенті — халық пен мемлекеттің билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының нысаны әрі кепілі (40-баптың 1, 2-тармақтары).
Қазакстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды (46-бап, 1-тармақ). Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады (46-баптың 2-тармағы). Қазақстан Республикасының Конституциясының жоғарыда көрсетілген нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде Республика Президентінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасаушылық үшін жауаптылықты көздейтін арнаулы бап көрсетілген.
Қылмыстың тікелей объектісі Қазақстан Республикасы Президентінің басқару қызметіне байланысты ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі қатынастар.
Қылмыстың жәбірленушісі — Республика Президенті, оның жақын туыстары.
Қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасы Президентін жария түрде қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу арқылы сипатталады.
Республика Президентін жария түрде қорлау деп басқа біреудін немесе көпшіліктің көзінше ел Президентін әдепсіз сөздермен, шектен шыққан арсыздығымен көзге түсетін дене қимылдарын жасау арқылы қоғамдық мінез-құлықтарға қайшы келетін басқа да әрекеттер жасау арқылы, ауызша немесе жазбаша түрде тіл тигізулер болып табылады.
Президенттің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу деп ол туралы шындыққа сай келмейтін жалған сөздер тарату, плакаттар салу, адамгершілігін, қадір-қасиетін көрінеу аяққа басатын, оны жұртшылық алдында масқаралайтын, беделін түсіретін жалған лақаптар айту, тарату сияқты әрекеттерді айтамыз.
Қылмыс құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады және ол Президентті жария түрде қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғатын әрекет жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және әртүрлі ниетпен жасалады. Қылмыстық ниет іс-әрекетті саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындағанда еске алынады.
Қылмыстың субъектісі 16-ға толған адам. Осы қылмыстың ауырлататын түрі — бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекет үшін жауаптылық ҚК-тің 318-бабының 2-тармағында көрсетілген.
Бұкаралық ақпарат құралдарына — газет, журнал, радио, телехабар және басқа да көпшілікке арналған осындай құралдар жатады.
Қылмыстық кодекстің 318-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасы Президентінің өз міндеттерін атқаруына кедергі жасау мақсатында оған немесе оның жақын туыстарына қандай да болсын нысанда ықпал еткені үшін жауаптылық көзделген. Бұл жерде қылмыстың істелу мақсаты Республика Президентінің өз міндеттерін атқаруына кедергі жасау. Жақын туыстарға (Президенттің аға-іні, қарындас, нағашы, күйеу баласы, құда, жұбайының осындай жақын туыстары) жатады. Президенттің өзіне немесе жақын туыстарына ықпал ету—туыстық, таныстықты пайдалану арқылы, жалған хабар жеткізу немесе сенімге қиянат жасау нысандарында жүзеге асырылуы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 318-бабының ескертуіне сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жүргізіп отырған саясаты туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауапқа тартуға әкеп соқпайды.
Депутаттың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасау (319-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі — Қазақстан Республикасы Парламентінің мемлекеттік заң шығару қызметіне байланысты ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі «Республика Парламентінің депутаты.
Қылмыстың объективтік жағы, субъектісі және субъективтік жағы, ауырлататын және аса ауырлататын түрлері бойынша ҚК-тің 318-бабындағы көрсетілген құрамдағы белгілермен ұқсас. Айырмашылық қылмыстың жәбірленушісінде ғана.
318-бапта қылмыстан жәбірленуші Республика Президенті, ал 319-бапта Республика Парламентінің депутаттары. Депутаттың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу, қорлау оның депутаттың міндеттерін атқару кезінде немесе оны атқаруға байланысты жүзеге асырылады. Мұндай болмаған ретте іс-әрекет жеке адамға қарсы қылмыс ретінде саралануы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 319-бабынын ескертуіне сәйкес Парламент депутатының депутаттық қызметі туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп сокпайды.
Өкімет өкілін қорлау (320-бап)
Қызмет бабындағы міндеттерін атқарып жүрген кезінде немесе оны атқаруына байланысты жария қорлау туралы қылмыстық жауаптылық 320-бапта көрсетілген.
Қылмыстың тікелей объектісі қызметтік міндеттерін атқарып жүрген немесе атқаруына байланысты өкімет өкілінің заңды қызметі болып табылады.
Қосымша тікелей объект — олардың беделі мен абыройы.
Қылмыс объективтік жағынан қылмыс бабындағы міндеттерін атқарып жүрген немесе оны атқаруына байланысты өкімет өкілін қорлау әрекеті арқылы жүзеге асырылады.
Өкімет өкілінің беделін, абыройын, адамгершілігін көпшілік алдында аяққа басатын, оларды масқаралайтын әрекеттерді қорлау дейміз. Оларға өкімет өкілі туралы ауызша немесе жазбаша, көзінше немесе сыртынан, болмаса баспасөз құралдарын пайдаланып, оларды масқаралайтын, даттайтын, абыройын аяққа басатын әрекеттер жатады. Қорлауға, сондай-ақ өкімет өкілінің беделін түсіру мақсатымен жұрт көзінше оны тілдеу, бетіне түкіру, басқа да жөнсіз қимылдар арқылы оның беделін түсіру жатады. Осы бапта айтылған өкімет өкілін қорлау олардың қызметтік міндетін атқару кезінде не атқаруына байланысты болуы керек. Яғни бұл жерде осы қылмыстың жасалу себебі өкімет өкілінің өз қызметін жүзеге асыруына, атқаруына тікелей байланысты. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі өкімет өкілін қорлау жария түрде — көпшілік алдында болуы қажет. Көпшілік алдындағы қорлау деп өкімет өкілін қорлауды бөтен адамның көріп, естіп тұруы немесе бір топ адамның осы әрекетке куә болуы. Бұл жерде басқа бір адамның көзінше қорлау көпшілік алдындағы қорлау деп саналады. Жазбаша қорлау деп баспасөз құралы арқылы көпшілікке мәлім болған жағдайларды айтамыз.
Қылмыс субъективтік жағынан тек кана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлі адам өкімет өкілін оның қызмет бабындағы міндеттерін орындауына байланысты көпшілік алдында жария түрде қорлағанын сезеді және соған саналы түрде жол береді және аталған адамдардың абыройын, беделін түсіруді тілейді.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған, есі дұрыс, кез келген азамат болады.
Қылмыстық кодекстің 320-бабының ескертуіне сәйкес: 1. Осы Кодекстің осы бабында және басқа да баптарында өкіметгің өкілдері деп, оған қызмет жағынан тәуелсіз адамдарға қарсы қатысты заңмен белгіленген тәртіпте өкім ету өкілетгігі берілген мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы танылады.
2. Өкімет өкілінің қызметтік жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.