Қазақстандағы көмір өнеркәсібі

Тарихы

1833 ж. қойшы Байжанов Аппақ Қарағанды мекенінен “отқа жанатын қара тасты” кездейсоқ тауып алған. Бірақ 23 жыл өткеннен кейін ғана өнеркәсіп иелері кен орнына назар аудара бастады. Қарағанды кенінен алғашқы 30 жылда (1857 – 87) 303 мың т немесе әр жылы орта есеппен 10 мың т көмір өндірілді. Ал, кейінгі 21 жылда (1899 – 1920) мұнда 860 мың т көмір қазылды.

1905 ж. Қарағанды көмір кеніне француздар, сонан соң ағылшындар қожалық етті. Ол кезде көмір қазатын құрал қайла, күрек болды, тасымалдауға сүйретпе шана пайдаланылды. Көмір, негізінен, “Кариб”, “Карно”, “Герберт” секілді шағын шахта-кәсіпорындарда қазылды. Мұнда небәрі 1 қызмет үйі, балшықтан қаланған 3 үй, кірпіштен салынған 1 үй, 2 бу қазаны және 1 желдеткіш қана болды.

1920 ж. кен орнында 125 жұмысшы істеп, олардың әрқайсысы айына 26 т-дан көмір өндірді.

19 ғасырдың аяғында Қазақстан аумағында тағы да бірнеше кен орындары, соның ішінде Екібастұз көмір кеніші де ашылды. Бірақ олардың барлығынан алынған көмір небәрі 500 мың т-дай ғана болды.Қазақстанда кеңестік көмір өнеркәсібі 1930 жылдан құрыла бастады. Осы жылы Қарағандыда алғашқы 4 шахта ашылды. Қарағанды көмір алабында көмір өндірісін дамытуға үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді.

1937 ж. Қарағанды көмір тресі 3,5 млн. т-дан астам көмір өндірді, мұның өзі 1936 жылмен салыстырғанда 10,1% артық еді. 2-дүниежүзілік соғысқа (1941 – 45) дейінгі кезеңде 23 шахта ашылып, олардан 6 635 мың т көмір алынды. Осы жылдарда Қазақстан Кеңес Одағында өндірілген көмірдің 4%-ын берді. Көмірді қазу, қопару жұмыстары толық механикаландырылып, жұмыстың 80%-дан астамы көмір қопарғыш машиналармен атқарылды. Жер астынан көмірді тасып шығару жұмыстарын механикаландыру деңгейі артты. Жұмысшылардың еңбек өнімділігі айына 42,6 т-ға дейін жетті.

Соғыс жылдарында Қазақстанда көмір өндіру көлемі шұғыл артып, жылына 12 млн. т-ға дейін (одақ бойынша 8%) өсті. Бұл кезеңде Қарағанды Кеңес Одағының негізгі отын базасына айналды.

1945 ж. 39 шахта мен 3 тілік жұмыс істеді.

Соғыстан кейінгі 10 жылда (1946 – 55) Қарағанды алабында жаңа шахталардың салынуы, Саран, Шерубайнұра тіліктерінің игерілуі, сондай-ақ, шағын шахталарды біріктірудің және көмірді ашық әдіспен алудың дамытыла бастауы нәтижесінде көмір өндіру 2 еседей артып, жылына 28 млн. т-ға дейін жетті. Салада аса өнімді комбайндарды, жер астынан дүркін-дүркін көмір таситын электровоздардың орнына толассыз конвейерлерді, механикаландырылған құралдарды пайдалану нәтижесінде көмір өндіру қарқыны арта түсті. Көмір тіліктерінде алымы аз бір шөмішті экскаваторлардың орнына, сағатына 5 мың т көмір өндіретін көп шөмішті роторлы экскаваторлар, паровоздардың орнына электровоздар қолданылды.

1955 жылдан бастап Қазақстанда көмір өнеркәсібінің дамуы елеулі кезеңге аяқ басты. Осы жылы Екібастұз алабында 3 тілік пайдалануға берілді. Солардың бірі – жылына 50 млн. т көмір өндіретін дүние жүзіндегі ең ірі “Богатырь” тілігі. Екібастұз алабындағы көмір қоры (10 млрд. т) жер бетіне таяу жатыр әрі көмір қабаты 200 м-ге дейін жетеді. Осыған орай мұнда көмір ең тиімді ашық әдіспен қазылып алынады.

Қазақстанда көмір өнеркәсібі орындары 1980 ж. 115 млн. т, 1985 ж. 131 млн. т көмір өндірді.

Көмір өндіру көлемінің ең жоғары деңгейіне 1988 ж. қол жеткізілді (143 млн. т). Экономикалық реформалар жағдайында жүргізілген құрылымдық өзгерістерге байланысты көмір өндіру көлемі республикада 1989 жылдан бастап (138 млн. т көмір өндірілген) азая бастады.

1990 ж. республикада 131 млн. т көмір өндірілген болса, 1997 ж. өндірілген көмірдің көлемі 72,6 млн. т болды.

Дағдарыс кезеңі