Загрузка...

Металл ақша және қағаз ақша айналысы

Загрузка...

Ақша өзінің материалдық-заттық құрылымы жөнінен металл ақшалар және казыналық билеттер (қағаз және несие ақшалары) болып екіге бөлінеді. Екінші ірі коғамдық енбек бөлінісінің нәтижесі — егіншіліктен қолөнер кәсібі бөлініп шығуына байланысты тауар өндірісі қалыптасып, айырбас нақтылы үздіксіз құбылысқа айналғанда ақшаның рөлін орындайтын салмақты металл заттар жүре бастады. Металл ақшаның пайда болуына байланысты ақша белгісінін салмағын өлшеу жүйесі де пайда болды. Алдымен белгілі бір массасы көрсетілген бірақ формасы жоқ металл сынықтарынын орнына әр түрлі массалы металл кесектері айналымға түскен. Дегенмен, жаңа дәуірге дейінгі XIII ғасырда кейбір елдерде массасы көрсетілген металл құймалар айналыста болыпты. Осыған байланысты казіргі уақытта да көптеген ақша өлшемінің атауы оның салмақ атауымен бірдей, мысалы, фунт стерлинг, ливр, марка — «жарты фунт» деген ұғым. Ал фунт — орыстың бұрынғы 409,5 грамдық өлшеміне тең екен. Киев Русіндегі ақша өлшемі гривна күмістің фунты деген мағынаны көрсеткен, ал оның тең жартысы (рубленая пополам) рубль деп аталған.
Металл ақшанын алғашқы түрі — құйма металл, онын формасы да әр түрлі болған (шыбық, сым, табақша және т.б.). Салмақты металл құймалары айырбаста алып жүруге және сақтауға өте ыңғайсыз болғандықтан, сауданын баяу жүруіне әкеп соқтырған.
Біртіндеп металл ақшанын түрі де, салмағы да өзгерген. Мысалы, ертедегі Римде ақша орнына белгілі бір салмағы бар формасыз мыс құймасы, одан кейін жолақша сызығы мен нүктелері бар табақша, ең соңғыда екі жағында сурет салынған массасы 1 немесе 2 фунт болатын дөңгелек ақша пайда болған. Сөйтіп, металл акшалардың формасының неше түрлі болып өзгеріп, ақырында дөңгелек түріне келуі тауар — ақша айналымының табиғи даму жолын көрсетеді.
Қоғамдық еңбек бөлінісі дамуының жоғары сатысында металдан монета түрінде ақша құйыла бастады. Нарықтык қатынастардың дамуына байланысты тауар сатушылардың арасынан көпестер бөлініп шығып, олар тауар айырбасында тек делдалдық кәсіппен шұғылданды. Сонымен, монета деген заң жүзінде құрамындағы белгілі бір металдың салмағын, сыртқы түрін бекіткен тағайынды формадағы ақша белгісі. Мемлекет алтынның сынамасын, массасын, типін эмиссия ережесін және т.с.с. бекітеді. Монетаның бет жағын — аверс, сыртын — реверс, жиегін-гурт немесе обрез деп атайды.
Металл ақшалар толық құнды және толық құны жоқ ақша болып бөлінеді. Толық кұнды ақша деп монетада көрсетілген құн монета соғуға жұмсалған металдың құнына тең ақшаны айтады. Ондай ақша өзінің пайда болғанынан бастап жалпы құн эквиваленті болды және ақшаның барлық қызметін атқарды. Толық кұны жоқ ақша — монетада көрсетілген кұн оны соғуға жұмсалған металдың құнынан жоғары болатын ақша. Ол толық құнды ақшаның ұсақ бөліктері ретінде кішігірім төлемдерді атқару үшін майда монета түрінде қолданылады. Оны билондық монета деп те атайды. Ақша айналысы шапшаң болғандықтан тез ысылып салмағын, соған байланысты құнын жоятындықтан майда ақшалар алтын монеталы стандарт кезінде де кембағалы металдардан соғылды. Олар алғашқыда күмістен, бертін келе және қазір металдар қоспасынан және алюминийден соғылады.
Ақша айналысында майда ақшаның үлес салмағы аз. Дегенмен майда ақшаны айналысқа түсіру мемлекетке пайдалы. Ол пайда монетада көрсетілген құнмен оның құрамындағы металдың нарықтық бағасының айырмасына тең.
XX ғ. 70-жылдары алтынға деноминация жүргізілді. Алғашқыда алтын елдін ішкі ақша айналымында айналыс және төлем құралы ретінде пайдаланылса, ал 1976 жылдан бастап ол дүнижүзілік ақша қызметін де орындамайды. Алтын мемлекетті ішкі айналымынан да, әлемдік нарықтан да қағаз және несие ақшаларымен ығыстырылды.
Металл ақша айналысының объективті заңдылықтары және капитализм тұсында тауар өндірісінің қарқынды дамуы айналымға қосымша ақшаның қажеттілігін арттырып, ақшаның дербес құны жоқ ақша таңбаларымен айырбастау мүмкіндігін ашты. Қағаз ақшаның шығу мүмкіндігі мына себептерге байланысты болды:
• біріншіден, ақша құн өлшемі қызметін қолдағы алтын
ақша емес, ойдағы ақша ретінде атқару ерекшелігіне;
• екіншіден, ақша айналыс құралы ретінде өз қызметін
шапшаң, ілезде атқару ерекшелігіне, яғни тауар айырбасында ақша делдал болуына байланысты.
• бұл мүмкіндіктің іс-жүзіне айналуы біраз себептерді қамтитын тарихи ұзақ процесс:
• монетаның табиғи ысылып тозуынан оның толық құны жойылып, құр ақша белгісіне айналуы. Мысалы, 1809-1829 жж. Еуропа елдерінде монетаның тозу себебінен 19 млн. фунт стерлинг монета айналыстан
шығарылған;
• мемлекеттің және жеке адамдардың — жасанды ақша
жасаушылардың монетаны бұзуы. Мемлекеттің металл ақшаны саналы түрде бұзуы — ол қазынаға қосымша табыс түсіру мақсатында монетаның асыл металл құрамын әдейі төмендетуі. Мысалы, Ресей патшасы Алексей Михайловичтың тұсында, яғни 1654-1662 жж. ең көп мөлшерде мыс тиындар шығарылған. Нарыктық бағасы бар болғаны 12 копеек болатын 1 фунт мыстан 10 рубль болатын монеталар соғылды. Олардың нақты құны номинал кұнынын 1-2 проценті ғана. Монетаны бұзу айырбас процесін мүлдем кері кетірді. Ақшаның құнсыздануы шаруаларды, кәсіпқойларды, ұсақ саудагерлерді көп шығынға душар етті. Олар патша өкіметіне өздерінің қарсылығын білдіріп, 1662 жылы 25 маусымында көтеріліске шықты. Тарихта ол «мыс бүлігі» деп аталды. Көтеріліс қатал жаншылып, мыс монетаны соғу тоқтатылды. Бүлінген 100 мыс копеектің орнына 1 күміс копеек айырбасталды.
• мемлекет өз шығындарын өтеу үшін ақшаның қағаз белгілерін шығаруы. Мысалы, Солтүстік Америка өзінің тәуелсіздігі үшін күресін қаржыландыру мақсатында «континенттік» деп аталатын ақша шығарды. Оның мөлшерінің көп болғандығы соншалық — бір арба провиантқа бір арба ақша алмастырылды.
Сөйтіп, К. Маркстің сөзімен айтқанда: «өзінің айналыстағы делдалдық рөлінде алтын әр түрлі өзгерістерге ұшырады. Ол қырқылып, тіпті бір жапырақ қағазға дейін жұқартылды»
Алғашқы қағаз ақшалар XII ғ. Қытайда пайда болса, оның кең тарауы XVII ғ. аяғында капиталистік тауар өндірісінің дамуынан бастау алды. 1690 ж. Солтүстік Америкада, 1716 ж. Францияда, 1762 ж. Австрияда, 1795ж. АҚШ-та қағаз ақша шыға бастады. Ресейде кағаз ақша ассигнациясы Екатерина II-нің басқаруы тұсында 1769 жылы жүргізілді. Ақша императоршаның бейнесімен өрнектелгендіктен, халық оны «катенька» деп атады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қағаз ақша барлық елдерде жүре бастады.
Сырт көзбен қарағанда қағаз ақша толық кұнды ақшаның мемлекет шығарған орынбасары сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде ол толық құнды ақша айналысынын объективті заңдарына байланысты металл ақша айналысы процесінде ақшадағы көрсетілген құнының іс-жүзіндегі нақты құнынан ауытқуы нәтижесінде пайда болды. Мемлекет осы объективті мүмкіндікті пайдаланып, тек қағаз ақша шығарумен және оның курсын (бағамын) белгілеумен шұғылданады. Қағаз ақша — құн белгісінің ең бір нақтыланған ақырғы түрі.
Сөйтіп, қағаз акша («декретные деньги» — өкіметтің қаулысымен қабылданған — «занды ақша») — ол толық құнды ақшаның орнына айналым және төлем құралы қызметтерін атқаратын, мемлекет өз шығындарын жабу үшін шығаратын және ықтиярсыз көрсеткен құны бар, әдетте металға айырбасталмайтын ақша белгісі (немесе құн белгісі, алтынның өкілі). Тарихи ол алтын мен күмістің өкілі ретінде, солардың орнына пайда болды.
Қағаз ақшаның өз құны жоқ, себебі оны басып шығаруға аз ғана еңбек жұмсалады. Ол толық құны жоқ ақша. Заңды төлем құралы болып бекітілген кезде қағаз ақшаның сатып алу мүмкіндігі бар, яғни ол айналысқа жарамды. Айналыстан тыс қағаз ақша — керексіз бос қағаз. Егер нақты ақша (алтын) өз құнымен айналысқа қызмет етсе, ал қағаз ақша тек айналыста ғана нарықтық құнға ие болады. Мемлекеттің күшпен ықтиярсыз көрсеткен құны (принудительная стоимость) қағаз ақшаның осы елдің өзінде ғана қолдануға болатын қоғамдық мәнін көрсетеді. Әлбетте мемлекет қағаз ақшаға кез келген құнды керсетіп, шексіз мөлшерде шығаруы мүмкін. Мемлекеттің қағаз ақшаға деген күші осымен аяқталады.

Загрузка...