Жәңгір хан және Қазан университеті

“Қараңғылық халден шығатын кез жетті…”

1826 жылдың күзіне таман Бөкей ордасының ханы Жәңгір Мәскеуге барып, І Николай императордың тәж кию салтанатына қатысты. Ағасы Шөкі Нұралиевті, немере ағасы Қайыпқали Есімовті, арқа сүйер сенімді адамдары Сүйінішқали сұл­тан мен Қарауыл қожаны және үш кеңесшісін жанына нөкер етіп ерітті. Қазақ хандарынан бірінші болып зайыбы – Фатима ханшаны бірге ала барды. Ресейдің қол астында отырып, сырт мемлекет деңгейіндегі депутациямен келген Жәңгірді үкімет хаттамалық дерлік рәсіммен қабылдап, Еуропа билеушілеріне лайықталған сый-құрметтің бір ұшығын көрсетуге мәжбүр болды.

Мәскеудің ресмилігі мен салтанатын түгесіп, еліне қайтқан Жәңгір қазанның 13 күні Қазан қаласына жетті. Император ағзамның қазақ ханын шетелдік мәртебелі меймандар дәрежесінде қабылдағанынан хабардар Қазан қауымы Жәңгірді өз үстерінен елеусіз өткізіп жібере алмады. Хан алыс жолдан аяқ суытпай жатып қаланың азаматтық губернаторы барон Розен әдейілеп сәлем бере келді. Сәтті сапарымен құттықтап, енді ежелгі Қазанға қош келдіңіз деп қол қусырды. Жәңгірдің жол бойы ойлаған өз мақсаты болатын. Сөйтіп, келесі күні Қазан университетінің табалдырығын аттады.

Ректор Карл Фукс қазақ ханына өзі басқаратын білім ордасының аудиторияларын аралатты. Алдымен физика кабинетіне бастады. Дәліздегі есігінің реті солай болғанына ректор қынжылғандай. Қырдан келген әміршіні физика құралдары тым қызықтыра қоймас деп ойлаған. Ал хан кейбірінің не үшін қолданылатынын білмесе де, өзін қараңғы етіп көрсетпеуге тырысып бақты. Сұрағын сақтықпен қойып, алды-артын ойлай сөйлеп, оқымыстылардың іштей мазағына айналмауды ойлады.

Есесіне, минц-кабинетте Жәңгірдің жүзі біршама жадырады. Бедеріне қарап әр заманда соғылған араб пен шығыстың мәнет ақшаларын, құнын, нақышталған жерін айтып тұрды. Көне күмістердің сырына біршама қанық екенін аңғартты.

Кітапханаға кіргенде Жәңгір өзін еркін сезінді. Араб, парсы, татар тіліндегі ма­нускриптерді қолына кезек ұстап қарады. Алтын әріпті көне құрандарды сипап көрді. Университет баспасынан шыққан кітаптар мұқабасын мүдірмей оқыды.

Фукс осы сәтті пайдаланып Жәңгірге Хиуа ханы Әбілғазы жазған түрік шежіресін тарту етті. Жазылғанына бір жарым ғасыр өтсе де бұл еңбек Ресейде тұңғыш рет осында, Қазан университетінде басылыпты. Ректор ұсынған сыйды қолына алған Жәңгір “Шежіре-и түрк” деген атын жанындағыларға естірте оқыды.

Жәңгір университет ғалымдарының қолынан бұл шежірені ала тұрып, кейіннен алғанының салмағын еселей қайтарарын, осы кітапхананы шығыс әдебиетінің құнды қазыналарымен толықтырар қамқор жанның бірі өзі боларын ойлаған жоқ.

Университеттегілер ханның алдына енді тарихи суреттер жайды. Қазақтардың сыртқы жаулармен шайқасы деп түсіндіріп жатыр.

Кейіннен Фукс “Казанский вестникте” жазғанындай: “Мен ханға көп оқиғалары қазақ даласына қатысты татарлардың қытайлармен соғысын бейнелейтін бедерлі суреттер көрсеттім. Ол әскери шатырларға, туырлықты үйлерге, түйе өркешіне орнатылған зеңбіректерге зер салды. Өз халқының қаһарман жүздерін байқап тұрды. Алайда, оған көп тамсанып жатпастан әңгімені қайтадан кітап жағына ойыстырды:

– Мұндағы кітап қанша?
– Жиырма мың том.

Кітапханамен дәліздес бөлмеде ол біздің үлкен глобустың жанына тоқтады. Әріп­тесім, тілмаш, тумысы парсы Александр Казымбек оған глобустың жай-жапсарын түсіндіріп берді. Жер күнді айналады дегенге көп сенгісі келмеді, өйткені оның дінбасы басқаша түсіндірген көрінеді. Дегенмен ол глобустың пайдасы туралы біраз нәрсе аңғарып алды”.

Аңғарғаны сонша:
– Мекке Қазанмен бір сызықтың бойында орналасқан дегеннің ақиқаты қаншалық? – деп ғалымдардың өзіне тосын сұрақ қойды.
Қоштасарда Жәңгір өзінің екі ұлы – Ескендір мен Зұлқарнай тезірек ер жетіп, осы университеттен білім алса деген арманын айтты.
– Біздің қазаққа да бір нәрсеге ден қойып, оқып, қараңғылық халден шығатын кез жетті. Бұл істің бастамасын мен мектеп ашу арқылы жүзеге асырғым келеді, – деп толқып сөйледі.

