Білім беру адам дамуының көрсеткіші ретінде

Білімнің адам дамуындағы айқындаушы рөлін тану адам капиталының теориясына негізделеді, ол теория бір мезгілде адам дамуы тұжырымдамасының пайда болуының теориялық алғышарты және аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және ол тұтастық қалпында ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында қалыптасты.

Адам дамуы тұжырымдамасының мәні мен мағынасын анықтайтын өзекті элементтерінің бірі мемлекет, қоғам және тұлға үшін білімді жоғары басымдық дәрежесіне көтеру болып табылады. Адам дамуы тұжырымдамасының мәні мен мағынасын анықтайтын өзекті мәліметтерінің бірі мемлекет, қоғам және тұлға үшін білімді жоғары басымдық дәрежесіне көтеру болып табылады.

Адам дамуының аса маңызды факторы ретінде білім экономикалық, саяси, әлеуметтік және гуманитарлық проблемалардың тұтас жиынтығын шешуге айқындаушы немесе біршама елеулі ықпал көрсетуге лайықты. Ондай проблемаларға мыналар жатады: әр елдегі халықтың қазіргі заманғы өркениет деңгейі мен тұрмыс сапасына қол жеткізу, кедейшілікті бағындыру мүмкіндігі, тиімді жұмыспен қамтылуды қамтамасыздандыру, әлеуметтік теңсіздіктің деңгейін төмендету, гендерлік және этникалық теңсіздіктен арылу, қылмыстықты азайту, АИВ/ЖИТС ауруының таралуына қарсы күрес жүргізу, саяси және ұлысаралық жанжалдардан арылу және сақтандыру, орнықты дамуды қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның құрылымдарын күшейту, адам құқықтарын сақтау және тиімді іске асыру, тұлғаның өз мүмкіндіктерін толық және жан-жақты іске асыруы үшін жағдайлар жасау қажет. Сондай-ақ, білімді аса маңызды адам капиталы ретінде қарай отырып, адам дамуының тұжырымдамасы білімнің кең ауқымды және көп қырлы әлеуметтік қызметтерін бекітіп, оған осы заманғы социумның іргелі проблемаларын шешуде басты рөл атқаратынын айта кеткен жөн.

Қазіргі уақытқа қарай қалыптасқан қазақстандық ұлттық білім жүйесі жүйелі сипат алған реформалардың нәтижесі болып табылады. Бұл орайда мемлекеттік тәуелсіздік алған Қазақстандағы білім реформаларының себептері экономикалық және саяси өзгерістердің алғышарттарынан мүлде бөлек. Экономикалық және саяси өзгерістер экономиканың терең дағдарысымен, саяси қатынастардың тарихи баламасыздығымен, өндірістің құрылымымен және нәтижелерімен озық елдерден едәуір артта қалуымен, халықтың тұрмыс деңгейімен және сапасымен, мемлекеттік басқарудың тиімділігімен сабақтас болды.

Білім беру жүйесіне тікелей және жанама түрде бүкіл қоғамның қатысы бар. Білім жүйесін өзгерту қоғамның және жеке тұлғаның көзқарасын, ой-санасын, психолгиясын, мүдделерін, қарым-қатынасын кешенді түрде өзгерту арқылы жүзеге асырылады. Осындай кең ауқымды, күрделі реформаны жасау мол қаржылық, кадрлық ресурстарға қосымша реформа бағыттары мен мазмұнын әдіснамалық негіздеуді, жан-жақты байыпты даярлық жасауды, ғылыми-теориялық зерттеулер мен практикалық сынақтар өткізуді, білім жүйесінің басшыларының, мұғалімдердің, оқушылардың, жалпы қоғамның арасында психологиялық даярлық, бейімдеу, ынталандыру жұмыстарын өткізуді қажет етеді. Сондықтан да жаңа білім моделін ғылыми-зерттеу зертханаларында ғана әзірлемей, озат мектептердің тәжірибелерін саралау, жаңашыл педагог-мамандарды, ата-аналарды, қоғам қайраткерлерін, білім саласынақатысы бар барлық мекемелер мен ұйымдарды кеңінен қатыстыру, олардың қызметтерін өзара үйлестіру арқылы жасауға тиіспіз. Осындай аса маңызды да ауқымды жұмыстарды кешенді және іргелі түрде жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен Қазақ Білім академиясының жанында тұрақты және кешенді жұмыс істейтін Ғылыми-қоғамдық үйлестіру кеңесінің құрылғаны барынша тиімді болар еді.

Қазақстан Республикасының білім беру стратегиясындағы басты концепция-ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үлгісінің негізгі мақсаты-адамның ең негізгі құндылық ретінде мойындау және сол тұрғыда қалыптастыру, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, мәдени-рухани дамуына ерекше мән беріп, сол арқылы оның рухани жан дүниесінің жетілуіне, әлеуметтік-саяси көзқарастарының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, әлеуметтік мәдениетінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай туғызу. Яғни, келешек маман білікті әрі білімді, ең алдымен рухани тұрғыда кемелденген, ұлттық ділі мықты, әлеуметтік мәдениеті қалыптасқан, халық, ұлт алдындағы жауапкершілік сезімі жоғары дара тұлға болуы тиіс. Сондықтан бүгінгі білім алушыға тек маман ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оны,ең алдымен, өз елінің азаматы, адамгершілігі мол творчествалық тұлға, елдің жанашыры, келешектің иесі, халқының тірегі ретінде тану керек, соған мүмкіндік жасалуы тиіс.

Сонымен, адам капиталы адамның сапалық және сандық көрсеткіштерімен анықталатын, табиғи болмысы мен әлеуметтік мәні бар зор қабілеті, білімі, білігі, дағдысы. Бұл әлеуметтік құндылығы жоғары сипаттардың қалыптасуы индивидтің өзінің уақыты  мен материалдық мүмкіншіліктеріне және де мемлекет тарапынан жұмсалатын тікелей және жаңа шығындарға байланысты. Адам капиталының бұл қасиеттері біріншіден, субъектінің әлеуметтік статусын көтеруге, екінші жағынан еңбектің тиімділігін арттыруға, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Основы кредитной системы обучения в Казакстане» деп аталатын ұжымдық монографиясында елдің келешектегі білім беру саласындағы тұғырнамалар анықталып, ол кәсіби білім берудің тек жоғары сапасымен ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам іргетасы ретіндегі жаңа білім беру философиясымен де айқындалмақ делінген. Онда біршама негізгі міндеттер де анықталған:

  • икемді, мобильді жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру;
  • жоғары оқу орындарының адаптациялық потенциалын көтеру;
  • оқу орындарындағы академиялық және ұйымдастыру құрылымын, ондағы инфрақұрылымдарды жетілдіру;
  • әдістемелік жүйені және білім беру технологиясын реформалау;
  • педагогикалық үрдісті жетілдіру, педагогикалық құрам сапасын жақсарту.

Бұл айтылғандардан туындайтын мәселе, шындығында, ұлттық идея негізіндегі кешенді білім беру философиясын қалыптастыру қажеттілігінің бар екендігі.

Американдық жоғары білім беру жүйесінің ерекшелігі: жоғары оқу орындарының едәуір еркіндігі және автономиялылығы. Ал мұндай менталитет Қазақстан сияқты дәстүрлі қоғамда қалай көрініс табады? Білім беруде әлемдік стандарттың ұлттық санаға ықпалы қалай болады? Мәселен, ұлттық патриотизмге, ұлттық этикалық санаға, жеке тұлғаның өзіне өзінің тең келу мәселесіне, ұлттық мифтік санаға, ұлттық идентификация мәселесіне ықпалы қандай болмақ дейтін әртүрлі сұрақтар туындайды.

Болонь Декларациясы, әлемдік бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру үрдісі бүгінгі глобализация феноменінің құрамдас бөлігі, оның іске асырылу формасы десек болады. осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда көрсетілгендей, білім берудегі бұл инновацияның түбірлі мәні мен сипатын әмбебап нарықтық-экономикалық рационализм, ал ол тікелей өндіріс қажеттілігі мен пайда іздеу мүддесімен байланысты болатынын мемлекет жасырмайды. Осының өзін методологиялық тұрғыдан пайымдайтын болсақ, кредиттік жүйенің идеологиялық мәндік болмысын білдірмек.

