12 жылдыққа көшу жағдайында эксперимент барысында бастауыш сыныпта информатика пәнін оқытудың үлгілері

Соңғы кезде информатика пәнінің қай сыныптан бастап оқытылуы қажеттілігі туралы түрлі пікірлер туындауда. Осының  негізінде оқытуды төменгі сыныпқа көшіру тиімділігі практика жүзінде дәлелденген. Себебі кез келген мектеп жасына дейінгі баланың танып — білуге, оқуға қатысты қызығушылығының өте жоғары болатыны белгілі. Ал психологтардың айтуы бойынша, баланың негізгі логикалық ойлауы 5-11 жаста қалыптасады екен. Сондықтан балаларды ақпараттық қоғамда өмір сүруге дайындау үшін бастауыш сыныптан-ақ оларды логикалық ойлауға, талдау жасай білуге, ақпараттық технологиялардың негізіне, ақпараттық сауаттылық пен мәдениеттілікке тәрбиелеу қажет.

12 жылдық білім беруге көшу жағдайында информатика пәнін бастауыш сыныптан енгізген білім стандарты бар. Онда былай делінген:

Бастауыш мектепте информатиканы оқыту келесі мақсаттарға жетуге бағытталған:

— ақпараттық мәдениеттілігін, сауаттылығын, алгоритмдік ойлауын қалыптастыру;

— интеллектуалды тұлғалық және эмоциялық — жігерлік сапаларын, қабылдау түрлерін және есте сақтауын дамыту;

—  оқушыны азаматтыққа және дүниетанығыштыққа тәрбиелеу.

Сондай-ақ негізгі білім бағдарламасы мазмұнының міндетті минимумы «Логика және алгоритм бағыты» және де «Компьютер және ақпараттық технологиялар бағыты» деген мазмұндық бағытта берілген. Осы минимумға орай қазіргі кездегі информатика пәнін оқытудың әдістерінің күн сайын жаңарып отыруына қарамастан бастауыш сыныптарда информатика курсын оқытудың мақсатын төмендегідей түрде сараптауға болады:

—              Компьютерлік сауат ашудың бастау негізі;

—              Ойды логикалық түрде дамыту;

—              Алгоритмдік білімді жетілдіру мен мақсатты шешудегі жүйелілік;

—              Компьютерді үйренудің оңай жолдарын іздеу.

Жоғары сыныпта информатиканы оқыту жеке бағдарламамен жүзеге асуда. Ал бастауышта бұл жеке пән ретінде ғана емес, басқа негізгі пәндерді қолдаушы пән ретінде жүргені тиімді. Өйткені, компьютерді үйрену кезіндегі мәтін теру, қате түзету, сурет салу, есептің немесе әрекеттің алгоритмін құру сияқты практикалық жұмыстар мен тапсырмалар қазақ тілі, орыс тілі бейнелеу және математика пәндерімен сабақтастырылады.

Теориялық зерттеулер мен практикалық эксперимент нәтижелері бүгінгі таңда мектептегі информатика пәнін бірнеше кезеңге бөліп оқыту жөн екенін дәлелдеп отыр.

12 жылдық орта білім мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш буында жүзеге асатыны белгілі. Себебі, бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің іргетасы қаланып қана қоймайды, сонымен қатар білім алуға талпынушылық, яғни балалардың оқу әрекеті, танымдық белсенділік, жеке бастың адами қасиеттерінің негізі осы кезеңде қаланады. Сонымен қатар, осы кезеңде баланың белсенділігі, оның рухани және дене күші де дами бастайды. Осы жасқа лайықты мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралау, бала жанына жақын қарым-қатынас арқылы оларды дамыту мәселесін ғылыми жолға қою оңай мәселе емес.

Осыны ескере отырып, 12 жылдық мектептің бастауыш буын бағдарламасында әр пән бойынша дайындық кезеңі жеке қарастырылып, оған арнаулы сағат бөлініп, ерекше көрсетілді. Мұндағы мақсат – психологиялық тұрғыдан мектепке жаңа келген алты жасар баланың ойын әрекетін жалғастыра отырып, біртіндеп оқу әрекетіне көшуін қамтамасыз ететін әдістерді қарастыру. Алты жасар бала үшін жаңа рөл — оқушы, жаңа әрекет — оқу болса, осы мәселелерге олардың шаршамай, жалықпай, қызығушылықпен араласып кетуіне, маңайы мен қарым-қатынасының күшеюіне жағдай жасау мұғалімнің шеберлігін және осы жастағы оқушының психологиялық ерекшелігін жете білуін керек етеді.

Қазір еліміздегі жалпы білім беретін 155 мектептің бастауыш сыныптары сынақ-тәжірибеден өтуде. Білім мазмұнын жаңартудағы бұл үрдіс барша педагог қауымға, сондай-ақ ата-анаға да үлкен жауапкершілік жүктейді.

12 жылдық мектепке көшу жағдайында оның құрылымы туралы, мектепте білім берудің кезеңдері туралы мәселе туындайды. Қазақсатнның жағдайында жалпы орта білім берудің ең қолайлы және оңтайлы құрылымы 4+6+2 болып табылады.

Мынадай жастық даму кезеңдері ғылыми негізделген:

— балалық кезең-6-10 жас;

— жасөспірімдік кезең-11-16 жас;

— бозбалалық кезең-17-18 жас.

Ұсынылып отырған жалпы орта білім берудің 4+6+2 құрылымы көрсетілген жастық даму кезеңдеріне толығымен сәйкес келеді. [8]

Білім берудің мазмұны мен құрылымы тұжырымдамасының негізінде 12 жылдық мектепте базистік оқу жоспары, жекелеген білім салаларының тұжырымдамалары, оқу бағдарламалары және пән оқулықтары жасалады. Білім берудің мазмұнын қалыптастырудың негізгі үш деңгейін бөліп алуға болады, олар: жалпы теориялық, түсінік деңгейі, оқу материалының деңгейі. Жалпы орта білім беру жүйесінде оқу жоспарларының бірнеше түрі: базистік,типтік және мектептің оқу жоспары орындалады. Базистік оқу жоспары — бұл негізгі мемлекеттік нормативтік құжат, білім берудің осы саласындағы мемлекеттік стандарттың құрамдас бөлігі болып табылады. Ол типтік және жұмыстық оқу жоспарларының негізгі және мектепті қаржыландырудың басты құжаты ретінде қызмет етеді. Типтік оқу жоспарлары ұсынымдық сипатқа ие.  Мектептің оқу жоспарының екі түрі болады:

  1. Мектептің өз оқу жоспары, ол мемлекеттік базистік оқу жоспарының негізінде ұзақ мерзімге жасалады да, нақты бір мектептің ерекшеліктерін көрсетеді.
  2. Жұмыстық оқу жоспары, ағымдағы жайларды ескере отырып жасалынады да, жыл сайын мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен бекітіледі.