Университет ғалымдары Жәңгірді осылайша өздері күтпеген қырынан таныды. Қазақ ханы мен Қазан университетінің ұстаздары арасындағы бұл таныстық ұзақ уақыт сыйластыққа ұласты. Фукстен кейін 1827 жылдың 3 мамырында университетке отыз төрт жасар Лобачевский ректор болып тағайындалды.

Етене араласып кетпегенімен, бір көрген – біліс, Лобачевсийдің 1844 жылы Жәңгірді университеттің құрметті мүшесі етуі көп нәрсе аңғартады. Математиканың майын ішкен ғалым кезінде өзі де өлең жазған әдебиетші, ректорлыққа дейін университетте кітапханашы болған көне мұралар құнтшысы еді. Ректор болып сайланғаннан кейін де ол бас кітапханашылық міндетінен қол үзбеген. Жүйелік, алфавиттік, жылжымалы каталогтар енгізіп, ғылыми кітапхана құруға тер төкті. Көне кітаптар мен қолжазбалар сатып алу арқылы шығыс қорларын толықтырды. Осындайда Хиуа, Бұқар, Самарқанға қолы жететін Жәңгірдің көмегі Қазан университетіне аса қажет еді.

Ресей ғылымының қара шаңырағы Қазан университеті қала үстінен өткеннің кез келгені кіріп-шыға беретін аяқасты орын емес. Оның ғылыми кеңесі тек лайықты тұлғаларға ғана есік ашатын. Жәңгірден кейін, 1829 жылдың мамырында мұнда неміс ғалымы, атағы жер жарған Гумбольдт болды. Алтай мен Каспийге саяхат жасап бара жатқан жаратылыстанушыға Мусин-Пушкин университеттің құрметті мүшесі дипломын тапсырды.

Фукстің үйінде Гумбольдттің болғанын Жәңгір де естіді. Өзі алдыратын орыс басы­лымдарынан оның кім екеніне қанықты. “Қазіргі ғылымда энциклопедиялық ақыл-ойлы тұлғалар аз емес, дегенмен олардың арасында барон Гумбольдттің орны бөлек тұрары талассыз. Бұл адамның білетінін санап шығудың өзі оңайға соқпайды. Гумбольдт біздің ғаламшарды алақанындағыдай біледі” деп жұрт жарыса жазғандай Гумбольдт қандай кемеңгер!

Жер-жаһанды жалықпай шарлаған, шығысы мен батысын, экваторы мен қос нүк­тесін, төрт құбыласын түгел зерттеген, шыңыраулы үңгірлерді, асқар шыңдарды, ат­қылаған жанартауларды, буырқанған теңіздерді ғылыми назарынан тыс қалдырмаған болмысы бөлек жиһангерді көргісі келді. Өзіне табиғаттың барша патшалығының жаратылысы – тау-тасы, дария-ұшаны, өсімдігі, жан-жануары, адамзатының бүкіл нәсілі түр-келбетімен, тарихымен, мінез-құлқымен, дәстүр-салтымен, саяси және қоғамдық қауымымен әйгілі, көк аспанның құбылысы қара жер бетіндегідей мәлім тұлғамен кездесер ме еді?!

Ақыры Жәңгірдің арманы орындалды. Төрт айдан кейін Еділ бойындағы Хошеут ұлысында Гумбольдтпен жүздесудің сәті түсті. Сол кездесуі жұғысты болды ма, жылдар өткенде Гумбольдт алған дипломмен Жәңгір де марапаттады. Атақты әперу үшін Петербургке қолқа салған сол Мусин-Пушкин. Қол қойғандар да бір адамдар – Лобачевский мен проректор Эрдман. Яғни, бір қарағанда Гумбольдт пен Жәңгірге құрмет бірдей. Гумбольдттің жөні бір бөлек, “ғылымдағы нұры әлемге сәуле шашқан” атақты адамның университет есігін ашқанының өзі ғанибет оқиға. Оқу орнының атын аспандатар мәртебе. Ал әлі төл әліппесін жазбаған, университет түгіл зайырлы мектебі жоқ ұлттың әміршісі сол деңгейде ұлықталып жатса – онда бұл тұлғаның білім-ғылымға сіңірген жеке еңбегін ескергендік.

Жәңгір мен Қазымбектің “Мұқтасары”

Сол 1826 жылдан бастап Жәңгірдің Қазан ғалымдарымен арадағы достық, пікір­лестік қарым-қатынасы үзілген жоқ. Әсіресе, ханның шығыстанушы Мирза Александр Казымбекпен байланысы ғылымға елеулі үлес болып қосылған “Мюхтесерюль-вигкает” (“Китаб мухтасару-л-уикаяти фи масаил-һидаят”) кітабының жарыққа шығуымен ерекшеленді. Түрік-татар тілінің ординарлық профессоры, Санкт-Петербург ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Лондондағы Ұлыбритания және Ирландия корольдігі азиялық қоғамының, Копенгагендегі солтүстік антикваршылар қоғамының және де ондаған ғылыми қоғамдардың мүшесі Қазымбектің редакторлығымен шыққан бұл еңбек Жәңгір есімін де алыс елдерге жеткізді. Қысқаша вигкает, яғни ханифедтер мектебі бойынша мұсылман заңтануының курсы тұңғыш рет 1845 жылы Қазан қаласында басылды. “Мұқтасар” осы басылымына дейін еш жерде классикалық шығарма ретінде толық күйінде жарық көрмеген болатын.

