Меншікті капитал мен капиталдың есебі

Меншікті капитал мен капиталдың есебі туралы қазақша реферат

Қазакстан Республикасының заңына сәйкес кәсіпорындар өзінің құрылуы барысында, яғни шаруашылық қызметпен айналысу үшін белгілі бір мөлшерде мүліктерге ие болуы тиіс. Осы жоғарыда аталған мүліктердің ақшалай өлшемге айналдырылғандағы жиынтығы ұйымның меншікті капиталы болып саналады. Кәсіпорын алғашқы құрылған кезде оның капиталы Қазақстан Республикасы заңында қаралған мөлшерден кем болмауы тиіс және де ол сол ұйымның құрылтайшыларының, акционерлерінің ақшалай, заттай және басқадай түрде қоғамға қосқан үлестерінен құралады. Бұл сома, яғни кәсіпорынның капиталы осы ұйымның қызметі барысында тапқан таза табысы және басқа да көздерден, тегін түскен мүліктер мен ақшалай қаржылар есебінен өсіп отырады.

Жалпы кәсіпорынның есебін жүргізу барысында жұмыс істеп тұрған, қызмет атқарушы яғни қолданыстағы капиталы және оның құрамы мен құрылымы бухгалтерлік баланстың активінде көрсетілсе, ол капиталдың қаржыландыру көздері баланстың пассивінде көрсетіледі.

Кәсіпорын мүлкінің құрамы

Ұйымның барлық мүлкі (қызмет атқарушы капиталы) айналыстан тыс және айналыстағы активтер болып екіге болінеді. Мүліктерді қызмет атқару мерзіміне қарай «.негізгі (айналымнан тыс) активтер» және «айналымдағы активтер» деп екіге бөледі.

Негізігі (айналымнан тыс) активтер негізгі құралдардан, материалдық емес активтерден, қаржылық (ұзақ мерзімді) инвестициялардан, аяқталмаған құрылыстан құралады. Жалпы айналымнан тыс активтер кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жасауға және дамытуға арналады.

Ал айналымдағы активтер кәсіпорынның қызмет атқаруы барысында пайда табуға негізделеді. Соған сәйкес олардың қатарына ақша қаражаттары, қысқа мерзімдік қаржылық салымдар, тауарлық-материалдық қорлар, дебиторлық борыштар және басқа да активтер жатады.

Кәсіпорын мүліктерінің (капиталының) құралу көздері

Кәсіпорын мүлкі оның негізгі құралдары мен айналымдағы қаржыларының қүнынан құралады. Ұйымның меншікті капиталының көздері болып мыналар саналады:

  • жарғылық капитал;
  • резервтік капитал;
  • бөлінбеген пайда.

Кәсіпорындар өздерінің қызмет атқаруы барысында меншікті қаржыларынан басқа қарыз қаражаттарында пайдаланады. Ал олардың қатарына қысқа және ұзақ мерзімді несиелер, қарыздар, алынған аванстар және басқа да кредиторлық борыштар жатады.

Жарғылық қор меншік иесінің (кәсіпорынның) жарғысында қаралған қызметтерін қамтамасыз ету үшін инвестициялық қаржылардың сомасы болып табылады.

Меншік иесінің тиісті құқығымен жауапкершілігіне қарай ұйымның жарғылық қоры мынадай түрлерге бөлінеді:

Кәсіпорындардың (толық серіктестік, сенім серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік, жабық және ашық акционерлік қоғам) жарғылық капиталы.

Өндірістік кооператив мүшелерінің мүлік жарналары (үлестері).

Жарғылық қор мөлшері үйымның жарғысында және басқа да құрылтайшылық құжаттарында белгіленген, үкіметтің атқарушы органдарында тіркелуі керек. Оның мөлшері құрылтайшылық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана өзгеруі мүмкін.

Қосымша төленген капитал – қоғамның өзінің акцияларын олардың атаулы (номиналдық) құнынан артық бағаға сатқан жағдайда пайда болған құн айырмашылығынан туындайды.