Неоклассик-экономист А.Маршаллдың пікірінше табиғат қайтарымы төмендеу тенденциясында болса, адам осы  қайтарымды арттыру тенденциясына ие. «Білім біз үшін өндірістің ең қуатты қозғаушысы, табиғатты бағындырып, оның күштерін қажеттілігімізді қанағаттандыруға, пайдалануға мүмкіндік береді».

Адамның сапалық параметрлерін қалыптастырушы және жетілдіруші рухани өндірістің маңызды салаларының бірі-білім беру саласы. Білім беру бір жағынан, тұтас ұлттың интеллектуалды потенциалының дамуы және тереңдеуінің факторы болса, екінші жағынан-адам мүмкіндіктерінің барынша жүзеге асуының іргелі алғышарты. Білім беру экономикалық өсудің маңызды факторы, әлеуметтік теңсіздікті жеңілдетудің және жұмыссыздыққа қарсы құрал ретінде қарастырыла басталды. Әсіресе білімі және біліктілігі жоғары адам прогрессивті қоғамдық өзгерістердің көзі және қуатты қозғаушы күші ретіндегі өзекті мәселеге айналды.

Білім беру қоғамның әлеуметтік кәсіптік құрылымын қалыптасырушы, мәдениетті ұдайы өндіруші, жинақталған әлеуметтік тәжірибені, адамгершілік, мораль қағидаларын жалғастырушы, индивидтердің әлеументтендірілуін қамтамасыз етуші институт болып табылады. Сондай-ақ, білім беру индивидтердің, қоғамның интеллектуалды және әлеуметтік-психологиялық потенциялын қалыптастырады; жанама түрде, білім беру индивидтің дене және психофизиолгиялық жағдайына әсер етеді; адам капиталының моральдық тозуының орнын толтырады, адам капиталы потенциалының жойылуының алдын алады. (жұмыссыздар, зейнеткерлер), ұлттық қауыпсіздікті және қоғамда демократияның сақталуын, оның күшеюін қамтамасыз етеді.

Адам капиталының анықтаушы элементі-білім беру экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және өркениеттіліктің факторы; оның қалыптасуы елеулі экономикалық ресурстарды қажет етеді. Оның үстіне, білім беруді өндіруде «рынок шарасызығының» орын алуы да мемлекеттің білім беру қызметі рыногындағы мінез-құлқын анықтайды. Сондай-ақ, мемлекеттің білім беру қызметіне сұранысты осы қызметтің адам құқықтарының бірі екендігімен анықталады.

Адам капиталы теориясы шектеулілігінің басты факторының мәні былай, осы теория даму логикасы мен постиндустриялық өркениеттің іргелі әлеуметтік мақсаттарына сәйкес келе бермейді. Күн тәртібіне білімнің тар экономикалық мәселелері ғана емес, сонымен бірге оның әлеуметтік кең тиімділігі, қоғам және адам үшін өзіндік құндылығы, адам құқықтарының қамтамасыздығы контексіндегі білім туралы мәселелер көбірек ұсынылатын болды.

Адам капиталы адамның сапалық және сандық көрсеткіштерімен анықталатын, табиғи болмысы мен әлеуметтік мәні бар зор қабілеті, білімі, білігі, дағдысы. Бұл әлеуметтік құндылығы жоғары сипаттардың қалыптасуы индивидтің өзінің уақыты  мен маериалдық мүмкіншіліктеріне және де мемлекет тарапынан жұмсалатын тікелей және жаңа шығындарға байланысты. Адам капиталының бұл қасиеттері біріншіден, субъектінің әлеуметтік статусын көтеруге, екінші жағынан еңбектің тиімділігін арттыруға, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады. Сондықтан да,адам капиталына инвестиция салу оның әлеументтендіру тәжірбиесіне терең өзгерістер енгізіп жалпы адам капиталының жиынтық қорының мазмұнына, құрамына, қалыптасуына оң әсер етеді.адам капиталын қалыптастырудың қоғамдық сипаты басымырақ, бұған қоғамды әлеуметтік ұйымдастыру деңгейі әсер етеді. Адам капиталын ұдайы өндіру тұрғындарды, жалпы халықтың сандық және сапалық мәнінің дамып, қоғамның рухани және материалдық жүйесіне жинақталуымен байланысты. Адам капиталын қалыптастырудың және ұдайы өндірудің ішкі және сыртқы факторларына мыналарды жатқызуға болады. Сыртқы факторлар:

  • Білім, ғылым, тәрбие, ақпарат, денсаулық, тұрмыстық қызмет көрсету, әлеуметтік институттарының дамуы. Олардың даму деңгейінің көтерілуіне инвестициялар жұмсау, адам капиталының сандық, сапалық көрсеткіштерінің қалыптасып жатқан құрылымдарының өзгеруіне терең әсер етеді.
  • Адам капиталын құрушылардың өмір сүру әрекетінің сыртқы ортасына еңбек ету жағдайы, үй-тұрмысы, өмірлік тұрағының инфрақұрылымы жатады. Бұл саланы жетілдіру, инвестиция құю, аймақтардың, әр түрлі ұйымдардың әлеуметтік саласын дамытып, жалпы қоғамдық инфрақұрылымының дұрыс бағытта өзгеруіне әкеледі.

Адам капиталына ұдайы өндірудің ішкі алғы шарттарына адамның жанұясының материалдық жетістігі, оның жеке байланыстары, мәдени деңгейі жатады. Егер де қоғам жанұяны қолдап, оның өзіндік саясатының іске асуына инвестициялар салса, ол осы жанұяның материалдық байлығын өсіріп қана қоймай, білімді, дәстүрді, біліктілікті, құндылық бағыттарын, жалпы әлеуметтік тәжірбиені ұрпаққа қалдыру үрдісін жетілдіруге де жағдай  жасайды. Индивид әлеуметтік тұлға ретінде тек жанұяда ғана қалыптасатындықтан, қоғамның рухани игіліктерін-білімді, мамандық статусын, қызметін дұрыс пайдалануды, тұрмыстық-тұтыну мәдениетін игеруде жанұяның орны ерекше.

Гордон Драйден мен Джанет Востың «Білім беру революциясы» кітабында (2003жыл) білім беру саласында осы заманғы әлемнің көптеген елдеріне тән проблема тамаша баяндалған: «Әлем сондайлық жедел өзгеруде, ал білім жүйесі сондайлық оралымсыз да жігерсіз, ол бейнебір уақыттың торына түсіп қалғандай, әлдеқашан аяқталған өткен дәуірге қызмет көрсетуін жалғастырып келеді»-деген сөзін айта кеткен де жөн болар.

Бүгінде елдің бәсекеге қабілеттілігі-жаһандық экономика мен саясатта ең ықпалды тұжырымдамалардың бірі, өйткені тек экономикалық көрсеткіштерді қамтып қана қоймайды, сонымен бірге экономикалық емес маңызды құбылыстардың экономикалық салдарын бағалай алады.

Оны өлшеудің ең қарапайым тәсілдерінің бірі жан басына шаққанда келетін ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көрсеткіші болып табылады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болған сайын, ел мен оның азаматтары соғұрлым бай, өмір сапасы соғұрлым жоғары.

2005 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 3700 АҚШ доллары мөлшерінде қалыптасты. Осы көрсеткіш бойынша, 50 елдің қатарында болу үшін ол кем дегенде 5500-6500 АҚШ доллары және одан жоғары болуы керек. Яғни, шамамен Чили, Мексика, Малайзия секілді елдер деңгейінде болуы керек.

Бұл елдер бұрынғы социолистік елдердің (Чех Республикасы, Венгрия) көрсеткіштерінен айтарлықтай кем түседі-оларда ІЖӨ қазірдің өзінде әр адамға 10 мың АҚШ долларынан асып түседі.