1-сыныпқа арналған сабақ өту үлгілері

1-сабақ

Сабақтың тақырыбы:   «Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәнімен танысу.

Сабақтың мақсаты:

  1. оқушыларды «Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәнімен таныстыру.
  2.  оқушыларға «ақпарат» және «ақпараттық мәдениет» ұғымдарының мағынасын  түсiндiру.
  3. оқушыларды жұмыс дәптерiмен және онымен жұмыс істеуге  қойылатын талаптармен таныстыру.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

Жаңа сабақпен таныстыруды жұмыс дәптерiн пайдалана отырып,    әңгiме түрiнде өткiзуге болады. Әңгiмелесу барысында  сабақтың ақпараттық технология болып табылатыны жөнiнде мағлұмат берiледi. Әрi қарай әңгiме желiсi балалардың компьютердi қай жерде көргенiн, онда кiмдердiң жұмыс жасайтынын және оның адам еңбегiн жеңiлдететiн жақтарын айқындайтын  ақпараттарды тыңдаумен жалғасады. Ақпараттық технологияның адам көмекшiсi екенiне оқушылардың назарын аудару керек. Ал егер онымен дұрыс жұмыс жасамай қойсаң, онда оның пайдасынан зияны көбейетiнiн  ескерткен орынды. Оқушылардың “ақпарат” ұғымымен бала кездерiнен таныс екендiгiн естерiне сала отырып, ақпараттың өмiрдегi түрлi жағдайлардан хабардар ететiндiгi жөнiнде әңгiме жүргiзiледi. Оқушылар жұмыс дәптерiмен, онымен жұмыс iстеу ережелерiмен және Аруна мен Әлім атты жаңа достарымен танысатын болады. Жұмыс дәптерiндегi боялмаған суреттердi бояуға арналған тапсырманы орындауға нұсқау берiп, үлгермегенiн үйден орындап келуге тапсыруға болады.

Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:

Құрметтi балалар! Сендер «Информатика» әлемiне саяхатқа аттанатын боласыңдар. Бұл саяхат мектептегі оқудың барлық кезеңдерiнде жүрiп жатады. Сол сияқты мектептi бiтiргеннен кейiн де жалғасатын болады. Бұл тамаша әлем өте кең, сондықтан онда адасып кетуiң де мүмкiн. Сондықтан, мұндай қауiптен құтылу үшiн осы әлемдегi жасайтын саяхатқа қажеттi тәртiп ережелерiн үйренiп алуың қажет. Бұл тәртiп ережелерiн “Ақпараттық мәдениет негiздерi” сабағын өту кезiнде үйренiп аласың. Саяхат-сабақ барысында түрлi достар тауып, бiр-бiрiңе көмектесетiн сәттерге тап боласыңдар.

Ендi бiздi қоршаған тамаша әлемге қарап, жан-жағымызға зер салайық. Айналамыздағы түрлi заттарға назар аударайық:  гүлдер жайқалады, құстар сайрайды, күн шығып тұр, жаңбыр жауып тұр, ыстық жаз өтiп, күз келедi де, ол қарлы қысқа ұласады. Бiз ақпаратты гүлдiң иiсiн сезу, сiркiреп жауған жаңбыр тамшысының тырсылын есту,  күннiң шыққанын көру сияқты әрекеттер арқылы аламыз. Оны кiтап оқу, теледидар көру  арқылы алу мүмкiндiгiмiз бар.  Ал теледидардан көрген ертегiңдi досыңа айтып беретiн болсаң, онда сен досыңа ақпарат бересiң. Ертегiнi бейнемагнитофонға  жазу арқылы бұл ақпаратты сақтай аласың.  Ақпараттық қоғам жағдайында сендер оны Интернет арқылы  алуларыңа және электрондық пошта арқылы алыстағы туыстарыңа хат жазуларыңа болады. Сондықтан осы айтылғандардың барлығын бiз бiртiндеп үйренуiмiз керек. Ақпараттық қоғам жағдайында кез келген адам ақпарат көздерiмен жұмыс жасай бiлудi, оны сақтауды, өңдеудi және дұрыс қолдана бiлу сияқты әрекеттердi үйрену арқылы ақпараттық мәдениетiн қалыптастыра алады.

Сонымен, мынадай қорытынды жасауға болады: ақпарат – бұл қоршаған орта туралы мәлiмет болса, ал ақпараттық мәдениет  —  бұл ақпарат көздерiн (анықтамалармен, сөздiктермен, энциклопедиямен, ұшақ кестелерiмен және теледидар бағдарламаларымен) қолдана бiлудi үйрену. Ақпараттық мәдениет — бұл дұрыс сөйлей  бiлу, теледидарды орынды көре бiлу, компьютермен  жұмыс тәртiбiн игеру және достарыңмен жақсы қарым-қатынаста болу сияқты әрекеттердi қамтиды. Осы бағытта сендерге қолұшын беретiн достарың бар. Олар: Аруна мен Әлім. Сәттi қадам тiлейiк!

Тапсырмалар:

  1. Компьютердiң қайда қолданылатынын Әлімге әңгiмелеп бер. Суреттерді боя.
  2. Компьютермен не iстеуге болады?

а) сурет салу

ә) ойнау

б) есептеу

в) ақпаратты сақтау және тарату.

Оқушылармен талқылай отырып, суреттердi боя.

3-4. «Сатылар» және «Батырмалар» сияқты жаттығу ойындары оқушылардың компьютерде жұмыс жасау жылдамдығын дамытуға арналған. Ойын тәртiбi бойынша батырманы қанша рет басу ұсынылса, саусақты сонша рет басу керек. Жаттығу, ең алдымен, бiр қолмен орындалса, содан кейiн екi қолмен бiрге орындалады.  «Сатылар» және «Батырмалар» жаттығу ойындарын әрбiр сабақтың соңында қайталап ойнауға болады.

