Қазіргі қазақ прозасындағы исламдық құндылықтар

Қазіргі қазақ прозасындағы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с), сахабалардың өмірі мен ізгілікті істерін арқау еткен көркем шығармалар бір шоғыр. Ұзақ жылдар үстемдік еткен кеңестік жүйенің тұсында мұсылманшылдықты дәріптеу, пайғамбарлар өмірінен мөлтек сыр шерту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние.  Бұған, біріншіден, социалистік қоғамда үстемдік құрған атеистік тәрбиенің ықпалы болса, екіншіден, қалам тартып жазғысы келгенімен, мұсылмандық сауаты, мағлұматы аз болғандықтан, ал, үшіншіден, бұл тақырыпқа бел шешіп кірісу үшін исламдық діні берік, мұсылмандық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі болуы шарт еді. Бұл – өзі көзге көрінбейтін, жүрекпен ғана сезілетін жайт. Сондықтан да, поэзиямен салыстырғанда, прозада бұл тақырыпқа қалам сермеу анағұрлым күрделі болатын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» – деп ұлы Абай  жырлап кеткендей, біраз қаламгерлердің мұсылмандық сауаты, даярлығы бар болғанымен Алланың, Мұхаммед пайғамбарымыздың атын дәріптеп, құрметтеп жазған шығармалар санаулы-ақ. Сонау Алаш боздақтарының  әдебиетінен М.Жұмабаевтың «Пайғамбар» өлеңін алсақ, оның өзі – аударма түрінде көз қылып жазылған өлең. Ал, бертінге қарай ойыссақ, алдымен Ғ.Мүсіреповтің «Ана жыры» әңгімесіне соқпай өту мүмкін емес.

Қаламгер Алланың, Құран-Кәрім сөзін «..Лә иләһа елла Аллаһу, лә иләһа елла Алла!..» деп автор аллаға салауат айтқызады. Ғ.Мүсірепов алып отырған адамзат атаулыға жұмбақ әлем кеңістігі – жұмақ. Автор шығармашылық кеңістігі ретінде жұмақты, яғни суреткердің өзге нысандарынан ерекшелігі адамзат пендесіне беймәлім, жұмбақ әлемді алып отыр. Сол атеистік заманның талап-шарттарымен қарап көрсек, кейіпкерлері де тосындау, танымы да бөлектеу шығарма.

Ғ.Мұстафин де «Әзірейілмен сұхбат» атты әңгімесінде айтарын кейіпкердің түсі арқылы жеткізеді. Мүсірепов пен Мұстафин Аллаға қырын қарап, партиялық уағызды дәріптеп отырған сыңай танытқанымен, образды, символды тұспалмен сол кеңестік жүйені сынап-мінеп отыр.

Мұсылмандық құндылықтардың мәнін жеткізудің түрлі амал-тәсілдеріне талпыныс бүгінгі жас жазушыларда молынан байқалады. Тәуелсіздік кезеңіңдегі қазақ повестері мен әңгімелеріндегі аталмыш тақырыпты саралау үшін Д.Рамазан «О дүниедегі кездесу» атты әңгімесінде жақсылық пен жамандықтың текетірес қарама-қарсылығын беріп, жақсылық пен ізгіліктің әрқашан да өтеуі барлығын көрсетпекші болған. Шығарманың ерекшелігі болып нарративті ракурсты таңдау табылады. Автор кейіпкерлерінен бойынан шығатын иісті жасырын мүмкіндіктерін ерекше манипулятивті сала ретінде көрсетеді. Бұл жерде постмодернистік әдебиетке тән әдістер қолданылғаны анық: Иіс рухтың, яғни, жанның эквивалеті ретінде қарастырылады. Кейіпкердің өзіне тән иісінің болмауы оның рухының жоқтығын білдіреді. Қаламгер ольфакторлық агрессиялы орынды қолданған, яғни, бүкіл кеңістікті жайлап алған және адамдар амалсыздан иіскеуге мәжбір болған иістің қатты шығуын алып, оны діни таныммен байланыстырып отыр.

Мұсылмандық құндылықтардың көркем прозадағы бедері кейінгі жас толқын қаламгерлердің де қуатты тегеурініне айнала бастаған сыңайлы. Ислам қағидаларындағы құндылық адамды сабырға, төзім мен қайратқа тәрбиелейді. Е.Әбікенұлының «Тақуа» атты әңгімесі. Алланың сенген құлы – Аюб пайғамбарға арналған. Аюб пайғамбар Құран Кәрімдегі тақуалықпен өмір кешіп, бүкіл ғұмырын осы Алла жолына берген тақуалық бейне. Бұл пайғамбарлардың барлығының ішіндегі  Алланың ең үлкен сынынан өткен, асқан адам төзгісіз азапқа төзімділік, шыдамдылық танытқан бейне болып суреттелген. Әрине қай заманда, қай кезде болғаны белгісіз бұл аңыздың негізгі кейіпкері Аюб өмірі шығармадағы көркем шындыққа айналып отыр. Бұл шындықты берген кезде автор көркем антропологиялық әдіске жүгінген. Атап айтар болсақ, адам ағзаларының және дене мүшелерінің қиналысын суреттеу арқылы ол әр мүшенің адамның рухани рухы үшін қандай маңызды қызмет атқаратынын шеберлікпен суреттеген. Бұл жерде де автор көркемдік жатсынуға жүгініп отыр. Бір Аллаға деген сенімі күшті, кейіпкердің өз денесінен өзі жеріп, жатсынуы тек иман иесі тіл мен жүректен ғана бас тартпауы.

Бұл шығарманың ерекшелігі Аллаға деген махаббаттың, сенімнің  беріктігі. Сонымен бірге Алланның рақымының кеңдігі, Әзәзілдің Ібілістің азғыруынан күштілігі суреттеледі. Осы тәрізді сюжет желісін орыс әдебиетінде  И.Буниннің шығармашылығынан да кездестіреміз. Ал, Т.Ахметжанның «Нобель сыйлығы» атты повесть-хикаяты – қазақ прозасына түрлік-пошымдық ерекшелік әкелген соны туынды. Автордың шығармасына арқау етіп алып отырғаны – ар-ұят тақырыбы. Бұл тақырып – негізі кез келген әдебиетте бар және жазылып та жүрген тақырып. Дегенмен, бұл жерде суреткер бұрын-соңды жарық көрген шығармалардан бөлек жаңа пішін тауыпты. Ар-ұят періштесі жерге − адамдар ортасына адам кейпімен келеді. Бір кейіпке ену жалпы қазақ фольклорында бар әдіс. Шәкәрімнің «Алты әңгімесіндегі» сюжет желісіне ұқсас. Жазушы осы бұрыннан фольклорда бар нәрсені ары қарай дамытып, кейіпкерін жұмақтан адамзат ортасына әкеліп отыр. Бұл суреткер де прозадағы көркем антропологиялық ізденіспен көзді деталь ретінде ала отырып, сөйлесу құралына айналдырған.

Д.Досжанның «Жан тәтті» повесінде де исламдық сарын негіздері байқалады. Автор Алланың ұлылығын мінәжат жанры арқылы көрсеткісі келген. Кейіпкерлерді көзбен тілдестіру әдісін Д.Досжан да өзінің «Жан тәтті» повесінде қолданады. Жоғарыдағы көзден ерекшелік: бірін-бірі шексіз сүйген, ынтық жүректердің тілсіз көзбен тілдесуі – бұл. Қос жазушы қөзбен тілдесуді екі түрлі жағдайда алып отыр. Жемтігін құр бос жібергісі келмей қорқаулық танытқан көзден гөрі сүйгенінің құлы болуға даяр көздің суреттелуі де барлығы да ерекше авторлық танымға қызмет етіп тұр.

И.Құттықожаевтың «Тасбақаның тағдыры» атты әңгімесінде кейіпкер қиналған сәтінде өзін жаратқан иесін есіне алып, тәубесіне келеді. Автор тасбақаны көркемдік деталь ретінде ала отырып, осы тасбақаның кейіпкер тағдырына қандай қатысы барлығын шегініс жасау арқылы суреттейді.

А.Кемелбаеваның «Ғибадат» атты әңгімесі де Исламдық тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келуімен ерекшеленеді. «Айгүл Кемелбаева қазақша жазса да, қазақ топырағының иісін шығарып тұрып жазса да, шетелдік прозаны керемет меңгергендігі байқалады. Джойс, Кафка, Прусты былай қойғанда, қазіргі модернистік, постмодернистік ортада жүрген жазушылармен таныс екендігі білінеді. Айгүл өз туындыларына саналы түрде еуропалық мифтік есімдерді де кіргізіп, отырады. Оны әңгімесінің атына қояды не әңгіменің ішінде жүреді. Бұл – эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені, дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде [22, 361 б].

«Асыл пана Алланың нығметтері есепсіз болатын» бұл әңгіменің лейтмотиві – осы: Аллаға мадақ пен Жаратушы Иеге деген шексіз махаббат. «Ғибадат» – адам баласының Құдайды қалай іздеп тапқаны туралы әңгіме, шынайы құлшылық, сүйіспеншілік. Мұнда ислам дінінің негізгі қағидалары сақталады. Адамзаттың жаратылысы туралы ойлар қасиетті Құранда бар шындыққа қиғаш келмейді. Мұсылман дінінде Алла Тағаланың 99 көркем есімі бар. Автор Алланы «Асылпана» деп атаса, Құрандағы сүрелердің басталуында бар сөз: аса мейірімді, рақымды Алла. Аллашылдық идеясы қалай ашылады? Қазақтың өз аңыздарынан алынған идеяны автор шебер пайдаланады. Ол – иісі мұсылманға ортақ Тажал туралы ой. Ақырзаман – азан даусы естілмегенде болады. Әңгімедегі жасөспірім қыз баланың ауылда намаз оқитын кемпір-шал азайған сайын шошынатыны туралы ой – бұл гуманизм мұраттарын биік қоятын үлкен әдебиеттің өз еншісі. Егер осы бір көркем ойдың түбін қазса, мәңгүрттікке қарама-қарсы ұлы идеяның тап өзі болып шығар еді. Бұл – кейінгі көркем прозада сирек кездесетін құбылыс. Әңгіме мәтіні тіпті діни трактатқа ұқсап тұратын тұстары мол. Автор ислам дінін шала білетіндерден емес. Себебі, діннің ғылыми негізі көркем прозада сақталады, долбар мен жаңсақтық жоқ. Адам санасы мен психологиясы туралы терең иірімдер бар. Ал, әңгіменің Құран сүрелерінің аяттарымен аяқталуы – дүниежүзілік әдебиетке тән тәсіл. Атап айтқанда, Лев Толстойдың «Воскресение» атты романында (1889-1899жж., өмірінің соңғы кезеңінде жазылған ірі шығармаларының бірі) Евангелие – Інжілмен аяқталу бар.

Исламдық сарын аталмыш автордың «Тобылғы сай» атты әңгімесіне де етене тән. Ұлы дене бәрін аңдауы – құдайшылдық идеясы. Бұл әңгімедегі «әңгіме ішіндегі әңгіме» тәсілімен берілетін төрт әңгіменің түпкі ой, сарыны да осы құдайдың құдіретін ұлықтау болып табылады. Алмұрт ағашы өмір ағашы туралы аңыздың желісіне сәйкес. Бұл фәниде киелі заттар болатын себебі, оны Алла жаратқаннан деп түйіндейді автор. Ал «Мұнара» атты романның тұтас сюжетін Аллаға деген сенімімен көмкерген. А.Кемелбаеваның «Тобылғысай» әңгімесіндегі исламдық сарын мүлде бөлек. Бұл әңгіменің сипаттары: «Нәресте жер жүзін анасындай аймалап, жарылқап тастайды» – күнге теңестірілген.

Жанрлық басты ерекшелігі жоқтаумен аяқталуында. Проза поэзиямен көмкеріледі. Абай қазақтың ұлттық қасиетін айтқанда ең әуелі осы өлең, жырға тым бейімдігін айтады: «Өлеңменен жер қойнына кірер денең». Түсіпхан бейнесі ұмытылмастай сомдалған.

Жазушы Д.Ахметұлының «Пайғамбардың оралуы» атты әңгімесі діни тақырыпқа, аңызға құрылған. Жазушы әңгімесінің кейіпкері етіп Нұқ пайғамбарды алған. Әңгімеде Алла сөйлейді, оның періштелері де кәдімгі адамдар тәрізді сөйлеседі. Алайда, жазушы діни сарынның құпия астарын аша алмағаны айқын, себебі ол осындай Алла тағала мен оның періштелері кәдімгі адамдар тәрізді қарабайыр сөйлестіріп қоюынан, яғни, адамның Құдайды өз бойына шақтап алатын бәкене болмысынан көрініп қояды. Дін тақырыбын оңай игеру мүмкін емес.

Сонымен, қорыта келгенде, «Қазақ прозасындағы исламдық құндылықтар» бөлімінде тәуелсіздік кезеңіндегі повестер мен әңгімелер аясындағы исламдық аңыздардың авторлық көркем интерпретациясы қарастырылды. Ал, исламдық мотивтерден құрылған туындылар басынан бастап интермәтінді болып келеді, алайда, бұл жерде исламдық мәтінге сюжеттік мотивтермен леймотивтерді қалыптастыратын әдеби реминисценциялар, аллюзиялар қабаттастырылатыны мәлім болып отыр. Жеке исламдық эпизод жеке бір сюжеттік желі ретінде дамымайтын, алайда, жеке салынбалы аяқталған қосымша микросюжетті қалыптастыратын туындыларда повестер мен әңгімелердің сюжеттік-композициялық құрылымы әртүрлі сипатқа ие болатындығы айқындалды.