Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығының ерекшеліктері

Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығы тұтыну тауарлары нарығынан ерекше болып табылады. Бұл ерекшеліктердің  мәні мынада:

1 тұтынушы-ұйымдардың сұранысы түпкі тұтынушы сұранысынан туындайды. Мысалы, жұқа металға сұраныс –одан өндірілетін бұйымға деген сұранысқа байланысты. Сондай-ақ, оларды пайдаланатын өндіріс үшін тауарлар мен қызметтерге сұраныс та осылайша  қалыптасады;

2  өндірістік мақсатқа арналған тауарларға деген мақсатты немесе екінші ретті сұраныс құрал-жабдықтар мен материал өндірушілерді тауар өткізуді ынталандыруға мәжбүр етеді. Егер сұраныс түпкі тұтынушыға орай құрылмаса, онда өткізу арналары жылдам толып, тиісті ұйымдар жаңа тауарлар немесе қызметтерді сатып ала алмайды. Түпкі тұтынушылар сұранысының азаюы баға едәуір төмендесе де ұйымдардың сатып алуларын азайтады;

3 өзінің екінші ретті сипаты салдарынан өндірістік мақсатқа арналған тауарларға сұраныс түпкі тұтынушылардың сұранысына қарағанда іскер өмір ырғағы мен қор көлеміндегі өзгерістерге сәйкес күшті әрі кең көлемде ауытқиды. Бұл түпкі тұтынушылардың сұранысы экономиканың көптеген салаларының қажеттілігіне (тұтынушы-ұйымдар) ықпал ететін акселерация қағидасымен түсіндіріледі. Мысалы, түпкі тұтынушының автомобильге, дилердің машинаға, ал автомобиль өндірушінің болат және басқа шикізатқа деген сұранысы оны өндірушілердің – темір кеніне сұранысының болуына ықпал етеді.

Бұл ерекшелік, әсіресе, өндірістік жабдықтарға тән.

Тұтыну тауарларына сұраныстың өсуінің белгілі бір пайызы кең қолданылатын тауарлардың қосымша санын шығаруға қажетті машиналар мен құрал-жабдықтарға сұраныстың көп мөлшерде өсуіне әкеледі. Кейде, түпкі тұтынушы сұранысының 10%-ға өсуі келесі кезеңдерде өнеркәсіп жағынан сұраныстың 100%-ға және бұдан да жоғары  мөлшерге өсуіне әкеледі.

Өндірістік мақсатқа арналған тауарларға сұраныстың екінші реттілігі өндірістік қорлар мөлшеріне әсер ете отырып, сатып алудағы қаржылық шешімдердің маңыздылығын көрсетеді. Қор мөлшері тәулікке байланысты белгіленетiндіктен, тауарларды сатып алуды белгіленген нормаға сай деңгейде ұстап тұру қажет. Жағымсыз конъюнктура кезінде қор мөлшерінің нормативі азайтылуы мүмкін. Оған тауарға деген бағаның төмендеуі мен өз өніміне сұраныстың азаюы ықпал етеді.

Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарықтары аймақтық түрде шоғырланған және олардың мөлшері ірі болып келеді. Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындар шикізатты өндіру және өңдеу орындарында шоғырланған. Мысалы, көптеген кәсіпорындар тау-кен және металлургиялық өндіруші салаларында шоғырланды. (Қарағанды, Өскемен, Тараз, Ақтөбе, Павлодар, Шымкент, Жезқазған және т.б.)

Тұтынушы-ұйымдардың географиялық шоғырлануы шығындарды төмендетуге бағытталған. Өндірістік мақсатқа арналған тауарларды сатушылар аймақтық шоғырлану тенденцияларының күшеюі не бәсеңдеуіне үнемі назар аудару қажет.

Өнеркәсіпте өндірушілер мен тұтынушылар шоғырлануы арасында тікелей тәуекелділік байқалады. Мысалы, дербес компьютерден гөрі теледидар түтігі кең қолданылады. Бұл жағдайда тұтынушылардың бір типіне, нақтырақ айтқанда, теледидар өндірушілер мен дистрибьютерлеріне бейімделген өткізудің шоғырлануы орын алады.

– Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығының сыйымдылығы тұтыну тауарларына қарағанда шекті түрде болады. Тұтыну тауарларын ұсынатын сатушыға қарағанда өндіріс жабдықтарын өндіруші саны шектеулі сатып алушылармен жұмыс істейді. Олардың тұтынушылары өндірістің белгілі бір саласы, осы сала құрамындағы кәсіпорындар тобы немесе аз көлемде маманданған кәсіпорындар болуы мүмкін. Мұндай тұтынушылардың өздеріне қатысты салалардағы техника мен технологияның озық жетістіктері жайлы мағлұмат жеткілікті. Сонымен қатар олар жаңа құрал-жабдықтарды сенімділік және техникалық қызмет көрсету кепілділігімен салыстырмалы арзан бағаға сатып алуға ұмтылады.

Мысалы, «ИнтерКомшина» компаниясы өз шиналарын түпкі тұтынушыларға және тұтынушы-ұйымдарға сатады. Оның өнеркәсіп мұқтаждықтарына қажетті тауарлар нарығындағы қызметі Нижний Новгород, Кременчуг қалаларындағы автозауыттардың, Ташкент трактор зауытының, «Актюбсельмаш» АҚ-тың автошиналарға деген қажеттілігіне байланысты.

«ИнтерКомшинаның» түпкі тұтынушыға автошиналарды сатуында, автомобильдер иелері оның әлуетті нарығы болып табылады.

1. Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығында өндірушілер арасында қатаң бәсекелестік болады, сондықтан да олар әлуетті тұтынушылардың неғұрлым көбірек санын зерттеулері қажет. Тұтынушылар санының аздығынан бәсекелестік кейде қатал түрде болады. Ол өнім сапасы мен бағасына ғана емес, сондай-ақ төлем шарты мен сатудан кейінгі қызмет көрсету, жеңіл-желпі жөндеу, пайдалану кезіндегі техникалық көмек және құрал-жабдықтарды қолдану бойынша мамандарды дайындау сияқты көрсетілетін қызметтерге де әсер етеді.

2. Мұндай нарықтарда тұтынушылар саны аз және олардың көлемі ірірек. Мысалы, ҚР Статистика агенттігінің 2007 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша Қазақстанда барлық меншік формасындағы 248 мың кәсіпорындар, соның ішінде 12 мың ауыл шаруашылығы, 1,6 мың тау-кен өнеркәсібі, 18,7 өңдеуші, 1,7 мың электр энергиясын өндіру және тарату, 83,4 мың сауда, 28,2 мың құрылыс, 2,8 мың мейрамханалар мен қонақүйлер, 10,9 мың көлік және байланыс, 39,4 мың делдалдық, 13,8 мың білім беру, 6,3 мың денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет кәсіпорындары бар. Кейбір салаларда ірі фирмалар үстемдік етеді, олар сату көлемі арқылы сатушылармен өзара қарым-қатынаста артықшылыққа ие. Фирма өзінің жабдықтаушыларына көңілі толмаған жағдайда олардан бас тартады. Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығындағы сатып алулардың басты бөлігі бірнеше ірі сатып алушылар үлесіне тиеді. Мысалы, автомобиль, телефон немесе телеграф жабдықтарын, әуе двигательдері мен бөлшектерін өндіретін салаларда өндірістің басты бөлігі аз ғана дайындаушылардың үлесіне тиеді.

3. Өндірістік мақсатқа арналған тауарларға баға бойынша сұраныс көп жағдайда икемді емес. Осындай тауарлар сұранысына баға икемділігі төмен болуда. Бұл бағаның өзгеруі жалпы сұраныстың күшті ауытқуына әкелмейтіндігін білдіреді. Тоқымашылар мақта бағасы төмендесе де, жоғарыласа да оны өндіріске қажетті мөлшерде ғана сатып алады. Өнім өндірушілер өндіру технологиясына күрделі өзгерістер енгізе алмайтындықтан, қысқа мерзімдегі сұраныс икемді емес болып келеді. Тұтынушылар бағасына қарай қай жабдықтаушыдан тауар сатып алуды шешеді. Бірақ, баға сатып алу көлеміне күшті ықпал етпейді.

7-кесте Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығының параметрлері және айрықша сипаттамалары

Параметрлері

Айрықша сипаттамалары

Нарық құрылымы

Аймақтық шоғырланған

Тұтыну типі

Өнеркәсіптік кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, аралық сатушылар

Бәсекелестік

Қатаң

Тауар түрі

Техникалық күрделі, кейде жеке тапсырыс бойынша

Сатып алушылардың қажеттіліктері

Өндірістік және әлеуметтік-экономикалық

Сатып алу туралы шешім

Ұжым шешімі

Сервиске қойылатын

Сатып алу үшін мәнді және әрқашан  ескеріледі

Сатып алу себептері

Оңтайлы

Жарнаманың ықпалы

Шамалы

ізу арналары

Қысқа, әдетте бір, екі сатылы, көбіне тікелей болады

Жабдықтаушылар туралы ақпарат көздер

Көтерме сатушылардың прейскуранттары, каталогтары, сауда экспозициялары, интернет, анықтамалар, баспасөз хабарламалары, салалық журналдар, БАҚ-тағы жарнама, конференциялар, сауда қызметкерлері

Сұраныс сипаты

Мақсатты және күшті ауытқиды, көбіне икемді емес

Баға икемділігінің өзіне тән шегі бар. Мысалы, шикізат сияқты қажетті өнімнің бағасы шекті бағадан жоғары болса, бұл өткізуді едәуір күрделендіреді, кәсіпорын «асыл» материалдардың орнына субститут тауарларды (картон, пластмасса) қолданады.

Өндірістік мақсатқа арналған тауарлар маркетингінің барлық ерекшеліктері тұтынушы-ұйымдардың маркетинг қызметінің стратегиясына ықпал етеді. Сондықтан өндірістік мақсатқа арналған тауарлар нарығындағы маркетингтің барлық бағыттарында тұтыну тауарлары нарығынан ерекшеленетін елеулі айырмашылықтарды  бөліп көрсетуге болады.