  1. “Батырмалар” ойыны. Батырмаларды алдымен, бір қолмен, содан кейін екінші қолмен, соңынан екі қолмен бірдей бас. Батырмаларда қандай сан жазылса, саусақтарыңмен сонша рет бас.
  2. “Сатылар” ойыны.  Саусақтарыңды перне сатыларымен  жоғары және төмен жүргіз. Батырмаларда қандай сан көрсетілсе, оны саусақтарыңмен сонша рет бас.

Сергiту сәтi

  2-3 сабақтар

Сабақтың тақырыбы: Қоршаған әлемдегi және табиғаттағы ақпарат.

Сабақтың мақсаты: Дыбыстық және  көру ақпарат түрлерi

  1. Өткен материалды қайталау.
  2. Түрлi ақпарат түрлерi туралы мағлұмат қалыптастыру.
  3. Ақпарат түрлерiн ажырата бiлуге үйрету.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

Сабақ басталмас бұрын мұғалiм компьютерлiк сыныпта жұмыс істеу тәртiбi мен техника қауiпсiздiгi ережелерiн оқушылардың есiне салып, көздiң шаршағандығын басу жаттығуларын қайталауды ұсынады. Оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеру деңгейi мен оны қорытындылауы мына тәртiппен жүргiзiледi:

  • Адам қоршаған ортадағы барлық ақпаратты сезiм мүшелерi көмегiмен қабылдайды, мысалы, көру және есту.
  • Егер бiз ақпаратты көру арқылы қабылдасақ, онда ол  – көру ақпараты.
  • Егер бiз ақпаратты есту арқылы қабылдасақ, онда ол – дыбыстық ақпарат.

Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:

Адам қоршаған ортадағы барлық ақпаратты сезiм мүшелерi көмегiмен қабылдайды: көру, есту, иiс сезiмдерi, сезiну, дәм арқылы.

Балалар, бiз теңiздiң жағалауында тұрғанымызды көз алдымызға елестетейiк. Не естiдiңдер? Егер ауа райы ашық, күн шығып тұрса, онда толқындар жай тербеледi. Ал егер аспанды кiшкене бұлттар қаптап, қатты жел тұрса, онда  теңiзде толқындар қатты тербеледi және теңiз жағасында толқынның дыбыстары естiледi. Бұл екi жағдайда да бiз көру және дыбыстық ақпараттарды алдық.

Ал егер бiз гүл отырғызатын ыдысқа гүлдiң тұқымдарын сеуiп отырғызсақ, оны бiрнеше күн су құйып күтетiн болсақ, онда  не байқауға болады? Бiрнеше күн өткеннен кейiн дәндердiң қалай бүршiк атқанын байқайсыңдар, яғни бұл жағдайда көру ақпараты арқылы ақпараттарды аламыз. Ал көктем айында құстардың көңiлдi сайрауынан және сiркiреген жауын тамшыларынан  көктем айының келе жатқанын байқаймыз. Бұлардан көктем айының жақындағаны туралы дыбыстық ақпарат аламыз.

Балалар, келесi сұраққа жауап берiңдер:

  1. Әлім терезеге қарап, күннiң жарқырап атқанын көрдi. Әлім қандай ақпарат алды?
  2. Бiз таудағы су ағынының дыбысын естiдiк. Бiз қандай ақпарат алдық?
  3. Асүйде қайнап жатқан сүт тасып кеттi, сен оны қалай байқадың?
  4. Егер бiз қолымызды отқа жақындатсақ, онда қандай ақпарат аламыз?
  5. Аруна мерекелiк торт пiсiрдi. Оның дәмiнiң тәттi екендiгiн қалай байқады?

6.  Дыбыстық және көру ақпараттарына өздерiң мысалдар келтiрiңдер.

2-сабаққа арналған тапсырмалар:

  1. Балалар немен шұғылданып жатыр? Боя.

Аруна мен Әлім не iстеп отыр? Аруна мен Әлімнiң қандай ақпарат түрлерiн алды? Оқушылармен талқылай отырып, боялмаған суреттердi боя.

Аруна терезеге қарап, “ауа райының жақсы” екендiгiн көрдi. Бұл – көру ақпараты. Әлімнiң күнделiгiнде тек бестiк бағалар. Олай болса, “Әлім жақсы оқитын оқушы”. Бұл – көру ақпараты.

Әлім қоңырау сағаттың шырылынан дыбыстық ақпарат алды. Ал Аруна барабанда ойнау арқылы дыбыстық ақпарат алды т.б.

  1. Қай жануарға қандай үн сәйкес келеді? Аңдарды шығаратын дыбыстарына қарап, бiр-бiрiмен жалға және ол суреттердi боя.
  2. Суретте жасырынған бейнелерді тап. Олар қандай үн шығарады?  Бейнелердің кескінін ажыратып, айналдыра сыз. Суретте мысық, ит, қаз жасырынып қалған.
  3. Сурет бойынша ауызша әңгiме құрастыр. Боя. Әңгiменi құрастыру барысында олардың қандай дыбыстар шығаратын және қандай түспен боялатын да ескер.

3-сабаққа арналған тапсырмалар:

  1. Дыбыс шығаратын заттарды боя.
  2. Мына дыбыстарды не шығарады, суреттен тап.

Аңдардың қандай дыбыстар шығаратынын балалармен талқылаңдар. Егер сыныптағы балалардың iшiнен жаза алатын балалар табылса, онда осы аңдардың атын жаз деген тапсырма берiңдер.

  1. Тiзбектi жалғастыр. Логикалық ойлау қабiлетiн дамытуға арналған жаттығу.
  2. Артық заттарды сыз. Бiрiншi топтағы нысандар атауы – бұл дыбыстарды шығаруға болатын қоңырау, ал екiншi топтағы нысанның атауы – дыбыс шығармайтын глобус.
  3. Бiр, екi, үш, төрт, бес дейік.

Барлығын санап көрейiк.

Оқушылардың аңдардың орналасқан орнын нөмiрлеп, жазуы керек немесе мұғалiммен қосылып ауызша аңдарды санауы қажет.

Сергiту сәтi

 Берiлген тақпақты оқушылар қайталау арқылы саңырауқұлақтың қозғалысын көрсетедi: ары берi жүредi, жерге қарай иiледi, саңырауқұлақтарды жинайды. Қозғалысты асықпай, белгiлi бiр ырғақпен жасағаны дұрыс.

4-5 сабақтар

Сабақтың тақырыбы: Қоршаған әлемдегi және табиғаттағы ақпарат.

