Бухгалтерлік есеп принциптері

Бухгалтерлік есеп көптеген жылдар бойы басқа ғылымдар сияқты дамып, қоғамның экономикалық-әлеуметтік жағдайларына сай өзгерістерге ұшырап келе жатқан, сондай-ақ өмірде өзінің ерекшелігімен оқшауланатын ғылым болып табылады. Белгілі ғалым Б. Де Солозано осы ғылым туралы “Бухгалтерлік есеп барлық ғылымдар мен өнердің ең алдында тұрады, басқалары онсыз өмір сүре алмаса, бухгалтерлік есеп үшін олардың ешқайсысы қажет емес” – деген болса, оның әріптесі Р. А. Фаулки “Есеп – бұл барлық бизнестің тілі, яғни философиясы” – деп атаған. Бухгалтерлік есеп ұйымның қаржылық ақпаттарын өлшейтін, есептейтін және оны пайдаланушыларға жеткізіп отыратын жүйе болып табылады. Бухгалтерлік есеп басқару жүйесінде ең маңызды орындардың бірін иеленеді. Бұған дәлел ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 1992 жылы өткізген конференциясында “Есептей алмаған, басқара алмайды” – деген сөздің бекер айтылмағандығын атап өтуге болады. Жалпы, бухгалтерлік есеп ұйымға оның қаржылық жағдайын жоспарлау, бағалау, бақылау және талдау секілді функцияларды орындауы үшін қажет. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп кәсіпорынның активтері мен міндеттемелері, капиталы және өндірілген өнімдері мен олардың сатылғандығы туралы ақпараттарды жинақтап көрсетеді. Тек қана бухгалтерлік есеп арқылы ұйымның табыстары мен шығындарын және шаруашылық қызметінің соңғы қаржылық нәтижесін анықтауға болады. Бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйесі қаржылық (сыртқы) және басқарушы (ішкі) есеп болып екіге бөлінеді. Басқарушы есеп кәсіпорынның қаржылық ақпараттарын ішкі пайдаланушыларға жеткізіп отыратын жүйе болса, ал қаржылық есеп жоғарыда айтылған қаржылық ақпараттарды ішкі пайдаланушылармен қатар сыртқы пайдаланушыларға жеткізіп отыратын жүйе. Яғни, басқарушы есептің мәліметін кәсіпорын басшылары қандай да бір шешім қабылдау үшін пайдаланса, қаржылық есептің мәліметін бұлармен қоса жабдықтаушы (мердігер) кәсіпорындар, банк мекемелері, салық органдары және тағы да басқалар пайдаланады. Кез келген ұйым үшін қаржылық есеп міндетті түрде жүргізілетін болса, басқарушы есептің жүргізілуі және оның тәртібі әрбір кәсіпорынның экономикалық саясатына байланысты.

Бүгінгі таңда ел экономикасының нарықтық жолға көшуіне байланысты жаңа кәсіпкерлік қызметтердің пайда бола бастауына сәйкес бухгалтерлік есептің маңызы мен рөлі арта түсуде. Осыған орай бухгалтерлік есептің мазмұны мен құрылымына өзгерістер енгізілді. Елімізде жүргізіліп отырған бухгалтерлік есеп толығымен халықаралық қаржылық есеп беру талаптарына сай орындалады. Міне осыларды ескере отырып бұрын есепші деп саналып келген бухгалтер маманы кәсіпорынның қаржылық жағдайын анықтап, бағалап, есептеп отырумен қатар кәсіпорынның алдағы уақыттағы экономикалық әл-ауқатын дамыту жолдарын жоспарлай білуі қажет. Сондықтан да кез келген елде бухгалтер мамандарын барынша білімді етіп даярлау сол елдегі ұйымдардың экономикалық жағынан тұрақты дамуына кепілдік береді.

