Ежелгі сақтардың «Аң стилі» мен қазіргі қазақ бейнелеу өнері арасындағы мәдени сабақтастық мәселесі дипломдық жұмыс

МАЗМҰНЫ

Кіріспе……3
1 «Аң стилі» мәдениеттанулық талдау нысаны ретінде……10
1.1 «Аң стилі» бейнелеу өнерінің тарихи-мәдени алғышарттары және зерттеу әдіснамасы……10
1.2 «Аң стилі» пайда болуы мен өрістеуінің мәдени үрдістері …….33

2 «Аң стилінің» типтік ерекшеліктері мен қазақ бейнелеу өнеріндегі орны……61
2.1 Алғы түркілер мен түркілік мәдениеттегі аңдарды бейнелеудегі көркем стильдік ерекшеліктер….61
2.2 Ою-өрнектегі «Аң стилі» нышандары……77
2.3 Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі «Аң стилінің» көріністері….. .97

Қорытынды……117
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі……120

КІРІСПЕ

        Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық ізденіс бүкіл қазақ мәдениетінде өзінің терең іздерін қалдырған, көне заманнан өз гомогендігін, дәстүр жалғастығын сақтаған скиф-сақтардың «Аң стилін» талдауға арналған. Шетелдік және қазақстандық өнертанушылар бұл феноменді негізінен ежелгі еуразиялық көшпелілер өнері тарихы кең мәтінінде қарастырып келді. Алайда әр түрлі себептермен аталған артефакт мәдениеттанулық және философиялық жүйелі талдаудың нысаны бола алмады. Елімізде қабылданған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын орындау барысындағы ізденістер де осы тақырыпты таңдап алуға себепші болды.

        Тақырыптың өзектілігі және оның мемлекеттік бағдарламалармен байланысы.Еліміз егемендік алып, саяси тәуелсіздігін жариялағаннан кейін рухани жағдаят түбегейлі өзгерді. Егемендік, тәуелсіздік, ұлттық идеяны іздестіру қоғамдық өмірдің барлық салаларына соны серпін, жаңа леп алып келді. Ұлттық сананың қайта түлеп, жанданып-жаңаруы бірте-бірте ғылым үшін де үлкен ыждағаттылықпен аса байқампаздық арқылы зерттеп-зерделеуді талап етер жаңа өмір шындығы екені анық аңғарылды. Осы тұрғыда ұлттық өнер санасының негізінде қалыптасып, дәстүрмен қабаттасып жатқан қазақ мәдениеті философиясын терең ашып, мән-мазмұнын ерекше зейінмен зерделеу аяғынан енді тұрған аса бағалы мұра екенінде дау жоқ. Яғни халықтың ұлттық болмысын, оның рухани мәдениетін толық игеріп, оған пәрменділік пен қуат берер арналарды тануда  ұлттық сананың орны ерекше.

Осыдан өнер феномендерін зерттеудін рухани мәдениет үшін өзектілігі шығады. Өйткені өнер көпқырлы, бұл адам жаны. Өнер – бұл тамаша бейнелердің бай әлемі, адам қиялының асқақтауы, ол өмір мен адам болмысының мәнін ұғынуға мүмкіндік береді, адамның шығармашылық күшінің шоғырлануы. Өнер – Қорқыттың мәңгілік сарындарында, ақын-жыраулардың терең философиялық толғауларында, қазақ оюларының таңдаулы өрнектерінде, сақ нақыштарындағы «Аң стилінде» ұрпаққа мұра ретінде қалдырылған игілік.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі елімізде қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен де байланысты. Біздің заманымызға дейінгі  бірінші мыңжылдықтың ортасынан бастап Қазақстан жеріндегі көшпелі тайпалар «сақ» атауымен белгілі. Сақ тайпалары  мал шаруашылығының үш түрімен айналысты: көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы мал шаруашылығы. Кең мәдени ареалға таралған өнер үлгілері көшпелілер өнерінің стиль жағынан тұтастығын көрсетеді. Жоғарыда аталған тұтастық көмкерілген бейнелерден айырықша көрініп көп емес жабайы аң мен құстың бірнеше түрін ғана суреттеді. Ежелгі көшпелілердің мәдениеті адамзат өмірінде өзінің ауқымы мен таралу жылдамдығы бойынша ерекше кездесетін құбылыс. Яғни көне көшпелілердің өнері негізінен қолданбалы болды, олар әр түрлі бұйымдарда, үңгірлерде, сырмақ пен тұрмысқа қажетті барлық дерлік заттарында аң стилінің көріністерін ерекше зейінмен және шеберлікпен сала білген.

Ежелгі көшпелілердің  ең сүйікті айналысатын  ісі жануарлар әлемі болды, өйткені сол қоғамның адамы өзінің ойы мен идеясын шығармашылық шеберлігін айналаны қоршаған жануарлар әлемі арқылы толық мәнде  білдірді. Сондықтан да көне көшпелілердің өнері «Скиф-сібір аң стилі» деп аталды. Бұлай аталуының себебі, ежелгі көшпелілер өнерінің екі массиві скифтер қоныстанған солтүстік Қара теңіз бен шығыста Сібірде табылған.

«Аң стилі» – ежелгі өнер түрі, зерттеу ауқымы өте кең. Осыған орай аң стилінің зерттелмеген қырлары, айтылмаған сырларын зерттеу  болашақ ұрпақтың, яғни біздің  еншімізде.

Ерекше назар алтын бұйымдардан жасалған мысық тектес жануарлардың элементтерін терең зерттеуге, құстың немесе аңның кейбір дене мүшелерін үлкейтіп бейнелеуге, мысалы, үлкен мүйіз, үлкен тұмсық, өткір тырнақ пен тістерді ерекше суреттеуге бағытталды. Осының негізінде аңдар мен құстардың бүтін денесінің орнына олардың кейбір мүшелері ғана көрсетілді. Басқаша айтқанда дене мен оның мүшелері шеңбер, эллипсис тәрізді қисық сызықтармен көрсетілді. Соның өзінде автордың айтайын деп отырған ойы мен жануарын бірден біле қоясың.

Біздің дәуірімізге дейінгі VП-Ш ғасырлардағы сақ, савромат және скиф одақтастығының саяси ымыралылығы скиф-сібірлік «Аң стилінің» гүлденуіне себепші болды. Ежелгі сақ суретшілері сүйенген хайуанат образдарының триадасы (құс – тұяқты жануар – жыртқыш) бейбітшілік қоғам құрылысының салтанатты идеясын паш етті.

Сақ өнері  осылай бірте-бірте әлем сырын аша берді, дүние сұлулығын жырлай білді. Жануарлар әлемінің ерекше әспеттік көрінісін мейілінше кең, жан-жақты бейнеленген шынайы көрінісін сақ өнеріндегі аң стилінен көруге болады. Табиғатты қоршаған ортаны көркемдік тұрғыдан танудың, игерудің ірі сабақтастығын сақ өнерінің мұралар рухынан айқынырақ аңғаратын тәріздіміз. Бұл кезең шеберлері табиғатқа қатынастың байырға көне замандық мұратын қайта жандандырып, әмбебап сұлулық жарасымын ту қылды. Суретші жанын әсіресе жануардың саналы ішкі үйлесімі, тап-тұйнақтай, мұнтаздай мінсіз әдемілік, ақылдылық, байыптылық қатты тебірентті. Әсем жер көркі, жаратылыс бедерінде нақты, шынайы шындықтан гөрі қиялы арман, сезімнен гөрі ақыл-ой жоғары бағаланды.

«Аң стилі» табиғат пен адамның түбегейлі жарасымын дәріптейді. Әр құрамы, жұрнақ бөлшегі өзара сабақтаса, ұштаса келіп, тұтас бір тіршілік көрінісін бейнелейтін мөлдір айқындық, байсалды бап бірден көзге түседі. Табиғат барынша асқақ, әдемі,  сақ қаһармандары жайлаған кәдімгі салтанат ордасы тәрізді. Әсерлі жер бедері суретші сенімін жоғарғы күштермен рухтаған. Сызықтар сұлбасы мұнда «көре білудің өзі ақыл-ой әрекеті» деп түсінетін  «аң стилі» туындысының бүкіл құрылысын, құрамын бір ырғаққа келтіріп, өзара сабақтастырып,  ұштастырып жатыр.

