Көркем аударма жалпы аударманың негізгі бөлігі ретінде

Көркем аударма жалпы аударманың негізгі бөлігі ретінде туралы қазақша реферат

Аударманың адам қызметінің ең көне түрі екені даусыз. Әуел бастан аударма тілі басқа адамдардың бір-бірімен араласуына мүмкіндік тудырып, аса маңызды әлеуметтік қызмет атқарды. Жазбаша аудармалардың таралуы адамдарға басқа халықтардың мәдениетімен танысуына кең жол ашып, әдебиеттер мен мәдениеттердің араласып, баюына жағдай жасады. Шетел тілін білу кітаптың түпнұсқасын сол тілде оқуына негіз болады, алайда ең болмады бір шетел тілін үйрену әркімнің қолынан келмейді, ал бір адамның кітаптарды әдеби тілдердің баршасында, тіпті көпшілігінде оқуы мүмкін емес. Рудаки мен Омар Хаямның, Шекспир мен Гетенің, Толстой мен Достаевскийдің, Абай мен Шәкәрімнің ғажайып шығармалары аударманың арқасында ғана адамзаттың игілігіне айналды.

Аударма – түрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың арасындағы қатынас (коммуникация) мүмкіндігін қамтамасыз ету құралы [1, б. 70].

Лингвистикада және аударматануда аударма бір тілдегі ойды басқа  тілге  жеткізіп  аудару  ретінде   анықталады (Л. С. Бархударов,

В. Н. Комиссаров, Я. И. Рецкер, А. В. Федорова және т.б.).

В. Н. Комиссаровтың пікірінше, аударманы – тіларалық қарым-қатынастың ерекше бір түрі, үш сөйлеу актісінің бірлігі ретінде қарастыруға болады:

1) шет тілі арқылы түпнұсқаны тудыратын сөйлеу актісі;

2) аудару тілі арқылы аударма мәтінді тудыратын сөйлеу актісі;

3) бірінші және екінші актілерде іске асқан сөйлеу актісі арқылы сөйлеу шығармалардың біріктіру актісі (коммуникативті теңеу) [2, б. 34-35].

П.И. Копаневтің анықтамасы бойынша аударманың мақсаты заттық-логикалық мәліметтерді хабарлау, қандай да болса істерге, белгілі бір сезімдерге түрткі болу. Осыдан келіп ол аударманың қызметіне төмендегідей анықтама береді: аударма қызметі – бұл тіларалық, мәдени-эстетикалық бөгеттерді бұзу [3, б. 144].

Лингвист З. Е. Роганова зерттеулеріне сәйкес, аударма – бұл барабарлы нұсқаның барабарлы басқа тіл арқылы мазмұнын және формасын қарастырып, жаңадан құру. Екі тіл жүйесінің компоненттерін салыстыру негізінде, аудару кезінде керекті тіл бірліктерін таңдап алу. Қарастырылатын тілдерде, олардың ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бір ой әр түрлі тәсілдермен жеткізілуі мүмкін [4, б. 5]. Аударманы, ұлттық мәдени әдістердің маңыздысы және мәдени аралық қарым-қатынастың әсерлі тәсілдерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Мәдениетаралық қарым-қатынас әр түрлі мәдениеттердің вербалды және вербалды емес, өзінің және басқа мәдениеттің және тілдің иеленушісімен қатынастағы ерекше үрдіс ретінде анықталады [5, б. 85 — 89].

В. Г. Зусманның, З. Е. Рогановтың пікірлеріне сәйкес аудармашының мақсаты тілдердің ерекшеліктеріне, қызмет заңдылықтарына, мәдениетіне байланысты лингвоэтникалық бөгеттерді бұзу. Басқа сөзбен айтқанда, аудару үдерісі кезінде аудармашы әр түрлі тілдерде сөйлейтін, әр түрлі лингвоэтникалық қоғамға жататын адамдардың қарым-қатынасы әсерлі болу үшін лингвоэтникалық бөгеттерді бұзады. Сонымен, аударма – бұл лингвоэтникалық ретрансляция [4, б. 6 — 10].

