1-фактор. Білім беру парадигмасының өзгеруі.
Қазіргі білім беру тұлғалық-бағдарланған стратегиясын іске асыруға бағытталған. Оның негізгі идеясы-оқушыларға механикалық түрде білім беру емес, олардың табиғи қабілеттері мен әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып өмірлік жоспарларын жүзеге асыруларына кең мүмкіндіктер жасайтын білім кеңіcтігін құру.
2-фактор. Оқушылардың денсаулығын сақтау.
Бірінші сыныпта оқушылар аптасына белгіленген 20 сағаттың орнына 22 сағат, жоғары сынып оқушылары 38 сағаттың орнына 40-42 сағат оқу жүктемесін орындайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, республикада 2 миллионнан астам бала 66% әр түрлі аурулармен диспансерлік есепте тұрады. Мектепте оқыту кезеңінде балалар арасында тыныс алу мүшелерінің, көз, асқорыту, жүйке-психикалық, тірек-қозғалыс аппараттарының зақымдануы сияқты т.б. аурулар ондаған есеге артып отыр.
12 жылдық оқу мерзіміне көшу жағдайында белгіленген күнделікті оқу жүктемесін азайту, оқушылардың әртүрлі үйірмелерге қатысуларына, бос уақыттарын өз мүдделеріне сай өткізулеріне мүмкіндік жасайды.
3-фактор. Оқушыларды әлеуметтендіру, әлеуметтік шиеленісті төмендету.
Дәстүрлі 11 жылдық жалпы орта білім беру нарығының қажеттіліктеріне орай оқытудың тәжірибелік бағытына сәйкес кәсіптік бағдарды қамтамасыз ете алмайды. 12 жылдық мектептің негізгі буынында оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.
4-фактор. Оқу сапасын арттыру.
12 жылдық білім беруге көшу күнделікті оқу жүктемесін төмендету есебінен жалпы орта білім берудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Білім сапасын арттыру оқу материалдарын мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының талаптары деңгейіне сай меңгеруге, сырттай және іштей саралаудың тиімді тепе-теңдігін құруға кепілдік беретін педагогикалық жаңартпашыл оқыту технологияларын жетілдіру нәтижесінде жүзеге асырылады.
5-фактор. Отандық аттестаттардың шетелдерде танылуы жөніндегі әлемдік іс-тәжірибелер.
12 жылдық білім берудің басым бағыты-педагогикалық іс-әрекеттің жеке тұлғаға бағытталуы. Тұлғаға бағытталған көзқарас-педагогикалық іс-әрекеттің методологиялық жаңа бағыты.
Болашақ мамандардың 12 жылдық білім берудің әдіснамасын, оның теориялық және практикалық негіздерін қазірден бастап жан-жақты үйренуі аса маңызды әрі өзекті мәселе. Осы орайда, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлаудың жалпы жүйесінде педагогика курсы ерекше орын алады.