Жәңгірдің ұсынысы мен қаржылай демеушілігі арқасында Қазымбек жауапты іске бел шеше кірісті. Басылымын жәй қадағалау, тілді білу, түпнұсқаны тексеру аздық ететін. Мұқтасардың бұған дейінгі барлық түсініктерін оқып шығу, көлемді Хидаят пен Мұқтасардың негізі болып табылатын оның қысқарған түрі Уикаятты терең зерттеу, нұсқаларын салыстыру, яғни мұсылман заңнамасын жетік білу қажет еді.

Айта кетерлігі, мұсылман құқығы туралы Қазымбектің алғашқы еңбектері Ресейде емес, Парижде жарық көрген еді. Өз елінде жариялауға жүрексінгені мұсылман заңнамасының артықшылығы туралы кейбір пікірлер христиандық рухына сәйкес келмесін сезді. Сол қауіппен аталған мақаласын 1842 жылы француздың “Азия журналында” басқанды қолай көрді. Келер жылы Лондонда жарияланды. Ендеше, Жәңгірдің қолдауымен басылатын “Мұқтасар” мұсылман құқығы бойынша Қазымбектің Ресейдегі тұңғыш іргелі еңбегі болмақ.

Маңызды істі қолға алмас бұрын Қазымбек 1844 жылдың 28 ақпанында М. Мусин-Пушкиннің алдынан өтті. “Бөкей ордасының әміршісі Жиһангер хан өткен қаңтар айында Қазанға келгенінде мұсылмандар арасында аса маңызды “Мюхтессерюль-викает” қысқаша заңтану кітабын шығаруымды өтіне сұраған еді. Бұл мұсылмандар мектебінде классикалық шығарма болып есептеледі. Қазақ арасында өнер-білімді таратуға ерекше қамқорлықпен тер төгіп жүрген ханның тілегін орындау үшін және бұл басылымның Еуропа ориенталистері үшін өте-мөте құндылығын ескере отырып, мәртебелі ханның ұсынысын қабыл алдым. Оған қоса, Орынбор мүфтиінің де мақұлдаған хатын алып отырмын. Кітап Қазан университетінің баспаханасында басылады. Біршама данасы батыс ориенталистеріне арналып, еуропа тілдерінің бірінде жазылған ерекше кіріспемен және кейбір түсініктемелермен шығарылмақ”.

“Мұқтасар” небәрі бір жыл ішінде дайындалып басылып шықты. Кітаптың титул бетін толтыра: “Аса мәртебелі жоғары дәрежелі Жәңгір Бөкеевке, генерал-майор мырзаға және түрлі ордендер кавалері мен Императорлық Қазан университетінің құрметті мүшесіне Александр Қазымбек ілтипатпен арнайды” деген сөздер жазылды.

Жәңгір кітапқа тапсырыс беруші ғана емес, сонымен қатар сарапшы ретінде де атсалысты. Қолжазба нұсқаларға бірқатар түзетулер, кітап ішінде берілетін түсініктер енгізді. Мәтінін редакциялауға, ескертпелер ұсынуға өз ордасындағы оқымысты дін басыларын жұмылдырды.

Ханның еңбегіне тәнтілігін Қазымбек “Мұқтасардың” титул беттерінде қайталап білдірумен болды: “Қайырымды патшамыз, жоғары мәртебелі хан! Қамқоршы оқу басшылығының шығыс әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оның қазынасын зерттеулердің мәуелі жемісімен байытудағы ізгі ниетіне қолдау танытқан бекзаттығыңыз Сіздің аса мәртебеліңізге ерен еңбекті бағалаушылардың лайықты назарын аударғалы көп болды. Сіз баршаға пайдалы деп таңдаған жолыңызды жалықпай жалғастырып келесіз. Ғылымның табыстылығы үшін мәрттік қам­қорлығыңызды аяған емессіз. Мына еңбектің жарық көруі де Сіздің қамқорлығы­ңыздың арқасы. Сондықтан оған Сіздің есіміңізді тұмар етуге рұхсат етіңіз. Биік мәртебеңізге ізетпен бас июші құлыңыз Қазымбек. Қазан. 1845 жылғы наурыздың 18-і”.

Бұл мойындау ғалымның ханға жолдаған жеке хатында емес, жұртқа жария алғыстай, 4350 данамен тараған құнды кітаптың 6-7 беттеріне өрнектей жазылды. “Жошының білімдар ұрпағы Жәңгір ханның” ғылымның дамуына жұмсап келе жатқан қажыр-қайратына оқырман назары аударылды.

Әрине, өзін оқымысты атағанымен, дін тарихынан Қазымбекпен хан да, халфе де таласа алмас еді. “Мұқтасарды” қолға алардағы екеуінің әңгімесі Жәңгірдің есінде. Дін мен сенімнің қайнары шариғат ғылымын жүйелеп, халық арасында қолдануға ұғынықты кітап болса деген ханның ұсынысын ғалым қуана қабыл алған. Сөйтсе де, Жәңгірді сынамақ болып:

– Мұсылман ілімі бойынша ғылым дүниесі қанша тармаққа бөлінетінін білесіз бе? – деп сұраған.
– Әл-Арабиет, әш-Шариет, әл-Хикемиет деп бөлгенін оқыған едім… – деп кідірді хан.
– Мұқтасар – әш-Шариеттің бір саласы. Әш-Шариетте илмюль-усулил-фигкх – заңтану негіздері, яғни, заңтану жүйесі негізделетін ережелер болады. Мәртебелі хан, сіз маған осы заңтану барысын жүйелеп, мұсылман құқығының пайда болуын зерделейтін кітап шығаруды тапсырып отырсыз. Бұл ілім халық арасында мұқтасар делінеді.

Қазымбектің түсіндірмесін зейін қоя тыңдады.
– Ал, әл-Хикемиетті сіз менен кем білмейсіз, – деп Қазымбек Жәңгірдің көңілін ау­лай сөйледі. – Логика, математика, география мен астрономия, медицина мен жа­ратылыстану ғылымдары, ақыл-ой пәлсапасы, міне, осының бәрі – әл-Хикемиет.

Сол әңгімелерді еске ала отырып, өткен жылы ғана қобыраған қолжазба күйі келіп, осындағы молдалардың талқысына түскен, енді мынадай қос елі сырлы ғылымхалға айналған “Мұқтасардың” алғашқы данасына Жәңгір сүйсінісін жасыра алмады.
– Ай, Мұхаметәлі, жарайсың, – Қазымбекті азан шақырып қойған мұсылмандық есімімен атап, Жәңгір шаттана күлді, – “Просвещенный потомок Джучи” депсің-ау!

Еуропа этикетімен, шығыстың қолпашымен Қазымбектің Жәңгір есімін қаншалықты жайғанын айту қиын, ал ғалымның есімін ханның әлемге әйгілендіргені талассыз еді. “Мұқтасардың” жарық көруімен Қазымбектің аты мұсылман құқығын зерттеудің негізін қалаушы ретінде батыс ориенталистеріне танылды. Кітаптың бірнеше жүз данасын алған олар Қазымбекті “тек исламды терең ұғынатын және аса ауқымды мәліметтерді білетін адам ғана мұндай маңызды еңбекті орындай алады” деп бағалады. Осы бағаны Қазымбекпен бөлісер біреу болса, ол – Жәңгір еді.

1844 жылдың желтоқсанында Қазымбек “Мұқтасар” кітабының Бөкей ордасына тиісті даналарын үш сандықпен көпес Құрбан Арсаев арқылы жөнелтті. Енді Қазымбектің өзі ханға қолқа салып, бірлесіп “Мұхамедияны” шығарсақ деген ұсыныс айтты. Ол істі қолға алуға хан үлгермеді…

Профессор Фукс те Жәңгірмен арадағы байланысын үзген емес. Стат кеңесшісі ханның Қазанда болған күндері туралы арнайы мақала жазып, “Казанский вест­никтің” 1826 жылғы он сегізінші нөмірінде бастырды. Ханның өнер-білімге қызығу­шылығы, ордада мектеп ашпақ арманы, жеке басының зеректігі туралы қызықты баяндады. Жәңгірдің құрметіне қаланың ығай мен сығайы ұйымдастырған қабылдаулар мен берген қонақасылар туралы жазбалар оқырманға өзі қатысқандай әсер қалдырды.

Фукске ризашылығын білдіріп Жәңгір де жауап қатты: “Біз туралы аса ықыласты жазғаныңызға бек ризамыз, әдемі сөздерімен шешендік өнерге жатқызуға боларлық баян екен” деп көтермелеп қойды. Хатпен қоса, сыйлыққа деп құндызбен көмкеріліп, күрең мақпалмен тысталған қазақ бөркі мен ақ киізден сырылған сұлтан қалпақ жіберді: “Сізге Бурнаев арқылы біздің елдің сәнімен тігілген бір бөрік пен қалпақ жіберіп отырмын. Осынау кішігірім сыйлық мен туралы есіңізге салып жүрсін дедім” деп. Жәңгірдің бұл кәделері де елеусіз қалмай, кейіннен “Заволжский муравей” журналында “Қазақ ханының әдептілігі” атты этнографиялық этюдке арқау болды.

Жәңгірдің профессор Федор Иванович Эрдманмен ынтымағы жарасты. Универ­ситетте алғаш кездескеннен бастап өмірінің соңына дейін екеуі сыйлас, бір-біріне қайырымдас жандар болып өтті. Бірде біршама уақыт ордадан тыс жерде жүріп, Кавказ жағынан оралған ханды Эрдманнан хат күтіп жатты. Одан профессордың бұдан бұрын да хат жазғанын, Құран кітабын жібергенін білді. Түрлі себептермен олар Жәңгірдің қолына тимепті. Бірақ ханның аңсары басқада:

“Хатыңызда сіз Қазанда қайтадан ашылған баспахана туралы айтқан екенсіз. Бұл жөнінен маған баспахананың иесі де жазған еді. Аталған шараның толық табысты болуына шын жүректен тілектеспін және де шығыс тілдерінің белгілі майталмандары Қазан университеті профессорларының басшылығы арқасында оған қол жетеді деген үміттемін. Қазірдің өзінде құптарлық нәрселер бар. Қазан көпестері менің жәрмеңкеме осы баспаханада басылған кітаптарды әкелген еді. Басылымы өте сауатты, бірақ мен көпшіліктің пікірлерінен ой түйе отырып, қарапайым халық осынау пайдалы кітаптарды қиындықсыз оқи алуы үшін жазудағы жаңа үлгінің сақталуын қалаймын. Сізбен тұрақты хат жазысып тұрғанды қош көретініме және Қазан ғалымдарының Шығысқа қатысты барша еңбектеріне шын ынтамен көмектесетініме сендіремін”, деп жауап жазды.

