Қазақ жеріндегі алғашқы философиялық түсініктер

Қазақ жеріндегі алғашқы философиялық түсініктер туралы қазақша реферат

Басқа халықтардың философиясы сияқты отандық философия да өз қайнар көзін көне  аңыздар мен дастандар , ертегілерден бастайды. Егер аңыздарға бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейтін болар, өйткені өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды — ол оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар, нақыл сөздер. Олардың көбі жаңа ғана жарық көріп, философиялық тұрғыдан талдануда.

Көне түріктердің түсінігі бойынша, бұл Дүние жоқтан пайда болған. Оны ұстаға ұқсайтын Жаратқан  тудырды. Дүние, негізінен, жер, су, от, ауадан тұрады. Ол неше түрлі қайшылыққа толы: жер мен күн, өлім мен өмір, адам мен табиғат, бақ,құт пен зардап, жарық пен қараңғы, жылы мен суық т.с.с.

Аспанға көз жіберген ежелгі түрік бабаларымыз оны Тәңір, Жаратқан әлеміне жатқызған. Адамдар мен басқа тіршілік өмір сүріп жатқан дүние — ол Жер мен Су әлемі. Білге қаған мен Күлтегіннің құрметіне тасқа ойылып жазылған ескерткіште Дүние былайша суреттеледі: «Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасынан адам баласы жаратылған…»  Тәңірге, Жер-Суға табынудың пайда болуы адамда әуелде қалыптасқанайнала қоршаған ортаға деген, бір жағынан, тәуелділік, табиғаттың стихиялық күштерінен үрейлену, екінші жағынан, ризашылық сезімдермен байланысты болса керек, өйткені олардың түсінігінше, бұл құдайлар қарапайым адамдарға қамқорлыпен қараған, жабайы өсімдіктердің жемістерін сыйлаған.