Тәуекелдерді басқару

Банкте тәуекелдерді басқару Тәуекелдерді басқару саясаты мен Тәуекел-менеджмент басқармасы туралы ережені басшылыққа алатын тәуекел-менеджмент бөлімшесіне жүктелген.

          Қаржылық тәуекелдер:

Қаржылық тәуекелдер – экономикалық ортаның  дүдәмал жағдайында сыртқы әрі ішкі даму факторларының ықпалындағы Банк қызметі нәтижесінде келешекте шығынның туындауына, табыс алмауға, қосымша табысты толық алмауға немесе алуға апарып соқтыруы мүмкін оқиғалардың орын алу ықтималдылығы.

Қаржылық тәуекелдерді басқару мақсатында тәуекел-менеджмент бөлімшесі тәуекелдерді басқару саясатын, Банк активтері мен пассивтерін басқару саясатын басшылыққа алады.

  1. Кредиттік тәуекелдер
  2. Нарықтық тәуекелдер
  3. Өтімділікті жоғалту тәуекелі

        Қаржылық емес тәуекелдер:

Операциялық тәуекел

Бедел тәуекелі

Құқықтық тәуекел

        Кредиттік тәуекел – заемдық және басқа операциялар жүргізу кезінде клиенттің қабылдаған ақшалай міндеттемелерін орындауы бойынша шарттың (келісім-шарттың) бастапқы талаптарын бұзуы салдарынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі.

        Кредиттік тәуекел түрлері:

        Заемшы тәуекелі – заемшының банктік заем шарты бойынша міндеттемелерін орындамау тәуекелі.

Заемшы тәуекелі 3 шағын тәуекелді қамтиды:

  1. Есеп айырысу жүзеге асырылғанға дейінгі тәуекел – заемшының міндеттемелерін есеп айырысуы әлі жүзеге асырылмаған мәміленің қолданылу мерзімі ішінде орындаудан бас тартуынан шығынның болу мүмкіндігі.
  2. Есеп айырысу тәуекелі – мәміле бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру сәтінде ақшаны толық алмау мүмкіндігі (ақшаның жеткіліксіздігі, жүйедегі операциялық істен шығулар және т.б. салдарынан).
  3. Мәмілені аяқтау тәуекелі – заемшының міндеттемелерін мерзімінде орындамау не кешіктіріп орындау тәуекелі.

        Қамтамасыз ету тәуекелі – тұрғын үй (аралық) заемының қамтамасыз етуінің нарықтық құнының төмендеуіне, кепілгердің және/немесе сақтандырушылардың және т.б. міндеттемелерін орындауының мүмкін болмауына байланысты шығын тәуекелі.

        Несиелік қоржын тәуекелі  – аймақтар, заемшылар және т.б. арасында қаражатты теңгерімделмеген бөлу тәуекелі.

Банктің кредиттік тәуекелдерін төмендету мақсатында кредиттік қызметті ұйымдастырушылық қамтамасыз ету, кредит беру шектерін белгілеу, кредиттік ұсынысты бағалау және заемшының кредиттік қабілетін сараптау, кредиттерді кредиттік тәуекел деңгейіне орай реттеу және белгіленген шектермен салыстыру, кредиттік шешімдер қабылдау кезіндегі өкілеттіктерді бөлу: авторизация, кредиттерге мониторинг жүргізу, несиелік қоржынды басқару және проблемалы кредиттерді қалпына келтіру жүзеге асырылады.

Кепілзаттық қамтамасыз етуге қатысты қамтамасыз етудің сапасы мен жеткіліктілігіне қатаң әртараптандырылған тәсіл қолданылады. Кепілзаттық қамтамасыз етудің жағдайы мен нарықтық құнын растауға мониторинг жүргізу тұрақты түрде жүзеге асырылады, бұл үшін жылжымайтын мүлік нарықтарының тенденцияларын бағалық сараптау, кепілзаттық қоржын құрылымын бағалау және мерзімі өткен заемдар бойынша кепілзаттарды нақтылау жүргізіледі.

         Нарықтық тәуекел – нарықтық өлшемдердің (валюта бағамы, сыйақы мөлшерлемесі, қаржылық құралдар құны және т.б.) қолайсыз өзгеруіне байланысты шығын мүмкіндігін білдіреді. Нарықтық тәуекел жекелеген құралдар мен/немесе эмитенттер және заемшылар бойынша шығын ықтималдылығына байланысты сыртқы ортаның өзгеруіне Банк табысының тәуелділігін анықтайды.