Осылайша, Эрдмандай университет ғалымдарымен араласа, хабарласа жүріп, Жәңгір шығыстану мәселелеріне, жазу үлгілеріне қатысты пікір айтатындай дәрежеге жетті.

Атап айтқанда, 1839 жылы Санкт-Петербургке барған сапарында Жәңгір кейіннен қазақ халқының тұңғыш тарихшысы деп мойындалатын Мұхамед Хайдар Дулатидің парсы тілінде жазылған моғол хандарының жылнамасы – “Тарихи-Рашиди” қолжазбасын Қазанға өз қолымен жеткізген болатын.

“Тарихи-Рашиди” және Жәңгір мен Шоқан

Сөйтіп, Қазан университетіне берілуі арқылы бірқатары баспа бетін тұңғыш көрген шығармалардың ғылыми айналымға түсуіне қазақтың Жәңгір ханы септігін тигізді. Шындығы сол, шығыс жылнамашылары өз еңбектерінде пайдаланып келгенімен, Еуропа мен Ресейге әлі белгісіз, қазақ мемлекеттігі бастауларының бірден-бір дереккөзі “Тарихи-Рашидиді” 19-ғасырда Жәңгірден бұрын қазақта ешкім оқыған да, оның құнды тарихнама екенін білген де емес! Тек 1860 жылы Шоқан Уәлиханов Қашғарға саяхатынан кейін осы шығарманы зерттеп, өз сапарының сызбасын ондағы оқиғалар ізімен нақтылады.

Шоқан өз зерттеулеріне Дулатидің Петербург университетінің қорындағы парсы қолжазбасын пайдаланды. Ол қай қолжазба? Қазан университетінің шығыстану бөлімшесі Ресей оқу орындарының ғана емес, бүкіл Еуропаның осы тектес мекемелері мен ғалымдары алдында ең құрметті орында тұрды. Бұл бөлімше 1845 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультеті болып, Ресей астанасына көшірілді. Шығыс әдебиеті мен тарихына қатысты жәдігерлер арасында Жәңгір жинаған мұралар Еділ бойынан Нева жағасына ауысты. Солардың бірі – жиырма жыл бұрын Жәңгір тауып, ғалымдар қолына құнттап тапсырған Дулатидің шежірелі шығармасы енді Шоқанның терең зерттеулері үшін кәдеге асты.

Әйтеуір, 19-ғасырдың орта тұсында қазақта екі тұлға ғана шығыс қолжазбаларын жинаумен шұғылданып, ғылымға орасан үлес қосты. Олар зерделі ғалым Шоқан Уәлиханов пен зияткер хан Жәңгір Бөкеев! Дулатидің қазақ тарихшысы екенін мойындау, қазақ мемлекеттігінің құрылу кезеңін айқындау үшін алда әлі де бір жарым ғасырдай уақыт тұрды. Әзірге, бірі – қаражатымен, екіншісі – қабілетімен екі тұлға мұның алғышартын жасап, ізашарлық үлестерін қосты. Қалай айтсақ та, үш ғасыр кейінде қалған Дулати тарихшыға қазақтан алғаш ат басын бұрған шолғыншылар осы екеуі-тін!

Күмәні жоқ, Қазанға Жәңгір жеткізген “Тарихи-Рашиди” қолжазбасы мен Петербург университетінің кітапханасындағы Шоқан зерттеген тарихи қолжазба бір мұра болатын. Бұлай деуімізге тікелей де, жанама да дәлелдер жеткілікті.

1861 жылы Шоқан Уәлиханов Петербургте “Жоңғария очерктерін” жазды. Онда ғалым: “История Малой Бухарии нам мало известна; мы знаем более или менее историю этой страны до времени Тамерлана из китайских летописей, далее из мусульманских источников, которые говорят [о ней] впрочем, вскольз. Между тем превосходная история этой страны написана в середине ХVІ столетия мирзой Мухаммед-Хайдар куреканом, визиром кашгарского хана Абдул-Рашида и названная им в честь этого хана “Тарихи-Рашиди”, до сих пор остается неизвестной. В музее Академии наук находится турецкий перевод этого сочинения, а в библиотеке С-Петербургского университета – персидский подлинник. К сожалению, академический экземпляр не полон, а университетский изобилует ошибками и очевидно, скопирован человеком, не знавшим персидского языка” деп еңбектің көшіріп жазудағы кінәратына қарамастан тарихи құндылығын атап көрсетті.

