Дәулет Мықтыбаев

Дәулет Мықтыбаев (1904-1976) мектебінің өзіндік қасиеттері мен ерекшеліктері.

         Қазақ өнерінің бастауында үркердей аз ғана  топ ішінен айрықша табиғи талант-дарынымен  жарқырап көрінгендердің бірі  қобызшы — Дәулет Мықтыбаев.  Д. Мықтыбаев 1904 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген.

Ықыластың ең дарынды шәкіртінің бірі Тоқтамысұлы Әбікей қартайған шағында бойындағы ұлы мұра ұмыт болмас үшін қатты алаңдап, аяқ жетер төңіректен қобыз қадірін білетін өкше басар жас ұрпақ  іздеген екен. Ол іздеген Қорғалжын жағасын жайлап отырған Әупіктің ауылынан табылады. Әупік – қазақтың әйгілі қобызшысы Д. Мықтыбаевтың әкесі- өнерге жақын  және өзі от басында  да қобыз тартқан адам.

Д. Мықтыбаев  тоғыз жасқа келгенде  қобызға қатты құмарланып жүргенін әкесі байқап, тәлім — тәрбие алсын деп, Ықыластың   Түсіпбек  деген баласына жібереді. Дәулет Түсіпбектің қолына  келгенде Ықылас әлі тірі. Бірақ қолынан күші қайтып, қобыз шылмайды екен. Талай жыл жан серігі болған қара қобызын Ықылас:  «Ашаршылықта ас болған, жаяушылықта ат болған аспабым еді»-деп маңдайына басып, өзінің  Әбікей деген ең дарынды шәкіртіне тапсырған екен»- деп жазады И. Жақанов.

Осы әңгімелерге сүйенсек,  Д. Мықтыбаев Ықылас күйлерін Әбікей, Түсіпбектерден үйреніп  ұстап қалған. Бірақ, өкінішке орай, осы кісілерді  мазаламайын деп,  Дәулет  Ықыластың  көп күйлерін  ұстай алмай қалғанын да айтып кеткен де  жөн көрдік. Көп күйлердің аттары сақталғанымен, орындайтын  үлгісі, нотаға жазылғаны қалмаған, мысалы: «Бозторғай», «Қаншайым» сияқты күйлер.

И. Жақановтың сөзіне сүйене отырып, Түсіпбек Әупік ауылына бірнеше мәрте келіп  Дәулетке өз білетін күйлерін үйретеді. Дәулет қобызға деген музыкалық қабілетінің арқасында  Қорқыттың, Ықыластың күйлерінің көпшілігін аз уақыттың ішінде  үйреніп, сол өңірдің белгілі  қобызшысына айналады.

1930-шы жылдары  халық музыкасы өркендеп  даму жолына түсіп   және  де көптеген мәдени ошақтар құрыла бастаған кез еді.  Сол жылдары Дәулет те Қали Байжанов сынды  қазақ өнерінің саңлақтарымен бірге Қарағанды радио комитетіне  жеке орындаушы, әртістік қызметке орналасады.

Осы кезден бастап Д. Мықтыбаев кәсіби жолға түсіп үлкен сахналарда өз өнерін көрсете бастады. 1934 жылы  Алматыда өткен бүкілқазақстандық өнерпаздар слёты жүргізілді. Сол слётке  майталман домбырашылар: Л. Мұхитов, Қ. Жантілеуов, У. Қабиғожин, қобызшылар Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев та қатысып, жүлдегер атанады. Сол жылдан бастап Алматы мемлекеттік филармониясында  жеке қобызда орындаушы ретінде  жұмысқа қабылданды. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, көптеген концерттерге қатысып, елдің ризашылығына бөленді.