Нарықтық тәуекелді басқарудың негізгі мақсаты – Банк табысының қолайлы деңгейі мен қаржылық жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Банктің қаржылық жағдайының нашарлауына да, пайдасының төмендеуіне де ықпал ететін сыртқы әрі ішкі факторларды төмендету.

Нарықтық тәуекелдерді бағалау және мониторинг жүргізу VaR әдістемесі арқылы тұтас қоржын және жеке құрал кесігінде жасалады. Нарықтық тәуекелдер салдарынан шығын мүмкіндігіне қарсы резервке қойылатын экономикалық капитал көлемі есептеледі. VaR көрсеткішін бағалау үшін тарихи модельдеу әдісі қолданылады.

        Нарықтық тәуекел түрлері:

        Пайыздық тәуекел — сыйақы мөлшерлемелерінің қолайсыз өзгеруі салдарынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі, төмендегілерді қамтиды:

  1. банктің орналастырылған активтері мен тартылған міндеттемелерінің (тіркелген сыйақы мөлшелемелері кезінде) қайтару және өтеу мерзімдерінің сәйкес болмауынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі;
  2. банктің бір жағынан банк активтері екінші жағынан міндеттемелері бойынша алуан сыйақы түрлерін (сырғымалы не тіркелген) қолдануы салдарынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі;
  3. басқа бірдей жағдайларда бағалық сипаттамалары ұқсас бірқатар құралдар бойынша алынатын және төленетін сыйақыны есептеу мен түзетудің түрлі әдістерін қолдануға байланысты базистік тәуекел.

Пайыздық мөлшерлемелердің өзгеру тәуекелін бағалау үшін өтеу, орындау мерзімдерінің сәйкес келмеуін немесе пайыздық активтер мен пассивтерді қайта бағалауды сараптауға негізделген жедел пайыздық құрылымның үзілуін сараптау (GAP-сараптау) қолданылады.

       Валюталық тәуекел – банк қызметін жүзеге асыру кезінде шетелдік валюталар бағамының өзгеруіне байланысты шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі. Шығыс (шығын) қаупі валюталар бойынша банк позицияларын құндық мәнде қайта бағалаудан туындайды.

      Баға тәуекелі – қаржылық құралдардың нарықтық құнына ықпал ететін қаржылық нарықтардағы жағдаяттар өзгерген жағдайда туындайтын қаржылық құралдар қоржындарының құнының өзгеруі салдарынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі.

         Өтімділік тәуекелі – Банктің міндеттемелерін орындамау не уақытылы орындамау мүмкіндігіне байланысты тәуекел. Өтімділікті жоғалту тәуекелін басқару кезінде Банктің ағымдағы өтімділігі бақыланады, сондай-ақ орналастырылған және тартылған ақшаның, сыйақы алуға (төлеуге) байланысты табыс пен шығыстың мерзімі салыстырылады.

Өтімділік тәуекелін басқару стратегиясы Банк қызметінің ауқымына мөлшерлес және:

  1. бизнес-қызмет бағытын ескереді;
  2. өтімділік қажеттілігін, сондай-ақ тек Банкке не бүкіл нарыққа тән болуы мүмкін өтімділік жеткіліксіздігі кезеңіндегі не екі жағдай да туындаған кезде өтімділік үшін салдарларды ескереді.

Өтімділікті тиімді басқаруды ұйымдастырудың мақсаты – өтімділікті жоғалту тәуекелін ертерек білу және Банк мүддесін міндетті түрде қатар сақтай отырып Банк тұрақтылығын, Банк клиенттерінің, корреспонденттерінің, қатысушылары мен серіктестерінің мүдделерін қорғай алатын уақытылы дұрыс шаралар қолдану арқылы алдын алу.

Өтімділікті басқару барысында Банк қаржылық нарықтағы жағдайға, Банктің қаржылық жағдайы мен өтімді позицияларына қарай өтімділікті басқару әдістерінің комбинациясын таңдайды.

         Операциялық тәуекел – ішкі үрдістерді жүзеге асыру барысында қызметкерлер тарапынан жіберілген қателер немесе кемшіліктер, ақпараттық жүйелер мен технологиялардың қызмет етуі  нәтижесінде, сондай-ақ сыртқы оқиғалар салдарынан шығынның туындау тәуекелі.

