Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы

Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы туралы. Қазақ тілінде сын есімнің шырай категориясының зерттелуіне біраз ғалымдарымыздың үлес қосқандығы белгілі. Алайда шырайдың грамматикалық топтарына қарай бөлуде бірізділіктің жоқтығы байқалады. Мәселен, кейбір оқулықтарда –қыл, -ғыл, -қылт, -тым, -шыл, -шіл, -ғыш, -гіш жұрнақтары салыстырмалы шырай құрамында беріледі. Яғни шырай түрлерін анықтауда қандай принципке сүйенеміз деген мәселенің басы ашық емес екендігін алғаш байқаған Ы.Маманов шырай мәселесінде екі түрлі жағдайға баса назар аударған. Оның бірі – жоғарыда аталған сынның белгісін білдіретін жұрнақтарды сөзжасам жұрнақтарына жатқызу керек пе, әлде шырай категориясында қарала ма деген сұрақ болса, екіншісі – жай шырайдың шырай парадигмасының құрамына ене ме, яғни шырайдың бір түрі ретінде грамматикалық қатарға (граммема) жата ма деген мәселе.

Қазақ тіл білімінде шырай категориясының грамматикалық сипатына А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Томанов, Ы.Маманов, С.Исаев т.б. ғалымдар арнайы тоқталған.

Ы.Маманов нөлдік форма теориясын сөз ете отырып, жай шырай, негізгі етіс деп аталып жүрген шырай, етіс түрлерінің жоқ екеніндігін, олардың тек түбір сөздермен тұлғалас келетінін дәлелдейді [2, 76-77 б.].

С.Исаев жай шырай мәселесінде Ы.Мамановтың пікірлерін толық қолдаған [5, 140 б.].

…Сонымен, Ы.Маманов шырай категориясына байланысты екі мәселенің басын ашып берді: бірі – шырай категориясындағы жай шырай деп аталатын түрінің шырай формасы бола алмайтындығы, оның басқа шырай формаларына негіз болатын түбір сөз екендігі, екіншісі – ғыш, -шыл, -қай т.б. жұрнақтарының шырай жұрнақтарына жатпайтындығы, оларды грамматикалық абстракция жасамайтындықтан сөзжасам қосымшаларына жатқызу қажеттігі. Ғалымның пікірінше, қандай да бір тілдік құбылыс сол тілдің тілдік заңдылығына бағынуы керек. Олай болса, шырай жұрнақтарын сөзжасам қосымшалары мен форма тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптар бойынша саралаған ғалым пікірлерінің құндылығы дау тудырмайды.