Қосымша төленбеген капитал – кәсіпорынның өзінің меншігіндегі негізгі құралдары мен инвестицияларын қайта бағалаған уақыттағы олардың құнының өскен сомасынан және тағы да басқа жағдайлардан туындайды.

Резервтік (сақтық, сақтаулы) капитал – келешекте (алдағы уақыттарда) болуы мүмкін зияндармен шығындардың (ысыраптардың) орнын толтыруға арналып кәсіпорынның өзінің таза пайдасынан (табысынан) бөлінген меншіктік капиталының бір бөлігі. Резервтік (сақтық, сақтаулы) капиталдың мөлшері мен құрылу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдары мен ұйымның (қоғамның) жарғысында қаралады (көрсетіледі).

Бөлінбеген пайда (табыс) – кәсіпорынның жалпы кірісінен (пайдасынан) барлық жұмсалған шығындарды (бюджетке төленген салық сомаларын, кірістен (пайдадан) басқадай бағыттарға пайдаланған сомаларын шегеріп тастағандағы қалған бөлігі болып табылады.

Кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшері, сол ұйымның шығарған акцияларының түрлері, (жәй және артықшылығы бар) акциялардың сандары, сондай-ақ бір акцияның атаулы (номиналдық) құнына сәйкес акционерлік қоғамның, серіктестіктердің, өндірістік кооперативтердің жалпы жиналысында бекітіледі. Жалпы кез-келген ұйымның жарғысы тиісті мемлекеттік органдарда (Әділет министрлігі) тіркеуден өткізілуі тиіс. Қандайда болмасын қоғамның акциясын сатып алатын мүшесі ол акцияларды қоғамға немесе үшінші тұлғаға сатуға ұсыныс жасауына құқы бар.

Кәсіпорындарда жарғылық капиталдың есебі «Жарғылық қор» бөлімінің:

  • «Жәй акциялар»;
  • «Артықшылығы бар акциялар»;
  •  «Салымдар мен жарналар»

деп аталатын бөлімше шоттарында есептеледі.

Акционерлердің акцияға жазылған сомасына жарғылық қорды құрғанда, сондай-ақ қосымша эмиссия жасау арқылы жарғылық қор мөлшерін өсіргенде немесе акциялардың атаулы (номиналдық) құнын өсіргенде жарғылық кордың өскен сомасына:

Д-т: «Төленбеген капитал» шоты;

К-т: «Жәй акциялар» немесе

«Артықшылығы бар акциялар» шоты түрінде бухгалтерлік жазу жазылады.

Егер үлес қосушылар мен акционерлер қоғамға өз үлесін ақшалай түрде салған жағдайда:

Д-т: «Ақшалар» шоты;

К-т: «Төленбеген капитал» шоты түріндегі екі жақты жазуы жазылады.

Бұл жағдайда еліміздегі бас шоттар кестесіне сәйкес:

  • «Ел ішіндегі валюталық шоттардағы ақшалар»;
  • «Шетелдердегі валюталық шоттардағы ақшалар»;
  • «Есеп айырысу шотындағы ақшалар»;
  • «Кассадағы ұлттық валюта түріндегі ақшалар»;
  • «Кассадағы шетелдік валюта түріндегі ақшалар»

деп аталатын шоттарының тиістілері дебиттелінеді.

Ал егер үлес қосушылар мен акционерлер қоғамға өз үлесін «Материалдық емес активтер», «Негізгі құралдар», «Материалдық құндылықтар» және тағы да басқа түрде салатын болса:

Д-т: «Материалдық емес активтер»:

«Негізгі құралдар»;

«Материалдық құндылықтар» және тағы да басқа шоттардың тиістілері;

К-т: «Төленбеген капитал» деп аталатын шот түрінде бухгалтерлік жазу жазылады.

Сондай-ақ серіктестіктердің (акционерлік қоғамнан басқадай) қоғамдық жарғылық қорға қосқан үлестері мен жарналарының сомасына:

Д-т: «Материалдық емес активтер»;

«Негізгі құралдар»;

«Материалдық құндылықтар»;

«Ақшалар» және тағы да басқа шоттардың тиістісі.