Жоңғар жерінен хикаяға толы жорықтан оралған Шоқан мол материал жинап, Петер­бургке жеткенде тағы бір іздегені алдынан табылды. Ол көне шежіре – “Тарихи-Рашиди” еді! Шоқан бұрын естімеген, білмеген Дулатидің шығармасы 1554 жылмен аяқталып тұрды. Ал Уәлиханов Қашғарға саяхаты кезінде ол жақтан сатып алған бес қолжазба кітабының бірі ХVІ ғасырдың аяғынан бастап 1758 жылмен аяқталатын жылнама – “Тазкирян Ходжагян” – хожалар әулетінің тарихы еді. “Хожалар тарихын” Петербург университетінің кітапханасындағы “Тарихи-Рашидидің” жалғасы деп бағалады. Сөйтіп, Шоқан ойламаған жерден осы өлкенің жазба тарихымен тұтастай танысуға мүмкіндік алды. Жоңғарияда өзі жүрген жерінің карталарын осы “Тарихи-Рашидидегі” атаулармен салыстыра отырып сызып шықты. Моғолстан билеушілерінің ататегін таратқан кестелер жасады. “Тарихи Рашиди”, “Тарихи Рашидиден” үзінділер” атты құнды мақалалар жазды.

Яғни, сол 1860 жылы Петербургте “Тарихи-Рашидидің” Академия музейінде “түрік тіліндегі, бірақ толық емес” аудармасы, ал университет кітапханасында “парсы тілін­дегі, қателері көп түпнұсқасы” болды. Қателері көп болатын себебі, оны 1843 жылы көшіріп жазған “Убайдаллах ибн Калималлах ал-Булгари ас-Салабаши” көшірменің маманы болғанымен, парсы тілін жетік білмейтін еді. Атын-жөнін араб мәнерінде жазып отырған Бұлғар елінің Қазан қаласында тұратын, Салауаш ауылында туған Қалимоллаұлы Ұбайдолла негізінен араб сауаты ыңғайындағы татар екені көрінеді.

Бұл қолжазбаны Шоқаннан кейін пайдаланған екінші адам – В. Вельяминов-Зернов. Ол 1864 жылы өзінің “Қасым хандары мен ханзадалары туралы зерттеулер” атты үш томдық әйгілі монографиясына Дулати шығармасынан көлемді үзінділер аударып енгізді. Ғалым аталған еңбегінің бір тұсында Шоқан екеуінің басқа емес, нақ Жәңгір тапқан мұраны пайдаланғандарын куәландырыпты!

Вельяминов-Зернов жастайынан қазақ өміріне тәнті жан еді. Кіші жүз Орта бөлігінің әкімі, Жәңгірдің аталас ағасы Арыстан Жантөриннің қарамағына бес жыл қырда жүріп, қазақтың тілін үйреніп, салт-дәстүрін зерттеді. Лицейде оқыған шығыс тілдеріне қызығушылық дағдысын қазақ тілі арқылы жетілдіріп, шағатай, түрік, татар тілдеріне төселді. Дулати шығармасын қазақ тарихымен байланыстыра зерттеуінің сыры осыдан.

Ғалым “Қасым хандарының” бір тарауына Дулатиді арқау ете отырып: “В Европе Тарихи-Рашиди мало известен и чрезвычайно редок. В Петербурге существует один только экземпляр, не совсем полный, и в добавок писанный с ошибками в новейшее время (в 1843 г.), едва ли не в Казани. Он принадлежит Императорскому С.Петербургскому Университету, а прежде составлял собстенность Казанского Университета, где и был занесен в каталог книг и рукописей под № 22022” деп қайдан түскенін нақтылайды. Екінші қолжазбаға қатысты: “В Азиятском музее Императорской Академии наук хранится еще замечательный, но к сожалению непольный перевод Тарихи-Ришиди на кашгарском наречии, значущийся в каталоге рукописей под № 5900” деп Шоқанның мәліметін растайды.

Шоқан мен Вельяминов-Зерновтің Академиядағы аударма нұсқадан гөрі универ­ситеттегі Жәңгір нұсқасын пайдаланған себебі, өздері мойындап отырғандай, бірін­шіден, ол – түпнұсқадан көшірме, екіншіден – Академиядағысы “толық емес, небәрі 138 бет” еді. Ол университеттегі парсы мәтінінің небәрі 173 бетімен бітетін. Ал парсы мәтіні, яғни, Жәңгір тапқан нұсқа екі дәптерден тұратын 224 беттік толық шежіре болатын.

Қазымбек ғалымдығымен қатар өз пайдасын жібермейтін есептің адамы. Бірде ол өзі жинаған біраз дүниелерін университетке ақшаға өткізген. Осы орайда Жәңгір тапсырған “Тарихи-Рашиди” қолжазбасына қатысты бір құпияның бары анық. Өйткені, кейіннен Петербург университетіне қолжазбаның Жәңгір “түпнұсқасы” емес, 1843 жылы Қазанда қайта көшірілген данасы келіп түсті. Университет қорына түсетін көне мұраларды өңдеу, жүйелеу, аудару, көшіріп жаздыру жұмыстарының басы-қасында жүретін бірден-бір адам осы Қазымбек. Қолына “Тарихи-Рашидидің” ертеректе жазылған данасы тигеннің өзінде ғалым оның еуропалық сұранысқа ие жәдігер екенін ескеріп, Ұбайдоллаға қайта көшіртуі мүмкін. Енді ебін тапса, жаңа нұсқасын кітапхана қорына беріп, Жәңгірдің данасын өзіне қалдыра алады.

