«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының көптеген нұсқалары бар. Бұл жырды XIX ғасыр бойында орыс ориенталистері жинап, бастырған еді. Ең алғаш бұл сюжеттің башқұрт тілндегі бір нұсқасын 1812 жылы Т. Беляев жазып алып, Қазақ қаласында жарияланған.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының қазақ арасындағы сюжеттерін 1830 жылдардан бастап белгілі шығыстанушы Г. Саблуков, орыс халқының ұлы ақыны А.С. Пушкин жазып алады. Бұлар жырдың қазақ тіліндегі нұсқасын бастауы алмаса да, «Қозы Көрпеш» жырымен орыс оқырмандарын тұңғыш рет таныстырады. Г.Саблуков жырдың бір сюжетін 1830 жылы Семей губерниясындағы Көкжиектеді жүрген орыс чиновнигінен түсіріп алады. Мұндай нұсқалар оның қолында көп болған. Оларда Шөже жырының әсері, содан туатын діни сарындар, ержегілік арна күштірек. Жырдың басқа да нұсқалары аз емес. Мысалы, «Қозы Көрпеш» жырының әлеуметік- реалистік мазмұны басым үлгісін 1833 жылы А.С. Пушкин жазып алып, сол жайында поэма жазуды жоспарланғаны анықталды, — дейді фольклорист, ғалым Ә. Қоңыртбаев өз еңбегінде. Жырдың сюжетін А.С. Пушкин Жайық бойындағы кіш жүз қазақтарынан жазып алған. Бұл вариант айрықша бағалы, халықтық мазмұны күштірек болғандықтан, академик А.С. Орлов өзінің «Казахский героический эпос» деген еңбегінде орысының прогресті жұртшылығын ең алғаш қазақ халқының тамаша эпосы «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырымен таныстырушы А.С. Пушкин болды деп дұрыс айтады.

Бұдан соң бұл жырдың бір нұсқасын Жанақ ақын аузынан қазақтың тұңғыш ағартушысы, демократы Ш. Уәлиханов жазып алған. Бұл өзіне мектеп жасаған дарынды айтушы, қобызшы Жанықтың өз аузынан шыққандықтан және Шоқанның, Г.Н. Потаннинің жақсы бағалаған жыры болғандан «Қозы Көрпеш» дастанының бір құнды варианты делінеді. Жалғыз–ақ Жанақ нұсқасы Шоқанның қолжазбаларымен бірге Тезек төренің ауылында жойылған, бізге келіп жеткен жоқ.

«Қозы Көрпеш» жырының қазақ, ұйғыр, барабы татарларының арасындағы түрлі нұсқаларын халық ауызынан жазып алып, сол елдердің өз тілінде тұңғыш рет жариялаған, айрықша еңбек сіңірген зерттеуші-академик В.В. Радлов. Ол «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының әрі алғаш жинаушысы, әрі зерттеушілерінің бірі болды.

«Қозы Көрпеш» жырының қазақша нұсқасын В.В.Радлов 1865 жылы Аягөз бойынан жазып алып, өзінің «Образцы народной литературы тюрских племен» деген кітабының үшінші бөліміне қосқан. Бұл нұсқа 968 жол, бір буынды қара өлеңнен жазылған.

В.В. Радловтан соң «Қозы Көрпеш» жырының қазақша бір нұсқасын 1876 жылы Петербург университетінің профессоры И.Н. Березин өзінің «Турецкая хрестоматия» атты жинағына енгізген. Бұл нұсқа – Жанақ, Шоқан вариантының бір көрінісі.

Қазақтың халық ақындары ішінен «Қозы Көрпеш» әңгімесін Абай ауданынан Шәкір Әбенов жаңғырта жырлаған. Оның өз поэмасы 1936 жылы шықты.

