Инфляцияға қарсы саясат

Құнсызданудың (инфляцияның) жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдары көптеген елдер үкіметтерін белгілі экономикалық саясат жүргізуге мәжбүр етеді. Бұл жерде экономистер ең алдымен мына сұрақтың жауабын табуға ұмтылады: күрделі де тегеурінді іс – шаралар арқылы инфляцияны жою керек пе, әлде инфляция жағдайына икемделген дұрыс па?
Бұл екіұшты мәселе әр түрлі елдерде ерекше жағдайларға байланысты шешіледі екен. Мысалы, АҚШ – та және Англияда инфляциямен күресу мәселесі мемлекет деңгейіне көтеріліп қойылады. Басқа бір талай елдерде инфляцияға икемделу іс – шаралары жүргізіліп, тіпті арнайы бағдарламалар да жасалады ( табыстарды индексациялау және т. б.).
Инфляцияға қарсы саясатты сипаттағанда, екі әдістемені бөліп айтуға болады. Бірінші әдістеме шеңберінде ( оны осы күнгі Кейнс теориясының өкілдері зерттейді ) белсенді бюджет саясаты жүргізіледі – сұранымға ықпал жасау мақсатында мемлекеттік шығындар мен салықтар реттеледі. Инфляция жағдайында мемлекет шығындарын қысқартып, салықтарды көтереді. Осының нәтижесінде сұраным қысқырады, инфляция қарқыны төмендейді. Бірақ сонымен бірге өндіріс өсуі де қысқарады. Бұл экономикада дағдарыс жағдайын қалыптастырып, жұмыссыздықты арттырып жіберуі мүмкін. Ол қоғам үшін инфляцияны тежеудің құны болады. Құлдырау жағдайында бюджет саясаты сұранымды кеңейтуге бағытталады. Егер сұраным жеткіліксіз болса, онда мемлекеттің инвестиция бағдарламасы іске қосылады және шығындар артады, салықтар төмендетіледі. Ең алдымен табысы төмен нарық субъектілеріне салынатын салық қысқартылады. Бұл бірден нәтиже береді: сұраным тез өседі, ол өндіріске ықпал жасайды, жалпы экономикалық өсу басталады. Бірақ, 60-70 жылдары дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, сұранымды бюджет арқылы ынталандыру инфляцияны күшейтуі мүмкін екен. Сонымен бірге бюджет шығындарының артуы бюджет тапшылығын қалыптастырады, және салық пен шығын арқылы реттеудің мүмкіншілігі қысқарады.
Екінші әдістеме жаңа классикалық бағыттар экономистер ұсынады. Олар бірінші орынға ақша – несие арқылы реттеу әдісін қояды. Бұл әдіс экономика жағдайына жанама түрде икемді ықпал жасайды. Бұл саясаты Үкіметке тікелей бағынбайтын Орталық банк жүргізеді. Орталық банк айналымдағы ақша көлемін өзгертеді және қарыз пайызы ( процент) кесімін реттейді, сонымен экономикаға ықпал жасайды.
Басқаша айтқанда, мемлекет сұранымды шектеу мақсатында инфляцияға қарсы іс- шаралар жүргізілу қажет. Жаңа классикалық экономистердің айтуынша өндірістің өсуін ынталандыру және жұмыссыздықты қысқарту саясаты инфляцияны асқындырады, инфляция бақылаудан шығып кетеді. Инфляция осы күнгі нарықтық экономиканың табиғатына сай келеді, инфляция жағдайларын ( бюджет тапшылығы, монопология, қағаз ақша т. б.) толық жою мүмкін емес. Осыған байланысты инфляцияны толық жою мүмкін еместігі өзінен — өзі және алдын – ала белгілі. Сондықтан да көп елдерде инфляцияны жою емес, оны бағындыру, қарқынын баяулатып, реттеу мақсаты қойылған.
Батыс елдерінде жинақталған тәжірибе көрсеткендей, инфляцияға қарсы ұзақ және қысқа мерзімдік іс – шаралар саясатын қолдану қажет. Бұл саясат жиынтығын келесі схема түрінде сипаттауға болады. Мемлекттің ұзақ мерзімді саясаты, біріншіден, халықтың инфляциялық үрейін жою мақсатын көздейді.
Ол үшін кез – келген үкімет инфляцияға қарсы саясаты үздіксіз де, тұрақты түрде жүргізіп, тұрғындардың сенімін орнықтыруға тырысады. Үкімет өзінің іс – шаралары негізінде ( өндірісті ынталандыру, монопологиямен күресу т. б. ) нарықтың тиімді қызмет атқаруына жағдай жасайды. Үкіметтің мұндай саясаты тұтынушылардың сана – сезіміне қажетті әсер жасап, олардың дұрыс шешім қабылдауын қамтамасыз етеді.
Екіншіден, салықтарды арттырып, бірақ мемлекеттік шығындарды қысқарту арқылы бюджет тапшылығын реттеу іс – шаралары жүргізіледі. Бюджет тапшылығын Орталық банк несиесімен қаржыландыру инфляцияны асқындырады.
Үшіншіден, ақша айналымын реттеу іс – шаралары, нақты айтқанда, әр жылдық ақша көлемінің өсуіне шек қою, бұл инфляцияның өсуін ұадағалауға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, сыртқы факторлардың әсерін әлсірету. Жеке алғанда, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін сырттан алынған қысқа мерзімдік қарыздардың экономикаға жасайтын инфляциялық ықпалын әлсірету. Бұл өте күрделі және өзекті мәселе. Сондықтан да оны арнайы түрде жеке зерттеп, қарастыру қажет болады.
Қысқа мерзімдік саясат инфляция қарқынын уақытша төмендетуге бағытталады. Бұл мақсатта мемлекет өз иелігіндегі меншік бөлігін жекешелендіріп, бюджетке қосымша түсім түсіреді; қосымша өнім өндіретін кәсіпорындарға әр түрлі жеңілдіктер береді; акцияларды сату арқылы инфляциялық сұранымды қысқартады; көлемді импорт арқылы да ұсынымның өсуін, бағаның тұрақтауын қамтамасыз етеді.
Күнделікті сұранымды қысқарту арқылы да инфляцияға қарсы әсер етуге болады. Ол үшін салымдарға төленетін процент кесімдеоін арттыруға болады. Сонда қор сақтау нормасы артады, ал өндіріс шығындары қысқарады.
Инфляцияға қарсы саясатқа байланысты инфляциямен күресу шығындары туралы мәселе туындайды. Инфляцияға қарсы күрес жұмыссыздықты арттырып, өндіріс көлемін қысқартуы мүмкін. Мамандардың есептеуінше, инфляцияны 1 процентке төмендету үшін жұмыссыздықты оның табиғи деңгейінен 2 процентке арттыру қажет болады екен, бірақ бұл жағдайда ЖҰӨ — нің көлемі оңтайлы деңгейінен 4 процентке төмен қалыптасады.
Инфляцианы ауыздықтау үшін көптеген елдер үкіметтері 60-шы жылдардан бастап табыс пен бағаны реттеу саясатын жүргізген еді. Бұл саясат негізінен табысты шектеуге бағытталған. Саясат инфляциямен күресүдің нарықтық емес, әкімшілік әдісіне жақын болғандықтан, қойылған мақсатқа әрқашан жеткізе бермеген.1971-1974 жылдары АҚШ үкіметі жалақы мен баға деңгейін тікелей реттеу тәртібі жойылып, оның орнына орындауға міндетті емес үкіметтің ұсынысы ретінде сақталған болатын. Ал 80-ші жылдардың басында президент Р. Рейганның әкімшілігі бұл мәселемен айналасатын мемелекет мекемелерін таратып жіберген.