В. С. Виноградов, Г. И. Исина, М. Т. Сабитова, А. В. Федоров екі аспектіде қарастырылатын «аударма» терминіне өз назарларын аударады: біріншіден, бұл аудару жұмысының әр түрлі кезеңдерімен байланысты үдеріс және екіншіден, бұл аудармашының шығармашылық жұмысының нәтижесі – мәтін [6, б.7; 7, б.5; 8, б. 1 — 2; 9, б. 13].

Аударманың теоретигі және практигі Л. К. Латышевтың, сол сияқты В. С. Виноградовтың және А. В. Федоровтың пікірлерінше аударманың заты аудармалы мәтін болып табылады. Аудармалы мәтін үдеріс кезінде екі тілді қарым-қатынас кезінде түпнұсқа мәтінді алмастырады. Сонда аудармашы әр түрлі тілдерде сөйлейтін коммуниканттар арасында лингвоэтникалық бөгеттерді бұзып, оларға бір тіл коммуникациясында қатынасуға мүмкіндік береді. Басқа сөзбен айтқанда, қажеттілік – аудармашының ісін айқындап, аударылған мәтін ретінде қанағаттандырылады [10, б. 14 — 15].

Л. К. Латышевтың пікірінше аударма үш негізгі талапқа сай болу керек:

1) аударылған мәтін коммуникативті-функционалды жағынан берілген мәтінге барабар (эквивалентті) болу керек;

2) семантикалық құрылымы жағынан берілген мәтінге максималды түрде сәйкес болу керек (бірінші талапқа қарама-қарсы болмау керек);

3) берілген мәтінге сәйкес емес «орын толтыратын лексикамен» қамтымау және мүмкіндігінше аударма шектеулерінен аспау керек.

Егерде осы аталған талаптардың бірін назарға алмай аударма жасайтын болсақ, бұл аударма аудармадағы кемістік немесе  аударма, тіларалық қатынастың басқа бір түріне айналуы мүмкін [10, б. 35 — 36].

Л. К. Латышевтің пікірінше аударылатын мәтін коммуникация, қатынас құралы болып табылады [10, б. 15]. Біздің ойымызша осы пікір дәлдікті, түсінікті талап етеді. Мәтін – бұл ауызша немесе жазбаша түрде болатын вербалды белгілердің (сөздердің) жүйелілігі [11, б. 507]. Яғни, ауызша, жазбаша мәтіндер адамның коммуникативтік үдерісінің нәтижесі.

Коммуникацияның екі түрі болады: бірінші, бастапқы (кәдімгі), және екінші, соңғы (әдеби). Біріншісі, сөйлеп және тыңдап жатқан адамдардың арасында туған коммуникативті жағдай. Екіншісі, толық емес коммуникативті жағдай болып саналады. Ол әңгімелейтін адам (әңгіме авторының өкілі) мен оқырман арасындағы коммуникация. Коммуникация толық болу үшін, келесі жағдайларға назар аудару қажет:

1) сөйлеуші және адресат болу керек;

2) уақыт бірлігі;

3) орын бірлігі;

4) коммуниканттар және олардың қатынастары арасындағы бірлік.

Әдеби коммуникация кезінде осы жағдайлар сақталмайды. Өйткені қатынастың түрі өзгереді. Мысалы: коммуникативті байланыс автор мен оқырман арасында болады, ал қатынас серіктесі (партнері) мәтін болып табылады [12, б. 68].

Аталмыш оқу құралында түпнұсқа мәтіннің лексикасын аудармамен салыстыра отырып, «Нибелунгтер туралы хикая» эпосындағы реалия сөздердің аудару тәсілдерін, олардың түпнұсқадағы ұлттық мәдени ерекшеліктерін аудармалы тілге қалай жеткізілгені қарастырылды.

Жоғарыда айтылғандай, жазба мәтінді аудару кезінде, біздің жағдайымызда бұл «Нибелунгтер туралы хикая» эпосы, түпнұсқа немесе берілген мәтін аударма мәтінмен ауыстырылды.

А. В. Федоровтың ойынша, осындай алмастыру кезінде, аудармашы негізгі екі жағдайды есте сақтауы керек:

1) жазба аударманың мақсаты – шетел тілін білмейтін оқырманды берілген мәтінмен жақынырақ таныстыру;

2) осы жағдайда аудару – ертерек бір тіл құралдары арқылы берілген мәтінді басқа бір тіл амалдары арқылы екінші бір тілге дәл және толық жеткізіп, аудару [9, б. 15].

А. В. Федоровтың пікірінше, аударманың қайта жасаудан, мазмұндамадан және сол сияқты әр түрлі «бейімделулерден» (адаптациялардан) айырмашылығы дәлдікте және толықтықта.

Көптеген аудармашылардың пікірлерінше (Л. С. Бархударов,   Я. И. Рецкер, А. В. Федоров, А. Д. Швейцер) жазбаша аударма тек қана екі тілді, түпнұсқа мен аударманы байланыстырмай, сонымен қатар әр түрлі мәдениеттерді, ұлттарды, тарихи дамудың әр түрлі дәуірлерін, өткен және бүгінгі күндерді байланыстырады.

Шығарманың аудармасы өз бетімен жасала қалмайды. Онда әрқашанда түпнұсқа басқа әдет-ғұрыптардан, салт-дәстүрлерден, антропонимдерден, географиялық антропонимдерден және т.с.с. тұрады. Сондықтан аударма әрқашанда әмбинұсқалы. Өйткені аударма бір уақытта екі мәдениетке жатады: идеяны шығарған мәдениетке және оны қабылдаған мәдениетке, бір тілде мәтінді құрастырған авторға және оны басқа тілге аударған аудармашыға жатады.

А. Д. Швейцер шетелдердің аударма теоретиктері мен практиктерінің аударма жөніндегі зерттеулерін жүйелеп, төмендегідей мәліметтерді ұсынады.

У. Уинтердің пікірінше, аудару – бұл қоршаған орта сегментінің интерпритация тұжырымдамасын, мүмкіндігінше басқа барабарлық тұжырымдамамен ауыстыру. Дж. Кэтфорд аударманы тіл операциясы ретінде анықтайды. Сонда аударма кезінде бір тілдегі мәтін басқа мәтінмен, берілген мәтін материалы басқа тілдегі барабар материалмен ауыстырылады. Ю. Найданың және Ч. Табердің пікірлерінше, аударма – бұл рецептордың тілінде жаңадан құралған мәтін, берілген мәліметке өте жақын баламаның берілуі. В. Вильстің ойынша, аударма – бұл мәтіннің өңдеу және сөзге айналған үдерісі. Берілген мәтіннің барабар мәтінге ауыстырылуы. Сонда аудару тілінде мәтін мағыналы және стилистикалық жағынан түпнұсқаның мәні түсінілген мәтін. Ішкі жағынан аударма бөлінген, екі негізгі фазаны қамтитын үдеріс: біріншісі, ойлау фазасы, осы фаза кезінде аудармашы берілген мәтінді талдап, мән және стилистикалық интенциясына көңіл аударады, ал екіншісі, тілді қайта құру фазасы, осы фаза кезінде аудармашы коммуникативтік талаптарға көңіл аудара отырып, мағыналық және стилистикалық талдаудан өткен түпнұсқаны құрастырады [13, б. 68 — 71]. Г. Вермеер және К. Райс мәтін – бұл «жіберушіден алушыға жіберілетін мәлімет сөйлемі» — дейді де, аударманы «мәлімет сөйлеміне ұқсататын сөйлем» ретінде қарастырады [13, б. 73 — 74].

А. Диомидованың айтуынша аударма – әдеби-тіл интерпритациясы, ал аудару үдерісі – жаңа мәліметтің құрылу актісі. Осы үдеріс кезінде мәтіннің түпнұсқасының және аудармасының белгілі бір мағынасы сақталып, «мәтін мағынасының жетілдірілуі» іске асады [14, б. 15].

Жалпы аударманың негізгі екі концепциясы бар: лингвистикалық және әдебиеттану ғылымы. Аударма және аударматану бойынша негізгі екі мәселелер шеңбері бар.

Бірінші мәселелер шеңбері – бұл аудару шекараларының мәселелері, яғни, мәтінді аудару мүмкіндігімен байланысты мәселелер.