Шөже нұсқасы да революциядан кейін жазылып алынған. Оны бізге жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорында Шөже жырының тағы бір үлгісі бар. Айтушысы- Мұқан Машанов, жазып алған (1905)- Бозтай Жақыпбаев. Жырдың тағы бір варианты институттың қолжазбалар қорына 1947 жылы Ұлытау өңірінен келіп түскенді. Соның бәрін Ы. Дүйсенбаев тапқан Әбдірахманов, Фролов, Батырханов нұсқаларына қосамыз. «Қозы Көрпеш» жырының ел ішінде басқа да варианттары болуға тиіс.

Жырдың сан алуан нұсқаларын сөз еткенде, біз қай айтушы қандай өзгерістер енгізеді, оның ерекшелігі қайсы, сол сюжеттердің өзара айырмашылығы неде деген сауалдарға жауап іздейміз.

«Қозы Көрпеш» жырының варианттарын сюжетіне қарай үш түрлі салаға жіктеуге болады:

  1. Мұнда жырдың көпшілік сюжеті трагедиялы болып келеді. Оған Шоқан – Жанақ, Березин, Пушкин, Чеканский, Кастанье, Машанов, Тверитин, Әбенов, Жылқайдаров, Батырханов, Дербісалин, Ұлғашев нұсқалары, барыбы, башқұр, ұйғыр тіліндегі, тағы басқа бірнеше ұсақ кестелер жатады.
  2. Жырдың бұл саласында трагедиялық аяқтама жоқ. Оларда Қозы мен Баян феодалдық қоғам жағдайында өздерінің армандарына жетеді. Бұл — В.В. Радлов пен Бейсембай нұсқасы. В Радлвтың қазақ арасынан жазып алған «Қозы Көрпеш» жыры трагедиясыз болса, барыбы татарларынан жазып алғаны- трагедиялы.
  3. Соңғы салаға жататын нұсқалар — Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтында сақтаулы тұрған Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбалары. Бұл варианттарда Қодар қолынан өлген Қозы кейде отыз бір жыл, кейде жеті ай, енді бірде үш күнге тіріліп, Баянмен уақытша қосылып, біраз өмір сүргеннен соң қайта өледі.

«Қозы Көрпеш» жырының сюжеті қазақ, башқұрт, монғол, якут, ұйғыр, Сібір татарларында бар. Соған қарағанда оны бастапқы ертегілік желісі Алтай, Жетісу жағында, оғыз тайпалары дәуірінде туған ба дейміз. «Қозы»- қой аты емес, «оғыз» түбірінен туған. Монғолдар бұл жырды «Козюке», «Козы Еркеш», «Малшы мерген» десе, ұйғырлар «Бозы Көрпеш» дейді.

Жырдың сюжеті XIX ғасырда жазылып алғандықтан, Онда Қарқаралы, Қараөткел, Баянауыл, Қарасақпай, Аягөз дейтін кейінгі дәуір атаулары да жүр. Сол себепті, жыр VIII-XIX ғасырлар арасындағы қазақ өмірінің көп заманын қамтып, өзінше бір энциклопедияға айналған.

Жырдың түпкі идеясы әйел басындағы теңсіздікпен байланысты болғандықтан, бірінші орынға Қозы емес, Баян образы шығады. Жырдағы Баян бейнесін біз негізінен екі арнада түсінеміз. Бірінде ол- ата-ана салты, ескі қоған дәстүрімен келіспей, өз жүрегінің  нәзік сезімін, еркіндігін феодалдық ортадан жоғары ұстағын азайтып, халықтық бейне. Екіншісінде Баян – ескі салтпен ымыраласқан, сол себепті жесір немесе құдалық идеясының жетегінде жүрген пассив образ.

