Ғарышқа ұшу деректері

Адамзаттың мыңдаған жылдар бойы зеңгір көкке телміріп, бала қиялмен жұлдыз санаған сәттері, әдемі аңсары 1961 жылдың 12-сәуірінде жүзеге асқан шығар. Бірақ, бәрімізге «Жер» деген ғаламшарды ғарыштан тамашалау бұйырмағаны да белгілі. Алайда, ғарышкерлердің видео және фото өнімдері арқылы жерді ғарыштан тамашалағандай күй кешетініміз де жасырын емес. Дегенмен, ғарышты игеруге қатысты қызықты деректер көп кездеседі екен. Мәселен, күні бүгінге дейін ғарышқа Титов, Соловьев, Томас, Торитон, Скотт, Уокер, Александров, Фишер, Шепард, Аллен, Бейкер, Восс, Гибсон, Гэрриот, Коллинз, Ричардс, Романенко деген тегі бар ғарышкерлер екеуден болыпты. Бірақ, олардың барлығы бір-біріне туыс емес екен. Тек Александров деген тегі бар қос ғарышкердің біреуі орыс, екіншісі Александр Панайотов Александров деген болгар жігіті екен. Ал, Уильямс, Волков, Келли деген тегі бар ғарышкерлер үшеуден екен. Олар да бір-біріне туыс емес көрінеді. Адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшқан айлақ–Байқоңыр қазақ даласында болса да, алаш баласының ғарыша ұшуына 30 жыл уақыт кетіпті. Қазақтан бұрын Байқоңырдан ғарышқа 1978 жылы 2-наурызда чех Владимир Ремек, 1978 жылы 27-маусымда поляк Мирослав Гермашевский, 1979 жылы 10-сәуірде болгар Георгий Иванов, 1980 жылы 23-шілдеде вьетнамдық Фам Туан, 1981 жылы 22-наурызда монгол Жугдердэмидийн Гуррагча, 1981 жылы 14-мамырда румын Прунару Думитру, 1985 жылы 30-қазанда неміс Мессершмидт Эрнст, 1988 жылы 29-тамызда ауған Моманд Абдул Ахад ұшыпты. Ал, АҚШ-тың көмегімен 1985 жылы 17-маусымда Сауд Арабиясының ханзадасы Султан ибн Салман ибн Абдул Азиз ғарышқа ұшыпты. Ол әлемдегі ғарышқа ұшқан тұңғыш араб һәм тұңғыш мұсылман екен. Ал, 2006 жылы Байқоңырдан ұшқан парсы қызы Ануша Ансариді кейбір зерттеушілер «ғарышқа ұшқан тұңғыш мұсылман әйел» деп жүр. Ал, ғарышқа қатысты апаттарға келсек, Байқоңырдарғы алғашқы апат 1958 жылдың 27-сәуірінде №1 ұшыру кешенінде «Спутник-8Ф91» зымыран-тасығышын ұшыру кезінде тіркеліпті. Бұл зымыран-тасығыш ғарышка КСРО-ның «Д-1 N 1» деген нөмірі бар үшінші жасанды жер серігін алып ұшуы керек екен. Бірақ, бұл сапар сәтсіз аяқталыпты. Ал, АҚШ –тағы алғашқы ғарыштық апат 1957 жылдың 6 желтоқсанында Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағында тіркеліпті. Онда «Авангард» зымыран тасығышы «Авангард 1» жер жерігін ғарышқа алып шығуы тиіс екен. Бірақ, апатқа ұшырап қалыпты. Америкалықтардың ғарышқа қатысты ең ірі апаттары шатталдарға қатысты болыпты. 1986 жылдың 28 қаңтарында «Челленджер» шаттлы апатқа ұшырағанда 7 астронавт қаза болса, 2003 жылдың 1 ақпанында «колумбия» шаттлы апатқа ұыраған кезде де 7 астронавт қаза тауыпты. Ал, Байқоңырға қатысты ең үлкен апат 1960 жылдың 24 –қазанында Р-16 зымыранын сынақтан өткізу барысында орын алып, сол кездегі КСРО Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің қолбасшысы, Артиллерия бас маршалы М. Неделин бастаған 74 адам қаза болыпты. Тағы 4 адам госпитальда көз жұмса керек. Ал, КСРО-ның нақты ғарышқа ұшырған аппаратарының ішінде бір мезгілде ең көп адамның өмірін жалмаған апат «Союз-11» ғарыш кемесіне қатысты болса керек. 1971 жылы 30- маусымда «Союз-11» ғарыш кемесінің қону аппаратының герметизациясының бұзылуынан ғарышкерлер Г.Т. Добровольский, В.Н. Волков, В.И. Пацаев деген үш ғарышкер қаза болыпты. Бұл енді ғарышты игеруге қатысты деректердің бір бөлігі ғана. Егер, әңгімені қызықты деректерге қарай бұрсақ, адамзат баласы ғарыш жылдамдығының үшінші сатысына 1972 жылдың 2-наурызында қол жеткізіпті. Мұны мамандар «3- ғарыштық жылдамдық» деп атайды. Сол күні «Пионер-10» ғарыш аппараты «Атлас-СЛВ 3С» зымыран-тасығышының көмегімен сағатына 51682 шақырым жылдамдық көсретіпті. Ал, 1976 жылдың 15 қаңтарында ғарышқа ұшырылған америкалықтар мен немістер бірлесіп жасаған «Гелиос-Б» зонды сағатына 240000 шақырым жылдамдыққа қол жеткізіпті. Ал, Күнге ең жақын қашықтыққа барған станса тағы сол «Гелиос-Б» екен. Ол Күнге шамамен 7 млн шақырым жақындап, Күннен 43,4 млн шақырым қашықтыққа барыпты. Егер, жерден ең алысқа ұзап кеткен аппараттарға тоқталсақ, ол да америкалықтардың «өнімі» екен. Біз сөз еткен «Пионер-10» ғарыш аппараты 1986 жылдың 17-қазанында Жер шарынан 5,9 млрд шақырым ұзап, Плутон ғаламшарының орбитасын қиып өтіпті. Сол кездегі жылдамдығы сағатына 49 мың шақырым екен. Бұл аппарат біздің заманымыздың 34593 жылы бізден 10,3 жарық жылы көлеміндегі қашықтықта орналасқан «Росс-248» жұлдызына жақындап баратын көрінеді. Дегенмен, «Вояджер-1» деген аппарат «Пионер-10»-ды қуып жетіп, одан да алысқа ұзайтын көрінеді. Бұл енді зеңгір көкті зерттеп жүргендердің есебі. Әйтпесе, ауасыз кеңістікте қаңғып жүрген аппараттарды ерсілі-қарсылы кезіп жүретін астериодтар мен кометалардың бірі қағып кетсе, шаруасы бітті деген сөз. Алайда, қалай болғанда да қызық дерек. Ал, енді өзімізге оралсақ, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты елдің бәрі біледі. Бірақ, орыстарға жалға берілген Байқоңырдағы 60 старт алаңының 54-і қазір қолданылмай тұрғанын, тек 6-уы ғана көкке «Протондар» мен «Союз ТМ» «Ангара» «Зенит» сынды зымырандарды ұшырып жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Оның үстіне орыстар Қиыр шығыстағы Амур облысында салып жатқан «Восточный» ғарыш айлағының құрылысын 2016 жылы аяқтап, 2018 жылы сол жерден ғарышқа адам ұшыруды жоспарлап отырса керек. «Бәлкім, 2020 жылдан кейін Ресей Байқоңырды жалға алуын тоқтатуы мүмкін» деген болжам бар. Демек, ғарыштың «жыры» қазақ үшін алдағы онжылдықта басталуы бек мүмкін.