Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық әлемі

«Шәкәрімнің ақындық әлемі»атты екінші бөлімде ақын поэтикасының рухани бастауларының мән-маңызы қарастырылады. Сонымен бірге бұл тарауда  мәтіндік тұрғыдан өзгешелігі бар «Қорқыттың сарыны» сынды өлеңдері де сөз болды. Қорқыт сарынындағы өмірдің мәні мен адамды сүюге құлшынысын арттыратын күші – саналы адамның жүрегіне қозғау салар күшімен ғұмырлы дүние екендігі де қарастырылды.

Өмір мен өлім жайын толғау арқылы Қорқыт бабаның өмірді сүю философиясын Шәкәрім ақын кейінгіге үлгі етеді. «Мен өлсем, сарын жоғалар, Қимадым көміп тастарға» деп Қорқыт танымын өлең кестесіне салғанда да, ақын сопылық сипаттағы астарлы да, бейнелі сөз бен ұғымдарға бой ұрады. Шәкәрім «Қорқыт сарынында» адамды рухани жоғары деңгейге көтеретін, рухани тазару, дұрыстық, хақиқат жолы деген үлкен ізгілік танымы жатыр Қорқыттың өмір сүру философиясын таяныш еткен ақын өмір мәнін кетірер залалды мінездерге қарсы көзқарасын осы сарынмен білдіреді:

Басайын қобыз пернесін!

Монтаны талай мұңдар бар.

Нәпсіге ерген сұмдар бар,

Адамды аңша аулатқан.

Алдамшы, арсыз жандар бар,

Ондайлар маған келмесін

Шәкәрімнің өмірлік көзқарастарының қалыптасуында Шығыс дүлдүлі Хафиз тағылымының да орны зор. Шәкәрімнің «Иманым» атты топтама өлендерінде сопылық сарын мен сопылық таным қазақи жүйеге сай жүйеленген:

Кел, аяқшы, қымыз кұй,

Көпке бер де, маған бер.

Махаббат салды ауыр күй,

Жан кысылып, ақты тер

Осы өлеңнің соңында Шәкәрім Хожа Хафизден аударудың мәні бүгінгі қоғам қажеттілігінен туған рухани сұраныс екенін, арақты-қымыз деп т.б. сөздерді қазақ ұғымына сай алғанын жазады Осы үлгіде жазылған ақынның «Кел, аяқшы қымыз құй», «Кешегі басшы піріміз», «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді», «Көрініске шоқынған», «Мәжілісінде досыңның», т.б. «Қожа Хафиз сөзінен» деп берген топтама өлеңдері бар.        Шәкәрім Хафиз өлеңдерін зерделей отырып Шығыс шайырының дүниетанымдық ой тереңдігін, хақты сүю, адамшылық, махаббат, дүние, ғалам жайлы ойлар желісінен өзіне жақындық, оның ішінде рухани үндестік табады. Өйткені Хафиз ғазалдарында Хаққа деген махаббатты, дүние жалған, адам жан дүниесінің күрделілігі, тазалық жолы, өмір, өлім, жан тазалығын жырлайды.

Дегенмен ақын сопылық қалыпта емес, қазақи өлеңге, қазақи ұғымға сай, ұлттық поэзия тудырып оқырманына ұсынған. Сопылық поэзияның бай мазмұны мен түрі қазақ ақындарының жақсы мен жаманды сынау, ізгілікті насихаттау, адам өмірінің мәнділігі, өмір мен өлім жайында, алланың құдыреттілігін баяндаудағы шығыстық әдеби тәсілдер мен амалдарды көркемдік құрал ретінде пайдаланған. Осылайша ақын қазақ поэзиясын мазмұн мен түр жағынан, танымдық, тәлімдік жағынан сапасын арттырған. Сопылық танымның қыр-сырын терең білген Шәкәрім де қазақ поэзиясының кеңістігін кеңейтіп «Иманым» атты  жинағында астарлы сөз тіркестерін қолдану арқылы жаңа мағыналық айшықпен ажар қосқан. Ол осындағы өлендердің әр шумағы мен тармағындағы тың теңеулер мен метафора,  символдарды ұлттық тілдің лексикалық байлығымен, шығыс әдебиетінің классикалық тәжірибесімен ұштастырып, қазақи ұлттық дүниетаным аясын ұлғайтқандығымен сипатталады.

Сөзі – адам, өзі – құс ,ішің – у, сыртыңды майла, сөзі – жан, әні – тән , жаны – сөз, тәні – ақша , тілім – бұлбұл, сөзім – бұлақ, жүзі – сиқыр, шашы – тұзақ. Аталған құбылту, сөз ауыстырулар Шәкәрімнің идеялық мақсатын айқындап, суреткерлік шеберлігін арттыра түседі. «Жарымды жаным сүйді, сүйе алмай тәнім күйді» деп аталатын өлеңіндегі жар суретін эстетикалық талғаммен, суретті сипаттаулармен бейнелей отырып, сөз өлшемі мен ұйқасын сұрыптап, нақты да нақышты ете түседі. Абай айтқан:

Жүрегім менің қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден,-

деп келетін жүректі кейіптеу бейне – метафора арқылы сипаттайтын тұсы Шәкәрімде:

Жүрегім дертті сау емес,

Сол себепті сөзім – у,-

деп, халық мұңын мұңдаған екі ақынның өкініш-арманын, ғұмырының азабын, күйзелісті шақтарын дөп басады. Заманы бір заңғарлардың шеккен зардабын суреттеу тәсілдеріне ұқсас болуы заңды құбылыс.

Заманның түзелуін тілеген, қоғамды өзгерту арманы жүзеге аспаған Абай мен Шәкәрім үміттері үзілген шақтарында ішкі шер, сезім күйлерін айтқанда Абай: жапырағы қуарған ескі үмітпен жүріппін деп, қоғамның түрлі құбылыстарына мән бермей, адамдарға сене беріппін десе, Шәкәрім: үміттің үйін құлатты деп, біреулердің осылай үмітін үздіргенін, түңілдіргенін меңзейді. Біреуінің жапырағы қуарып, біреуінің үйінің құлауы бәрі де әсерлі сөз, бейнелі көріктеулер.

«Міндеу мен күндеу» өлеңіндегі алдыңғылар мен артқылар (кейінгілер), пәленшенің сөзі, әркім, жақсының сөзі, ақылды көп жан өткен, солардың бар сөзі деген ұғымдар жинақы қасиет, типтік образдар тудырады.

Алдыңғының соқпағын артқы түзер,

Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер.

Мінін алып, міндіге мінсіз қосып,

Бұрынғыны жаңартып жастар түзер,- деген шумақтан көрінеді.

Мұндағы соқпақ жол – жұртшылықтың, халықтың ғасырлық жолы. Ауыспалы мағынада қолданылып, тарихтың, алдыңғы ата-бабалардың соқпағын білдіретін метафора. Ақын осы метафоралық (алдыңғының соқпағы) тіркес арқылы тұтасқан көркем сурет жасайды. Осы өлеңдегі жаралы жүрек, қираған сүйек тіркестері ақынның жүрек дертін, зар-мұңын айқындайды.

Жанған жүрек, жайнаған жүрек, ақ жүрек, дертті жүрек секілді тіркестер бар. Ақын жүрегі метафора арқылы сипатталған шаршаған, дерттенген, айла, алдағыштарға сенген, алданған жүрек, өткен өмір — өкініш, ой – жаралы, дерті қалың делбемін тесік өкпе.

Бұл жерде делбе сөзі – тентек, жынды деген мағынада қолданылған (негізінде жұқпалы мал ауруы – делбе деп аталады) .Осы кезге дейін жаралы жүрек туралы айтып келсек те, ой жаралы болуы алғаш айтқан Шәкәрім ойы бастапқы мағынасынан терең, мүлде тың мазмұнға ие болып тұрғандығын көреміз.

Шәкәрімдегі метафоралық құрылымның бір үлгісі: тән – терезе, ой қожасы, тән – терезе, жан иесі, жан – қожа, тән – жанның құлы, ғылымның атасы – таза ақыл, сөз – құдайдан шыққан бу секілді құбылтулар суреттеліп отырған тән мен жанның мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдету, әсерін күшейту үшін қолданылған. Енді бірде:

Сырты – сау, іші – науқас елдің дені,

Алдап айтқан ақын көп, тіл шешені,-

деген тармақтардағы құбылту тәсілдері де осы әсірелеу, сөз қисынын табу, қоғамдық дертті бейнелеу үшін алынған. Сыртқа біртұтас көрінгенмен өз-өзімен алысқан, ішкі саясаттың құлы, бірін-бірі жұлып жеген би-болыстар бейнесі осы сау және науқас сөзінің аясына сыйып кеткендей. Ақынның өзі өмір сүрген ортаға деген көзқарасы мен наразылығы сау және науқас сөзінің астарында жатыр. Өз заманынан озып туған ойшыл екендігі, шешен екендігі, қайшылығы көп, шиеленісі мол қоғамда өмір сүргендігінің бірден-бір дәлелі де осы.

Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына ,мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман — Мамыр» дастанын жазды. (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік — Кебек» дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Айсұлу — Нартайдың» поэмасы жамандықты жазаласа, «Әділ — Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды.