Жаза тағайындаудың түрлері

Жаза тағайындаудың түрлері туралы қазақша реферат

Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау. Егер адам ҚК-тің әртүрлі баптарында немесе бір бабының әртүрлі бөліктерінде көзделген екі немесе одан көп қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танылып, олардың ешқайсысы бойынша сотталмаған болса, сот әр қылмыс үшін негізгі, ал керек жағдайда қосымша жаза тағайындап, олардың жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру жолымен немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу жолымен белгілейді (ҚК-тің 58-бабының 1 бөлігі).

Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау процесі екі кезеңнен тұрады:

1) жиынтыққа кіретін қылмыстардың әрқайсына бөлек  жаза тағайындау;

2) сол қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза белгілеу.

Жиынтықты құрайтын қылмыстардың әрқайсына бөлек жаза тағайындау ҚК-тің 58-бабының маңызды талабы, одан ауытқуға жол берілмейді. Жаза тағайындаудың мұндай тәртібі сотталғаннан кейін айыпкерге қылмыстың әрбір нақты түрі бойынша рахымшылық немесе кешірім жасауды қолдануға мүмкіндік береді. Қылмыстық істі кассациялық немесе қоғамдық тәртіпте қараған жағдайда әрбір бөлек қылмыс үшін тағайындалған жазаны, егер негіз болса, жеңілдетуге немесе үкімнен тіптен алып тастауға мүмкіндік болады. Сонымен қатар кейбір қылмыс үшін жаза тағайындай отырып заң оның құқыктық салдарын қарастырған. Мысалы, қылмыстың қайталанғандығының орын алғандығын анықтау (ҚК-тің 13-бабы), бас бостандығынан айырғанда колонияның нысанын белгілеу (ҚК-тің 48-бабы), т.б.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындау әрбір қылмыс бойынша тағайындалған жазаларды жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу принципі бойынша жүргізіледі.

ҚК-тің 58-бабының 2 бөлігінде белгіленген жағдайларда ғана соттың сіңіру немесе қосу принциптерін тандауға кұқы бар, яғни ауырлығы шамалы қылмысты жасағаны үшін жаза тағайындағанда ғана. Басқа жағдайларда (егер жиынтыққа тек ауырлығы шағын ғана емес, басқа санаттағы да қылмыстар кірсе) сот тек жазаларды қосу принципін ғана колдануға міндетті.

Сіңіру принципін қолданғанда сот ҚК-тің Ерекше бөлімінің айыпкердің әрекеті сараланатын бабын назарға алмайды, жасалған әрбір қылмыс үшін осы санкциялар шегінде тағайындалған нақты жазаларды назарға алады. Жеңілірек қатаң жаза ауырырақ қатаң жазаға сіңіріледі. Егер сот сотталғанға ҚК-тің 221-бабының 2 бөлігі бойынша үш жыл бас бостандығынан айыруды белгілесе, ал ҚК-тің 341-бабының 1 бөлігі бойынша екі жыл бас бостандығынан айыруды белгілесе, қатаңырақ жаза — үш жыл, жеңілірек жаза  екі жылды өзіне сіңіреді, ал жиынтық бойынша түпкілікті жаза — үш жыл бас бостандығынан айыру болады. Жиынтыққа кіретін қылмыстар үшін әртүрлі жаза тағайындағанда да осы принцип сақталады.

Мысалы, бірінші қылмыс үшін сот айыпкерге бір жыл мерзімге түзеу жұмыстарын, жалақысының 20%-ін ұстауды тағайындады, ал екінші қылмыс үшін — үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қосу принципін қолданып, сот, бұл жағдайда, айыпкердің түкпілікті жазасы ретінде үш жыл бас бостандығынан айыруды тағайындайды. Жазалардың қатаңдығын салыстырғанда сот ҚК-тің 39-бабындағы, яғни жазалар жүйесіндегі көрсетілген жазалардың ретін басшылыққа алады.

Жекелеген қылмыстар үшін тағайындалған жазаларда қосу толық немесе ішінара болуы мүмкін, бірак барлық жағдайда қосқаннан кейінгі түпкілікті жаза жекелеген қылмысқа тағайындалған жазаның кез-келгенінен қатаң болуға тиіс. Жазаларды толық қосқанда олардың жиынтығы жеке жазалардың қосындысына тең болуға тиіс. Жазаларды ішінара қосқанда басқа қылмыс үшін тағайындалған жазаның бір бөлігі қатаңырақ жазаға қосылады.

Жазаларды қосуға белгілі бір шектеу қойылған (ҚК-тің 58-бабы). Егер   қылмыстардың жиынтығы тек ауырлығы шамалы қылмыстарды қамтитын болса, онда қосқаннан кейінгі түпкілікті жаза жасалған қылмыстардың ең ауыры үшін жауаптылық жөніндегі   Ерекше  бөлімнің  тиісті  бабының санкциясында   көзделген   жазаның   ең   көп мерзімінен немесе мөлшерінен асуға тиіс. Мысалы, адам ҚК-тің 182-бабының бірінші бөлігі және ҚК-тің 253-бабы бойынша сотталады. Бұл қылмыстың екі түрінің біріншісі ауырырақ болып саналады, ол үшін ең қатаң жаза — екі жылға бас бостандығынан айыру. ҚК-тің осы көрсетілген баптары бойынша бөлек тағайындалған жазаларды қосу принципін қолданып, сот тек 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады. Егер қылмыстар жиынтығы орта ауырлықтағы қылмысты, ауыр және ерекше ауыр қылмыстарды қамтыса, онда түпкілікті жаза тек жазаларды косу принципін қолдану жолымен тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза қолданылған қылмыстық заң нормаларының ауқымымен шектелмейді, тіптен 20 жыл шегінде тағайындалуы мүмкін. Егер қылмыстар жиынтығы жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза көзделген кемінде бір ерекше ауыр қылмысты қамтыса, бұл жағдайда да түпкілікті жаза тек жазаларды қосу принципі жолымен ғана тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 25 жылға дейінгі мерзімге тағайындалуы мүмкін.

Сонымен соттың қылмыстар жиынтығы болғанда жаза тағайындау принциптерін, сондай-ақ жазаларды қосу принципін қолданғанда бас бостандығынан айырудың ең көп шегін таңдау мүмкіндігін заң реттейді (ҚК-тің 58-бабы) және ол жиынтық құрайтын қылмыстардың қай санатқа жататындығына және олардың арасында 20 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза карастырылған қылмыстардың бар-жоғына байланысты. Мысалы, егер сот айыпкерге ҚК-тің 288-бабының 1 бөлігі бойынша алты ай мерзімге қамауға алу, ал 101-баптың 1 бөлігі бойынша екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаса, ол толық қосу принципіне сәйкес 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жиынтық бойынша түпкілікті жаза тағайындауға құқылы. Егер сот ҚК-тің 101-бабының 1 бөлігі бойынша 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, онда тек ішінара қосуды ғана қолдана алады, яғни 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыруға 288-бап бойынша тағайындалған 6 ай қамауға алудың 3 айын ғана қоса алады, себебі ҚК-тің 101-бабының 1 бөлігінде көзделген мерзімнің ең көп мөлшері 3 жыл, сондықтан түпкілікті жаза одан аспауға тиіс. Сонымен жазаларды қосқанда жазаның ең көп мөлшерін түпкілікті анықтау, егер осы мысалға қатысты алсақ, жиынтыққа кіретін екі қылмыстың да ауырлығы шағын қылмыстар санатына жатқандығына байланысты.

Осы келтірілген мысалда орын алып отырған әртекті жазаларды косу тәртібі ҚК-тің 61-бабымен реттеледі, онда қылмыстардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде бас бостандығынан айырудың бір күніне қамаудың немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстаудың бір күні, бас бостандығын шектеудің екі күні, түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудің үш күні, қоғамдық жұмыстарға тартудың сегіз сағаты сәйкес келеді делінген.

Кейде сот жиынтық құрайтын қылмыстар үшін әртүрлі, пара-пар емес жазалар тағайындайды.

Мысалы, бір қылмыс үшін — айыппұл салу, екінші үшін — бас бостандығынан айыру, үшінші үшін — белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын қолданады. Әрине, бұл жерде жеңілдеу жазаның катаңдау жазаға — бас бостандығынан айыруға сіңіру принципін қолдануға болады (егер негіз болса). Бірақ бұл жағдайда жазалаудың ықпалы, әсіресе сіңірілген жазаның    жеке сақтандыру мүмкіндігі пайдаланылмайды. Сондықтан да айыппұл салу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру, сондай-ақ   мүлікті   тәркілеу   сияқты   жазаларды   бас  бостандығын шектеу, түзеу жұмыстары, қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау, бас бостандығынан айыру   түріндегі   жазалармен   қосқан   кезде жазалардың бірінші тобы дербес орындалады (ҚК-тің 61-бабы). Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін қосымша жазалар тағайындалса, онда олар да, негізгі жазалар сияқты, бірін бірі сіңіре алады немесе біріне бірі қосыла алады. Әртекті қосымша   жазаларды қосқан күнде де (мысалы, айыппұл салу мен мүлікті тәркілеуді) олар дербес орындалады. Қылмыстар жиынтығы бойынша қосымша жазаларды түпкілікті тағайындау тәртібін ҚК-тің 58-бабының 5 бөлімі реттейді, онда қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған негізгі жазаға жиынтықты құрайтын қылмыстар үшін тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкін делінген. Қосқаннан кейінгі түпкілікті қосымша жаза қылмыстың осы түрі үшін белгіленген ең көп мерзімнен немесе мөлшерден асуға тиіс емес (ҚК-тің 40,41, 50, 51-баптары).

ҚК-тің 58-бабында белгіленген тәртіп іс бойынша сот үкімі шыққаннан кейін сол сотталған адамның бірінші іс бойынша үкім шыққанша басқа қылмыс жасағандығы анықталған жағдайға да таралады. Бұл жағдайда түпкілікті жаза мерзіміне бірінші үкім бойынша толық немесе ішінара өтелген мерзім кіреді. Бұл норма жиынтық құрайтын қылмыстар әр бөлек уақытта ашылып, осы әр бөлек қылмыстар үшін айыпкерді соттау әр уақытта шығарылған екі немесе одан көп үкімдер бойынша жүзеге асырылған жағдайға да қатысты. Мысалы, адам екі қылмыс жасайды — бұзақылық және ұрлық. Бұзақылық үшін ол сотталғанда, оның ұрлығы әлі ашылмаған. Бұзакылық үшін үкім шыққаннан кейін 6 ай өткен соң, ол ұрлық үшін жауапқа тартылып сотталады. Бұл жағдай да қылмыстар жиынтығы деген ұғымға сай келеді, себебі адам бір қылмыс бойынша сотталғанға дейін екі қылмыс жасаған. Сондықтан да бұл ретте де жаза тағайындаудың ҚК-тің 58-бабы белгілеген тәртібі қолданылады.