1941 жылы   Дәулет өз Отанын қорғау үшін майданға  аттанып, ол жерде де өзінің сүйікті қара қобызын тастамады. «Қызыл армия» ансамблінің белді мүшесі болып, қобызбен жауынгерлердің көңілін көтеріп, Қобыздағы орындаушылық өнерін  әрі қарай  жалғастырды. 1945 жылы елге аман-есен оралып, Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы филармония мен Құрманғазы  атындағы Ұлттық аспаптары  оркестрінде еңбек етті. Сөйтіп, Кеңес армиясының жеңіске жетуіне Дәулет те  қобыз өнері  арқылы өз үлесін қосты десе  артық болмайды. Қазақ  радиосы  қорына Д. Мықтыбаев Ықыластың көп күйлерін ; «Ерден», «Қазан», «Қамбар батыр», «Жолаушының қоңыр жолы»,  «Кертолғау», «Айрауықтың ащы күйі», «Шыңырау», Әбікедің «Жалғыз аяқ», «Көзбеннің Сарынын», «Қорқыт», «Аққу» күйлерін жаздырып қалдырды. Қобызшының осы еңбегі – қазақ аспапты орындаушылық өнерінің алтын қорына қосылған  теңдесі жоқ құнды дүниелер.

Жоғарыда айтқандай, Дәулет  әйгілі қобызшы Ықыластың баласы   Түсіпбек тартқан  күйлерін жылдам меңгеріп, сол өңірдің  белгілі қобызшысына  айналды. Сондықтан Дәулет Ықылас бабамыздың қалдырған күйлерін нақтылы түрде орындайды деуге болады. Дарынды  қобызшы  Ықыластың  ғажайып қабілеттілік нәзік   сезімінен туындалған шығармаларын шеберлікпен  көрсете білді.  Сонымен Ықылас шәкірттерінен үйренген ұлы қобызшының музыкалық  мұрасынсақтап  келген өнерпаздың бірі — Д. Мықтыбаев. Оның    орындаушылық өнері тікелей Жаппастың өнерімен байланысы анықталады.  Екеуінің орындаушылық  ерекшеліктерін салыстыра келе  екі асқан қобызшының орындаушылық айырмашылығын А. Жұбанов  былай түсіндіріп жазады: — «Қобызды әңгіме еткенде, тек Жаппастың  ойыны емес, Дәулеттің ойынын да айтпай кетуге болмайды». Ол – да шебер  қобызшы. Бірақ  Жаппас сияқты нота сауатын меңгермеген. Дәулеттің Жаппастан тағы бір айырмасы ол кей кезеңдерде қобызды қоя тұрып басқа кәсіп істеп кеткен мезгілдері де болды. Олардың репертуарлары да ұқсас  болатын, бірақ ойнау техникалары бірдей емес. Дәулеттің  дыбысы Жаппасқа  қарағанда  қомақтырақ, тереңірек, бірақ  Жаппас музыкалық жағынан ілгерірек тұрған адам. Оның тез күйлер ойнағанда техникасы Дәулеттен жоғары. Ал, Дәулет созылмалы, шырқайтын күйлерге шебер келеді. Міне осы аталып отырған екі кісіден басқа, олардың шамасына келетін бүкіл республика көлемінде ешкім жоқ.

Сонымен аспаптық өнердің тың  Ықыластың мұңды толғауларын, импровизациялығын жеткізген Дәулет болса, Ықыластың өзіндік  қырларын,  ішкі дүниесін аша білген Жаппас болды. Мысалы «Жез киіктің» ащы дыбыстарының жүрдек желдірмесін, қарқынын Жаппас сәтті келтірсе, Дәулет Мықтыбаев ескі сарын, ескі толғау стилінің шеберлігімен ерекшеленеді.

Халықтың дәстүрінде импровизациялау ең жоғары дәрежеге жеткен белгілі  ұлы ғалым Ш. Уалиханов бұл феномен  былай деді: «Склонность к поэзии, особенно к импровизации, отличает все кочевые расы… Влияние ли кочевой беззаботной жизни или постоянное созерцание всегда открытого звездного неба и беспредельных степей были причиною к поэтическому и умозрительному расположению духа этих степных кочевников- нам нет нужды знать».