Жәңгір қайтыс болғанда кітапханасында шығыс тілдеріндегі 212 кітап қалды. Бұқар мен Хиуа жақтан солардың бірі етіп “Тарихи-Рашиди” қолжазбасын да алдырса керек. 1844 жылдың 21 қарашасында Петербургтен Ордаға келген барон Бюлер Жәңгірдің үйіндегі кітапханасымен танысады. Болашақ тарихшы, кейіннен Сыртқы істер министрлігінің Мәскеудегі бас архивінің ширек ғасыр директоры болған Бюлер ханның кітап сөрелерінен “қазақ тарихы туралы тасқа басылған және қолжазба мәліметтерді бір кеш бойы оқығанын” (“вечер провел я в чтении разных печатных и рукописных сведений о киргизах”) жазғаны бар. Үйінде осынша кітап пен шығыс қолжазбасын сақтаған Жәңгір “Тарихи-Рашидиді” Қазанға тек көшіртуге (қанша дана болмасын) беріп, түпнұсқасын өзіне қайтарып алуы мүмкін. Ендеше, Қазымбек судан таза.

Қазымбек 1829 жылы-ақ Лондондағы Корольдік Азия қоғамының толық мүшесі болып сайланған еді. Сол дәрежесіне сай ағылшын ғылыми ортасына пайдалы іс тындыра жүруге мүдделі әрі міндеті. Осы орайда Жәңгірден алынған жәдігер Британ музейінің қорынан бір-ақ шығуы ғажап емес. Жастайынан ағылшын миссионерлерімен жақындасқан, 1825 жылы Англияға біржола кетпек ниетіне Ресей үкіметі кедергі жасап, Омбыға жер аударғандай жіберген Қазымбектің көңілінің бір түкпірінде Альбион елі жатқаны анық еді.

Жәңгірдің Қазанға сыйының “британдық ізі” туралы болжамымызға қосымша мынадай жәйтті айтуға болады. Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсынан бастап Британ музейіне Дулати еңбегінің түрлі нұсқалары түсе бастады. Біреуін Жәңгір тапқан қолжазба негізінде Қазымбек жолдауы мүмкін дедік. Сол нұсқалар негізінде В. Эрски, Г. Эллиот бұл шығыс шежіресі туралы мәліметтер келтіріп жазды. 1895 жылы “Тарихи-Рашиди” Е. Росстің аударуымен ағылшын тілінде тұңғыш рет кітап болып басылды.

Бұған тағы бір жорамал ұсынамыз. “Тарихи-Рашидиді” ағылшындар алғашқы басылымынан кейін іле-шала 1898 жылы екінші рет, жиырмасыншы ғасырда – 1972 жылы үшінші рет шығарғанына қарамастан, орыс шығыстанушылары не КСРО құрамындағы мұсылман республикаларының ғалымдары бұл істі қолға алмай келді. Ағылшындардан бір ғасыр кейін – тек 1996 жылы өзбек ғалымдары А. Орынбаев, Р. Жәлелова, Л. Епифанова парсы тілінен тәржімелеп, Ташкентте орыс тілінде кітап етіп бастырды. Қазақ елі өзінің төл тарихшысының еңбегімен 1999 жылы танысуға мүмкіндік алды. “Санат” баспасы өзбек авторларының кітабын қазақ тілінде шығарды.

Ал өзбек ғалымдары “Тарихи-Рашидиді” қандай нұсқалар арқылы дайындап еді? Негізінен төрт қолжазба пайдаланылды.

Бірінші қолжазба – Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының парсы тіліндегі қолжазбасы.

Екінші қолжазба – Петербург университетінің шығыс бөлімінің 224 беттік қолжазбасы. Бұл кезіндегі Жәңгір хан тапқан нұсқа екеніне ешқандай күмән жоқ. Керісінше, техникалық, безендіру, т.б. сипаттамаларының дәлме-дәл келуі, университет кітапханасында күні бүгінге дейін басқа данасының жоқтығы, ең бас­тысы, өзбек ғалымдарының мұның кезінде Вельяминов-Зернов пайдаланған қолжазба екенін тікелей көрсетіп отыруы бұл дәлелімізді одан сайын нақтылай түседі.

Үшінші қолжазба – Ресей Ғылым академиясының Азия халықтары институтының екі қолжазбасы. Олар аса толық емес.

Төртінші қолжазба – Е. Росстің ағылшын тіліндегі аудармасы. Росс те кезінде парсы тіліндегі нұсқаны басшылыққа алған және өз еңбегін толықтыру үшін түрік тіліндегі нұсқаларын да пайдаланған.

Осы қолжазбаларды және ағылшын аудармасын жіті салыстырған өзбек ғалымдары мазмұны жағынан негізінен Дулати шығармасының екі нұсқасымен жұмыс істеп отырғандарына көз жеткізді.

Біріншісі, барынша толық нұсқасы – Ташкент (Т) қолжазбасы, Петербург университетінің (П-1) қолжазбасы және Росстің аудармасы.

Екіншісі, толық емес әрі стилистік ықшамдалған нұсқасы – Петербургтегі Азия халықтары институтының (П-2, П-3) нұсқалары.

Ендеше, кезінде Жәңгір Бөкеев тапқан қолжазба өзінің деректік құндылығымен Шоқан мен Вельяминов-Зерновқа кәдеге жараған. Әрине, жорамал, дегенмен көшірмесін Қазымбек Лондонға жөнелткен десек – Росстің аудармасына да кірпіш боп қаланған. Петербург университетіндегі нұсқасы арқылы да, Росс аудармасы бойынша да – “Тарихи-Рашидидің” ташкенттік басылымына тікелей түпдеректің бірі болған. Бұған кітапты әзірлеуші ғалымдардың Өзбек Ғылым академиясындағы, Петербург университетіндегі және ағылшын басылымындағы мәтіндердің о бастағы түпнұсқасы ортақ екенін анықтауы айқын дәлел. Жәңгір ханның қайырымдылық қарекетімен ғалымдар қолына тиген мұра, осылайша, бір жарым ғасырдан кейін туған халқының төл тарихы болып оралды.