Бәсекеге қабілетті 117 елдің ішінен алғашқылар қатарына Финляндия, АҚШ, Швеция, Тайвань, Норвегия, Исландия, Сингапур, Австралия, Канада, Швейцария, Жапония, Ұлыбритания, Германия және Израиль шығыпты. Қазақстан 61-ші орын алыпты. Біз ТМД-ның барлық мемлекеттерінен алда екенбіз.

Егер жекелеген өлшемдерді алатын болсақ, Қазақстан халықтың «тапқырлық» деңгейі (яғни, технологиялық идеялардың дамуы), ғылыми-зерттеу базасының, дәл ғылымдағы білімнің сапасы бойынша, сондай-ақ базалық инфрақұрылымның жаман емес жағдайына қатысты айтарлықтай жоғары бағаланады.

Алайда біздің еліміз бұл артықшылықтарды нақтылы «капиталдандыру» мүмкіндігін қамтамасыз ететін факторлар бойынша төмен бағаланады.ал мұнда «ақыл-ойдың сыртқа кетуінің» жоғары деңгейі де, жаңа технологиялар мен қызметтерді лицензиялаудың күрделі ресімдері де, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғаудың төменгі деңгейі де, білім беру мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды инвестициялау жөніндегі аз әулет те бар.

Міне, содан келеді де, мысалы, ересек халықтың сауаттылық деңгейі бойынша біз әлемдегі алғашқы 3 пайыздың қатарындамыз, ал әл-ауқат деңгейі бойынша соңғы 40 пайыз елдердің қатарындамыз. Инженерлер мен ғалымдардың саны бойынша біз тізімнің үштен бірінің алғашқысындамыз, ал жоғары технологияларға келетін экспорттың үлесі жөнінен-артта қалушылар қатарындамыз.

Елдің экономикалық деңгейі мен оның әлемдегі бәсекелестік ұстанымы бірінші кезекте оның адамдарының сапасына-адамдық капиталға байланысты екенін көрсетеді.

Өзіміздің алдымызға стратегиялық міндет-таяудағы 10 жылда елімізді әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына шығару міндетін қоя отырып, біз ғылым  мен технологияларды дамытудың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін жіті назарда ұстауға тиіспіз.

Біз Қазақстанда өмір сапасы мен стандарттарын бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің деңгейіне жақындатуға ұмтылуға тиіспіз. Қазақстанның әлемдік рынокта шешуші бәсекелік басымдығы жоғары білікті, жұмылған адами капитал, сондай-ақ инновацияларды тұрақты ендіру болуы тиіс.

«2010 жылға қарай жан басына келетін ІЖӨ-ні 7000 долларға дейін, ал сатып алу қабілетінің паритеті (СҚП) бойынша 15000 долларға дейін арттырып, халық өмірінің күтіп отырылған ұзақтығын 68 жасқа дейін жеткізбекпіз.

Таяудағы үш жылда Қазақстан білім беруге арналған мемлекеттік шығындарды ұлғайтуы тиіс, олар ІЖӨ-нің 4,1 пайызынан кем болмауы керек. Үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджеттен білім беруге 344 млрд.теңге жоспарланған.

2009 жылға қарай бұл саланы қаржыландыру көлемі 540 млрд.теңгеге дейін дерлік өседі»,-деп еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына»-деген лекциясында айтқан болатын.

Президент Джон Кеннеди айтқанындай: «Бізге ешқашан болмаған нәрсе туралы армандауға қабілетті адамдар керек».

Әр 10 жыл сайын адам білімінің көлемі еселене түседі. Соның нәтижесінде білім барынша құнды және әрдайым талап етілетін ресурсқа айналады.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіру міндеті, егер оны ғылымды көп қажет ететін технологиялық білімі, басқару дағдылары бар, нарықтық экономикада бағдарлана алатын жоғары білікті мамандар іс жүзіне асыратын болса ғана, шешілетін болады.

Білімді, сауатты адамдар-бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Бұл туралы Абай атамыз: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер» деп өсиет қалдырған болатын.