ҚК-тің 58-бабының 6 бөлігінде көрсетілген жағдайларда қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау мынадай үш кезеңнен өтеді:

1) сот жаңа үкім бойынша, яғни кейін ашылған қылмыс үшін жаза тағайындайды;

2) екі үкім бойынша тағайындалған жазалардың жұмсақтауын қатаңдауына сіңіру жолымен немесе жазаларды толық немесе ішінара қосу жолымен, бұрынғы шығарылған үкімдерді ескере отырып, түпкілікті жаза тағайындайды.

3) ҚК-тің 62-бабының ережесіне сәйкес бірінші үкім бойынша   жазаның нақты өтелген мерзіміне есептеу жасалады. Жаза мерзімін есептеу дегеніміз — егер адам үкім шыққанша бас бостандығынан айырудың алты айын өтесе, ал сот оған үкім бойынша 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын түпкілікті тағайындаса, онда қылмыстар жиынтығы бойынша екінші үкім шығарылған кезге дейін оған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын өтеу керек.

Бірнеше үкімдер бойынша жаза тағайындау. ҚК-тің 60-бабына сәйкес, егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ, жазаны толық өтегенге дейін жаңадан қылмыс жасаса, бұл жағдайда үкімдердің жиынтығы орын алады. Сонымен:

1)  адамға жаза тағайындаған үкімнің болуы;

2) ол жазаны сотталған адам әлі толық өтемесе;

3) жаңа қылмыс үкім шыққаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жасалса, бұлар үкімдер жиынтығының белгісі болып табылады.

Үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда жаңа қылмыс адамды бұрын жасаған қылмысы үшін сотталғаннан кейін жасалынады. Бұл мән-жай айыпкердің қоғамға қауіпті адам екендігін, заңда оған қатаң жаза қарастырылуға тиіс екендігін көрсетеді.

ҚК-тің 60-бабына сәйкес, егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңа қылмыс жасаса, сот жаңа қылмыс бойынша тағайындалған жазаға бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толықтай немесе ішінара қосады. Бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза жиырма бес жылдан аспауға тиіс. Егер үкімдер жиынтығына 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы заңда көзделген тым болмаса бір қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылған үкім кірсе, онда бас бостандығынан айыру түріндегі үкімдер жиынтығы бойынша түпкілікті жаза 30 жыл шегінде тағайындалуы мүмкін. Үкімдер жиынтығы бойынша белгіленген түпкілікті жаза жаңа жасалған қылмыс үшін тағайындалған жазадан да, соттың бұрынғы үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмей қалған бөлігінен де катаң болуға тиіс.

Жазалардың бірдей, сондай-ақ әртекті түрлерін қосу (оның ішінде қосымшаларын да) ҚК-тің 58 және 61-баптарында белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі (бұл тәртіпке өткендегі мөселені қарастырғанда түсініктеме берілген).

Сонымен сот үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда мына тәртіпті сақтайды:

1)    алдымен жаңа жасалған қылмыс үшін жазаны анықтайды;

2)    сол жазаға сот алдыңғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін толықтай немесе ішінара қосады.

Үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындау тәртібінің ҚК-тің 58-бабында белгіленген тәртіптен айырмашылығы сол, бұл жерде тек жазаларды қосу принципін ғана қолдану көзделген   (ал ҚК-тің 58-бабында жазаларды сіңіру принципі де көзделген). Екінші айырмашылығы — бас бостандығынан айыру сияқты жазаның үкімдердің жиынтығында жиі  колданылатын түрін қосқандағы ең көп мерзімге қатысты.

Сотталған адамға жаңа қылмыс жасағаны үшін , қылмыстың осы түріне белгіленген ең жоғарғы жазаны тағайындау сот практикасында кездесіп калады. Мысалы, бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жатқан адамға жаңа үкім бойынша 5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу немесе 30 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру тағайындалады. Бұл жағдайда сот бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаға сіңіру принципін қолдануға мәжбүр болады (бұл принципті қолдану заңда көзделмесе де).

Қосуға болмайтын жазалар, оның ішінде қосымша жазалар дербес орындалады (ҚК-тің 61-бабы). Қылмыстың қайталануы болған жағдайда сот жазаны үкімдер жиынтығы бойынша тағайындай отырып, жаза тағайындаудың ҚК-тің 59-бабында белгіленген ережесін сақтауға тиіс. Бұл ережелер жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаның түрін, мерзімін және мөлшерін анықтауға қатысты. Мысалы, егер бұзақылық үшін жаза өтеп жатқан адам ҚК-тің 181-бабының 1 бөлігі бойынша қорқытып алушылық жасаса, онда жасаған екінші қылмысы үшін сот тек 1 жыл 6 айдан 3 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыруды ғана тағайындай алады.

Белгілі бір қылмыс үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза қолдану. ҚК-тің Ерекше бөліміндегі баптардың санкциялары жазаны жеке даралауы үшін сотқа көптеген мүмкіндіктер беруді көздейді. Бірақ өмірде кездесіп қалатын кейбір нақты істердің өзіндік ерекше мән-жайларын ескерсек, санкцияның ең төмен шегіне тең жазаны немесе балама санкцияның ең жеңіл жазасын тағайындағанның өзі жосықсыз катал боп саналады, жазаның ҚК-тің 38-бабында көзделген мақсатын қанағаттандырмайды. Сондай жағдайлар ескеріліп ҚК-тің 55-бабында былай көрсетілген: ерекше мән-жайлар және әрекеттің қоғамда қауіптілік дәрежесін едөуір азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ топтық қылмысқа қатысушы сол топ жасаған қылмыстарды ашуға белсене жәрдемдескен кезде жаза осы кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген ең төменгі шектен төмен тағайындалуы мүмкін, не сот жазаның осы бапта көзделгенінен неғұрлым жеңіл түрін тағайындауы не міндетті жаза ретінде көзделген қосымша жаза түрін қолданбауы мүмкін.

Төменгі шектен төмен жаза тағайындағанда сот сотталған адамға жазаның санкцияға көрсетілген түрін анықтайды, бірақ бұл жаза төменгі шектен төмен мөлшерде тағайындалады. Мысалы, санкцияда 100-ден 200-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген, ал сот 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындайды. Басқа мысал. Санкцияда 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сот ҚК-тің 55-бабын басшылыққа алып, сол бап бойынша 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Бірақ, жазаның осы түрі үшін ҚК-тің Жалпы бөлімінде көрсетілген ең аз мөлшерден төмен жаза ҚК-тің 55-бабы бойынша тағайындалуы мүмкін емес. Мысалы, 25 айлық есептік көрсеткіштен аз мөлшердегі айыппұл немесе 6 айдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру.

ҚК-тің сотталған адамның әрекеті сараланатын бабының санкциясында көзделгеннен жеңілірек жаза тағайындағанда жазаның сол санкцияда көрсетілмеген, бірақ одан жеңіл түрін тағайындайды. Жазаның заңда көрсетілгенінен жеңілірек түрін белгілегенде сот ҚК-тің 39-бабында келтірілген жазалар жүйесін басшылыққа алады. Мысалы, ҚК-тің бұл бабы бойынша санкция бас бостандығынан айыру мен қамауға алуды балама қарастырады. Сот бостандығын шектеуді тағайындайды.

Істің ерекше мән-жайы, сондай-ақ топтық қылмысқа қатысушының топ жасаған қылмыстарды ашуға белсене жәрдемдесуі ҚК-тің 55-бабын қолдана отырып жаза тағайындауға негіз болады.

Істің ерекше жағдайы дегеніміз қылмыс жасау барысында оң мақсаттар мен игі себептердің болуы, айыпкердің қосалқы рөлі, оның қылмыс жасау кезіндегі немесе одан кейінгі мінез-құлқы, күшпен немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесінде қылмыс жасау, т.б. Бұл жерде ескеріліп отырғаны қылмыс зардабын болдырмауға бағытталған мінез-құлық, залалдың орнын өз еркімен толтыру, шын жүректен өкіну, кінәсін мойындап келу, т.б.

Жекелеген жеңілдетуші мән-жайлар да, ондай мән-жайлардың жиынтығы да ерекше мән-жайлар бола алады.

Аяқталмаған қылмыс, қатысып жасалған қылмыс және қайталанған қылмыс үшін жаза тағайындау. Қылмыстық кодекс аяқталмаған қылмыс, қатысып жасалған қылмыс және қайталанған қылмыс үшін жаза тағайындаудың кейбір ерекшеліктерін қарастырған.

ҚК-тің 56-бабына сәйкес аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындағанда (қылмысқа дайындық кезінде немесе қылмыс жасауға оқталғанда) бұрын көрсетілген мән-жайлардан басқа қылмыстың аяқталмай қалуына себеп болған мән-жайды есепке алу қажет, сонымен қатар қылмыс жасауға калай оқталғандық ескеріледі. Қылмыс жасау пиғылы жүзеге асса, ол жүзеге аспай қалғаннан қауіптірек. Қылмыстың аяғына дейін жетуіне тосқауыл болған мән-жайды есепке алудың қажет екендігі заңда орынды көрсетілген. Мысалы, әйел зорлауға оқталған адам әйелдің жанұшыра қарсыласуы нәтижесінде өзінің қылмыстық әрекетін аяғына дейін жеткізе алмайды. Екінші жағдайда қылмыскер өзінің сондай пиғылын қылмыс жасау орнына ІІМ қызметкерлерінің тосыннан келіп қалуы нәтижесінде жүзеге асыра алмайды. Бірінші жағдайға қарағанда екінші жағдайда қоғамға қауіптілік дәреже жоғары. Бұл жерде өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін қылмыскерде қаншалықты нақты мүмкіндік болғанын, мақсатқа жетуге қаншалықты жақын қалғанын ескеру кажет. Сонымен қатар егер адам қылмысқа дайындалғанда немесе қылмыс жасауға оқталғанда сол қылмысты аяғына дейін жеткізетіндей өзінде шама болмаса да мүмкіндігін асыра бағаласа, сот бұл мән-жайды есепке алып айыпкерге, осындай әрекеттерді басқа мән-жайларда жасаған адамға қарағанда, жеңілдеу жаза тағайындауға тиіс. Қылмысқа дайындықпен салыстырғанда қылмыс жасауға оқталу қауіптірек әрекет болғандықтан заң қылмысқа дайындық жасауға қарағанда сол қылмысты жасауға оқталғандық үшін қатаңырақ жаза қолдану мүмкіндігін қарастырады. ҚК-тің 56-бабының 2 бөлігінде қылмысқа дайындалғаны үшін тағайындалатын жазаның мерзімі мен мөлшері осы Кодекстің Ерекше бөліміндегі аяқталған қылмыс үшін көзделген жазаның неғүрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан аспауы керек делінген. Мысалы, егер адамға ҚК-тің 127-бабының 1 бөлігінде көзделген қылмысқа дайындалғаны үшін жаза тағайындалса, оған берілетін ең қатаң жаза 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түрінде бола алады, егер ҚК-тің 231-бабының 1 бөлігі бойынша 1 жыл көзделген болса.

Қылмысқа оқталғаны үшін жазаның мерзімі мен мөлшері ҚК-тің Ерекше бөліміндегі тиісті бапта ерекше қылмыс үшін көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрінің ең жоғарғы мерзімінің немесе мөлшерінің төрттен үшінен аспауы керек (ҚК-тің 56-бабының 3 бөлігі). Қылмыстың     жоғарыда келтірілген түрлеріне оқталғанда ең қатаң жаза, тиісінше,  2 жыл 3 ай және  1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырудан аспауға тиіс.

Қылмысқа дайындалғаны және қылмыс жасауға оқталғаны үшін өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы, тіптен бұл жаза шаралары айыпкерге қолданылатын ҚК-тегі баптардың санкциясында көзделген болса да, тағайындалмайды.

Қатысып жасалған   қылмыс үшін әдетте   жаза тағайындаудың ерекшелігі сонда, заң соттың жоғарыда көрсетілгендермен қоса мына мән-жайларды ескеруін талап етеді: қылмыс жасауға адамның іс жүзінде қатысу сипаты мен дәрежесін, осы қатысудың қылмыс  мақсатына жетудегі маңызын, оның келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын (ҚК-тің 57-бабы).

Бұл жағдайда қылмысқа қатысушылардың әрқайсысының қоғамға қаншалықты қауіпті екендігі және оларға тиісінше жаза тағайындау мүмкіндігі анықталады. Сонымен қатар, егер банданың алдына қойған мақсатқа жетуіне, сондай-ақ келтірілген немесе келуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшеріне бандитизмді ұйымдастырушы екі адамның әрқайсысының ықпалын өзара салыстырсақ, айырмашылықты көру қиын емес.

Топтасқан қылмысқа қатысушыларға жаза тағайындау жөнінде ҚК-тің   57-бабында мынадай тағы бір міндеттеу бар: қатысушылардың біреуінің жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол   қатысушыға жаза тағайындау кезінде ғана ескеріледі. Мысалы, қылмысқа қатысушылардың біреуінің өз айыбын мойындап келуі сол қылмысқа катысушы басқа адамдарға жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуге тиіс емес.

Қылмыстың қайталануы — адамның сотталғаннан кейін қайта қылмыс жасауы, оның қоғамға аса қауіпті екендігінің белгісі, сондықтан да заңда қылмыс қайталанған жағдайда жаза тағайындаудың арнайы ережесі белгіленген (ҚК-тің 59-бабы). Оның мәні мынада: қылмыстардың қайталануы бойынша жаза тағайындай отырып, сот бұрын жасалған қылмыстардың санын, сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, оның   алдындағы жазаның түзетушілік ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайларды, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстың    сипаты мен    қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеруге тиіс.

Қылмыстардың қайталануы жағдайында жасалған қылмыс үшін жазаның мерзімі мен мөлшері, жасалған қылмыс үшін көзделген ең қатаң жаза түрінің ең жоғарғы мерзімі мен мөлшерінің жартысынан төмен болмауға тиіс.

Қылмыстың қауіпті қайталануы жағдайында тағайындалатын жаза жасалған қылмыс үшін көзделген ең қатаң жаза түрінің ең жоғарғы мерзімі мен мөлшерінің үштен екісінен, ал қылмыстың аса қауіпті қайталануы жағдайында — төрттен үшінен төмен болмауға тиіс (ҚК-тің 59-бабының 2 бөлігі). Мысалы, қасақана жасаған бұрынғы қылмысы үшін сотты болған адам ҚК-тің 175-бабының 1 бөлігі бойынша сотталады. ҚК-тің көрсетілген бөлігінің санкциясында балама ретінде берілген бес түрлі жазаның сот айыпкерге ең қатаң түрін — бас бостандығынан айыруды тағайындай алады. Бұл жағдайда қылмыстың жәй қайталануы орын алғандықтан, ҚК-тің 59-бабының 2 бөлігіне сәйкес сот айыпкерге 1 жыл 6 айдан 3 жылға дейінгі мер-зімге бас бостандығынан айыруды тағайындай алады. Егер сотгалғанның әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталану нышаны болса — 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге,   егер қылмыстардың     аса қауіпті қайталануы болса — 2 жыл  3 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады.

Егер Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің қолданылып отырған нормасы соттылықтың болуын саралаушы белгі ретінде қарастырса, мұндай қылмыстардың  қайталануында  сот жазаны ҚК-тің 59-бабының екінші бөлігінде   көзделген тәртіпті ескермей-ақ   тағайындайды,   яғни   сот   жаза тағайындаған кезде жазаның ең аз мөлшеріне қатысты ауқыммен шектелмейді. Бұл, мұндай жағдайларда қылмыстың қайталануы қылмыстық -заң нормаларында бұрыннан    ескерілгендігіне байланысты, сондықтан да жаза тағайындау кезінде оны қайта есепке алудың қажеті жоқ. Сонымен катар қылмыстардың қайталануы болып және ҚК-тің 55-бабында көзделген ерекше мән-жайлар орын алса, бұл жағдайда да жаза ҚК-тің 59-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіпті есепке алмай тағайындалады.    ҚК-тің 59-бабының бұл ережелеріне түсініктеме беру үшін мына мысалдарды қарастырайық.   Мысалы, айыпкер ҚК-тің 175-бабы 3 бөлігінің «в» тармағы бойынша бұрын екі  немесе одан көп соттылығы бар адам ретінде бұзақылық (кез-келген формасы) немесе корқытып алушылық үшін сотталды. Мұндай адамға жаза тағайындау кезінде ҚК-тің 2-бабында көрсетілген ережені ескереді (қылмыстардың қайталану белгісі бола тұрса да), яғни   мүлкін тәркілеп 3   жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады.