Екінші мәселелер шеңбері, біріншісімен арақатынасын белгілейтін және ерекше сипаттамасы бар аудару барабарлығымен байланысты мәселелер. Осы екі мәселелер шеңбері және олардың шешімі аударудың нормативті негізін белгілейді.

Аударма нормалары аудару актісінің ерекшелігін анықтайды. Яғни, аударма үдерісі кезінде аудармашының дербестігі, тәуелсіздігі қай деңгейде екені байқалады.

Қазіргі кезде дербес емес аудармалық іс және тәуелсіз аудармалық іс бар. Дербес емес аудармалық іс тираждауға жақынырақ, сондай-ақ іс аударма мәтініне өте тығыз байланыста болады (ресми-істі, ғылыми-техникалық құжаттарды қамтиды), ал тәуелсіз — бұл аудармашының белгілі бір дербестігін белгілейді (публицистикалық және әдеби мәтіндер). Қоғамдық істің басқа бір түрі сияқты, аударма да белгілі бір қоғамдық мұқтаждықтарды қанағаттандыратын қажеттілік.

Аударманың мақсаты қарым-қатынаста болған кісілердің арасындағы лингвоэтникалық бөгеттерін бұзып, қатынасын мүмкін ету. Басқа сөзбен айтқанда, аударманың қоғамдық мәнін төмендегідей анықтауға болады: аударма – екі тілде қатынасқан коммуниканттардың байланысы,  бір тіл ширегіндегі коммуникацияға мүмкіндігінше сәйкес болуы керек. Яғни, аудармада тек қана адамдар қарым-қатынасы кезінде ғана қажеттілік туады. Сол кезде адамдардың арасында тілдік емес, лингвоэтникалық (мәдениеттердің, ұлттық психологиясының және т.с.с. факторлардың әр түрлі болуы) бөгет туады.

Біз өзіміздің зерттеу жұмысымызда В. Н. Комиссаровтың және А. Д. Швейцердің пікірлерін қолдаймыз. Олардың пікірінше, жазбаша аударма – бұл бір жақты және екі фазадан тұратын, тіларалық және мәдениетаралық коммуникация үдерісі. Сонда аудармалық талдаудан өткен, бірінші мәтін екіншісімен алмастырылады. Біріншісін алмастыратын мәтін басқа тілдік және мәдени ортада қалыптасады [13, б. 75].

В. Н. Комиссаровтың анықтамасы бойынша, көркем аударма – бұл аудармалық әрекет, оның негізгі мақсаты аударма тілінде көркем-эстетикалық әсер ете алатын шығарма жасау [15, б. 95].

Сонда, көптеген әдеби сыншылардың ойынша көркем аударма – бұл өнер, онымен тек қана эстетикалық қағидаларға сүйенетін тіл шеберлері айналыса алады.

Г. Гачечиладзенің пікірінше, аударма мәселесі маңызды және терең зерттеу негізінде, көркемдік жағынан толық емес және толық, бірақ та түпнұсқадан алыс, еркін аударма. Осы екі көзқарас келесі екі пікірлердің негізінде жатыр: аударма лингвистикалық және әдебиеттану ғылымы жағынан анықталады. Аударманың лингвистикалық қағидасы түпнұсқаның формалды құрылымын қайта жасау. Бірақ, егер де лингвистикалық қағида негізгі екені айтылатын болса, онда ол түпнұсқаның сөзбе сөз аударылуына әкелуі мүмкін. Тіл жағынан ол нақты болар, ал көркемдік жағынан өте әлсіз аударма болуы мүмкін. Сонда бұл түршіліктің (формализмнің) бір түрі болады. Түршілік (формализм) кезінде басқа халықтың тіл формалары дәл аударылады да, шетел тілінің заңдары бойынша мәтіннің стилизациясы шығады. Кейбір жағдайларда, аударылатын сөйлемнің синтаксистік құрылымы аудармада ұқсас тәсілдермен берілуі мүмкін болса, онда сөзбе сөз аударма ешқандай әдеби талдаусыз, соңғы амал ретінде қарастырылуы мүмкін. Алайда, әр түрлі тілдерде синтаксистік амалдардың тура келуі өте сирек кездеседі. Көбінесе сөзбе сөз аударма кезінде қазақ тіліндегі синтаксистік нормалардың бұзылуына әкеледі. Сондай жағдайларда біз мазмұн мен форма арасындағы қарама-қайшылықпен түйісіп қаламыз. Автордың ойы айқын, бірақ оны білдіру түрі қазақ тіліне жат. Нақты сөзбе сөз аударма түпнұсқаның эмоционалды әсерін барлық жағдайларда толық жеткізе алмайды. Яғни, сөзбе сөз нақтылық және көркемділік үнемі бір бірімен үйлеспеушілікте болады. Аударма тілдік материалға сүйінетіні даусыз. Сөздердің және сөз тіркестерінің аудармасынсыз көркем аударма бола алмайды. Аудармашының екі тілдің заңдылықтары және осы заңдылықтардың бір біріне сәйкес келуі туралы білімі болу керек. Демек, көркем аударманың сапасын анықтау үшін тіл аралық сәйкестілікті анықтайтын жалпы қағидалар жеткіліксіз болады. Толықтылық үшін бүкіл аудару кезінде түпнұсқаға сөзбе сөз жақын болу қажет емес [16, б. 115].

Кейбір  зерттеушілердің (Г. Гачечиладзе, А. А. Смирнов және  А. В. Федоров) пікірінше, аударманы жаңа сөздер табу өнерінің бір түрі ретінде, яғни, лингвистикалық көзқарас жағынан емес, әдебиеттану ғылымы жағынан қарастыру керек.

Осы теорияға сәйкес, аудармашының негізгі жылжу күші түпнұсқамен берілген идея болады. Ол аудармашыны ойларды сөзбен білдіру үшін барабарлы тіл амалдарын табуға ықпал етеді. Басқа сөзбен айтқанда көркем аударма – бұл лингвистикалық жағынан емес, эстетикалық түсінігі жағынан түпнұсқаға барабарлық.

Мысалы, А. А. Смирнованың «Көркем аударманың шеберлігі» мақаласында («Мастерство литературного перевода») [17, б. 526 — 531], барабарлы көркем аударманың мақсаты мазмұнның мағынасын жеткізу, эмоционалды айқындылық және түпнұсқаның сөздік-құрамдық безендіру деп көрсетілген. А. А. Смирнованың ойынша, біз «барабарлы» аударманы мойындауымыз керек: «автордың барлық ниеттері жеткізілген, соның ішінде оқырманға белгілі бір идеялық-эмоционалды әсер ету, автормен қолданылған барлық ресурстардың бейнелілігі, ерекшелілігі, ритм және т.б.; соңғысы негізгі мақсат ретінде емес, жалпы ықпал ету үшін қолданылуы керек. Ондай жағдайда, әрине, әрқашанда мәтіннің маңызды емес бөліктерін таңдап, бірдемемен құрбан ету керек».

Аудару үдерісі кезінде тіл – түпнұсқа өнері кезінде ойнап жатқан рөлдей бағынышты рөл атқарады. Сондықтан оны алдыңғы орындарға қоюға болмайды. Алдымен, тіл мұнда көркем мәселелеріне жету үшін қолданылатын амал ретінде қарастырылады. Сондықтан, аудару кезінде туатын ерекше тіл мәселелері белгілі бір жанрды аударудың өзіне тән мәселелерімен бірге шешілуі керек.

Алайда, Г. Гачечиладзе пікірінше, аудару өнерінің әдістемелік алғы шарты заттық-диалектикалық қағида мен шығарма мазмұнының бірлестігі. Осы құрамдас бөліктердің біреуінің бұзылуы, теориялық сәйкессіздікке әкеліп, көркем аудармаға тікелей кемістік келтіреді. Толық көркем шығарма – бұл форма және мазмұн бірлестігі. Ол автордың субъективті сезгіштігі арқылы өтетін нақты ақиқаттың  көркем тұтастығы. Аудару үдерісі кезінде көркем ақиқаттылық аудармашы алдында нақты ақиқаттық құбылыстар бірлестігі ретінде тұрады. Осы құбылыстар қисынды нақтылықта және көркем шығармада бейнеленеді. Автордың ойынша, көркем шығарма аудармашыға әсер етіп, өз жағынан белгілі бір эмоционалды сезімдерді білдіреді: осы фактордың объективті және субъективті әрекеттестігі нәтижесінде аудармашының санасыңда шығарманы қабылдау кезінде түпнұсқаның аудармасы туады. Көркем аударма жасау үшін шығармашылық әдіс қажет.