К-т: «Салымдар мен жарналар» шоты түрінде бухгалтерлік жазу жазылуға тиіс.

«Қайтарылып алынған капитал» деп аталатын шот акционерлік қоғамның акционерлерден сатып алған акцияларының есебін жүргізу үшін арналған. Бұл жағдайда кәсіпорын акционерлерден өз акцияларын сатып алған уақытында бухгалтерлік есепте:

Д-т: «Қайтарылып алынған капитал» шоты;

К-т: «Ақшалар» шоты түрінде екі жақты жазу жазылады.

Егер акционерлік қоғам өз акцияларын айналымнан алып тастаған уақытта, айналымнан алынған акцияның құнына:

Д-т: «Қарапайым акциялар» немесе

«Артықшылығы бар акциялар» шоттарының тиістісі;

К-т: «Қайтарылып алынған капитал» шоты түрінде бухгалтерлік жазу жазылады.

Осы айтылғандармен қатар кәсіпорындарда «Қосымша төленген; капитал» деп аталатын шотта қоғамның өз акцияларын атаулы (номиналдық) бағасынан жоғары бағамен сату барысында пайда болған сомалары, ал «Қосымша төленбеген капитал» деп аталатын шотта ақшаның құнсыздануына және тағы да басқа жағдайларға байланысты ұйымның «негізгі құралдарын», инвестицияларын, сондай-ақ басқа да активтерін қайта бағалау нәтижесінде пайда болған калиталдың өсу сомалары есептелінеді. Жоғарыда айтылып өткендей қоғам өз акцияларын номиналдық бағасынан жоғары бағамен сатқан уақытында ақшалардың келіп түсуіне қарай:

Д-т: «Ақшалар» шоты;

К-т: «Қосымша төленген капитал» шоты түрінде бухгалтерлік жазу жазылады.

Кәсіпорынның акционерлерден акцияларды олардың атаулы (номиналдык) бағасынан төмен бағамен сатып алуынан пайда болған айырма сомаға:

Д-т: «Қайтарылып алынған капитал» шоты;

К-т: «Қосымша төленген капитал» шоты түрінде бухгалтерлік жазу жазылады.

Кәсіпорынның негізгі құралдарды, инвестицияларды және басқа да активтерді қайта бағалағаннан алынатын сомаларына:

Д-т: «Негізгі құралдар»;

«Материалды құндылықтар»;

«Инвестициялар» және тағы да басқа шоттардың тиістісі.

К-т: «Негізгі құралдарды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал»;

«Инвестицияларды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал»;

«Басқа да қосымша төленбеген капитал» шоттарының тиістілері түріндегі бухгалтерлік жазу жазылады.

Сонымен қатар:

  • негізгі құралдарды қайта бағалау кезінде өскен тозу сомасына:

Д-т: «Негізгі құралдарды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал» шоты;

К-т: «Негізгі құралдардың тозуы» шоты түрінде;

  • негізгі құралдардың пайдаланылуына қарай, олардың қосымша бағаланған сомалары және есептен шығарылған негізгі қорлардың пайдаланылған мерзімі ішінде бөлінбеген табысқа апарылмай қалған қосымша бағасының сомасына:

Д-т: «Негізгі құралдарды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал» шоты,

К-т: «Есепті жылдың бөлінбеген табысы (жабылмаған зияны)» шоты түрінде;

  • негізгі құралдардың бұрынғы қайта бағалау кезіндегі анықталған қосымша құны шегінде келесі қайта бағалау кезіндегі оның құнының азаю сомасына:

Д-т: «Негізгі құралдарды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал» шоты;

К-т: «Негізгі құралдар» шоты түрінде бухгалтерлік жазулар жазылады.