Стандарт сөзі ағылшын тілінен аударғанда үлгі, норма деген мағынаны білдіреді. Ал бухгалтерлік есеп стандарттары дегеніміз кәсіпорындағы есеп жұмысын дұрыс жүргізудің және құжаттарды дұрыс толтырудың ережесі болып табылады. Әрбір осындай ереже бухгалтерлік есептің әдістері мен тәсілдерін, мәні мен мағынасын және терминалогиясын анықтайды. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру стандарттарының қай-қайсысының болмасын өз мақсаты, қолданылу аясы (орны), анықтамасы, қолданысқа (күшіне) енген уақыты және мазмұны болады.
Мақсаты. Бұл бапта стандарттың қандай мақсатқа арналып шығарылғандығы және есеп мәселелері қысқаша баяндалады.
Қолданылу аясы (орны). Стандарттың пайдаланылатын жерлері мен қандай жағдайда (жерлерде) қолданылмайтындығы осы бапта жазылады.
Анықтамасы. Стандарттағы келтірілген негізгі терминдерге түсініктеме берілетін бап болып табылады.
Қолданысқа (күшіне) енген уақыты. Стандарттың қай уақыттан бастап күшіне енетіндігі осы бапта кәсіпорынның есеп саясатына түсінік беріледі.
Кей кездерде стандарттың қосымшалары да жарыққа шығуы мүмкін. Бұл қосымшада жаңа стандарттың басқа қай елдерде қолданылғандығы жазылып және оған қоса мысалдар берілуі мүмкін. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру стандарттары халықаралық және ішкі болып екі түрге бөлінеді. Халықаралық стандартты қаржылық есеп беру стандартын дайындаудың (жасаудың) халықаралық комитеті жасап шығарады. Ал ішкі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру стандарттары әр елде бухгалтерлік есепті жүргізу үшін, сол елдің ішінде жасалынады. Бұл жоғарыда аталған халықаралық бухгалтерлік есеп стандарты мен ішкі бухгалтерлік есеп стандартының арасында тікелей байланыс болуы қажет. Халықаралық бухгалтерлік есеп стандартын дайындау (құру) барысында әрбір елдердегі тәжірибеде кездескен мәселелер жан-жақты талданып, оны шешу жолдары іздестірілетін болса, әрбір ел өзінің ішкі бухгалтерлік есеп стандартын жасауы (құруы) барысында халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарын негізге алады. Бүкіл әлемдегі елдерде қаржылық есеп беруде қолданылатын бухгалтерлік есеп принциптерін бір ізге салуға (унификациялауға) қол жеткізу үшін 1973 жылғы 29 маусымда Қаржылық есеп беру стандартының халықаралық комитеті құрылды. Жалпы бұл ұйымның құрылуы АҚШ, Австралия, Германия, Голландия, Жапония, Ирлания, Канада, Мексика, Ұлыбритания және Франция сынды елдердің бухгалтерлерінің келесімге келуімен іске асырылды. Алғашқы уақытта, яғни қаржылық есеп беру стандартының халықаралық комитеті құрылған кезде оның құрамына жоғарыда аталған елдерден жеті білікті маман алынған болатын. Ал бүгінгі күні оның құрамында бұл аталған елдерден басқа Үндістан, Малайзия, Оңтүстік Африка Республикасы, Швейцария, Зимбабве және тағы да басқа елдердің өкілдері бар. Қаржылық есеп беру стандартының халықаралық комитеті өздерінің жарыққа шыққан жаңа стандарттары мен басқадай нұсқаулары, ережелері және түсініктері үшін табыс алып отырады. Сонымен қатар комитетке бухгалтерлердің халықаралық федерациясы, қаржылық институттар, бухгалтерлік фирмалар және басқадай ұйымдар қаржылық көмек көрсетіп отырады. Халықаралық қаржылық есеп беру стандартының негізгі мақсаты-мына төмендегілерді орындай отырып қаржылық есеп беруге қол жеткізу:
— қаржылық ақпаратты құру барысында қажетті міндеттер;
— ақпараттық жүйені құру принциптері;
— осы ақпараттардың сапалық сипаттамалары;
— қаржылық есеп берудің элементтері;
— өлшеу және мойындау критериялары.
Қаржылық есептің мақсаты – кәсіпорынның қаржылық жағдайы туралы және қаржылық жағдайының өзгеруі туралы ақпараттар беру. Сондай-ақ ұйымның қаржылық есебінде мыналарға қажетті ақпараттық мәліметтердің болуы қажет:
— қаржы салымын жасау және несие беру туралы шешім
қабылдауға қажетті мәлімет;
— ұйымның алдағы кезеңдегі ақшалай айналымын бақылауға қажетті мәлімет;
— ұйымға берілген ресурстармен байланысты міндеттерін бағалауға қажетті мәлімет;
— басқару органдарының жұмысын бағалауға қажетті мәлімет.
Қаржылық есеп ұйымның бухгалтерлік ақпараттарының алғашқы таратылым құралы болып есептеледі. Ал бұл қаржылық есеп бухгалтерлік есептің жеті элементінен құралады. Элементтердің алғашқы үштігінің қатарына ұйымның балансында көрсетілетін активтері, меншікті капиталы және міндеттемесі жатқызылады. Қалған төрт элементі кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметі туралы есебінде көрсетілетін табыс, шығын, пайда және зиян деп аталатын топтардан тұрады. Қаржылық есеп беру тұжырымдамалары (концепциялары) шешім қабылдау үдерісінде көрсетілетін бухгалтерлік ақпараттардың қажеттілігін анықтайды және оны бекітеді. Есеп тұжырымдамасын (концепциясын) жалпы және жеке – деп аталатын екі түрге бөлуге болады.