12 жылдық жалпы орта білім берудің басты мақсаты мен күтілетін нәтижелері

Қазақстандағы білім беру жүйесіне түбегейлі реформалар жасауға себеп болған да осы жаңа білім беру бағдарламасына көшу идеясы еді. Бұған бір дәлел Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі Тұжырымдамасының өмірге келуі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым қызметкерлерінің 3 съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бүгінде 12 жылдық мектеп моделі анықталды, алайда оған көшу білім сапасының артуын өздігінен қамтамасыз етпейді, білім берудің мазмұнын қайта қарау талап етіледі және мұны бүгіннің өзінде жасау қажет» деп атап көрсетті. Мұның өзі білім беру жүйесінің алдында үлкен міндеттер тұрғандығын білдіреді. 12 жылдық білім берудің методологиялық  негіздеріне орай, мектепте білім берудің мазмұндық жағын жаңартудың аса маңызды бағыттары мыналар болып табылады:

— мектепте білім берудің мазмұнын қазіргі қоғам қызметінің серпінді құрылымымен сәйкес келтіру;

— оқушылардың өз бетінше білім алуға және оны практикада қолдануға, оқытудың әр түрлі саласында өз мүмкіндіктерін тануға және жақсы қасиеттерін ашуға тәрбиелеу;

— әрбір жас кезеңіндегі негізгі психикалық жаңа құрылымдарды қалыптастыру төңірегіндегі оқу үрдісін жолға қою;

— оқушыларды танымның ғылыми тәсілдеріне мақсатты және жүйелі түрде тарту, негізгі мотивациялық үрдістерді айқындайтын оқу ахуалдарын кеңінен қолдану.

Қазіргі мектептің білім мазмұнын ізгілендіру мен даралауға айқын бет бұру мынадай міндеттерді жүктейді:

— оқушының жеке тұлға ретінде және іс-әрекет субъектісі ретінде мақсатты, тұрақты және дәйекті дамуына жағдай жасау;

— оқушылардың белгілі бір білімді таңдауы мен меңгеруін, олардың оқу үрдісі кезінде таңдау мүмкіндіктері мен құқықтарын қамтамасыз ету;

— оқу-тәрбие үрдісінде ынтымақтастық педагогикасының ізгі қатынастарын орнықтыру;

—  білім мазмұнын барынша ізгілендіруді қамтамасыз ету;

—  психологиялық білім берудің бастапқы негіздерін қалыптастыру;

—  білім мазмұнының инварианттық және вариативтік компоненттерінің арасындағы гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми білімдердің диалектикалық бірлігін қамтамасыз ету;

—  оқушылардың оқу жүктемесін тұрақтандыру.

Адамның жан-жақты дамуы білім берудің ғаламдық мақсаты болып табылады. Педагогикада білім берудің мақсатын, оның мазмұны мен құрылымын анықтауға қазірігі заманғы адам тұжырымдамасының тұрғысынан келу көзқарасы берік қалыптасып отыр. Жүргізілген зерттеулер тұлғаның қалыптасу моделінің компоненттерінің мынадай үш тобын қамтитынын көрсетеді: психиканың функционалдық тетіктері, тұлғаның тәжірибесі, тұлғаның жинақталған типологиялық қасиеттері. Компоненттердің осы топтары адам қызметінің жалпы құрылымының және зерттеу объектілерінің құрылымымен бірге 12 жылдық мектептің жалпы білім беру стандарттары мен базалық оқу пәндерін жасаудың теориялық негізі болып отыр.

12 жылдық мектепке көшу жағдайында оның құрылымы оқытудың мақсаты мен міндеттерінің арасындағы байланысты, әрбір жас сатыларында оқушыларды тәрбиелеу мен дамытуды олардың психологиялық, физиологиялық және жас ерекшеліктерне қарай қамтамасыз етуге тиіс.

Тұжырымдаманың мақсаты — 12 жылдық мектеп жайында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жолдары мен дамыту стратегиясын айқындау.

Тұжырымдаманың міндеттері:

v  12 жылдық мектептегі білім беру мақсатын, міндеттерін, құрылымын, мазмұнын және оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктерін атап көрсету;

v  12 жылдық білім беруге көшудің қаржылық-экономикалық негіздемесін дайындау;

v  Осы Тұжырымдаманың күтілетін нәтижелерін анықтау.

Тұжырымдама төмендегі бөлімдерден тұрады:

  1. Әлемдік үрдістер мен отандық тәжірибелерге сүйене отырып, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің негіздемесі.
  2. 12 жылдық жалпы орта білім берудің мақсаты мен күтілетін нәтижелері.
  3. Жалпы орта білім беру құрылымы.
  4. Білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттары.
  5. Білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері.
  6. Педагогикалық кадрлар.
  7. Білім берудің күтілетін нәтижелерін бағалау жүйесі.
  8. Жалпы орта білім беру жүйесін басқару.
  9. 12 жылдық жалпы білім беру тұжырымдамасын іске асыру жағдайлары.

Қазақстандық жалпы орта білім беретін мектеп соңғы жылдары өзінің келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірлену және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің енгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды. [1]

Бірақ қол жеткен жетістіктер адам капиталының дамуы мен орнықты экономикалық өсуді толық қамтамасыз ете алмайды.

Қазақстанның білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін мынадай факторлар қалып отыр:

  1. Білім мазмұнының оқушының оқуға қызығушылығын төмендететін және денсаулығына кері ықпал ететін ақпараттық сипатының басымдығы.
  2. Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттың болмауы.
  3. Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы.
  4. Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы.
  5. Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін-өзі кәсіби анықтау мотивтерінің болмауы, өзіндік қызығушылығы мен өмірлік жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі.

 

 

 

12 жылдық жалпы орта білім беру үш сатыдан тұрады

1-саты – жалпы бастауыш білім беру ( 1-4- сыныптар – бастауыш мектеп)

2-саты – негізгі орта білім беру  (5-10-сыныптар – негізгі мектеп)

3-саты – жалпы орта білім беру (11-12-сыныптар – жоғарғы мектеп)

Бастауыш мектепте оқытудың ұзақтығы – 4 жыл. Бастауыш мектеп жалпы бастауыш білім беруді қамтамасыз етеді және балалар 6 жастан бастап қабылданады. Алты жас – баланың ақыл-ойының дамуының және әлеуметтік дайындығының ең бір қолайлы (сензитивті) кезеңі.

Осындай мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, іске асырмаса бала бойындағы қасиеттері толық көлемде ашылмай қалуы мүмкін.

Бастауыш мектептің басты міндеті – баланың қабілеттерін ашуды, жеке тұлғасын, оқуға деген ынтасын қалыптастыруды қамтамасыз ету, оқу, жазу, санау, қарым-қатынас және ынтымақтастық дағдыларын меңгеруіне көмектесу.

Бастауыш мектепте оқытудың басты мақсаттары мыналар:

  1. Баланың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне сәйкес, оны тұлға ретінде үйлесімді түрде дамыту, білім беру және тәрбиелеу;
  2. Негізгі оқу әрекеттерін меңгерту және бақылау, өзіндік бақылауды жүзеге асыру;
  3. Әр адамды азаматтық, рухани және адамгершілік, танымдық іс-әрекетке, өз бетімен оқуға және өзін-өзі тәрбиелеуге дайындау;
  4. Білім беру мен тәрбиелеу мақсаттарына жету жолында оқу әрекеттерін игеру – бастауыш мектептің негізгі міндетіне айналды.

1-саты

Жалпы орта білім беру (1-4 сыныптар)

Оқуды бастау жасы — 6 жас

Оқыту ұзақтығы — 4 жыл

1-сатыдағы негізгі бағдар – оқушының өзін-өзі таныту мүмкіндігі мен қоршаған ортасының шынайылығы туралы білімді игерудегі даралығын ашу, оқуға талабын және білігін қалыптастыру, яғни оқытудың келесі салаларына қажетті танымдық қызығушылығын арттыру, кіші жастағы оқушылардың біртұтас оқу әрекетін қалыптастыруға ықпал ету.

Баланың тұлғалық қалыптасуын, оның қабілеттерінің тұтастай дамуын қамтамасыз ету. Бастауыш мектепте қажетті біліктер дағдыларды игеруге, оқу және жазу, санау, шығармашылықпен ойлау элементтерінің, жеке гигиенасы мен денсаулығын сақау негіздерінің болуына ықпал ететін оқу әрекетін ұйымдастыру.

2-саты

Жалпы орта білім беру (5-10 сыныптар)

Оқыту ұзақтығы – 6 жыл

2-сатының негізгі бағдары – негізгі жалпы білім алуға жағдай жасау, адамдар арасындағы және этносаралық қатынастар мәдениетін, тұлғаның біртұтас көзқарасын, өзін-өзі анықтауын қалыптастыру,  тұлғаның өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерін, кәсіби және танымдық ой-пікірінің туындауына, теориялық ойлау тәсілдері мен ғылыми таным әдістерін игеруіне, зерттеу дағдысының қалыптасуына ықпал ететін оқу әрекетін ұйымдастыру.

Негізгі мектеп оқытуды бейіндік мектепте немесе кәсіптік бастауыш және орта білім беру ұйымдарында жалғастырудың базасы болып табылады.

Бұл сатының ерекшелігі оқушының үшінші сатыдағы бейіналды дайындықтың мектеп қызметінің оқушының болашақ бағдарын саналы таңдауына дайындығына игі ықпал ететін педагогикалық, психололгиялық-педагогикалық, ақпараттық және ұйымдастырушылық жүйесі ретінде жүргізілуі болып есептеледі.

3-саты

Жалпы орта білім беру (11-12 сыныптар)

Оқыту ұзақтығы -2 жыл

Жалпы орта білім берудің соңғы кезеңі болып табылатын үшінші сатының негізгі мақсаты оқытудың саралануы мен даралануы бағдарланған жалпы орта білім беру, оқушулардың болашақ кәсіби қызметіне саналы да жауапты таңдау жасауына, жеке және өмірлік өзін-өзі танытуына жағдай жасау.

Бейіндік оқыту жаратылыстану — математикалық, әлеуметтік -гуманитарлық және технологиялық бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Бейіндеу (профилизация) нысандары мектептің педагогикалық әлеуетін, білімдік инфрақұрылымының мүмкіндігін, облыстың, қаланың, ауданның сұранысын ескере отырып анықталуы тиіс.

Бейіндік оқытуды іске асыру жалпы білім беретін мектептерде, гимназияларда, лицейлерде, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектептерде жүзеге асырылады.

Материалдық-техникалық жағдайын, кадрлық әлеуеті мен оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді ескере отырып, үшінші сатыдағы бейіндік оқыту төмендегі ұйымдастыру нысандары бойынша қарастырылады:

  1. Бір бейінді мектеп – бір бейінді оқытуды іске асыру;
  2. Көп бейінді мектеп – бірнеше бейінді оқытуды іске асыру.

12 жылдық білім берудің басым бағыты – педагогикалық іс-әрекеттің жеке тұлғаға бағытталуы. Тұлғаға бағытталған көзқарас – педагогикалық іс-әрекеттің методологиялық жаңа бағыты.

Қазақстан қоғамының қазіргі геосаяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы, әлемдік білім кеңістігіне кірігуі Қазақстан Республикасының Жалпы орта білім беру жүйесін жаңғыртуды, атап айтқанда, орта білім мазмұны мен құрылымын, мақсаттарын қайта қарауды және оқыту мерзімін кеңейтуді талап етеді.

Қазіргі кезеңде 12 жылдық мектепте есептелген белгілі бір халықаралық білім беру стандарты қалыптасты.

Өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Білім берудің күтілетін нәтижелері белгіленген мақсатқа сәйкес мектеп түлегінің негізгі құзырлылығы төмендегіше анықталады:

1. Құндылықты-бағдарлы құзыреттілік – оқушының қоршаған ортаны бірдей қабылдайтын қабілетті, жоғары әдептілік құндылықтар негізінде жасампаз қоғам өмірінде өзінің ролін таба білу біліктілігі, азаматтылығы мен елжандылығы. Бұл құзіреттілік өмірдегі түрлі жағдайларда шешім қабылдай білу білігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, өзінің Отаны Қазақстан патриоты болу, азаматтық белсенділігін көрсету, саяси жүйені түсіну, болып жатқан әлеуметтік жағдайларға баға бере білу.

2. Мәдениеттанымдық құзыреттілік – жалпы адамзаттық мәдениет жетістіктері негізіндегі іс-әрекет тәжірибесін және қоғамдағы дәстүрлер мен жеке, отбасылық және әлеуметтік өмірдің мәдениет негіздерін, этномәдениеттік құбылыстарды игеруге мүмкіндік беретін ұлттық ерекшеліктерін тани білу. Адам мен қоғамның дамуындағы ғылымның рөлін түсіну. Өзі халқының мәдениеті мен әлемнің мәдени көптүрлілігін түсіну және бағалауға мүмкіндік беретін мәдени-демалыс қызметін тиімді ұйымдастыру тәсілдерін игеру, рухани келісім мен толеранттылық идеяларына бейім болу.

3.    Когнитивтік құзыреттілік – оқушының зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу-танымдақ процесін қамтамасыз ететін кешенді құзырлылық. Бұл құзырет өзінің білімділік қызметін ұйымдастыра білуді, тиімді жоспарлай білуді, сәйкес функционалдық сауаттылық талаптары негізіндегі білімді игеруде әлемнің ғылыми бағытын түсінуге ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеруге мүмкіндік беретін өзінің әрекетіне талдау және қорытынды жасау тәсілдерін қарастырады.

4.    Коммуникативтік құзыреттілік – адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, халықаралық қатынаста шетел тілінде, қатынас дағдылары болуын қарастырады.

5.    Ақпараттық-технологиялық құзыреттілік – бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, талдай, таңдай білу, өзгерте білу, сақтай білу, білім мен ақпаратты ақпараттық технологиялар мен техникалық объектілердің көмегімен жеткізуді жүзеге асыра білу және интерпретациялау білігі.

6. Әлеуметтік өзара қарым-қатынас құзыреттілігі – отбасылық, еңбек, экономикалық, саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық тәжірибе мен білімге ие болуды білдіреді. Бұл құзырет әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға нақты талдау жасай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білуді, кәсіби бағдарын саналы таңдай алуды қарастырады.

7. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілік. Бұл құзырет отбасылық, еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық қызмет білімі мен тәжірибесінің болуын білдіреді. Құзырет нақты әлеуметтік қоғамдық жағдайларға талдау жасай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда, яғни өзінің мүмкіндігін нақты перспективалық жоспарлаумен салыстыра білуді,  қызметін өзіндік қадір-қасиет сезімімен ұйымдастыра білуді, өзінің өмірі мен ісіне жауапты қарауды, жеке және қоғам пайдасына сәйкес шешім қабылдауды және ықпал етуді қарастырады.

Аталған құзыреттіліктерді игеру оқушының орта білім беретін мектеп жағдайында нәтижелі әлеуметтендірілуіне игі ықпал етеді.

12 жылдық мектепке енгізілген бейіналды және бейіндік дайындық оқушының өз қабілеті мен өмірлік құқығына сәйкес өзін-өзі кәсіби анықтауында, болашақ кәсіби қызметін саналы да жауапты таңдауына едәуір тиімді дайындыққа қол жеткізуде олардың әллеуметтендірілу мүмкіндігін кеңейтеді.