Сабақтың мақсаты: Дәмдiк,  иiс сезу және сипап сезу ақпарат түрлерi.

  1. Ақпараттың жаңа түрлерiн қарастыру.
  2. Оқушыларды ақпарат түрлерiн ажырата бiлудi үйрету.
  3. Оқушылардың ақпараттық мәдениетiн қалыптастыру.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

Оқушыларға ақпарат және оның түрлерi материалдарын қайталату ұсынылады.

Жаңа тақырыпты меңгерту мен оны сынып оқушыларымен бiрге қорытындылау мына түрде өткiзiледi:

  • Адам қоршаған ортадағы барлық ақпаратты  иiс сезу,  сипап сезу  және дәмдi  сезу мүшелерiнiң көмегiмен қабылдайды.
  • Егер бiз ақпаратты сезiм мүшелерi арқылы қабылдасақ, онда ол  – сипап сезу ақпараты болып табылады. Ал оның ғылыми атауы – “тактильдiк ақпарат”.
  • Егер бiз ақпаратты иiс арқылы қабылдасақ, онда ол – иiс сезу ақпараты болып табылады.
  • Егер бiз ақпаратты тiл мүшесi арқылы қабылдасақ, онда ол – дәмдiк ақпарат деп аталынады.
  • Есту, көру, сезу, иiс және дәм сезу мүшелерi – бұл ақпаратты алу арнасы болып табылады.

Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм :

Бiз денемiз арқылы сипап сезу ақпараттарын ала аламыз, мысалы, өзендегi су жылы ма, әлде үтiк ыстық па және т.б. әрекеттердi өз денемiз арқылы байқаймыз.

Бiздi қоршаған иiстер де маңызды ақпараттар қатарына енедi. Егер газдың иiсiн сезсеңдер, онда не iстер едiңдер? Ондай жағдайда жедел жәрдем қызметiне хабар беремiз. Жаңа жылда қандай иiстер сезесiңдер? Мәселен, шыршаның иiсi шығады, анаңның жасаған бауырсақтарынан дәмдi иiс шығады. Бұл ақпараттарды бiз иiс сезу мүшелерi арқылы анықтаймыз. Сондықтан ол иiс сезу мүшесi арқылы анықталатын ақпарат деп аталады.

Ал ендi мына бiр көрiнiске назар аударайық. Аруна Әлімге алма бердi. Оның сыйлаған алмасының қышқыл, не тәттi екенiн Әлім қалай бiледi? Бұл жағдайда, ол дәм сезу мүшесi — тiл арқылы анықтайды. Ол – дәм сезу ақпараты деп аталады.

Сонымен, ақпаратты мынадай сезiм мүшелерi арқылы қабылдаймыз: есту, көру, сипап сезу, иiс сезу және дәм сезу. Көру, есту, сипап сезу, иiс сезу және дәм сезу – бұл ақпаратты қабылдау арналары болып табылады.

4-сабаққа арналған тапсырмалар:.

  1. Суретте не бейнеленгенін әңгімеле. Боя.

Аруна мен Әлімнiң қандай ақпарат түрлерiн алатынын оқушылармен бiрге талқылаңдар .

1 және 2 суреттер – дәмдi сезу ақпарат.

3 және 4 суреттер – иiс сезу ақпараты.

5 және 6 суреттер – сипап сезу ақпараты.

2. Қайсысы қай тағамды ұнатады? Сызықтар арқылы қос.

тышқан – сыр

қоян – сәбiз

балапан – бидай

ақ тиін – жаңғақ

қонжық – бал

3. Гүл мен оның атауын сызықтар арқылы қос. Боя. Бұл тапсырманы орындау барысында гүлдердiң иiс сезу ақпаратына енетiнiн талқылаңдар.

  1. Суретте не бейнеленгенiн әңгiмеле. Боя.
  2. Суреттерде қандай ақпарат түрлерi бейнеленген?
  3. Сөздердi әрiптермен қос. Бұл сөздердiң қандай ақпарат түрлерiмен байланысты екенiн талқылаңдар.

5-сабаққа арналған тапсырмалар:.

  1. Суреттер ішінен дәмі тәттi, тұзды, қышқыл, ащы заттарды тап.
  2. Сөздердi құрастыр: торт, сары, суық, түтін, дыбыс.
  3. Қатарды жалғастыр. Тақ сандар – 1,3,5,7,9
  4. Жеуге болатын заттарды боя.
  5. Тиісті әрiптердi қойып, шыққан сөзді оқы. Елік, есік, ара, аша
  6. Суреттерді сәйкес  әрiптермен қос. Піл, от, шырша, әтеш. Олардың қандай ақпарат түрлерiне жататынын талқылаңдар.
  7. Тiзбектi жалғастыр.

Сергiту сәтi

Балалар желдiң қозғалысын көрсетедi. Оқушылар “Тыныш” сөзiне отырады, ал “жоғары” сөзiне – тұрады.

2-сыныпқа арналған сабақ өту үлгілері

11-12-сабақтар

Сабақтың тақырыбы: Графикалық  редактормен танысу. «Бүрiккiш» құралы

Сабақтың мақсаты:

  1. Графикалық редактормен таныстыру.
  2. «Бүрiккiш» құралын пайдалана бiлуді үйрету.
  3. Тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың ойлау қабiлетi мен танымдық қызығушылығын дамыту.
  4. Графикалық ақпараттарды өңдеу арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы мен шығармашылық икемдiлiгiн қалыптастыру.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

Жұмыс дәптердегi және компьютердегi графикалық редактордың негiзгi құралдары мен түрлі-түсті палитрасының жалпы түрiн қарастыру. Программаны жүктегеннен кейiн боялмаған суреттерi бар бiр файлды ашып, “Заливка” құралын қалай қолдануға болатынын көрсету.

Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:

Балалар, бүгiн бiз өте қызықты программамен танысамыз, сол программаның көмегiмен компьютерде сурет салып үйренемiз. Бiрақ ең алдымен бiз оны жүктеп үйренейiк.  Ол үшiн монитордың сол жақ төменгi бұрышынан ПУСК батырмасын тауып, тышқанмен  оны шертеміз, ашылған МЕНЮ бойынша  КУРСОРДЫ ПРОГРАММА жолына апарып, содан соң СТАНДАРТНЫЕ,  одан кейiн    PAINT жолын тауып, оны  тышқанмен шертеміз. Экрандарыңызға графикалық редактордың жалпы түрi шығады. Осы программада қандай құралдар және бояулар бар екендiгiн қараңыздар.

Бүгiн бiз аспаптардың бiрi «Заливка» аспабымен жұмыс жасап үйренемiз.  «Заливка» аспабына тышқанмен басыңдар, сол жақ палитраға қарасаңдар екi квадрат бар – ақ және қара. Егер тышқанмен қызыл бояуға басақ онда қара шаршы қызылға боялады. Естерiңе сақтаңдар – бұл ЕКПІНДІ түс, яғни осы түспен бiз бейнелерді бояп және сурет сала аламыз.

Ендi бiзге бiр сурет ашуымыз керек болсын. Ол үшiн тышқанмен “Файл”-ды шертеміз де, “Открыть” командасын таңдаймыз, ашылған терезеден файлдың атын таңдаймыз немесе аламыз. Ашылған суреттi бояп көрейiк.

11-сабаққа арналған тапсырмалар.

  1. Нысандарды боя.
  2. Кемпiрқосақты боя.
  3. Әр топтағы заттарды боя. Жасылмен (шырша), сарымен (күн), қызылмен (қызанақ). Түс таңдауда Жақша iшiндегi сөздер түс таңдау үшiн маңызды болып келедi.

12-сабаққа арналған тапсырмалар:

  1. Суретті бояп, атауын бер.
  2. «Сиқырлы сарайды» боя.
  3. Қатарды жалғастыр.
  4.  Сары, жасыл қарындаштарды алып, түрлi тәсiлдерді қолданып, төмендегі қуыршақтарды  боя.
  5. 5.          Қызыл және көк қарындашпен түрлі тәсiлдерді қолданып шарларды боя.

Сергiту сәтi

13-14 сабақтар

Сабақтың тақырыбы: «Қарындаш», «Қылқалам», «Өшiргiш» құралдары.

Сабақтың мақсаты:

  1. Оқушыларды «Қарындаш», «Қылқалам», «Өшiргiш» құралдарымен жұмыс істеуге үйрету.
  2. Графикалық редактормен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.
  3. Тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың логикалық-құрылымдық ойлау қабiлетiн дамыту.
  4. «Қарындаш», «Қылқалам», «Өшiргiш» құралдарын пайдаланып, графикалық ақпараттарды өңдеуде оқушылардың эстетикалық мәдениетi мен шығармашылық икемдiлiгiн қалыптастыру.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

«Қарындаш», «Қылқалам», «Өшiргiш» құралдарының атқаратын қызметiн компьютер мен жұмыс дәптерi арқылы қарастыру. Аталған құралдармен жұмыс жасау технологиясы оқушыларға түсiндiрiледi.  “Қылқаламның” түрлері мен  “Өшiргiш” құралының түрлерi мен көлемiн өзгерту тәсілдері көрсетiледi.

Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:

Бүгiн бiз дайын суреттерi бар файлдарды ашу әрекетiн қайталаймыз. Содан кейiн  «Қарындаш» және  «Қылқалам»  құралдарының атқаратын қызметтерiмен танысамыз. Құралдар тышқанды шерту арқылы таңдалады. «Қылқалам» құралын таңдағанда оның түрлерiне, ал “Өшiргiш” құралын таңдағанда оның көлемiне назар аударыңдар. Ал ендi жұмыс жасап көрелiк! Осы құралдармен жұмыс істеу үшiн, тышқанның сол жақ батырмасын шертулі күйде ұстап, оны жылжыту керек.  Өз беттерiңмен жұмыс істеп көрiңдер.

13-сабаққа арналған тапсырмалар:

  1. Арунаға жiп шумақтарын тарқатуға көмектес. Әр шумақты түрлi бояулармен боя.
  2. Әлімге нені токқа қосқанын есiне түсiруге көмектес.

14-сабаққа арналған тапсырмалар:

1. Артық нысанды сыз.

2. Жұмбақтарды шешіп, суреттерін сал:

Қысы, жазы бір түсті.

/Шырша/

Өзі қызыл, өзі тәтті,

Татқан жанды таңырқатты.

/Құлпынай/

Қыста ақ, жазда сұр. /Қоян/

Үй күзетеді, үрмейді /Құлып/

  1. Мағыналары қарама-қарсы сөздердi сызықтар арқылы қос.

Суық – Ыстық

Ауру – Сау

Көңiлсiз – Көңiлдi

Кiшкентай – Үлкен

Мейiрiмдi  – Қатыгез

Жарық – Қараңғы

Қатты – Жұмсақ

Тәттi – Ащы

Сергiту сәтi

15-16 -сабақтар

Сабақтың тақырыбы:    «Сызық», «Доға» құралдары.

Сабақтың мақсаты:

  1. Оқушыларға «Сызық» құралымен жұмыс істеуді үйрету.
  2. оқушылардың графикалық  редакторде жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

Тапсырмалар оқушылардың жаңа құралдарды меңгере отырып, өткен тақырыптарын қайталауға ыңғайлы етiп таңдалған. Түрлі сызықтар, сурет салуды игеру. Ақпарат түрлерін қайталау.

Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:

Бүгiн бiздiң танысайық деп отырғанымыз – “Сызық” құралы.  Ал ендi осы құралды тышқанмен шертіп, экранға әр түрлi қалыңдықтағы сызықтар салайық. Кез келген түстi және оның қалыңдығын таңдап, сызықтар салуға болады. Егер сендер сызықтарың экранда көлденеңнен немесе ұзыннан орналасуын қаласаңдар, онда   Shift пернесiн басып тұру керек. Өз беттерiңмен жұмыс жасап көрiңдер.

15- сабаққа арналған тапсырмалар.

  1. Сызықтар арқылы нүктелерді бір-бірімен қос.
  2. Кім қандай үн шығарады? Сызықтар арқылы қос.

16-сабаққа арналған тапсырмалар

  1. Бұл буындар қай суретке сәйкес келедi? Оларды сызықтар арқылы қос.
  2. Үлгіге қарап, цифрлар сал.
  3. Суреттердi боя.

Сергiту сәтi

17-сабақ

Сабақтың тақырыбы:   № 2 бақылау жұмысы.

Сабақтың мақсаты:

  1. Бақылау жұмысын өткiзу арқылы оқушылардың бiлiмiн тексеру.

Әдiстемелiк нұсқаулар:

Бақылау жұмысы екі нұсқадан тұрады. Мұғалім тапсырмаларды оқиды, балалар естiгендерiн жазып алады. Екi нұсқаның да тапсырмалары ұқсас. Оқушылар тапсырмалары бар парақтарға өз аты-жөндерiн жазып, қойғаны дұрыс.

1 — тапсырма.

1-нұсқа

Шығару құрылғысын дөңгелектеп қорша. Монитор, баспа құрылғысы, дыбыс бағандары, дискеттер.

2-нұсқа

Енгiзу құрылғысын дөңгелектеп қорша. Пернетақта, микрофон, дискеттер.

2-тапсырма.

1-нұсқа

Қандай құрылғы компьютерде ақпараттарды сақтайды, астын сыз: жады.

2-нұсқа

Қандай құрылғы ақпаратты қағаз бетiне басып шығарады, астын сыз: баспа  құрылғысы.

3-тапсырма.

1-нұсқа

Ақпаратты енгiзу құрылғысын жаз: пернетақта.

2-нұсқа

Ақпаратты өңдеу құрылғысының атын  жаз: процессор.

4-тапсырма.

1-нұсқа

Суретте қанша тiктөртбұрыш барын есепте: 6.

2-нұсқа

Суретте қанша үшбұрыш барын есепте: 6.

5-тапсырма.

Нүктелердi сызықтар арқылы қос.

Сөйлемдердiң ақиқат немесе жалған екенiн анықта:

1-нұсқа

Бiрiншi дене – шаршы. Ақиқат.

Екiншi дене  – үшбұрыш емес. Жалған.

Сызық – үшiншi дене  емес. Жалған.

Соңғы дене – Бесбұрыш. Ақиқат.

Тiзбекте дөңгелек бар. Жалған.

2-нұсқа

Бiрiншi дене – үшбұрыш. Ақиқат.

Екiншi дене – сызық емес. Жалған.

Шаршы – үшiншi дене емес. Жалған.

Соңғы дене – алтыбұрыш. Ақиқат.

Тiзбекте дөңгелек жоқ. Ақиқат.

6-тапсырма.

Сызықтардан құралған нысанды үлгiге қарап сал және оны боя.

Сергiту сәтi

 

                 СЕРГIТУ СӘТТЕРI

1. Еркiн ұста денеңдi,

Тарсылдатпай едендi

Орнымыздан тұрып ап

Жүгiрейiк бiр уақ.

Бiр, екi, үш, бiр, екi, үш.

Аяқты алға созайық

Тiк көтерiп, қозғайық.

Тым сылбыр да болмайық

Алға қарай озбайық.

Бiр, екi, үшi, бiр, екi, үш.

 

2. Орманда кірпі келеді,

Саңырауқұлақ тереді.

Кездесті, міне, керегі:

Екеуі қайың астынан.

Біреуі терек қасынан.

Қанша олар болмақ есепте,

Тоқылған салса себетке?

3.Тербеледі ағаштар,

Алдымнан жел еседі.

Кіп-кішкентай бөбектер

Үлкен болып өседі.

4. Иiлiп оңға бiр, иiлiп, солға бiр.

Жаттығу жасаймын.

Оң аяқ, сол аяқ, оң аяқ , сол аяқ

Жаттығу оңай-ақ.

5. Қырғауыл боп ұшамыз, ұшамыз (Екi қолымен қанат жасап ұшады)

Түлкi болып қашамыз, қашамыз  (Бiр орындарында тұрып жүгiредi)

Қырғауылдай тапқыр боп, тапқыр боп,

Орнымызға қонамыз (Бәрi орындарына отырады).

Жаңа құрылым мектебінің мұғалімі

Бүгінгі күнде жалпы орта білім беретін мектеп- жаңа қоғам мектебі, болашақ мектебі, яғни мәдени саналы, халықтық мәдениетке интеграцияланған, жеке бағыттылық, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын және өзін-өзі тануына көмек көрсететін, физикалық және рухани жағына экологиялық таза, ізгілендірілген, өмірге, дүниеге тік қарай алатын, қоршаған ортамен жүйелі байланыс түзетін, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, әлеуметтік өмірге бейімделген, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып, жетілдіретін мектеп болуға тиіс. Мұндай өнімді және нәтижелі, сапалы білім беретін мектеп бүгінгі күнде өзіндік мектеп реформасын қажет етеді. Сондықтан да мектеп реформасы тек мектептің басқару жүйесі мен оқыту процесін ғана қамтып қоймай, сол мектептің бала оқытатын мұғалімдері мен қызметкерлерінің (мектеп кітапханасыы, мектеп асханасы, сабақ кестесі, сыныптар және т.б.) де түгелімен өзін-өзі жаңа бағытқа қарай кәсіби шеберлігін күнделікті ұштауын талап етеді. Болашақтағы үлгілі мектептің орнығуына байланысты онда білім беретін мұғалімдер де, олардың кәсіптік сапалары мен педагогикалық қызметіне ерекше өзгерістер енгізуді қажет деп санайды.

Бүгінгі күнде мектептің жаңа реформалық жүйесі 12 жылдық білім беру турасында әрбір өзін кәсіби деңгейі жетілген деп есептейтін кез келген мұғалім, білім беру қызметкері бұл жүйенің қыр-сырын түгел меңгермей, бала дамуының мәселелерін түгелімен меңгере алмайды. Сондықтан білімнің жаңа үлгісі өзіне сәйкес жаңа мұғалімдерді талап етеді. Ол мұғалім шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметтің барлық келеңді-келеңсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез келген педагогикалық жағдайда өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеті, іскерлігі, шеберлігі, арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын мұғалім болу керек.

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тұсында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы тұрғысында көп мәселелер қарастырылуы қалыпты жағдай. Өйткені, Ы.Алтынсариннің «Мұғалім-мектептің жүрегі»,-деп айтқанындай, барлық күш мұғалімге түспек.

