9-СЫНЫПТА СТИЛИСТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

9-сыныпта қазақ тілін оқыту бағдарламасының мазмұны бүгінгі таңда бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше. Мұның басты себебі қазақ тілінің қазіргі қоғамдық мәнімен байланысты. Қай қоғамда да тіл проблемасы болатыны белгілі шындық десек, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуіне орай, шешімін табуға тиісті күрделі мәселелер әлі де баршылық. Бұл жағынан білім беру саласында да атқарылуға тиісті ауқымды істер жетерлік.

Жаңа буын оқулығының бағдарламасы да осы мақсатты көздейді, сондықтан да оқулық «Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» тақырыбынан басталады да, ұлттық тіл, оның пайда болуы, тарихи кезеңдері сияқты танымдық тақырыптағы мәліметтермен жалғасады.

Дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үшін, ең алдымен, қазақ тілінің заңдылықтарын үйреніп, айтылмақ ойды жазбаша түрде дәл әрі айқын етіп жеткізіп беру керек. Көркем әдебиет туындыларын мәнерлеп оқуды, іс қағаздарын мемлекеттік тілде толтыруды, ғылыми-зерттеу тілін, күнделікті ақпарат құралдарының зор мүмкіншіліктерін меңгеру қажет. Осыған орай оқулықта стилистика және тіл мәдениеті мәселелері қамтылған. Жалпы, дұрыс оқып, дұрыс жаза білудің, сауаттылықтың басты көрсеткіші — тыныс белгілерін жетік меңгеру. Сол себепті жаңа бағдарламада пунктуация арнайы жеке мәселе етіп алынып отыр.