Баян образының ең күшті жағы трагедиялы жырларда десек, оның ең басты қасиеті – азатшылдығы. Қыз басындағы осы жүйені жыр берік махаббат, күшті адамгершілік сезім арқылы гуманизм рухында жырлай білген. Екі дастың махаббаты үнемі дамып, күшейтіп, динамикалық арнада беріледі. Қодар қиянат жасап, Қозыны Шоқтеректе өлтірген сәтте де Баян өзінің сертінен қайтпайды. Жұбатпақ болған әкесіне:

Етегімді жел ашып жүрген емен,

                                   Қозкеден басқаға күйген емен,

                                   Әке, неке қи – дағы енді өзің ал,

 Елден бура салғандай інген емен,-

дейді.

Баянның жарқын мінездері мұнымен де шектелмейді. Ол — өзінің адамдық, сүйіспеншілік сезіміне ажалдан да жоғары қоятын, оған ешбір кір келтірмейтін, халыққа үлгі, идеал болған қыз. Өзінің Қозыға деген адал махаббатын, сол сезімге беріктігін ақырғы рет болса да жақтан қалу үшін Баян Қозы сүйегінің басында антын шешіп, өзіне-өзі қанжар салады.

«Қозы Көрпеш» жырының тарихи мазмұнына сай, оның қайшылықтары да бар. Жырға түрлі ырым- жырымдар мен наным- сенімдер мол енген сондай күрделі қайшылықтардың бірі- Қарабай мен Сарыбай арасындағы «құдалық» шарты.Бесікте жатқан екі сәбиді байлар өзара атастырып, Сарыбай өлген соң бұрынғы бата бұзылып, оқиғаның тартысы басталады. Содан былай Қарабай ақ батаны бұзушы, Қозы мен Баян сол ақ бата үшін күресуші ретінде суреттеледі.

«Қозы Көрпеш» жыры көп заманнан бері келе жатқан сюжет болса да, онда XIX ғасырдың орта кезінде қазақ даласында туған саяси-экономикалық өзгерістердің те таңбасы бар. Соны кейінгі айтушылар құдалық, әмеңгерлік салттарының әсерімен жаңғырта жырлаған.

Жырдың өткір, әлеуметтік тартысына сай сюжеттік құрылысы да көркем әрі қонымды. Трагедиялы жырлардың сюжеті негіщінен үш салаға бөлінеді: а) екі байдың аңға шығып құда болуы, Сарыбай өлген соң Қарабайдың антын бұзвп, көшуі. Бұл тарау жырдың экспозициясы мен байланысына сай; ә) Қозының Баянды іздеп табуы, екеуінің табысуы мен өлімі. Бұл сюжеттің дамуы мен шарықтау шегіне тән; б) Қозы өлген соң Баянның жұртта қалып, Қозы бейітінің басына барып өлуі. Бұл оқиғаның басты шешуі. Жырдың ең басты кейіпкері Баян болатыны да осыдан келіп туады. «Қозы Көрпеш» жыры өзінің тақырыбы жағынан өткен дәуірдің күрделі әлеуметтік проблемасына құрылған мазмұнды, шыншыл проблемалы эпостың бірі. Ол проблема- адам еркіндігі, әйел теңдігі мәселесі.

Бұл жырдың өлмейтін көркемдік қасиеті — образдарының қуатында, әсерінде. Баян мен Қозы арасындағы тап теңсіздігі содан туатын жырдың негізгі тартысы қоғам өмірінің ұсақ сыртқы көрінісін емес, ішкі сырын, жұмбағын философиясын жинақтайды.

Жырдың ең құнды жағы- тіл байлығында. Онда араб-парсы сөздігі мейлінше аз, жыр байырғы халық сөзінің мол лексикалық қорына негізделген. «Қозы Көрпеш» диалекті емес, қазақтың әдеби тіл нормасына жол салған эпостық мұраның бірі. Бұл үлгілердің тілі, өлеңдік кестесі, идеясы қарапайым халыққа жақын, түсінікті.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры қазақ даласындағы барлық лиро- эпостық жырларға жол салған шығарма. Сол негізінде «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан», «Есім сері-Зылиха» сияқты көптеген ғашықтық жырлар туған.