«Инвестицияларды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген, капитал» шоты бойынша шаруашылық субъектінің бухгалтерлік есебінде:

  • қаржылық инвестицияларды бұрынғы қосымша бағалағанда алынған сомасы шегінде инвестициялардың кейінгі кездегі құнының төмендеу сомасына:

Д-т: «Инвестицияларды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал» шоты;

К-т: «Қаржылық инвестициялар» шоты түрінде;

  • қабылданған есеп саясатына қарай есептен шығарылған ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялардың бұрынғы қосымша бағаланған сомасына:

Д-т: «Инвестицияларды қайта бағалағаннан алынған қосымша төленбеген капитал» шоты;

К-т: «Бөлінбеген табыс (жабылмаған зиян)» немесе «Бағалы қағаздарды сатудан алынатын табыс» шоттарының тиістілері түрінде жазулар жазылады.

Кәсіпорынның жарғылық капиталы қызметті бастауды қамтамасыз ету үшін жаңадан құрылған кәсіпорынның жасаған қаражаттарының сомасы болып саналады.

Ол акцияларды орналастырудың немесе сатудың, жеке капиталын салудың, мемлекеттің қаражаттарының, материалдық емес активтердің және басқа да мүліктердің немесе мүліктік құқықтарының есебінен құрылады. Сонымен қоса, жарғылық капитал жаңадан құрылған занды тұлғалар өз қызметін бастау үшін бастапқы материалдық базасы болып та табылады, ол құрылтайшылардың (акционерлердің, қатысушылардың) қатысу үлесін және кепілдік сипатын анықтайды.

Шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталына салынатын салымдары, ақша да, бағалы қағаздар да, мүлік те, мүліктік құқық та және басқа да мүліктер (интеллектуалдық қызметтің нәтижесіне берілген құқын да қоса алғанда) болуы мүмкін.

Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарлық капиталына натуралды нысанда салынатын салымдары немесе барлық құрылтайшалардың келісімі бойынша немесе барлық құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша мүліктік құқығы ақшалай нысанда бағаланады. Осындай салымдардың құнының сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асып түсуі керек, бірақ сол бағалауды тәуелсіз эксперт (бағалаушы) қуаттауы керек.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қайта тіркелген кезде қатысушылардың ақшалай салымдары бухгалтерлік құжаттармен не болмаса аудиторлық есеп берулерімен қуатталып бағалануы мүмкін.

Осындай бағалау кезеңінен бастап, бес жыл бойы шаруашылық жүргізуші субъектілердің құрылтайшылары (қатысушылары) өздері косқан сомаларының шегінен артық бағаланған салымдарына субъекті кредиторларының алдында бірлесіп жауап береді.

Егер де салым ретінде субъектіге мүлікті пайдалану құқы берілсе, онда бұл салым үшін төленетін төлемнің мөлшері, құрылтайшылардың құжаттарында көрсетілген барлық мерзімі үшін есептелген сомадан анықталады.

Мүліктік құқы жоқ және басқа да материалдық емес игіліктерді жеке салым ретінде жасауға рұқсат етілмейді, сондай-ақ қатысушылар серіктестікке бір-бірінің қарызын өзара есептесуге жатқызуына болмайды.

Қосымша және жауапкершілігі шектелген серіктестіктердің жарғылық капиталының бастапқы мөлшері құрылтайшылардың салым сомасына тең болады және құжаттарын мемлекеттік тіркеуден ету үшін берген күнінде, оның мөлшері жүз айлық есепті көрсеткіштен кем болмауы керек.

Аталған серіктестіктер тіркеуге дейін өздерінің жарғылық капиталының жалпы сомасының 25%-тей мөлшерінде соманы төлеуге міндетті. Бірақ ол жарғылық капиталының минималды сомасынан кем болмауы керек. Жалпы жиналыстың шешімімен бекітілген мерзімде серіктестіктің барлық қатысушылары жарғылық капиталына берешегін толығымен өтеуі тиіс.

Ол мезгіл серіктестіктің тіркелген күнінен бастап саналады және ол бір жылдан аспауы керек. Егерде серіктестіктердің қатысушылары белгіленген мерзімде өз үлестері бойынша міндеттемесін орындамаса, онда қатысушылар өзінің есебінен бермеген үлесінің бір бөлігін қосуы керек, болмаса олардың жарғылық капиталы қосатын үлесіне дейін азайтылады.

