Ғарыштық қызметтің ішкі аймақтық нарықтары мен қатысушылары

Ғарыш нарығы дамуының тағы басқа ерекше үрдісі оның қатысушылар санын белсенді түрде арттыру болып табылады. Ғарыш нарығы қатысушыларының бәсекелестік артықшылықтары мен мүмкіншіліктерін зерделеу мақсатында ғарыштық клуб құрылымын қарастыру және нарықтағы бәсекеге қабілетті ірі ойыншыларының ғарыштық бағдарламасын дамыту және жүзеге асыру спецификасын анықтау қажет болып отыр. Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде ғарыш нарығы монополиядан олигополияға және жетілген бәсекелестікке дейінгі сара жолдан өтті, бұл туралы 1990-шы жылдардың өзінде нарық қатысушылары санының күрт өсуі растап отыр. Өткен онжылдық ішінде әлемдік ғарыш нарығының дамуы шынтуайтында әлемнің барлық аймақтарын қамтыды, және-де жаңа ғарыштық бағдарламалар әзірлеу, ғарыштық қызметке жаңа мемлекеттердің кіруі және, соның нәтижесі ретінде, бәсекелестіктің табиғи күшеюі космонавтиканың коммерциялық потенциалын арттырып, жаңа технологиялық әзірлемелерді дамыта отырып және оларды қолданудың жаңа салаларын аша отырып, оның дамуын біршама дәрежеде ынталандырады. Euroconsult 2007 жылға арналған талдамалық есеп деректері бойынша ғарыштық қызметке белгілі бір шамада 79 мемлекет қатысқан. Сондай-ақ бұлардың ішінен өздерінің ұлттық ғарыштық (азаматтық және әскери) бағдарламаларын белсенді әрі мақсатқа лайық дамытып отырған, меншікті ғарыштық аппараттары бар, коммерциялық негізде белгілі бір ғарыштық қызметтер көрсететін, халықаралық ғарыштық жобаларға белсенді түрде ат салысатын 30 мемлекетті ерекше атауға болады. Жалпы бұл мемлекеттер ғарыш нарығының жоғары бәсекеге қабілетті ойыншылар тобын құрайды. Бұл қатысушыларды географиялық орналасуы бойынша саралап жіктеу мүмкін болып отыр: Солтүстік Америка (АҚШ, Канада), Латын Америкасы (Бразилия, Аргентина), Батыс Еуропа (Франция, Италия, Германия, Ұлыбритания, Австрия, Бельгия, Дания, Финляндия, Ирландия, Нидерланды, Норвегия, Португалия, Испания, Швеция, Швейцария), Орталық Еуразия (Ресей, Украина), Таяу Шығыс және Африка (Израиль), Азия (Жапония, Үндістан, Қытай, Австралия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Малайзия, Вьетнам). Қалған 49 мемлекетті сарапшылар дамушы және тұтастай алғанда ғарыштық қызметі дамудың бастапқы сатысында болғандықтан, не болмаса ғарыштық бағдарламаларын қаржыландыру аз және дамымағандықтан немесе саланың енді ғана қалыптасуынан, не болмаса басталған жобалары талдау жүргізілген сәтте аяқталмай қалуы және т.б. себептермен бәсекеге қабілеттілігі аз мемлекеттер қатарына жатқызып отыр. Бұл топқа келесі географиялық аймақтарда орналасқан елдер жатады: Латын Америкасы (Чили, Мексика, Перу, Венесуэла), Батыс Еуропа (Люксембург, Греция), Орталық Еуразия (Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Чехия, Эстония, Венгрия, Қазақстан, Латвия, Польша, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Өзбекстан), Таяу Шығыс және Африка (Алжир, Египет, Иран, Кот-д’Ивуар, Кения, Ливия, Марокко, Намибия, Нигерия, Сауд Аравиясы, ОАР, Тунис, Түркия, БАӘ), Азия (Бангладеш, Камбоджа, Фиджи, Индонезия, Лаос, Моңғолия, Мьянма, Непал, КХДР, Пәкістан, Филиппины, Сингапур, Шри-Ланка, Вануату).