Басқа мысал. Қылмыстардың қайталану белгісі бар жағдайда адам ҚК-тің 175-бабының 1 бөлігі бойынша сотталуда. Бірақ сот іс материалдарында ҚК-тің 55-бабында көрсетілген ерекше мән-жайлардың бар екендігін анықтады. Бұл жағдайда да сот айыпталушыға жазаны ҚК-тің 59-бабының 2 бөлігінде көрсетілген ережелерді есепке алмай тағайындайды, яғни ҚК-тің 175-бабының 1 бөлімінің санкциясында көзделген жазалардың бас бостандығынан айыруға қарағанда жеңілдеуін тағайындай алады. Егер бәрі бір бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ол 6 айдан 3 жылға дейінгі мөлшерде болуға тиіс.

Шартты түрде соттау. Егер түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығынан айыру немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстау жазасын тағайындағанда сот сотталған адамның жазаны өтемей түзелуі мүмкін деген қорытындыға келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.

Шартты түрде соттау қолданылған жағдайда сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, айыптының жеке басын, соның ішінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді.

Шартты түрде соттау тағайындалған кезде сот сотталған адам мінез-құлқымен өзінің түзелгенін дәлелдеуге тиіс сынақ мерзімін белгілейді. Сынақ мерзімі бір жылдан үш жылға дейінгі ұзақтықта тағайындалады.

Шартты түрде соттау кезінде жазаның мүлікті тәркілеуден басқа қосымша түрлері қолданылуы мүмкін.

Шартты түрде сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды оған уәкілдік берілген мамандандырылған мемлекеттік орган, ал әскери қызметшілер жөнінде әскери бөлімдер мен мекемелердің командованиесі жүзеге асырады.

Қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды.(ҚР ҚК 63-бап).

Егер шартты түрде соттылушы сынақ мерзімі өткенге дейін өзінің түзелгенін дәлелдесе, шартты түрде сотталушының мінез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыратын огранның ұсынысы бойынша сот шартты түрде сотталудың күшін жою және сотталған адамнан соттылықты алып тастау алып тастау туралы қаулы ете алады. Бұл орайда шартты түрде сотталудың ббелгіленген сынақ мерзімінің кем дегенде жартысы өткенн соң күші жойылуы мүмкін.

Егер шартты түрде сотталған адам сол үшін өзіне әкімшілік жаза салынған қоғамдық тәртіпті бұзса, сот сотталушының мінез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыратын огранның ұсынысы бойынша сынақ мерзімін ұзарта алады, бірақ ол бір жылдан аспауы керек.

Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзімі ішінде қоғамдық тәртіпті үнемі және қасақана бұзған жағдайда, не шартты түрде сотталған адам бақылаудан жасырынса, сот  сотталушының мінез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыратын огранның ұсынысы бойынша шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы қаулы етеді.

Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзімі ішінде абайсызда қылмыс жасаған не кішігірім ауырлықты қасақана қылмыс жасаған жағдайда шартты түрде соттаудың күшін жою немесе оны сақтау туралы мәселені сот жаңа қылмыс үшін жаза тағайындалған кезде шешеді. Бұл жағдайда жаза ҚК-ң 60-бабында (үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау) көзделген ережелер бойынша тағайындалады.

Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзімі ішінде орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда сот шартты түрде сотталудың күшін жойып, оған ҚК-ң 60-бабында (үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау) көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды.(ҚР ҚК 64-бап).

Қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату. Бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейін айыбын мойындап өз еркімен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе, не қылмыс келтірген зиянды өзгеше түрде қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қоспағанда, қылмыс жасаған адам егер ол ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық жасаған қылмыстарда болғызбауға, ашуға немесе тергеуге, ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық жасаған қылмысқа басқа да қатысушыларды анықтауға белсенді түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.(ҚР ҚК 65-бап).

Қоғамдық қауіпті қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғану шегінен асқан адамды сот істің мән-жайын ескере отырып,  қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.(ҚР ҚК 66-бап).

Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен баланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.

Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.(ҚР ҚК 67-бап).

Қылмыс белгілері бар әрекет жасаған адамды, егер істі сот қараған кезде жағдайдың өзгеруі салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауіпті емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.

Бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейінгі мүлтіксіз мінез-құлқына байланысты іс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауіпті деп есептеле алмайтындығы белгіленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.(ҚР ҚК 68-бап).

Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзімдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:

а)     кішігірім қылмыс жасағаннан кейін екі жыл;

б)    орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейін бес жыл;

в)     ауыр қылмыс жасағаннан кейін он бес жыл;

г)     аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін жиырма жыл.

Ескіру мерзімі қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкімі заңды күшіне енген кезге дейін есептеледі.

Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзімінің өтуі тоқтатылады. Бұл ретте ескіру мерзімінің өтуі адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезінен бастап жаңартылады. Бұл орайда, егер қылмыс жасаған уақыттан бері жиырма бес жыл өтсе және ескіру тоқтатылмаса, адам қылмыстық жауапқа тартылмауы керек.

Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам сәйкесінше он бес немесе жиырма жыл мерзімдері өткенге дейін жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзімі тоқтатылады. Мұндай реттерде ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасаған күннен қайта басталады. Ескіру мерзімі өткенге дейін адам тағы да қылмыс жасаған өзге реттерде әрбір қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес өтеді.

Жасаған қылмысы үшін ҚК бойынша өлім жазасы тағайындалуы мүмкін адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер ескіру мерзімінің бітуіне байланысты сот адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін деп таппаса, өлім жазасын тағайындауға болмайды. Бұл ретте сот жиырма бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруды тағайындайды.

Бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзімі қолданылмайды.(ҚР ҚК 69-бап).

Түзеу жұмыстарын, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, тәртіптік әскери бөлімде ұстау немесе бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген және сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейтін адамды сот құқық бұзбайтын мінез-құлқы, еңбекке адал қарағаны, көркемөнерпаздар ұйымдарының жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмысымен келтірген залалын өтеу жөнінде шаралар қолданғаны үшін сот тағайындаған жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.

Жазадан шартты түрде – мерзімінен бұрын босату сотталған адам:

а)     кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін;

б)    ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын;

в)     аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.(ҚР ҚК 70-бап).

Кішігірім, орташа ауыр және ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға сот оның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын ескере отырып, жазаның өтелмей қалған бөлігін оның жеңіл түрімен ауыстыра алады. Бұл орайда адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.

Жазаның өтелмеген бөлігі, сотталған адам ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағаны үшін жаза ммерзімінің кем дегенде үштен бір бөлігін, ауыр қылмысы үшін немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудун шартты түрде мерзімінен ерте босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлігі кезеңінде жаңа қылмыс жасаған адам жаза мерзімінің жартысын нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.(ҚР ҚК 71-бап).

Жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдерді қоспағанда, сотталған жүкті әйелдерді және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдерді сот тиісінше бес жылға дейінгі мерзімге жазасын өтеуден босатуы мүмкін.

Бала он төрт жасқа толғаннан кейін немесе ол шетінеген жағдайда не жүктілігі үзілген жағдайда сот сотталған әйелдің мінез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруы немесе сотталған әйелді жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу туралы шешім қабылдауы мүмкін.(ҚР ҚК 72-бап).

Қылмыс жасағаннан кейін оның өз іс-әрекетінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғыну не оған ие болу мүмкіндігінен айыратын психикасы бұзылу пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жүрген адамды сот оны одан әрі өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот ҚК-те көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін.

Жазаны өтеуге кедергі жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкін немесе бұл жаза неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылуы мүмкін. Бұл орайда жасалған қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы, науқастың сипаты және басқа мән-жайлар ескеріледі.(ҚР ҚК 73-бап).

Кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін сотталған адамды, егер жазаны өтеу өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесінің ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшін жазасын өтеуі аса ауыр зардапқа әкеліп соқтыруы мүмкін болса, сот жазадан босатуы мүмкін.

Ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуін сот жоғарыда аталған негіздер болған жағдайда үш айға дейін мерзімге кейінге қалдыра алады.(ҚР ҚК 74-бап).

Қылмысы үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі оның заңды күшіне енген күнінен бастап есептегенде, мынадай мерзімдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады:

а)     кішігірім ауырлықтағы қылмысы үшін сотталғанда – үш жыл;

б)    орташа ауырлықтағы қылмысы үшін сотталғанда – алты жыл;

в)     ауыр қылмысы үшін сотталғанда – он жыл;

г)     аса ауыр қылмысы үшін сотталғанда – он бес жыл.

Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, ескіру мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуі адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезіне қарай өткен ескіру мерзімі есептелуге тиіс. Бұл орайда айыптау үкімі егер, оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өтсе және ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасау арқылы үзілмеген болса, орындалмауы керек.

Өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімін қолдану мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмір бойы бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамға ескіру мерзімі қолданылмайды.(ҚР ҚК 75-бап).

Рақымшылық жасау туралы актіні адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнінде ҚР Парламенті шығарады.

Қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыс жасғаны үшін сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкін не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актімен соттылығы алынып тасталуы мүмкін.

Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті  немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау қолданылмайды.

Белгілі бір жеке адамға ол жөнінде айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда кешірім жасау туралы актіні ҚР Президенті шығарады.

Қылмыс жасағаны үшін сотталған адам кешірім жасау кезінде жазаны одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін. Жазасын өтеген адамнан кешірім жасау актісімен соттылығы алынып тасталуы мүмкін.(ҚР ҚК 76-бап).

Кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар танылады.

Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкін не оларға тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.(ҚР ҚК 78-бап).

Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлері:

а)     айыппұл;

б)    белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;

в)     қоғамдық жұмыстарға тарту;

г)     түзеу жұмыстары;

г-1) бас бостандығын шектеу;

д)    ҚР-ң 2004 жылғы 9 желтоқсандағы №10-III Заңымен 79 баптың 1 тармағының д) тармақшасы алып тасталды.

е)     бас бостандығынан айыру болып табылады.

Айыппұл кәмелетке толмай сотталған адамның дербес табысы немесе өндіріп алуға жарайтын мүлкі болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл оннан бес жүз АЕК-ке дейінгі мөлшерде немесе кәмелетке толмаған адамның жалақысының немесе өзге табысының екі аптадан алты айға дейінгі кезеңдегі мөлшерінде тағайындалады.

Кәмелетке толмағандарға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.

Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетін жұмысты орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негізгі жұмысынан бос уақытында атқарады. Он алты жасқа толмаған адамдардың бұл жаза түрін орындаудың ұзақтығы күніне екі сағаттан, ал он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі адамдар үшін күніне үш сағаттан аспауы керек.

Түзеу жұмыстары сот үкім шығарған кезде он алты жасқа жеткен кәмелетке толмаған адамдарға бір жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.

Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.

Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін немесе қылмыстардың жиынтығы бойынша қылмыстардың біреуі ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін – он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейін ауыр емес қылмысты және он төрт жастан он алты жасқа дейін орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адамдарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.

Кәмелетке толмай сотталған адамдар бас ботандығынан айыруды:

а)     бас бостандығынан айыруға бірінші рет сотталған еркек жынысты кәмелетке толмағандар, сондай-ақ әйел жынысты кәмелетке толмағандар – жалпы режимдегі тәрбиелеу колонияларында;

б)    бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген еркек жынысты кәмелетке толмағандар – күшейтілген режимдегі тәрбиелеу колонияларында өтейді.

Қоғамдық қауіптілік сипатына және дәрежесіне, кінәлі адамның жеке басына және басқа да мән-жайларға қарай сот қабылданған шешімнің себебін көрсете отырып, еркек жынысты кәмелетке толмай сотталған адамның бас бостандығынан айыруды жалпы режимдегі тәрбиелеу колониясында өтеуін тағайындауы мүмкін.

Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмай сотталған адаммен қарым-қатынас кезінде оның жеке басының белгілі бір ерекшеліктерін ескеру туралы нұсқау беруі мүмкін.(ҚР ҚК 79-бап).

Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезінде ҚК-ң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмірі мен тәрбиесінің жағдайлары, психикалық даму деңгейі, жеке басының өзге де ерекшеліктері, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалы ескеріледі.

Кәмелетке толмаған жас жеңілдететін мән-жай ретінде басқа да жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескеріледі.(ҚР ҚК 80-бап).

Кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе бірінші рет орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгіленсе, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. Бұл ретте оған ҚК-ң 82-бабында көзделген тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.

Кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін бірінші рет сотталған  кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге ҚК-ң 82-бабында көзделген тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен қол жеткізуге болады деп танылса, сот оны жазадан босатуы мүмкін.(ҚР ҚК 81-бап).

Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік әсері бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін:

а)     ескерту;

б)    ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;

в)     келтірілген зиянды қалпына келтіру міндетін жүктеу;

г)     бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілеу;

д)    кәмелетке толмағандарға арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесіне орналастыру.

Кәмелетке толмаған адамға бір мезгілде тәрбиелік әсері бар бірнеше тәрбиелеу шаралары тағайындалуы мүмкін.(ҚР ҚК 82-бап).

Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның әрекетімен келтірілген зиянды түсіндіруден және ҚК-те көзделген қылмыстарды қайталап жасаудың зардаптарын түсіндіруден тұрады.

Қадағалауға беру ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік әсер ету және оның мінез-құлқын бақылау жөнінде міндеттер жүктеуден тұрады.

Келтірілген зиянды қалпына келтіру міндеті кәмелетке толмаған адамның мүліктік жағдайын және оның тиісті еңбек дағдысы болуын есепке ала отырып жүктеледі.

Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілеу, белгілі бір орындарға баруға, бос уақыттың белгілі бір нысанын, оның ішінде механикалық көлік құрамын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәуліктің белгілі бір уақытынан кейін үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеуді көздеуі мүмкін. Кәмелетке толмаған адамға білім беру мекемесіне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау, не мамандандырылған мемлекеттік органның көмегімен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкін. Осы тізбе толық болып табылмайды.

Алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесінде орналастыруды сот кәмелетке толмай қасақана орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамға тағайындалуы мүмкін. Аталған мекемелерде болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ түзетуді қамтамасыз етуші мамандандырылған мемлекеттік органның қорытындысы негізінде сот кәмелетке толмаған адам өзінің түзелуі үшін бұдан әрі бұл щараны қолдануды қажет етпейді деген тұжырымға келсе, мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесінде болуды алты айдан екі жылға дейінгі мерзім біткеннен кейін ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы білім беретін немесе кәсіптік даярлығын аяқтау қажет болған жағдайда ғана жол беріледі, бірақ ол кәмелетке толғанға дейінгісінен аспауы керек.

Кәмелетке толмаған адамның арнаулы тәрбие және емдеу-тәрбиелеу мекемесінде болуының тәртібі мен ережелері заңдармен белгіленеді.(ҚР ҚК 83-бап).

Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасап бас бостандығынан айыруға немесе түзету жұмыстарына сотталған адамдарға:

а)     кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін;

б)    ауыр қылмысы үшін сот тағайындаған жазаның кемінде үштен бірін;

в)     адам өміріне қол сұғумен ұштаспаған аса ауыр қылмысы үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде жартысын;

г)     адам өміріне қол сұғумен ұштасқан аса ауыр қылмысы үшін сот тағайындаған жазаның кемінде үштен екісін нақты өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.(ҚР ҚК 84-бап).

ҚК-ң 69 және 75-баптарында көзделген ескіру мерзімі кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан немесе оның жазасын өтеуінен босату кезінде тең жартысына қысқартылады.(ҚР ҚК 85-бап).

Он сегіз жасқа толғанға дейін қылмыс жасаған адамдар үшін ҚК-ң 77-бабында көзделген соттылықты жою мерзімдері қысқартылады және тиісінше:

а)     бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңіл түрлерін өтегеннен кейін төрт айға;

б)    кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшін бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейін бір жылға;

в)     ауыр және аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейін үш жылға тең болады.(ҚР ҚК 86-бап).

Он сегіз бен жиырма жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдарға жасаған әрекетінің сипатын және жеке басын ескере отырып, сот ерекше жағдайларда, оларға кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесіне орналастыруды қоспағанда, осы бөлімнің ережелерін қолдана алады.(ҚР ҚК 87-бап)