Операциялық тәуекел түрлері:

  1. жауапкершілік бөлу, есеп беру және басқару құрылымы кіретін Банктің дүдәмал, дұрыс емес ұйымдастырушылық құрылымына байланысты тәуекелдер;
  2. стратегиялық басқару, ақпараттық технологиялар саласындағы дұрыс емес стратегиялардан, саясаттардан және/немесе стандарттардан, бағдарламалық қамсыздандыруды қолданудағы кемшіліктерден, Банк мақсаттарын іске асыруды дұрыс емес ресурстық қамсыздандырудан болған тәуекел, сондай-ақ Банктің қойылған міндеттерін сапасыз іске асыруға байланысты тәуекел;
  3. дұрыс емес ақпаратқа не оны тиісінше пайдаланбауға байланысты тәуекел;
  4. Банктің біліксіз штатына және/немесе қызметкерлер құрамын тиісінше басқармауға байланысты тәуекел;
  5. бизнес-үрдістерді дұрыс емес құруға не ішкі ережелерді әлсіз бақылауға байланысты тәуекел;
  6. банк операцияларына сыртқы ықпал етудің тосын немесе бақыланбайтын факторларынан болған тәуекел;
  7. заңнаманың өзгеруіне байланысті тәуекел не Банк қызметін жүргізуге регламент белгілейтін ішкі құжаттарда/ережелерде кемшіліктер немесе қателер болуына байланысты тәуекел;
  8. клиенттік базаның тарылуына, клиенттердің және контрагенттердің банкті теріс қабылдап, сенімсіздік көрсетуіне апарып соқтырған Банк басшылығының және қызметкерлер құрамының қате әрекеттеріне байланысты тәуекел.

Операциялық тәуекел – қызметкерлердің және ақпарат жүйелерінің немесе сыртқы оқиғалардың алшақ немесе қате іс-әрекеттері, ішкі үрдістері нәтижесінде шығын туындау тәуекелі.

Операциялық тәуекелдерді басқару жүйесін іске асыру мақсатында Банкте операциялық тәуекелдерді бірегейлендіру, бағалау, өлшеу, мониторинг жүргізу, болдырмау/жұмсартуды қамтамасыз ететін тұрақты процедуралар жүргізіледі. Операциялық тәуекелді басқару үрдісін ұйымдастыру кезіндегі тәжірибеде Банк Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік уәкілетті органдардың нормативті құқықтық актілерінің талаптарына, сондай-ақ банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің құжаттарында баяндалған ұсынымдарға сәйкес ұстанымдарды басшылыққа алады.

Банкте шығындар туралы аналитикалық деректер базасы бір орталықтан жүргізілетін Орталық аппараттың құрылымдық бөлімшелері мен филиалдардың операциялық шығындардың анықталған жағдайлары туралы мәліметтер беру және жинау жүйесі жұмыс істейді. Бір ізге келтірілген сипат пен деректер базасындағы ақпаратты нақтылау:

  • операциялық тәуекел көрсеткіштеріне сандық бағалау жүргізу мүмкіндігін (оның ішінде Банк қызметінің жекелеген тәуекел санаттары мен бағыттары кесігінде);
  • тәуекел көздерін бірегейлендіруді;
  •  оны шектеу шараларын қабылдауды;
  • басқарушылық есептілік жасауды қамтамасыз етеді.

Операциялық тәуекелді минималдандыру мақсатында Банкте қолданылатын негізгі шаралар:

  • Банктің сайма-сай ұйымдастырушылық құрылымын, ішкі нормативтік құжаттарды, операциялық тәуекелдің мүмкін факторларын минималдандыру мақсатында банктік операциялар мен мәмілелер жасау процедураларын әзірлеу;
  • жүргізілетін банктік операциялар және басқа мәмілелер бойынша өкілеттік пен есептілікті бөлу принциптерін сақтау;
  • жүргізілетін банктік операциялар және басқа мәмілелер бойынша белгіленген шектердің сақталуын бақылау;
  • жүргізілетін банктік операциялар және басқа мәмілелер бойынша құжаттар мен шоттарды жүйелі түрде салыстыра отырып тексеру;
  • Банктің материалды активтеріне және ақпаратына рұқсаттың белгіленген тәртібін сақтау;
  • одан ары болдырмау үшін жүйелік қателерді сараптау;
  • қызметкерлерді сапалы іріктеу;
  • қызметкерлердің біліктілігін үнемі көтеріп отыру.

         Бедел тәуекелі – қоғамдық теріс пікір немесе Банкке деген сенімнің төмендеуі салдарынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі.

        Құқықтық тәуекел – Банктің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуы не банк тәжірибесінің ішкі құжаттарына, ал Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаларға қатысты – басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес болмауы салдарынан шығыстың (шығынның) туындау тәуекелі.

         Комплаенс – тәуекел – банктің Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Банктің ішкі ережелері мен процедураларының талаптарын сақтамауы салдарынан шығыс (шығын) туындау тәуекелі.