Бүгінгі күн талабына мектеп реформасында 12 жылдық білім беруге көшу мәселесінің ерекшелігі сол — 12 жылдық білім беру орталығы ғалымдарының зерттеулері бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер «Баланы оқуға қалай үйрету керек?», «Ойлауға қалай үйрету керек?», «Қалай өз өмірінің менеджері болуға үйрету керек?» деген сұрақтарға жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр. 12 жылдық білім жүйесіне көшуде мектеп алдына негізгі үш бағытты басшылыққа алады. Олар 1-бағыт: оқушының жеке қабілетін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту. 2-бағыт: оқушының потенциалдық мүмкіндіктерін есепке ал отырып жеке даралық бағытта оқыту. 3-бағыт: ішкі қажетіліктерді есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту. 12 жылдық білім жүйесі бойынша бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін мұғалім негізгі үш компонентпен таныс болуы тиіс. Олар: инварианттық компонент – мемлекеттің базалық оқу стандарты жүйесіндегі талаптар мен мазмұндарға жауап беретіндей жалпы міндетті оқу жоспарының бөлімін меңгеру, профильдік компонент – профильдік оқу стандарты талаптарының мазмұнында көрсетілгендей оқу курстарының тереңділігін, оқытылатын пәндердің өзара байланыстылығын меңгеру, тұлғалық компонент –оқушылардың өзіндік зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға байланысты мектеп ұсынған арнайы таңдау курстарын, оқу жоспарларын меңгеру.

Жаңа үлгідегі мектеп мұғалімі қандай болу керек? Деген сұраққа оның кәсіби шеберлігі жөнінде жалпы орта мектептің мұғалімдеріне қойылатын талаптар басшылыққа алына отырып, негізгі талаптар толықтырылып, жаңа реформалық үлгідегі талаптар ұсынылды. Бұл үшін мұғалімге педагогикалық мәселелер бойынша пәннің теориясы мен әдістемесі, педагогика саласы бойынша оның әдіснамалық негізін, ғылымның, танымның теориясы мен әдістерін меңгеру оның кәсіптік сапаларының қалыптасуы мен зерттеушілік қызметінің қалыптасуына өз септігін тигізеді. Сонымен, білім реформасы инновациялық-дидактикалық іс-әрекетті, инновациялық әдістерді және технологияларды, педагогикалық іс-әрекет субъектісінің дамуы мен өздігінен дамуына бағыт беретін талаптарды түзеді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін қазіргі мектептерге зерттеушілік-шығармашылығы талаптарын толық меңгерген, қызығушылықпен баланың жеке тұлға болып дамуына өз үлесін қоса алатын, баланы өздігінен өмірге жетелейтін ақыл-кеңес бере алатын мұғалім қажет.

Оқу процесінде көптеген күтпеген жағдайлар болады. Атап айтсақ: оқушылардың сабаққа үлгермеушілігі, ата-аналармен қарым-қатынас деңгейінің жеткілікті болмауы, құрдастарымен келіспеушілік жақтары және т.б. Бұл мәселелердің шешімін мұғалім әрбір баланы жеке дара зерттей отырып, мәселенің себебін зеректікпен анықтай алады. Егер ол мәселелер шешілмеген жағдайда бұл психологиялық соққыға тек қана мұғалім немесе мектеп, ата-ана ғана емес, қоршаған орта, құрдастары да әсер етуі мүмкін. Сондықтан асығыс шешім қабылдаудан бұрын мәселенің мән-жайын толық зерттеп біліп алу тағы да мұғалім үшін жауапты нәрсе. Мұғалім оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, оқушылардың не қалайтынын қанағаттандыруды ұйымдастыруы қажет. Кез келген жаста оқушы үшін көпшілік алдында ұятқа қалу, беделін түсіру, ұрыс-жанжалға бару ішкі жан дүниесін бұзады. Сондықтан ұлы Абай атамыздың:

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегін кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» — деп айтқанындай, мұғалім үшін кәсіби шеберлікке жету, өз мамандығының данышпаны болу бір күнде пайда болатын дүние еместігін біз жақсы түсінуіміз керек және өмір бойы ізденушілікті, зерттеушілікті талап ететін мамандық екенін анық аңғарғанда ғана толық нәтижеге жете аламыз. Мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі, қимылы, киімі, аяқ алысы, жүріс-тұрысы, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Сондықтан әрбір ұстаз үшін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда мол білімділікті, ақылдылықты, дұрыс іскерліктер мен дағдыларды қолдануды қажет етеді. Осы ретте кейбір мәселелерді жаңаша көзқараспен қарастыруды жөн деп есептей отырып, мынадай эталондарды атап өткен жөн:

— сабаққа педагогикалық-психологиялық талдау жасау;

— дамыта оқыту жүйесінің мәні мен міндеттері;

-сабақты ұйымдастырудың педагогикалық-психологиялық негіздері;

— мұғалім жұмысының шығармашылық сипаты.

12 жылдық білім беру барысында Информатика пәнін оқытудың нәтижелері

Білуі тиіс

Білуі тиіс

Білуі тиіс

Компьютерде жұмыс жасағанда,санитарлық-гигиеналық талаптарды

— ЕТ кабинетінде компьютермен жұмыс барысында днесаулықтарын сақтап, техника қауіпсіздік ережесін қадағалауды

Мемлекеттік ақпараттық сақтану жүйелерін

компьютердің қосымша, яғни перифериялық құрылғыларын және олардың функцияларын ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың қосымша бөліктері мен олардың функцияларын

 

 

— ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердің қосымша бөліктері мен олапдың функциялары
— MS Windows стандартты ортасын

MS Office элементарлық негіздерін

негізгі қолданбалы бағдарламалар және жүйелік бағдарламалар: офистік бағдарламалар, корпоративті ақпараттық жүйелер, мультимедиа, интернет — кең таралған қолданбалы және жүйелік бағдарламалар: проектілеу жүйелері, ғылыми бағдарламалық жасақтама, геоинформациялық жүйелер
ақпараттық жүйелердің қолданылу орны: ролі және функцияларын ақпараттық жүйелердің мазмұны, құрамын — ақпараттық жүйелердің деңгейлерін

 

ақпараттық технологияның ролі мен функцияларын ақпараттық технологияның мазмұны және құрамын — ақпараттық технологияның деңгейлерін
— Интернеттің элементарлық негіздері

— веб-сайт, электрондық почта, веб-форум, веб-чат, электрондық магазин

 

 

 

 

 

— Ethernet, Extranet, Intranet және Internet желілік жүйелері-Google, Yandex, Yahoo, Aport  ақпараттық-іздеу жүйелері

— e-Learning дистанциялық оқыту

— видеоконференц байланыс

— интерактивті технология

— электрондық сауда

— WWW – World Wide Web дүниежүзілік ақпараттық портал

— компьютер көмегімен өлшеу және есептеу технологияларының принциптері

— компьютер мониторингі

— интеллектуалды машиналар мен роботтар

— электрондық үкімет

алгоритмдер мен программалар — моделдеу, конструктрлеу, проектілеу және басқару бағдарламалары — компьютерді басқару объектілері мен жүйелерінің негіздері
— Интернетке қосылу

