Жер құрылысын зерттеу

Жердің құрамы, құрылысы, қасиеттері жөніндегі мәліметтер жер қыртысының үстіңгі қабаттарын тікелей бақылау, серпінді толқындардың таралу жылдамдығына негізделген сейсмикалық әдістер арқылы жанама деректер. Осы деректерге байланысты жер негізгі үш геосферадан тұрады: жер қыртысы, мантия және ядро. Бұл геосфералар сейсмикалық толқындардың жылдамдығына және олардың тереңдік бойынша өзгеруіне байланысты сегіз сейсмикалық қабатқа бөлінеді: А, В, С, D’, D”, E, F, G. Сонымен қатар жерде жоғарғы қатты қабаты литосфера мен төменгі жұмсақ қабаты астеносфера бөлінеді. А – жер қыртысы. В, С, D’ және D” қабаттары – жер мантиясы. В – қабаты Мохоровичич бетінен 400 м тереңдікке дейін бойлайды. В қабаты мен жер қыртысының арасында қарқынды зат алмасу жүреді. Бұл қабатта сейсмикалық толқындардың жылдамдығын төмендететін белдемдер бар. Олардың тереңдігі құрлықта 100-220 км. Бұл белдемдердегі толқындардың жылдамдығының төмендеуі жоғарғы температурамен оған сәйкес қысымға байланысты. С қабаты 400-900 км тереңдікте қамтиды және бұл қабат  минералдық зат тығыздығы артып басқа түрлерге алмасуына байланысты толқын жылдамдығының тез өсуімен сипатталады. D’ (900-2700 км) қабатында толқындардың жылдамдығы біртекті заттардың нығыздалуына байланысты өседі.  D” қабатында (2700-2885 км ) заттардың құрамы әртекті және температураның жоғары болуына байланысты сейсмикалық толқындардың жылдамдығы тұрақсыз. E, F, G қабаттары жердің ядросын (радиусы 3486 км ) құрайды. Ол сыртқы ( Е қабаты) және ішкі (G қабаты ) ядроға (субядроға) бөлінеді. Бұл екеуінің арасында сыртқы ядро құрамына кіретін аралық белдем (F қабаты) бар. Ядро шекарасында бойлық  сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы 13,6 км/с –тен 8,1 км/с –ке дейін кемиді., субядро шегіне таяу 11,2 км/с-ке дейін артады. Субядродағы сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тұрақты. Жердің физикалық қасиеттері мен температурасы  тереңдеген сайын өзгереді. Жер қыртысының орташа тығыздығы 2,8т/м3. Жер қыртысының шөгінді қабатындағы орташа тығыздығы 2,4-2,5 т/м3 , “граниттік” қабатта 2,7 т/м3, “базальттық” қабатта 2,9 т/м3, мантияда 3,6-4,5 т/м3, ядро шекарасында 5,6т/м3, ядрода 10,0 т/м3, жер центрінде 12,5 т/м3. 2500 км- ге дейінгі тереңдікте ауырлық күші үдеуінің шамасы 10 м/с2-ке, ядро шекарасында 10,7 м/с2, жер центрінде нөлге тең. Тығыздық пен ауырлық күші үдеуінің  мәндері бойынша есептелген қабаттардың қысымы құрлықтық  жер қыртысына табынады 1 Гн/м2-ге, В қабаты табанында 14 Гн/м2-ге, С қабаты табанында 35 Гн/м2-ге ядро шекарасында 136 Гн/м2-ге, жер центрінде 361 Гн/м2-ге тең.

Жерді көптеген ғалымдар зерттейді. Геодезия жердің мөлшері мен пішінін зерттесе, астраномия оны аспан денесі ретінде зерттейді; геофизика жер геосферасындағы физикалық процесстерді және заттық күйін, геохимия – химиялық элементтердің жер қойнауында таралуын, геология – жердің даму тарихын, құрылымын, физикалық география мен биологиялық география – қабықтағы және биосферадағы табиғи процесстер мен құбылыстарды зерттейді.