Акционерлік қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшері бірыңғай валюта көрсетілген барлық шығарылған акцияның номиналды (атаулы) құнына тең болады. Қоғам өзінің шығады деп жариялап қойған акцияларының барлығын немесе тек бір бөлігін ғана шығаруы және орналастыруы мүмкін. Ол жағдайда жабық акционерлік қоғамы мемлекеттік тіркеуден өтпес бұрын жарияланған жарғылық капиталының толық төленуін қарастырады. Ашық акционерлік коғамы өзінің жарияланған жарғылық капиталының кем дегенде 25% тіркеместен бұрын төлеуі тиіс.

Жарияланған жарғылық капиталының минималды көлемі ашық акционерлік қоғам үшін – бес мың минималды есептік көрсеткішін, ал жабық қоғам үшін – жүз минималды есептік көрсеткішін құрайды.

Акционерлердің жалпы жиналысында анықталған әрі жарияланған санының шегінде акцияны шығарудың жағдайы, мерзімі, саны директорлар Кеңесінің шешімімен белгіленеді.

Қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының деңгейі шығарылатын акцияның номиналдық (атаулы) құнына тең болады. Шығарылған (төленген) жарғылық капитал жаңадан шығарылған немесе сатып алынған және жойылған акцияларына сәйкес өзгеруі мүмкін. Бұл жерде шығарылған акцияның номиналды құнының жиынтық сомасы әрбір қоғам типіне белгіленген минималды деңгейден төмен болмауы керек.

Қоғамның жарияланған жарғылық капиталы түгелдей төленіп және орналастырылып біткен соң ғана, ұлғайтуға рұқсат беріледі; жарияланған капитал мен шығарылған капиталдың арасында айырмасы болса, онда сол сомаға жарғылық капитал азайтылады.

Жарияланған жарғылык капиталын ұлғайту және азайту туралы шешім акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады, бірақ оларды минималды деңгейден төмендетуге рұқсат етілмейді.

Барлық кредиторларға кем дегенде 30 күн бұрын хабарланған соң, жарияланған жарғылық капиталын азайтуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда кредиторлар өзінің алашағын толық деңгейде, әрі тез арада талап етуге құқылы.

Қоғам акциялары жай және айрықша болып келеді.

Заңға сәйкес акциялар акционерлердің келесі құқықтарын қанағаттандырады:

—         дивидендтер алуын;

—         қоғамды басқаруына қатысуын;

—         қоғам жойылғаннан кейін одан қалған мүлікті бөлісуге катыса алатындығын. Қоғам тек иесі жазулы (атаулы) акцияны шығаруға құқы бар. Иесі жазулы (атаулы) акцияның қозғалысы, яғни акцияның өз ұстаушысын ауыстыру, катаң тәртіпте арнайы құжатта – акционерлік коғамның акционерлерінің тізімінде белгіленеді. Иесі жазулы (атаулы) акцияның құқын, тек тізімге енгендер ғана пайдалана алады.

Жарғылық капиталдың қолда бары және қозғалысы 5011-ші «Жәй акциялар», 5012-ші «Айрықшылығы бар акциялар», 5013-ші «Қосқан үлестер мен жарналар» шоттары енетін 5000-ші «Жарғылық капиталы» деген шоттар бөлімшесінде жүргізіледі.

5000 «Жарғылық капитал» бөлімшесінің шоттары бойынша қалдығы, оның құрылтай құжаттарында көрсетілген жарғылық капиталының мөлшеріне сәйкес келуі керек. 5000 бөлімшенің шоттары бойынша жазу жарғылық капиталдың белгіленген тәртібі бойынша жүреді, олардың ұлғайған немесе азайған жағдайында құрылтай құжаттарында да тиісті өзгерістер енгізіледі.

5000 «Жарғылық капитал» бөлімшесінің шоттары бойынша операцияларын қарастырайық.

5011-ші «Жәй акциялар», 5012-ші «Айрықшалығы бар акциялар» шоттарының кредиті бойынша акционерлік қоғамның жарғылық капиталына салынатын салымдары бойынша қатысушылардың қарыз сомасы көрініс табады, ал ол 5020-шы «Төленбеген капитал» шотымен корреспонденцияланады. /2/