— текстік, графикалық ақпараттарды құру, сақтау

— аудио және видео ақпараттарды демонстрациялау

 

— Интернеттен қажетті ақпараттық ресурстарды іздеу және табу

— инновациялық технологиялар білімін қолдана білу

— құжаттарды анализдеу және синтездеу

— қажетті ақпараттық ресурстар кітапханасын дүниежүзілік ақпараттық портал

-Интернет арқылы жіберу

— графикалық бағдарламалар Photoshop, Corel Draw, Adobe Illustrator

— AutoCAD БҚ

  ҚОРЫТЫНДЫ 

Сонымен, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу 12 жылдық жалпы білім беретін мектептер жағдайында мүмкін болады, ол білім туралы құжаттардың айырбасталуын, бейімдік оқытуды, көптілділікті қамтамасыз етеді.

Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ұлттық деңгейде қалуды көтермеуі, ғылыми-білімнің түрлі салаларында әлемдік іс-тәжірибені оқып үйренудің қажетті шарт екенін дәлелдеуде.

Ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты.

Келешегімізден үмітті болуымыз үшін жас буын өскенде, ата-баба мұрасын білу қажет. Ол үшін жас буынды уақыт санына төтеп беріп, тұрмыс өлшеміне шақ келген ата-бабаларымыздың қасиетті тәжірибесімен ауыздандыру керек. Себебі, қазіргі адамгершілік, әдептілік, имандылық сынды шынайы қасиеттерді адамзаттың әлсіз тұсы деп қарауға жетіп қалған техногендік өркениеттіліктің уытын қайтару үшін салт-дәстүрлерге маңызды рөл жүктеледі. Мектепте оқытылатын информатика пәні оқушыларға компьютерлік технологиялардың барлық мүмкіндіктерін үйретуге негізделген. Міне осы білім беруді ұлттық негізде тәрбиелік жұмыстармен байланыстыра жүргізсе оқушыларды ұлттық рухта тәрбиелеуге болады.

Қорыта келгенде айтарым, білім-қоғамды қанағаттандыратын, рухани мұраны сақтайтын ұрпақ пен ұрпақты сабақтастыратын құрал. Сондықтан, оқушының елдің ертеңі, үміт күтер азаматы екенін ескере отырып, тұлға ретінде қалыптастыру, олардың білім деңгейлерінің әлемдік стандартқа сай болуға лайықты жұмыс істеу, білімді де тәрбиелі азамат тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. 12 жылдық білім беруге өтудің эксперименттік жұмыстарын ұйымдастыру туралы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің 327 бұйрығы. Астана,2001 жылдың 10 мамыры  // Қазақстан мектебі.-2001.-С.7.-1б
  2. 12 жылдық мектептің негізгі орта буынының білім мазмұны // Қазақстан Тарихы. -2006. -3.-С. 3-10б
  3. Ізмұқанов М «12 жылдық оқу мерзіміне көшу туралы» // Бастауыш мектеп. -2004–С.1-3-5б
  4. Құланбай Ә «Он екі жылдық білім беру жүйесі» // Егемен Қазақстан. 2003.-С. 22 қаңтар
  5. Аймауытов Ж «Сабақтың комплекстік жүйесінің әдістері» Қызылорда, 1929ж -58б
  6. Рахметова С.Р «Бағдарламалар. 12 жылдық мектептің 1-4 сыныптары» Алматы: «Атамұра»,2004ж-19б
  7. Құрманалиев М «Әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатымыз» // Қазақстан Мұғалімі. -2006.-30 қыркүйек. –Б.3
  8. Құсайынов А «Он екі жылдық оқу:салыстырмалы көзқарас» // Егемен Қазақстан. -2001. –С.24 тамыз
  9. Құсайынов А «Сапалы білім-заман талабы» // Егемен Қазақстан. -2007-2 қараша.-№339-340.-Б.8
  10. Құсайынов «Білім реформасы:Дамыған елдер тәжірибесі // Егемен Қазақстан. -2005. -23 маусым. –С.139.-4б
  11. Құтпанбаев Ә  «Он екі жылдық білімнің қажеттілігі // Ұлт Тағлымы. -2001. –С.4-5.-73-79б
  12.  Қазақстан Республикасында 12 жылдық жалпы орта білм беру тұжырымдамасы // Қазақстанның Білім және Ғылым Әлемі. -2006. -2.-С.5
  13.  Қазақстан Республикасында 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы // Мектеп. -2006. -2.- С. 6-11б
  14.  Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Қазақстан Мұғалімі. -2004-С. 20 қаңтар
  15.  Әбілқасымова А  «Мектеп реформасы: 12 жылдық білім беруге көшу қажет пе? // Егемен Қазақстан. -2004-С.24 ақпан
  16.  Өтеғали Е  «12 жылдық эксперимент сыныптарда информатика пәнін оқыту ерекшеліктері» // 12 жылдық білім беру. -2007.-12б
  17.  Буранбаев Л.С  «Жалпы білім беру мекемелерінің қызметі негізінде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу» эксперимент жұмысының нәтижелері // Шағын Мектеп. -2004. -2 -1-13б
  18.   «6 жасар балалардың психологиялық аспектілері»  // ХХ1 ғасыр мектебі. -5-7б
  19.  «12 жылдыққа көшу жағдайында эксперимент барысында бастауыш сыныпта информатика пәнін оқытудың үлгісі»  Информатика негіздері 2008ж-№2-24б
  20.  «Информатика негіздері»  2003-№5, 29-30
  21.  Мәдиева Қ. «12 жылдық білім беруді жүзеге асырайық» // Қазақстан мектебі. -2005.- №7. -3 б.
  22.  Бабанский Ю.К., Сластенин В.А., Сорокин Н.А и др. «Педагогика». – М.:Просвещение, 1988. – 479 б.
  23.  Денев Д.Ж. «Бастауыш кластар педагогикасы. ІІ бөлім – Дидактика – Благоевград кітап баспасы. 1983.
  24.  Огородников И.П. «Сабақтың тиімділігін көтеру» — М, Білім, 1990.
  25.  Рутинштейн С.Л. «Ойлау және оны зерттеу жолдары» — М. 1968-347 б.