В.В. Радлов және оның «Түрік тайпалары қазақ халықтық әдебиетінің үлгілері» еңбегі

XIX ғасырдың 70 жылдарында Қазақстанды аралап көп саяхат жасаған В.В. Радлов былай деп жазды: «Менің бұрынғы Жарғының қолданылуын қадағалауыма жеткілікті жағдайлар болды. Ол тәртіп орнатқан және қазақтармен көрші тұратын отырықшы егіншілерді қорғауды қамтамасыз еткен. Бірақ тәртіп орнатылуына бай­ланысты халықтың әл-ауқаты төмендеген. Семей маңындағы толық бағындырылған Ішкі орда мүлдем дерлік күйзелген, сонымен бірге Үлкен ордаға жақындаған сайын халықтың байлығы арта түседі». XIX ғасырдың 20 жылдарындағы реформаның құны осындай болды.

Аса көрнекті түріктанушы ғалым В.В.Радлов өзінің он томдық шығармалар жинағының «Түрік тайпалары қазақ халықтық әдебиетінің үлгілері» деген үшінші томын түгелдей қазақ фольклорына арнады. Ол қазақтардың шешендік өнерінің зор екенін, олардың табиғи дарынының молдығын және осының аркасында әрқашанда ырғаққа және тіпті жай сөйлескеннің өзінде ұйқасқа мән беретінін ерекше атап өткен. В.В.Радлов қазақтардың жоғары поэтикалық мәдениетін атап көрсетті. Ол халық жадының қаншалықты күшті және қазақ тілі мен оның поэзиясы дамуының деңгейі қаншалықты жоғары екеніне көзбен көріп көз жеткізді. Қазақтардың ауызша халық шығармашылығының, фольклорлық жанрының байлығына қайран қалған ол қазақ әдебиетін дидактикалық, эпикалық және лирикалық жанрларға бөлген.

Ш.Уәлиханов пен В.В.Радловтың тәжірибесі қазақ фольклорын болашақтағы жинаушылар мен зерттеушілер үшін үлкен мектеп болды.