Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі

Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуы, 20 ғасырдың 60 жылдарында педагогикалық институттардан «бейнелеу өнері және сызу» пәнінің мұғалімдерін дайындаумен тығыз байланысты. 1964 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педпгогика институтында, республикада алғаш рет «бейнелеу өнері мен сызу» пәнінің мұғалімдерін дайындау қолға алынды. Бұл 1969 жылға дейін еліміздегі бейнелеу өнері мен сызу мұғалімдерін дайындайтын жалғыз жоғарғы оқу орны болды. Кейіннен де бұл оқу ордасы, көшбасшы қызметін атқарып, көлемді әдістемелік іс – шараларды атқаруымен бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуына ерекше үлес қосты.

Бұл оқу орнының алғашқы түлектері, Қазақстанның басқа қалаларындағы педагогикалық институттарынан «бейнелеу өнері мен сызу» пәнінің мұғалімдерін дайындау үшін арнайы кафедра ашудың инициаторлары болып, бейнелеу өнері мен сызу пәнінің болашақ мұғалімдерін дайындауға кең көлемде үлес қосты.

Мұнан соң 1969 жылдардан бастап Шымкент, Семей, Тараз педагогикалық институтарынан ашылған көркемсурет және графика факультеттерінің түлектері Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуына мол ықпал етті.

21 ғасырдың 70 жылдарынан бастап ұлттық бейнелеу өнері мен сәндік қолданбалы өнер туындыларын бейнелеу өнері сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстарда қолдану, ұлттық өнер арқылы оқушыларға көркемдік білім беру идеясы қалыптаса бастады. 1970 жылдардан бастап республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп» журналдарында бейнелеу өнерін оқыту әдістемесіне байланысты Х.Канның, Ж.Балкеновтың, Қ.Ералиннің, Ә.Қамақовтың мақалалары жариялана бастады. Бұл еңбектерде қазақ бейнелеу өнері шығармалары мен сәндік қолданбалы өнер туындыларын бейнелеу өнері сабақтарында қолдану арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру және көркемдік білім беру әдістері бойынша талдаулар берілді.

Х.Канның, Ж.Балкеновтың еңбектерінде қазақ халқының «түйе табан», «қошқар мүйіз» ою-өрнектерін бейнелеу өнерінің сәндік сурет салу сабақтарында қолдану жолдары айқындалды, оларды салу кезеңдері көрсетіледі.  Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің жасаған, тұрмыста қолданылатын бұйымдарын оқушыларға таныстырудың әдіс-тәсілдері қарастырылды.

70 жылдары жарық көрген Қ.Ералиннің әдістемелік еңбектерінде Қазақстанның халық суретшілері Ә.Қастеевтің, Қ.Телжановтың, А.Ғалымбаеваның, Х.Наурызбаевтың, Г.Исмайлованың, С.Мамбеевтің, М.Шаяхметовтың, С.Романовтың, Е.Сидоркиннің, Н.Нурмухамбетовтың, К,Барановтың шығармаларын сабақта оқушыларға таныстыру барысында көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру, кеңістік туралы түсініктерін қалыптастырудың әдістері ашып көрсетілді. Бейнелеу өнерінің перспектива, жарық пен көлеңке, композиция, түстану, заңдылықтарын оқыту мәселелері қарастырылды. Сыныптан тыс жұмыстарда мектеп оқушыларына Қазақстанның даңықты суретшілерінің өмірі мен шығармашылығы туралы оқу – тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырудың мазмұны, формасы мен әдіс тәсілдері берілді.

Осы кездегі жарияланған Ә.Қамақовтың қазақ сәндік қолданбалы өнеріне байланысты еңбектерінде, суретші – педагог қазақ қолөнерінің түрлерін, оның тарихын, қолданбалы өнер бұйымдарын жасау технологиясын оның ою-өрнектерін талдау әдістерін көрсетеді. Ою-өрнектердің геометриялық, зооморфтық, өсімдік тектес, аспан әлеміне ұқсас түрлері болатындығына түсініктер беріп, оларды оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай бейнелеу әдістеріне талдау жасаған..

Республикалық ғылыми-әдістемелік жинақтарда жарық көрген Ұ.Ибрагимовтың еңбектерінде мектепке дейінгі жастағы балаларға бейнелеу өнерін үйретудің жолдары көрсетілді. Мектеп жасына дейінгі балалардың бейнелеу іс-әрекеті мен айналысудың ерекшеліктері анықталып, ұлттық бейнелеу өнері туындыларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны анықталды.

Осы жылдарғы ғалым-педагог Қ.Әміргазиннің жарыққа шыққан еңбектерінде, оқушыларға сабақта немесе сабақтан тыс уақытта қазақ халқының теріні көркем өңдеу мәдениетімен таныстыру, көркем үйірме сабақтарында теріден қарапайым бұйымдар жасауға жастарды үйрету мәселелері қозғалады. Осы жұмыстарды жүргізудің бағдарламасы беріліп, оны оқыту әдістемесі айқындалады.

Суретші – педагог Е.Асылхановтың алғашқы еңбектерінде қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінің материалдарын оқу-тәрбие жұмыстарында қоладнудағы сабақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық қолөнерді балабақшада, бастауыш мектепте, жоғары сыныптарда, арнаулы оқу орындарында, жоғары оқу орындарында қолдану ерекшеліктері айқындалып, оқу бағдарламасы ұсынылады, оқыту әдістемесі берілді. Сонымен қатар ол ұлттық тоқыма бұйымдардың көркемдік ерекшеліктеріне көңіл бөліп, оларды орындау технологиясына назар аударды.

Суретші-педагогтар Д.Садығалиев, Қ.Ералин осы кезде сәулет өнерінің туындыларын жалпы білім беретін орта мектепте қолданудың ерекшеліктеріне көңіл бөліп, оның бағдарламасын жасап, әдістемелік нұсқауларын дайындады. Оқушыларға көне сәулет ескерткіштері Ахмет Ясауи, Арыстан-баб, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Айша-бибі, Қарахан үлгілерін таныстырудың әдіс тәсілдерін айқындады. Оқушыларды сәулет өнерімен таныстыру барысында, оның тарихына, конструкциялық құрылымына, ою-өрнектері мен қайта жөндеу технологиясына, туристік нысан ретіндегі мәніне назар аудару қажеттігін көрсетті.

20 ғасырдың 80 жылдарындағы Қазақстанда бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуы, оқушыларға ұлттық білім мен тәрбие беруге арналған бейнелеу өнері пәнінің оқыту бағдарламаларының жарық көруімен, көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беру қызметінің теориялық мәселелерін зерттеудің басталуымен, педагогикалық институттардағы көркемсурет графика факультеттерінің оқытушыларын КСРО педагогика ғылымдары Академиясына, Мәскеудегі мемлекеттік педагогикалық институтындағы көркемсурет-графика факультетіне болашақ суретші педагогтарды дайындайтын оқытушы-профессорлар құрамының білімін-жетілдіру курстарына, аспирантураға, стажировкаға жіберумен сипатталады.

1977 жылдан бастап Қазақстанның жоғарғы жоғарғы оқу орындарындағы оқытушылар Мәскеудің жоғарғы оқу орындарына білімін көтеруге жіберу бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуындағы елеулі оқиға боды. Аталған оқу орындарында суретші-педагог ғалымдар дайындала бастады. Олар КСРО педагогика ғылымдары академиясының академиктері педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Н.Н.Ростовцев, В.С.Кузин, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Суздалев, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Б.П.Юсов, Е,В,Шорохов, Т.Я.Шпикаловтардан дәріс алып өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыптарын анықтады.

80 жылдары Қазақ ССР Оқу Министрлігі бекіткен бейнелеу өнері пәнінің жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу бағдарламасы (авторы Ә.Қамақов, М.Кенбаев) жарық көрді. Бағдарламада оқу материалдары жазықтықта бейнелеу, композиция, жапсыру, сәндік сурет салу, өнерді қабылдау сияқты оқу мәселелері айқындалды. Оқу материалдары әрбір сыныпқа бөлініп, әрбір сыныптағы оқушының меңгеретін білімдері, іскерлік пен дағдыларының көлемі айқындалады. Бағдарламаға қосымша ретінде сабақтардың үлгі тақырыптары мен жоспарлары берілді.

Бағдарламада қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерін және ұлттық бейнелеу өнері шығармаларын оқу-тәрбие мақсатында сабақта қолдану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Осы кезеңде мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшаларда сурет өнеріне баулу мақсатын көздейтін бағдарлама (авторы Ұ.Ибрагимов) жарық көрді. Бағдарламада жазықтықта бейнелеу, жапсыру, аппликация, шығармашылық іс-әрекет түрлеріне үйретудің тапсырмалары берілді. Бағдарламада балаларға шығармашылық іс-әрекетті меңгерту, безендіру қызметін үйрету, өнерді қабылдау, табиғат пен өнердегі әсемдікті түсіне білуге үйрету міндеттері қойылды. Бұл суретті оқыту әдістемесінің дамуындағы, балабақшаларда балаларды сурет өнеріне үйретуге арналған ұлттық көркемдік талғамға оқушыларды тәрбиелеуге арналған бағдарлама болуымен сипатталды.

80-90 жылдардағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің қалыптасуы мен дамуында ғалым пелагогтардың бейнелеу өнерін оқытудың психологиялық – педагогикалық мәселелерін зерттеуге баса көңіл бөлумен ерекшеленеді.

80-90 жылдар аралығындағы педагог – ғалымдар Ә.Қамақов, Қ.Ералин, Ж.Балкенов, Қ.Әміргазин, Б.Әлмухамбетов, У.Ибрагимов, Р.Мизанбаев, Е.Асылханов, Д.Садығалиев, М.Жанаевтардың бейнелеу өнерін оқыту саласында түрлі оқу мәселелерін зерттеу нәтижелері Қазақстанда бейнелеу өнері пәнін оқыту әдістемесінің дамуына қомақты үлес болып қосылды.

Осы жылдардағы суретші-ғалым Ә.Қамақовтың қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерін бейнелеу өнері сабақтарында қолдану арқылы оқушылардың эстетикалық талғамдарын дамытудың әдіс-тәсілдерін көрсеткен еңбегі, оқыту барысында тәрбие мәселелері тыңғылықты шешуге болатындығын теория жүзінде дәлелдеп, практикада көрсете білген еңбек болды.

Ғалым-педагог Қ.Ералиннің бейнелеу өнері сабақтарында оқушылардың кеңестікті елестетуін қалыптастырудың теориясы мен практикасын айқындауға арналған зерттеулерінің нәтижесінде, оқушыларды кеңістікті бейнелеуге үйретудің бағдарламасы мен әдістемесін ұсынды. Оқушылардың кеңістікті елестетуін қалыптастырудағы қазақ бейнелеу өнері шеберлерінің туындыларын таныстырудың, кеңістіктің түрлері, перспектива, композиция, жарық пен көлеңкеге тұстануға қатысты терминдер мен ұғымдарды оқытудың  әдіс-тәсілдерін айқындаған еңбек болды.

Ғалым педагог Ж.Балкеновтың қазақ халқының ою-өрнектерін салу жолдарын оқушыларға үйрету барысында бейнелеу ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру мәселесін зерттеу нәтижелерінде оқушыларға көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие берудің жаңа мазмұнын, формалары мен әдістерін ұсынды.

Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің Қазақстанда дамуындағы елеулі кезең Ұ.Ш.Ибрагимов, Қ.К.Болатбаев, Б.А.Әлмұхамбетов, З.Ш.Айдаровалардың авторлық тобының жазған тұңғыш рет «Бейнелеу өнерінің» 1 сыныпқа арналған оқулығы Қазақстан Республикасы, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде бекітіліп, «Атамұра» баспасынан 1997 жылы жарық көруі болды. Осы авторлар тобы жазған 2-4 сыныптарға арналған «Бейнелеу өнерінің» оқулықтары 1998-2000 жылдар аралығында жарыққа шықты.

1997 жылы «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан «Бейнелеу өнерінің»  бірінші сыныпқа арналған оқулығы төрт тараудан тұрады. «Сурет салып үйренейік»  деп аталатын бірінші тарауында бейнелеу өнеріне қажетті құрал-жабдықтармен оқушыларды таныстыру заттар мен бұйымдарды бейнелеуде қажетті жарық пен көлеңкенің мәнін түсіндіру, қарындашты ұстау үлгілері, сызық түрлері, заттардың әр түрлі пішіндері, бояу түстері, композиция элементтері, өрнектермен таныстыру, өрнек түрлері, бейнелеу өнерінің түрлері мәселелерін қарастырады. Екінші тарауда табиғат құбылыстары ертегі бойынша сурет салу, натюрморт салу, өрнек құрастыру, құстарды мүсіндеу, қағаздан әр түрлі бұйымдарды құрастыру, жаңа жыл ойыншықтарын бейнелеу көзделеді. Үшінші тарау «Байқайық, талдайық, бейнелейік» деп аталады. Онда қыс туралы сурет салу, халық өнерімен танысу, үй жануарларын мүсіндеу, адам келбетін салу жолдарымен танысу, ертегі бойынша сурет салу, натюрморт суретін салу жолдарымен танысу қарастырылады. Төртінші тарауда «Сезейік, білейік, бейнелейік» деп аталады. Бұл тарауда оқушылар көктем көріністері, ғарыш, сәулет өнері туралы түсініктер алып, табиғат аясында сурет салумен танысады. Жалпы алғанда бірінші сыныпқа арналған «Бейнелеу өнері» оқулығы бейнелеу өнеріне кіріспе міндетін атқарып, өнердің ерекшеліктерін, айқындауға көмектеседі.

Жалпы білім беретін мектептерге арналған «Бейнелеу өнерінің» 1998 жылы жарық көрген оқулығы (авторлары Ұ.Ш.Ибрагимов, Қ.К.Болатбаев, Б.А.Әлмұханбетов, З.Ш.Айдарова); кіріспеден, төрт тараудан тұрады.Бірінші тарауда жазғы табиғатты бейнелеу, мультфильм суретшісі болайық, мүсіндеу, ертегі кейіпкерлерін бейнелеу, дизайн материалдары берілген.

Екінші тарауда күзгі табиғи көріністерін бейнелеу, кітап суретін салу, акварель бояуымен танысу, көркем жазу,халық шеберлері бұйымдарымен танысу, жаңа жыл тақырыптары бойынша оқу материалдары берілген.

Үшінші тарауда қыс көрінісі, жануарлар өрнегі, жабыстыру, натюроморт, гризайл, монотипия, қыс және суретші, қағаздан силық құрастыру, қоңызды, көбелекті салу, қағаздан маска құрстыру, наурыз тойы тақырыптары бойынша оқу материалдары беріліп, соған қатысты суреттер салу әдістері мен тәсілдері көрсетілген. Төртінші тарауда көктемді қарсы алу, көктем гүлдерін бейнелеу, аспан әлеміне саяхат, біз бейбітшілікті қалаймыз, икебана өнерімен танысу, мүсін, рельеф салуға үйрену, әрқашан күн сөнбесін тақырыбына сурет салу көрме ұйымдастыру тақырыптары беріліп, балалардың бейнелеу ептейліктері мен дағдыралын онан ары дамыту көзделген.

2002-2004 жылдардан бастап осы авторлар құрамы әрбір оқулықтарға арналған бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі мен бейнелеу өнерінің жұмыс дәптерлері шығарыла бастады. Аталған оқулықтар, оқыту әдістемесі, жұмыс дәптерлері, оқушылар мен мұғалімдерге арналған танымдық, әдістемелік көмек болды. Бұл эәістемелік құралдар Қазақстанда бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуында көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбие беруде жетекші орын алды.

ХХІ ғңасырдың соңғы 80-90 жылдары бірқатар авторлардың оқу-әдістемелік құралдары жарық көре бастады. Бұлардың ішінде Ж.Балкеновтың, Б.Әлмұхамедовтың, Б.Төлебидің, Т.Мұсалимовтың, К.Ералиннің  бейнелеу өнерін оқытуға байланысты, Қ.Әмірғазиннің ,Д.Кемешовтың,С.Бейсенбаевтың,Ж.Бейсенбековтың, М.Тәңірбергеновтың сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруға арналған еңбектері көркемдік білім мен әсемдік тәрбиесін беруге мұғалімге жәрдемдесетін еңбектер болды.
Ж.Балкенов пен Ж.Әлұхамбетовтың «Сурет сала біл» атты еңбегі Қазақстанда бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі бойынша жазылған алғашқы еңбектердің бірі болды. Еңбекте сурет пен кескіндеме өнеріне оқушыларды үйретудің негіздері көрсетіледі. Орналастыру, заттың құрылымын салу, жарық пен көлеңкенің мүмкіндіктері арқылы заттың формасын шығару әдістері берілген.

Б.Төлебидің «Сурет  сала білесің бе?» деп аталатын еңбегінде студенттерге сурет пен кескіндеме негіздерін, перспектива мен жарық пен көлеңке мүмкіндіктері арқылы бейнелеуге үйретудің жолдары қарастырылады, заттардың мен адамдардың, табиғаттың суреттерін салу жолдарын анықтайды.

Т.Мусалимовтың «Сурет сала білу» атты еңбегі мектеп оқушыларына бейнелеу өнерінің түрлері, жанрлары ашып көрсетіледі. Жарық пен көлеңке, перспектива, үлестіру, симметрия, ритм, түстану заңдылықтары туралы мәлімет беріледі. Жазықтық бетіне нұсқаға қарап сурет салу, сәндік сурет салу ерекшеліктеріне назар аударады.

К.Ералин мен Қ.Тастемировтың «Оқушылардың кеңістік түсініктерін қалыптастыру» атты оқу-әдістемелік құралында, кеңістіктің түрлері, перспектива заңдылықтары, кеңістікті бейнелеу ерекшеліктері,оқушылардың кеңістікке байланысты түсініктерін қалыптыстырудың жолдары айқындалады.

Қ.Әміргазиннің «Қазақ қолөнері» атты оқу-әдістемелік құралында оқушыларға қазақ қолөнерінің түрлері, ерекшеліктері, технологиялары, қолөнер шеберлері, ою-өрнектері жайлы, ою-өрнектерді салу мен қолөнер бұйымдарын жасау туралы кең көлемде мәлімет беретін еңбек. Еңбекте қазақ қолөнерін оқу мен тәрбие істерінде пайдалануға мүмкіндік беретін әдіс тәсілдер молынан кездеседі. Сонымен қатар мұнда сыныптан тыс оқу-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруға қажетті материалдарды табуға болатын еңбек.

Қ.Ералиннің «Қазақ бейнелеу өнері арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру» атты еңбегінде қазақ бейнелеу өнерінің даңықты шеберлері шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін талдау барысында оқушылардың эстетикалық талғамдарын, эстетикалық қызығушылықтарын қалыптастырудың әдіс тәсілдері көрсетіледі.

Д.Кемешовтың «Керамика» атты оқу-әдістемелік құралы мектеп оқушыларына сыныптан тыс уақытта «қыш өңдеу үйірмесін ұйымдастырудың мазмұнын, ерекшеліктерін, әдіс-тәселдерін айқындауға арналған. Кітапта қыштың түрлері, құрамы, өңдеу технологиясы, үйірме жұмысы бағдарламасы мен оқыту әдістемесі берілген.

Осы кезде жарық көрген С.Төленбаевтың «Ою өрнек салып үйрен» атты әдістемелік құралында балаларға ою-өрнектердің түрлерін таныстыру көзделеді, қағаздан ою өрнектердің үлгілері жасау жолдары көрсетілді.

Ою-өрнектердің танымдық-тәрбиелік мәнін мектеп оқушыларына таныстыруда Ұ.Әбдіғапбарованың  «Ою-өрнектердің тәрбиелік мүмкіндіктері» атты оқу-әдістемелік құралы маңызды орын алады. Еңбекте ою-өрнектердің шығу тарихына, түрлеріне, қолданысына қарай классификация жасалып, ою-өрнектерді сабақта және тәрбие жұмыстарында қолданудың әдістемесі берілген. Ою-өрнектердің атауларының түсіндірме сөздігі ұсынылған.

Қ.Ералин мен Ж.Халмуратовтың осы кезде баспадан шыққан «Қазақстан бейнелеу өнері шеберлері» атты оқу-әдістемелік құралында мектеп оқушыларын Қазастанның көрнекті суретшілері Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, С.Мәмбаев, М.Кенбаев, Е.Сидоркин, Н.Нурмухамбетов, А.Ғалымбаева, Г.Исмайлова, С.Романов және Х.Наурызбаевтардың өмірі және шығармашылықтарымен таныстыруға арналған.Еңбекте қазақ бейнелеу өнері шеберлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы мол мәліметтер берілген. Сабақта оқушыларды суретші шығармашылығымен таныстырудың әдіс-тәсілдері ашып көрсетілген.

Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі саласындағы алғашқы еңбектердің бірі–Ж.Барымбетовтың «Ою-өрнек салуға үйрен» деп аталатын әдістемелік құралы болып табылады. Еңбекте ою-өрнектің геометриялық, зооморфтық, өсімдік пен аспан әлемі тектес түрлеріне талдау жасап, жаңа ою-өрнек композицияларын ойлап шығарудың үлгілері берілген.

Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы бейнелеу өнерінің терминдерінің мәселелерімен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда Е.Каменованың «Кемпірқосақтың түсі қандай» атты кітабының қазақ тіліне аударылуы (аударған Ә.Кекілбаев) бейнелеу өнерін оқыту әдістемісінің дамуына игі ықпалын тигізді. Көптеген терминдерге жаңа аудармалық атау берілді, сөйтіп олар оқу үрдісіндегі қолданысқа түсті.

Бейнелеу өнері пәнінің сәндік сурет салу сабақтарында қолдануға лайық «Сәндік қолданбалы өнер терминдерінің түсіндірме сөздігінде» берілді. Бұл мектептің бейнелеу өнері мұғалімдері мен сынып жетекшілерінің практикалық іс-әрекетінде қолдануға лайықты әдістемелік құрал болды.

ХХ ғасырдың 90 жылдарын Қазақстан жоғары оқу орындарының жаңа оқу жоспарлары мен  оқу бағдарламалары қайта құралып, жаңадан жасалды. Бейнелеу өнерің мұғалімдерін дайындау жоспары қайта қаралып жаңа арнаулы курстардың бағдарламалары дайындалды. Бұл оқу жоспарлары мен бағдарламаларды дайындауда Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті суретші-педагогтары Б.Оспанов,  Қ.Болатбаев, Р.Мизабаев, Н.Власюк, Т.Ордабеков, Б.Байжігітовтер ерекше үлес қосты.

Бұл дайындалған оқу жоспарлары мен бағдарламалары бейнелеу өнері мұғалімдерін дайындау сапасын арттырып, жаңа оқыту техънологиясымен дайындалған мұғалімдер, мектептегі бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің деңгейін көтерді. Оқушыларға көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беруде ұлттық өнердің танымдық тәрбиелік  мүмкіндіктеріне көп көңіл бөлді.

Осы кезеңде бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің мәселелерін ғылыми  теориялық тұрғыда шешуге деген  жаңа талпыныс пайда болды. Суретші-педагогтар Қ.Болатбаев бейнелеу өнері сабақтарында халықтық педагогика элементтерін пайдалану әдістемесі, Қ.Тастемиров мектепте кескіндемені оқыту әдістемесі, Д.Кемешов мектепте керамика үйірмесін оқыту әдістемесі, М.Жақыпбекова мектепте коллаж үйірмесін оқыту үйірмесін оқыту әдістемесі  мәселелерін зерттеу нәтижелері мектептегі бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуына игі ықпал етті.

Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің Қазақстанда даму барысында мерзімді баспасөз маңызды роль атқарды. Республикалық педагогикалық әдістемелік басылымдар «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп» журналдарында бейнелеу өнерін оқыту  әдістемесінің түрлі мәселелері бойынша мақалалар жарияланып тұрды.

2004 жылдан бастап бейнелеу өнерін оқыту мәселелеріне байланысты мақалаларды шығаратын «Мектепте арнаулы және жоғары оқу орнында бейнелеу өнерін оқыту» атты арнайы мерзімдік басылым жарық көрді. Бұл басылымдағы мақалаларда мектептегі бейнелеу өнерін оқытудың мәселелеріне журналда қомақты орын берілді. Бұл мерзімдік басылым мектептегі бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуындағы ерекше бетбұрыс болды.