Жоғары білімді қалай алуға болады?

Бүгінгі күні Қазақстанда 142 жоғарғы оқу орны бар. Жоғары білім алғысы келген әр адам ізденудің сан сатысында жүріп, ол үшін қандай оқу орны тиімді екендігі жайлы ойланады.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу түрінің 4 нысаны бар: күндізгі, кешкі, сырттай және дистанциялық. ЖОО түсу үшін оқушылар ұлттық бірыңғай тесттен (ҰБТ), ал орта арнайы оқу орындарын бітіргендер – кешенді тесттен (КТ) өтуі керек. Сонымен қатар, оқуды қаржыландырудың бірнеше: мемлекет есебінен, мемлекеттік емес көздерден, өз есебінен іске асырылатын тәсілдері бар.

ü    мемлекет есебінен – мемлекеттік білім гранты және жоғары оқу орнының өз гранты, орталық және жергілікті атқарушы органдардың гранттары мен стипендиялары және т.б.;

ü    мемлекеттік емес қаржы көздері – атаулы стипендиялар, халықаралық ұйымдардың гранттары, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың жеке гранттары, түрлі қорлардың демеушілік көмегі және т.б.;

ü    жеке қаржы есебінен – өз қаржысы, банк несиесі.

Тестілеу қорытындысы бойынша конкурстық негізде жоғары оқу орнына түсуші үздік талапкерлерге мемлекеттік білім гранты беріледі. Ол дегеніміз мемлекет есебінен тегін оқу және стипендия алу. Мемлекеттік грантты алуға «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен конкурстардың жүлдегерлері басым құқыққа ие. Барлық мамандық бойынша мемлекеттік гранттардың саны мемлекеттік тапсырыспен белгіленеді. Гранттарды Білім және ғылым министрлігінің Конкурстық комиссиясы тағайындайды. Жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер кем дегенде 50 балл жинауы керек (2010 жылғы жағдай бойынша). Ал мемлекеттік білім грантына ие боламын дегендерден жоғары білім көрсеткіштері талап етіледі. Сұранысқа ие мамандықтарға өту балдарын қабылдау комиссиясы белгілейді және олар, әдетте, жоғары болады.

Мемлекеттік білім несиесі кәсіби білім ақысын төлеу үшін конкурстық негізде беріледі. Несие алушы, жоғары оқу орны және банк арасында үшжақты келісім жасалады. Онда мына мәселелер қарастырылады:

ü    несиені беру уақытына сәйкес толық оқу мерзіміне теңгемен берілетін несиенің жоспарланған көлемі;

ü    несиенің берілу мақсаты;

ü    несиені беру шарттары мен оны өтеу мерзімдері;

ü    тараптардың міндеттері, оның ішінде несиені алушының несиені қайтару жөніндегі міндеттемелері (тұрақты табыс көзі бар бір немесе бірнеше жұмысқа қабілетті адамның немесе заңды тұлғаның сенім білдіруі).

Оқу бітіргеннен кейін банк Сіздің оқуыңызға жұмсалған бюджеттік қаржылардың жалпы сомасын көрсетіп, хабарлама береді.

Жеке грант тек талапкерге емес, сонымен бірге кез-келген курс студентіне бір семестрден бірнеше жылға дейінгі уақытқа берілуі мүмкін. Мұндай жоғары сенімді жоғары оқу үлгерімімен және үлгілі тәртіппен ақтау қажет. Егер семестр ойдағыдай аяқталмаса, онда грант беруші Сізге жұмсаған ақшасын қайтарып алуға немесе оның басқа студентке беруге құқығы бар.

Президенттік «Болашақ» стипендиясы. Бұл халықаралық стипендия Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған.  Атап өтетін жайт, посткеңестік елдер ішінде Қазақстан алғашқы болып кадрларды шетелде дайындау бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама қазақстандық кадрларды шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында дайындауды көздейді. Стипендиаттар шетелге барып тек білім алып, тәжірибе жинақтап, іскерлік қарым-қатынастардың мәдениетін сіңіріп қана қоймай, сонымен бірге дамыған елдердің академиялық орталарында  Қазақстанды жақсы жағынан танытады. Оқу бітіргеннен кейін олар мемлекеттік қызметте, халықаралық ұйымдар мен акционерлік қоғамдарда қызмет етеді. Сөйтіп, еліміздің жаңа билік пен бизнес-элитасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Жаңа білім беру кешені («Назарбаев университеті») – кадрларды даярлаудың үш деңгейлі жүйесіне: бакалавриат (жоғары білім) – магистратура – PhD (жоғары білімнен кейінгі білім) көшуді мақсат тұтады.

Жоғары оқу орнын таңдау кезінде оның орналасқан жері, оқу ақысы, мемлекет есебінен оқу мүмкіндігі туралы ақпарат алу қажет. Оқу орнында қосымша сынақтар, әңгімелесулер, емтихандардың болатын-болмайтынын білу де артық болмайды. Сапалы білім алу үшін оқу орнының техникалық жабдықталуы, оқытушылар құрамының сапасы, ғылыми-зерттеу немесе жобалау жұмыстарымен айналысу мүмкіндігі жайлы сұрастырған абзал. Сонымен бірге, тіл үйрену, шетелде іс-тәжірибеден өту, тренингтерге қатысу, білімді шетелде жалғастыру мүмкіндіктеріне назар аударыңыз.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында 4 оқу түрі қарастырылған:

ü    күндізгі;

ü    кешкі;

ü    сырттай;

ü    қашықтықтан оқыту (дистанциялық).

Күндізгі оқу бөлімі (дипломда күндізгі оқу бөлімі көрсетіледі) – сабақ аптасына алты күн (бес күн оқитын ЖОО бар) өткізіледі. Сессия жазғы және қысқы уақытта жылына екі рет өтеді. Демалыс – шілде және тамыз айлары. Студенттер оқу мерзімінде әскер қатарынан босатылады.

Кешкі оқу бөлімі (дипломда күндізгі-кешкі оқу бөлімі көрсетіледі) – сабақ кешкі уақытта не демалыс күндері өткізіледі. Аралық аттестация сынақ және емтихан түрінде өтеді. Білім алудың бұл формасында оқуды жұмыстан босамай-ақ жалғастыруға болады және оқу бағдарламалары мен Сіз таңдап алған оқудан тыс шаралардың барынша үйлесімді болуы ескеріледі.

Сырттай оқу бөлімі (дипломда сырттай оқу бөлімі көрсетіледі). Сырттай оқу бөлімінде оқу дегеніміз өз бетінше ізденуді және оқу орнына жылына тек 2 рет, 20-30 күнтізбелік күнге жаңа білім алу мен сынақ пен емтихандарды тапсыру үшін баруды білдіреді.

Қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып сырттай оқу бөлімі (дипломда сырттай оқу бөлімі көрсетіледі) – бұл Интернет арқылы қашықтықтан білім алу. Дистанциялық кәсіптік білім жеке график бойынша жүргізіліп, жылына 365 күн, тәулігіне 24 сағат қол жетімді болады.

Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):

1) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

2) «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 638 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 28 қаңтарда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5115 болып енгізілді.

Пайдалы сілтемелер:

1)www.edu.gov.kz/ — «Электрондық үкімет» порталы;

2) www.univer.kz/ — «Студенттік ақпараттық кеңістік. Қазақстандағы жоғары білім» сайты;

3) www.uchi.kz/ — «Қазақстанның білім қоғамдастығы» сайты.

         Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «Қазақстандағы жоғары білім», «жоғары білім алу» және т.б. кілт сөздерді теру керек.