Бұған күйшілердің өмірі мен өскен ортасы, табиғаты, әлеуметтік факторлар әсер етті. Сол себептен де  Д. Мықтыбаев  импровизацияның шебері болып  қалыптасты. Оның орындауындағы күйді тыңдап отырғанда, бір күйдің әр түрлі әуенімен тартылғанын аңғаруға болады. Оның себебі күйдің синкреттілігінде-яғни, күй тек музыка ғана емес, ол кішігірім хикаялы шежіре.  Дала жырауының еркіндігін шектеусіз қолдана білген Дәулет, қобыз музыкасының табиғи эстетикалық көрінісін керемет білген еркін импровизацияға терең бойлай беретін қас шебері. Импровизация халықтың дәстүрлі өнерінде ең жоғары дәрежеге жеткен. Осы себебтен оның орындауындағы күйлердің кез келген нұсқасын ілтипатпен қабылдаймыз.

«Жез киік» күйіне жеке тоқталсақ, оның сюжеті халықтың бостандық өмірін  суреттейді. Аңшылардың ұғымы бойынша, жез киік жас нәрестенің аман-сау өсіру қамын ойлаған аңға ұқсас. Ол тау құздардың төбесінде еркін секіріп, шексіз кең даланың төсінде ойнақтайды, табиғат көркін тамашалайды, опасыз аңшылардың өткір көзінен аман сақтайтын, айналасына қоршаған  өсімдікке ұқсас терісінің әсем бояуымен мақтанады.» Аңшылардың сенімінше ,жез киік күнге шағылысып, аңшыларға дұрыс көздетпейді. Сондықтан ол кең далада ұзақ өмір сүргендігі  халық  аузында аңызға айналған. Даланың көркемдігі  мен бостандықтың  бейнесіне айналған жез киік  аңызды Дәулет Ықыластың баласы Түсіпбектен естіп бізге ойнап жеткізген». Күй дала табиғатының көрінісін толықтырып, байыта түседі.

         «Жез киік» күйін  Г. Омарова D-dur тональностіне  нотаға түсірген. Орташа екпінді қарқынмен ойналады. Осы орындаған «Жез киік» күйінде  Дәулет күй иірімдері мен сарын ортақтығын стильдік бір тұтастығын көрсете білді. Ойнау барысында  ол орындаған күйде тұрақты әуендік формулалар, жалпы иірімдер молынан кезігеді. Әуендік  иірімдер мазмұны мен ырғақтық өлшемі жағынан белгілі бір жүйеге түскенімен, осы орындаған күйде олар жаңаша өрнектеліп, құбылып халықтың аңыз-әңгімесін ашып көрсете білген.  Бұл күйді белгілі аспапшы  ля-ішегінде саусақтың тырнағымен, ал, ре ішегінде тырнақ пен еттің екі ортасымен орындайтын. Сондықтан күйдің  дыбысы ерекше  обертондық, флажолетто шығару әдісімен ойналып көрсетіледі.

Дәулет тек қана дәстүрлі күйлермен шектелмей, басқа да халық ақындарының күйлерін жақсы тыңдап, өз репертуарына еңгізіп,  халықтың алдына өзіне тән мәнерімен  орындай білді. Ол талантты күйші ғана емес, сахнаның санаулы шеберлерінің бірі болды. Мамандардың пікірі бойынша, күйшілердің ішінде ол өзіндік  музыкалық тілінің әсерлілігімен, оралымды үнімен ерекше дараланатын.

Дәулеттің  шәкірттерінің айтуы бойынша, ол күйлерді орындаған кезде, өзінің көңіл күйіне байланысты, тыңдаушының ықыласына байланысты, күйді өз қалауынша созып, немесе басқа күй әуендеріне  қосып, көбейтіп, не қысқартып орындайтын.  «Бізді бұзған сахна-деп айтатын күйші. Елге жақсы көрінеміз деп, бір күйге екінші күйді қосып жіберіп орындайтынмын. Сендерге айтатыным,  орындаған  күйге, басқа бір күйдің әуенін қоспай, бұзбай ойнаңдар»- деп өсиет қалдырғандейді  шәкірті Ә.  Жұмабекұлы.

Халық орындаушылары сияқты Дәулет те ешбір музыкалық оқу орнынан дәріс алмаса да, табиғи дарын-қабілетінің арқасында өнер биігіне көтерілген таланттардың бірі. Оның  орындаушылық өнері, қазақ күйлерінің қорына қосылған елеулі үлес болып табылады.

«Дәулет бойында қазақтың ғасырлар бойы қобыз тарту дәстүрі кәсіби түрде қалыптасқан. Оның қолында қобыз аспабының ораласу деңгейі, ысқыш  ұстауы, қобыздан үн шығаратын сол қолдың (аппликатурасы) саусақтарының дыбыс шығарудағы реті қазақ даласындағы қобыз мектебінің кәсіби үлгісі. Сондықтан Д. Мықтыбаевтың қазақ өнеріндегі алатын орны, оның ұлы дәстүрді біздің заманымызға өзгертпей жеткізіп, қобызды өзінен кейінгі ұрпаққа үйретіп кетуінде» — деп жазады Дәулеттің шәкірті, белгілі ұстаз, профессор Базархан Қосбасаров.

Дәулет Мықтыбаев өз ізін кинофильмде де қалдырды. 1960 жылдары «Құлагер» атты кинофильмде бақсының ролін ойнаса, «Қыз-Жібек» киносында ол Нұрғиса Тілендиевпен қосылып Ықыластың «Аққу» күйін орындап, фильмнің ерекше бояуын келтірді. Осы атап кеткен кинофильмдер қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналды деуге болады.

1970 жылдан бастап Д. Мықтыбаев  Құрманғазы атындағы ұлттық  консерваторияда,  Жаппас  Қаламбаев бастаған ұстаздық  ісін жалғастырып, дәстүрлі қылқобыз сыныбы бойынша шәкірттерді тәрбиелеуге де белсенді үлес қосты. Ол  күй орындаушыларды дайындауда үлкен жетістіктерге жеткен.  Қазақтың бай дәстүрлеріне негізделген тәлімгерлік еңбегі қобыз  окыту репертуарын айтарлықтай кеңейтті.  Дәулет пен Жаппастың  ұстаздық және   орындаушы ретінде жасаған еңбектері қобыз өнерінің дамуына кәсіби мамандар қалыптасуына, жалпыұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Ықыластың көзін көрген Ашай, Әбікей, Сүгір сияқты қобызшы-домбы-рашылардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшылар  Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Үлкен музыкант-күйшінің көзін көрген және тәлім- тәрбие алған, олардың ізін суытпай, қобыздың дәстүрін әрі қарай жалғастырушылар: Үмбетбаев Сматай,  Балғаева Фатима,  Кәлембаева Меруерт, Қосбасаров Базархан, Жұмабеков Әбдіманап, Молдакәрімова Ғалия т. б. сияқты тума талант және кәсіби білімі бар ұстаздардың қобыз өнерінің жаңа даму белесіне көтерілуіне жемісті еңбек етуде.

Сан – алуан оқиғаларды басынан кешірген еліміздің халық таланттары-ақындар мен жыраулар, әншілер мен күйшілер халық көкейіндегі сыры мен арманын, қуанышы мен күйінішін ғажайып ән мен күй арқылы толғаған. Аттары аталмаған орындаушылар, уақыт құрдымына ізі сіңіп, жоғалып кеткен күйлер қаншама деңіз. Ал біздің заманымызға жеткен күйлердің кейбірінің бітім-болмысы, бояу-өрнегі қаз –қалпында сақталмағаны анық. Қобыз күйлерін бүгінгі күнге жеткізіп, халық арасына таратып, күй табаққа жаздырған қобызшылар Ж. Қаламбаев пен Д. Мықтыбаев осы өнердің өркендеуіне теңдесі жоқ зор үлес қосты»-деп «Мәңгілік сарын» дәстүрлі музыка фестивалінің салтанатты ашылуында И.Тасмағамбетовтың айтқан сөзі.