Қазан университетінің құрметті мүшесі

“Тарихи-Рашидиден” басқа Қазан университетіне Жәңгір “Медарюли-афазиль” парсы сөздігін, исфахандық Хамза бен әл-Қасан 931 жылы араб тілінде жазған “Тариху-л-умами” халықтар шежіресін, 1662 жылы парсы тілінде жазылған Не­физдің “Китаб табиин-л-маакид” медициналық шығармасын, түрік тіліндегі “Китаб натаидж фунун” тарихи-философиялық пайымдарын, Мұхамед бен Ахмедтің парсы тілінде жазған алғашқы халифтер тарихын тапсырды.

Кез келгеннің қолынан келе бермейтін мұндай атымтай жомарттықты бағалаған профессор Эрдман: “Ғылымға тәнтілігін және ғылыми орталар мен мекемелерге, әсіресе, шығыс тілдері мен әдебиетіне қамқорлығын дәлелдейтін осынау тарту­лардың бәрі, Қазан университетінің де, ғылыми қауымның да пайдасына қатысты пікірлері мен жәрдемдері маған мәртебелі Кеңес алдында: хан Жиһангер Бөкеев Императорлық Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп сайлауға лайықты деген ұсыныс жасауға батылдық береді” деп ғылыми Кеңестің таразысына салды.

1844 жылдың 19 шілдесінде Қазан оқу округінің қамқоршысы М. Мусин-Пушкин университет Кеңесіне: “Халық ағарту министрі шілденің 4-і күні № 6282 бұйры­ғымен Ішкі қазақ ордасының ханы генерал-майор Жиһангер Бөкеевті Қазан университеті Кеңесінің сайлауына сәйкес университеттің құрметті мүшесі етіп бекіткенін” хабарлады. Бөкеевті құрметті мүшелер тізіміне енгізуді және оған осы лауазымына диплом жеткізуді тапсырды.

Дипломдағы: “Нұр сипатты, әмірі биік ұлы патша, Бүкілресей императоры және жеке билеушісі Николай Павловичтің қайырымымен Ішкі Қазақ ордасының ханы, генерал-майор Жиһангер Бөкеевтің біздің отанымызда ағарту ісінің таралуына көрсеткен ынталы жәрдемін құрметтей, оның шығыс тілдері жөнінен сіңірген ерен еңбегін бағалай және жоғары мәртебелінің Қазан университетіне деген ерекше ілтипатын шынайы қадыр тұта отырып, Кеңес 1844 жылғы 29 мамырдағы отырысында оны бірауыздан өзінің құрметті мүшесі етіп сайлады. Кеңестің бұл ұйғарымын Қазан оқу округінің қамқоршысы, құпия кеңесші және түрлі ордендер кавалері Михаил Николаевич Мусин-Пушкиннің өтініші бойынша осы жылдың жетінші шілдесінде Халық ағарту министрі Сергей Уваров бекітті. Университет Кеңесі жоғары мәртебелі хан өзіне берілген атақты қабылдай отырып, ғылымның пайдасына ықпал жасаудан бас тартпайды деген шүбәсіз сеніммен оған 1844 жылдың қыркүйегінде тиісті қолдар қойылған және Университеттің үлкен мөрі басылған осы дипломды тапсырды” деген марапат Жәңгірге жігер берді.

Университет ректоры, математика профессоры Николай Лобачевский қол қойған, “Ғылымға сіңірген еңбегі үшін” деп берілген дипломды хан өзі алған әскери атақтар мен ресейлік ордендерден де жоғары қабылдады. Университет марапаты Жәңгірге хандық дәрежесін ұмытқызды. Қараша айында Қазаннан жіберілген дипломды алып қанаттанған ол өзінің жаңа атағына сай оқу орнына пайдалы болуға әзір екенін және шығыс бөлімшесіне қажет деген араб, парсы және түрік тілдеріндегі әдебиеттердің тізімін алғысы келетінін жеткізді: “Биылғы қыста мен бұқарлықтармен хабарласпақпын. Сөйтіп, бұрынғыдан да құнды қолжазбалар алдырмақпын”.

Университеттегілер ол тізімді жасады. Арабтың 30 китабы мен рисалатының, парсының – 25, түріктің – 4 қолжазбасының атауын Кеңестің бекітуімен Жәңгірге жолдады. 1844-45 жылдары хан олардың алғашқы алтауын 598 күміс рубльге сатып алып, Қазанға жеткізді. Кейіннен Петербург университетінің кітапханасына түскен “Тарихи гузида”, “Хабиб ас-сийар” жалпы тарихтар, Жәлел-Аддин қос шумақтары шығыстанушылар ізденісін кеңейтер мұралар қатарына қосылды.

…Біз қатыгез хан деп қана танитын тұлға осындай да кептерді бастан кешті. Әлдебір істе ағайынға аламандығы болса, болған шығар, ал ағарту ісіне адалдықтан айнымай өтті. Қазан университетінің Жәңгірге көрсеткен құрметі осының тағы бір айғағы.

Авторы: Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ.