Оңтүстік Американың жануалар дүниесі

Оңтүстік Американың жануалар дүниесі туралы қазақша реферат

Өсімдік жамылғысы сияқты Оңтүстік Американың жануарлар дүниесі де бай. Материктің флорасы сияқты қазіргі фаунасы да бор дәуірінің аяғынан бастап, оқшау және климаттың аз өзгерісі жағдайында қалыптасқан. Фаунаның ескілігі және оның құрамында эндемик формалардың көп болуы осыған байланысты. Сонымен қатар Оңтүстік Америка жануарлар дүниесінің көптеген ежелгі өкілдері немесе жақын түрлер басқа материктерде де кездеседі, бұл материктер арасында ежелден құрлық байланысы болғандығын көрсетеді. Оған Оңтүстік Америка мен Австралияда ғана сақталып қалған қалталылар ғана мысал бола алады.

Оңтүстік Американың барлық маймылдары кең танаулылар тобына жатады және олар тропиктік ормандар алабында ғана таралған.

Оңтүстік Америка фаунасының ерекшелігі – оның құрамында мүктілердің бір отрядка біріктірілетін үш эндемиктік тұқымдастарының болуы.

Эндемик түрлер, туыстар тіпті тұқымдастар Оңтүстік Америка жыртқыштарының, тұяқтыларының және кемірушілерінің арасында көп кездеседі.

Оңтүстік Америка жануарлардың Неотропиктік аймағында жатады және оның екі – Бразилия мен Чили-Патагония кіші аймақтары болады.

Ылғалды тропиктік ормандар фаунасы барынша ерекше әрі бай. Әйтсе де, онда жануарлар қалың шілікте жасырынып жүреді, немесе уақытының көпшілігін биік ағаштарда өткізеді, сөйтіп ландшафтыда оншалықты үлкен мәні болмайды. Ағашта өмір сүруге бейімделу – Африкадағы Конго бассейні немесе Азиядағы Малайя архипелагы ормандарының жануарлары сияқты Амазонка орман жануарларының ерекшеліктерінің бірі.

Оңтүстік Американың тропиктік ормандарында америкалық барлық маймылдар өмір сүреді, олар екі тұқымдасқа – оинақшыл тәріздестер мен цебидтерге бөлінеді.

Ойнақшыл маймылдардың денесі шағын болады. Олардың ішіндегі ең кішкенелерінің ұзындығы 15-16 см-ге ғана жетеді, олардың аяқ-қолдарында ағаш діңіне жабысуға көмектесетін тырнақтары болады.

Цебидтердің көпшілігінің құйрығы мықты келеді. Онымен ағаш бұтақтарына жармасады және бесінші аяқ-қолдың міндетін атқарады. Олардың ішінде бақырауықтар туысы көзге түседі, бұлар алысқа естілетін дауысына қарай осылай аталған. Аяқ-қолдары ұзын және икемді келетін өрмекші тәріздес маймылдар көп таралған.

Тропиктік орманда мүктілер отрядының өкілдерінен жалқау маймылдар мекендейді. Олар аз қозғалады және уақытының көпшілігін ағашта ілініп тұрған күйінде өткізеді, жапырақпен және өркендермен қоректенеді. Жалқау маймылдар ағашта еркін өрмелейді, ал жерге сирек түседі.

Ағашта тіршілік етуге кейбір құмырсқа жегіштер де бейімделген. Мысалға, тамандуа ағашқа еркін өрмелейді; тұтқыр құйрықты кіші құмырсқа жегіш те уақытының көпшілігін ағашта өткізеді. Үлкен құмырсқа жегіш ормандар мен саванналарда тараған, жерде тіршілік етеді.

Тропиктік ормандардың жыртқыштарына мысық тұқымдастардан оцелоттар, кішігірім ягуарундилер және ірі және күшті ягуарлар жатады. Ит тұқымдастарына жататын жыртқыштардан Бразилия, Гвиана, Суринама және Гайана тропиктік ормандарында тіршілік ететін, аз зерттелген, орман немесе бұта иті көңіл аударуға тұрарлық. Жемін ағашта табатын орман жануарларына носуха мен кинкажу жатады.

Оңтүстік Американың азын-аулақ тұяқтыларынан ормандарда бірнеше туыстар ғана кездеседі. Олардың ішінде тапир кішкене қара наубай-шошқа – пекари және оңтүстік америкалық жіңішке мүйізді аласа бұғылар бар.

Кемірушілердің Амазонка ойпатының және Оңтүстік Американың басқа аудандарының ормандарына тән өкілі – ағашқа жақсы өрмелейтін тұтқыр құйрықты ағаш жайрасы – коэнду Бразилия ормандарында өсетін агути тропиктік дақылдар плантацияларына үлкен зиян келтіреді. Материктің барлық жерінде дерлік, әсіресе Амазонка ормандарында кемірушілердің ішіндегі ең ірісі – кішкене су шошқасы капибарда тараған, оның денесінің ұзындығы 120 см-ге жетеді.

Оңтүстік және Орталық Америка жерлерінде қалталы егеуқұйрық немесе опоссумның бірнеше түрі мекендейді. Олардың кейбіреулерінің құйрығы тұтқыр болып келеді де, ағашқа жақсы өрмелейді.

Ормандар бауырымен жорғалаушыларға және қосмекенділерге өте бай. Бауырымен жорғалаушылар ішінде су аждаһары анаконда және құрлық аждаһары – боа-констрикторерекше көзге түседі. Улы жыландар, кесірткелер көп. Өзен суында крокадилдер жүреді. Қосмекенділерден көлбақа көп, олардың кейбіреулері ағашта тіршілік етеді.

Ормандарда әртүрлі құстар, ашық түсті тотылар көп. Тотылардың ішіндегі ең ірісі – ара өте жиі кездеседі. Одан басқа торғай тәріздес ұсақ тотылар мен қауырсыны ашық түсті әдемі жасыл тотылар кең тараған. Оңтүстік американың орнитафаунасының, жеке алғанда тропиктік ормандардың сипатты өкілі – колибра. Гүлдердің тәтті шірнесімен қоректенетін бұл түрлі-түсті кішкене құстар, насеком-құс деген ат алған.

Ормандарда сондай-ақ балапандарының қанаттарында ағашқа өрмелеуге жәрдемдесетін тырнақтары болатын гоациндер күн құтаны және қайық тұмсық құтан, жас бұғы, маймыл және жалқау маймыл аулап күнелтетін орасан зор жыртқыш құс – гарпия тіршілік етеді.

Материктің тропиктік ормандары ерекшеліктерінің бірі – насекомдардың көптігі, олардың көпшілігі эндемиктер. Онда күндізгі және түнгі көбелектер, әр түрлі қоңыздар, құмырсқалар қаптап жүреді. Көбелектер мен қоңыздардың көпшілігі әдемі түске боялған. Кейбір қоңыздардың түнде жарқырайтыны соншалық, олардың жарығымен қағаз оқуға болады. Көбелектер орасан үлкен болып келеді. Олардың ішіндегі ең ірісі – агриппа, оның қанатының құлашы 30 см-ге жетіп қалады.

Оңтүстік Американың тропиктік ормандарында құмырсқаның көптеген түрі ұялайды. Кейбір эпифит өсімдіктерді өсіретін бағбан құмырсқалар қызық-ақ. Олар өздерінің «бақтарын» ағаштардың бөрік басына орналастырады, ол үшін мұнда балшық пен тұқым тасып әкеледі. Сол сияқты эцитон деген кезбе құмырсқалар мәлім. Олар тұрақты ұя жасамайды да, жолындағы ұсақ насекомдарды, личинкаларды, тіпті, кішігірім омыртқалыларды да қырып-жойып орманда көшіп жүреді. Жапырақ жеп, ағаштарды құртып отыратын, дапырақ қиғыш құмырсқа өсімдіктерге, әсіресе, қолдан егілген ағаштарға үлкен зиян келтіреді. Оның есесіне құмырсқаның Амазонка ормандарында ең көп тараған ағаштардың бірі – цекропияда ұялайтын басқа бір түрі осы ағашты паразиттерден сақтайды.

Оңтүстік Американың құрғақ және ашық кеңістіктері – саванналардың, тропиктік сирек ормандардың, субтропиктік далалардың фаунасы қалың ормандардың фаунасынан өзгеше. Жыртқыштардан ягуардан басқа, пума , оцелот, пампа мысығы тараған. Ит тұқымдасына жататын жыртқыштардан материктің оңтүстік бөлігінде жалды қасқыр кездеседі. Материктің барлық жеріндегі дерлік жазықтар мен тауларда пампа түлкісі, қиыр оңтүстігінде – магеллан түлкісі кездеседі. Тұяқтылардан кішкене пампа бұғысы ғана тараған.

Саванналарда, ормандарда және егістіктерде мүктістілердің америкалық үшінші тұқымдасының өкілі – берік сүйек сауыты бар жануарлар – сауыттылар тіршілік етеді. Қауіп-қатер төнгенде олар жер қазып тығылады.

Кемірушілерден саванналар мен далаларда вискача және топырақта тіршілік ететін туко-туко кездеседі. Су жағаларында дүние жүзілік ринокта терісі жоғары бағаланатын аң – саз құндызы, немесе нутрия кең тараған.

Құстардан көптеген тотылар мен колибраларға қоса Оңтүстік Америкалық страус нанду , кейбір ірі жыртқыш құстар тіршілік етеді. Африка сияқты Оңтүстік Америка ландшафтына тән ерекшелік – термит ұяларының орасан көп болуы. Оңтүстік Американың кейбір алаптары шегіртке басуынан мезгіл-мезгіл зардап шегеді.

Анд тау фаунасының өзіндік ерекшеліктері болады. Мұнда материктің шығыс бөлігінде кездеспейтін көптеген эндемик жануарлар өседі. Андының бүкіл таулы аймағында түйе тұқымдастардың Оңтүстік Америкалық өкілі – лама тараған. Жабайы ламаның екі түрі – вигонь және гуанако белгілі. Бұрынғы кезде оларды үндістер еті мен жүніне бола аулап көп қырған. Гуанако тек тауда ғана емес, тсонымен бірге Патагония тау үстірті мен Пампада да өседі. Қазіргі кезде жабайы лама сирек кездеседі. Андыдағы үндістер үй ламасының екі түрін – кәдуілгі лама мен альпаканы өсіреді. Лама – ірі, әрі мықты жануар. Олармен өтуге қиын тау жолдары арқыла жүк тасылады, сүті мен етін тамақ қылады, ал жүнінен қатты мата тоқиды. Альпаканы жұмсақ жүні үшін ғана өсіреді.

Андыда сонымен бірге көзілдірікті аю, кейбір қалталылар мекендейді. Бұрынғы кезде кішкене эндемик кемірушілер, шиншиллалар кең тараған. Олардың биязы, жібек тәріздес сұрғылт түсті терісі ең тәуір және қымбат терілердің бірі болып есептелген. Соған бола қазіргі кезде шиншилла мүлде құртылып жіберілген.

Андының құстары, әдетте, материктің шығысындағы туыстар мен тұқымдастардың таулық эндемик түрлерінен тұрады. Жыртқыш құстардың ішінде бұл отрядтың ең ірі өкілі – кондор.