Г. Гачечиладзе көркем аудармаға төмендегідей анықтама береді: «Көркем аударма – бұл көркем шығармашылықтың бір түрі. Онда түпнұсқа нақты ақиқат үшін қызмет атқарады. Осы дүниетанымға сай, аудармашы онымен таңдаған шығарма формасының және мазмұнының көркем ақиқаттылығын бейнелейді: аударма дербестен тұтасқа қағидасы негізінде жүзеге асады [16, б. 115-136].

Жоғарыда айтылғандай, аудару үдерісі кезінде әр түрлі тілдерде мәтіндердің коммуникативті теңеуі өтеді. Осы үдерістің жүзеге асырылуы және оның нәтижелерінің бағалануы мынаны болжайды: форманың және мәтіндердің алуан қырлы түрлерінің салыстыруын, әрбір тілде мәтіннің құрылымын және қызметін, мәтін толық құрылым ретінде және мәтінді құрайтын тіл бірліктерінің, құрылымының салыстырмалы талдауы. Мәтін – бұл тіл шығармасы, оның көмегімен вербалды коммуникация іске асады. Мәтін пікірлерден тұрады. Осы пікірлерді сөйлеп жатқан кісі өзі айтып, тіл бірліктерін таңдап, оларды берілген тіл грамматикасына сәйкес өз коммуникативті ниеттеріне байланысты біріктіреді. Мәтін – бұл жай бөлек пікірлердің бірлестігі емес. Мәтін құрылымы және мазмұны жағынан тұтас бір бүтін. Оның коммуникативті потенциалы мазмұнды құрайтын пікірлердің жиынтығынан артығырақ. Аудармашы осы түпнұсқада берілетін толықтықты қабылдай ала алуы және онымен құрылып жатқан аударма мәтінін толық және дәл бере білуі керек.

Мәтіннің құрылымдық мазмұны әр түрлі үш деңгейде қарастырылуы мүмкін: тік, көлденең және терең. Мәтіннің тік құрылымын оның формалды-тақырыптық мазмұны құрайды. Жалпы мағынасынан немесе мәтіннің тақырыбынан, тақырыпшалардан бастап, субтақырыпшаларға, бөлек пікірлерге дейін кездеседі. Осындай өрістету сөйлеп жатқанмен, «жоғарыдан – төмен» қарай іске асады. Ол мәтінді өз коммуникативті ниеттеріне сай жасайды. Мәтінді қабылдайтын кісі иерархиялық құрылымды басқа бағытта – «төменнен – жоғары» қарай, мазмұнының кішкентай бөлектерінен мәтінді толық түсініп ұғынуға дейін қабылдайды. Алайда мәтіннің тік құрылымы әрқашанда нақты және қисынды болмайды. Кейбір микротақырыптар қалдырылады, ал басқалар «бөтен» тақырыпшалар орнына сыналасады да, олар бір-біріне қайшы болып шығады т.с.с. Осындай мазмұндаманың кемшіліктері коммуникацияға қатынасқан кісілердің білімдерімен және тәжірибелерімен, олардың бүкіл мәтін бойынша мазмұнының болжауымен  алмастырылады. Кейбір болжау күшіне сай мәтін бөліктері мәтіннің келесі мазмұнының болжауға мүмкіндік береді. Сондай «ықтимал болжау» тілді ұғуға жеңілдетеді және аудару үдерісі  кезінде үлкен рөл атқарады.

Толық мәтін жасауда формалды және пікірлердің арасында мағыналық байланыстардан тұратын көлденең құрылымы маңызды орын алады. Мәтіннің формалды байланысы (когезия) әр түрлі тіл амалдары арқылы жүзеге асады: жалғаулықтар, қайталаулар, орын алмастыратын сөздер және сол сияқты амалдар. Мәтіннің мағыналық бірлестігі (когеренттілік) логикалық жүйелілікпен, логикалық байланыстармен («сонымен», «яғни», «қорыта келгенде» және т.б.), баяндаудың басын және оны белгілейтін стереотиптік формулалардың қолдауымен, басқа бөлектерге анафоралық және катафоралық жөнелтумен т.с.с. байланысты. Мәтіннің тақырыбы – рематикалық құрылымы да онымен тікелей байланыста болады. Тақырып және рема арақатысы, актуалді бөлу бөлек пікірдің мағыналық құрылымы үшін өзгеше болып келеді. Пікірдің мазмұныңда екі мағыналық фокусты белгілеп қоюға болады. Оның біреуі (тақырып) – хабарлаудың негізгі пункті, не туралы хабарлап жатқаны және әңгімелесушіге белгілі немесе оған белгілі нәрсе ретінде ұсынылады. Екіншісі (рема) – хабарлаудың негізгі мағыналық орталығы, не хабарлап жатқаны, осы хабарлама жаңа мәлімет ретінде қолданылады. Тақырып – бұл пікірдің рематикалық бөлінуі. Ол реманы ырғағымен, лексикалық немесе синтаксистік амалдар арқылы бөліп шығарады. Мәтіндегі жүйелілік және мазмұндаманың байланысы, көрші тұрған пікірлердің тақырыптық – рематикалық қатынастарына байланысты. Бір пікірдің ремасы жиі басқа пікірдің тақырыбы болып шығады. Сонымен қатар, белгілі тақырыптық – рематикалық құрылым мәтіннің толық мазмұндамасында жасалынады. Мәтіннің аудармасын жасаған кезде, аудармашы түпнұсқаның тақырыптық-рематикалық құрылымын сақтауға тырысады.

И.А. Кашкиннің ойынша, ақиқатты аударманың мақсаты «…түпнұсқа мәтіннің ішінде болған бүкіл мағыналық және бейнелі байлық, ақиқаттылық объективті  түрде қайта құрылуы керек. Аудармашы бірден түпнұсқадағы грамматикалық құрылымға қақтығысып, осы бөгдеден өтуге, болған балғындыққа және автормен ақиқаттықтың қалай қабылдағанына жетуі өте маңызды» [18, б. 75]. Ақиқаттық аударма үдерісінде сезгіштіктің және ойдың ақиқаттықтың объектімен шамалап үйлесуі не білдіріп жатқанын анықтайды. Басқа сөзбен айтқанда, аудармада түпнұсқаның қандай элементтері ақиқатты жеткізгенін анықтайды.

Осы пікірмен белгілі теоретик А. В. Федоровтың анықтамасы ұштасады: «аударманың түпнұсқасында берілген мазмұны формалді және оған стилистикалық сәйкес келетін ақиқаттылық толық жеткізілуі керек». А. В. Федоров бөлек бөліктің, бөлек элементтің немесе мәтіннің үзіндісін толық мәтін  жеткізу турасында аспектін ерекше белгілейді. Басқа жағынан қарастыратын болсақ, онда толық мәтіннің дәлдеп жеткізілуі және кейбір өзгеше бөліктерінің қалдырып тастауы кезінде түпнұсқаның дербес сырын жоғалту мүмкін. Көркем аударма – бұл жай бөліктердің механикалық бірлестігінен артық. Өйткені ол шығармашылық жұмыстың жемісі және онда аудармашының шығармашылықтың элементтері бар [19, б. 21 — 22].

Әрбір аударма шығармашылық үдеріс ретінде аудармашының даралығын белгілеуі керек, бірақ аудармашының негізгі мақсаты түпнұсқаның ерекшеліктерін жеткізу және түпнұсқаға сәйкес көркем және эмоционалды әсерін барабарлы жеткізу үшін, аудармашы ең жақсы тіл амалдарын: синонимдерді, сәйкес болып тұрған көркем бейнелерді және сол сияқтыларды табу керек, —  деген пайымдауға шүбәланбаймыз.

Әрине, форманың және мәтін мазмұнының барлық элементтері дәлдікпен қайта құрылуы мүмкін емес. Қандай да болсын аударма кезінде төмендегідей кемшіліктер болуы мүмкін:

1) материалдың қандай да бір бөлігі қайтадан құрылмай, алынып тасталынады;

2) материалдың қандай да бір бөлігі өз түрінде емес, әр түрлі ауыстырулармен/эквиваленттермен беріледі;

3) түпнұсқада болмаған материал кіргізіледі.

Сондықтан көптеген зерттеушілердің пікірінше ең жақсы аудармаларда, түпнұсқаға қарағанда, шартты өзгерістер болады. Алайда осы өзгерістер көлеміне аударманың дәлдігі тәуелді болады. Сондай өзгерістердің минимумы барабарлы аударманы болжайды. Біз осы пікірді түпкіліті қолдаймыз.

Демек, барабарлы аударманың мақсаты түпнұсқаның мазмұнын және формасын, оның ерекшеліктерін дәлдеп жеткізу.

Аударма туралы ұқсас қазақша рефераттар

Көркем аударма жалпы аударманың негізгі бөлігі ретінде

Аударманың адам қызметінің ең көне түрі екені даусыз. Әуел бастан аударма тілі басқа адамдардың бір-бірімен араласуына мүмкіндік тудырып, аса маңызды әлеуметтік қызмет атқарды. Жазбаша аудармалардың таралуы адамдарға басқа халықтардың мәдениетімен танысуына кең жол ашып, әдебиеттер мен мәдениеттердің араласып, баюына жағдай жасады.

Аударматанудағы барабарлық (эквиваленттілік) мәселелері

Аудару дәлдігі мәселесін филологтар бұрыннан бері қарастырып келе жатыр. Қазіргі кезде бұл мәселе әр түрлі аудармалық бағытта зерттелуде (Қазақстан мектебі: Г. И. Исина, А. Алдашева және т.б., Рессей мектебі: А. Т. Алексеева, В. Н. Комиссаров, Н. Р. Ткачев және т.б., Германия мектебі: Г.  Егер, К. Райс, Е. Штойберг және т.б.). Жоғарыда аталған лингвисттердің зерттеулерінде назар эквиваленттілік терминіне аударылады [15, б. 134].

Реалия сөздер мәдени белгілер ретінде және оларды аудару мәселелері

Аударма  теориясы  және  практикасы  саласында жұмыс істеген С. И. Влахов және С. П. Флориндердің пікірінше, реалия сөздердің аудармасы екі рет шартты: қағида бойынша реалия сөздер аударылмайды (сөздік тәртіп бойынша) және қағида бойынша ол аудару тәсілімен(контекстте) жеткізіледі [28, б. 26].

«Нибелунгтер туралы хикая»: қысқаша мазмұны және «аудармада аударылмайтын» сөздер

«Нибелунгтер туралы хикая» адамзаттың ең белгілі эпикалық шығармаларының бірі. Егер де Еуропа әдебиетін қарастыратын болсақ, бұл хикая Гомердің, Дантенің дастандары сияқты бүкіл әлемге әйгілі шығармалардың қатарында тұрады.

«Нибелунгтер туралы хикая» ХІІІ ғасырдың аралығында пайда болды. Ол Германия және басқа Батыс Еуропада серілер немесе куртизан поэзиясы гүлденген кезде дүниеге келді.

Көркем шығармадағы реалия сөздерді аудару

«Нибелунгтер туралы хикая» эпосынан алынған келесі мысалдар негізінде аудармашылар реалия сөздерді аударған кезде негізінен қандай тәсілдерді қолдағанын қарастырайық.

Ағылшын тілінен Практикалық тапсырмалар

1. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасыдейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген [65, б. 6].

По высочайшему установлению Чингисхана десять воинов подчиняются одному десятнику — онбасы, а десять онбасы — одному сотнику – жузбасы[67, б. 5].

Ағылшын тілінен студенттердің теориялық білімін тексеруге арналған тапсырмалар

Студенттердің теориялық білімін тексеруге арналған тапсырмалар

Ағылшын тілінен пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Реферат, курстық жұмыс, дипломдық жұмыс жазған кезде қажетті пайдаланылған әдебиеттер тізімі