Шын суреткер – бір қалыптан шыққандай өз тегі, өз заманының ортақ ұлы ғана емес, ол қайталанбас дарынды дара тұлғасымен, шеберлігімен, ерекше қатынас көзқарасымен, өзі жасаған сом суретке өз қолданбасын қалдыра алатын адам. Әрбір бірегей, сақтың өнер туындысын бағалағанда біз бұл ерекшелікті ескермей кете алмаймыз.

Өнердің дүниетанушылық үлгісінің философиялық мәні дегеніміз – ең алдымен сақ пендесінің еркінен тыс, жаратылысынан оған мүлдем тәуелсіз ақиқат дүние болмысынан адам санасында бейнеленуі. Ал жан иесі табиғатты тек жалаң, самарқау қабылдап қана қоймай, оның жасырын, жұмбақ тылсым тұңғиығына бойлап, мән-мағынасын ашады, суреткерлік әрекет дарытады. Бұл құбылыс сырын жете ұғынып, шынайы бейнелеу арқылы көрінетін рухани белсенді қатынас. Өнер мұраларының үздік үлгілері жаратылысты жан-жақты танудың жаңа бір қадамы ретінде қабылданатыны осыдан.

Зерттелу деңгейі. Ежелгі түркілік көркем мәдениетті зерттеуге арналған еңбектердің басым бөлігі сөз өнерімен шектеледі. Әрине, «өнер алды – қызыл тіл» (А. Байтұрсынов). Алайда еуразиялық көшпелілерде эпоспен қатар төлтума бейнелеу өнері де жоғары деңгейде болғаны туралы деректер жеткілікті. Скиф-сақтардың «Аң стилі» соңғы уақытқа дейін негізінен Ресей ориенталистері мен  өнер тарихшылары тарапынан қарастырылып келді. Пазырық сияқты скиф-сақ қорғандарынан табылған мәдени артефактылар номадтардың орасан зор өнер қоймасы туралы бүкіл әлемді хабардар етті. Әрине, көрсетілген мәдени ареал бұл тұтас өнер феноменінің тек бір бөлігі ғана, сондықтан оны әмбебапы түрде скиф-сақтардың «Аң стилі» деп атаған қисынды. Бұл феноменді зерттеген   ресейлік   ғалымдардың  және  өнертанушылардың   қатарында   А.Н. Бернштамның, С.И. Руденконың, М.И. Артамоновтың, В.И. Абаевтың, Б.И. Литвинскийдің, М.Т. Грязновтың, В.В. Григорьевтің ж.т.б. есімдерін атап өтуге тұрады.

Сақ өнері сонау замандардан бері зерттелгенімен, оның аса бай құндылықтарын  еліміз егемендік алғаннан кейін ғана аңғарғандаймыз. Сонда да сақ дәуіріндегі өнердің негіздерін айқындау барысындағы басты еңбектерді алғанда, Кеңес дәуірінен ол туралы мағлұматтарды және теориялық талдауларды   Ә.  Марғұлан,   К.А.  Ақышев,  Ә.К.  Ақышев,  Е.Д.  Тұрсынов,  А.   Аманжолов, Ә. Хасенов  сынды ғалымдардың еңбектерінен кездестіре аламыз.   «Аң стилі» мәселесін шетелдік зерттеушілер де қарастырған: қытайлық тарихшы Су Бихай «Қазақ мәдениеті тарихы» атты монографиясында осы феномен туралы нақтылы деректер келтірген, Түрік Республикасының ғалымдары Баһаеддин Өгел, Емел Есин, Яшар Чорухлы, Ахмет Ташағыл ж.т.б. «Аң стиліне» тарихи және өнертанушылық сипаттама береді.

Диссертациялық ізденісте қазақ дәстүрлі  мәдениетінің сан-алуан мәселелері көтерілген  түрлі зерттеулер жұмыстың әдіснамалық негізін құрастырады. Көшпелілер әлемінің рухани болмысының қыр-сыры тек қана тарихи және өнертанулық әдебиетпен шектелмей, философиялық және мәдениеттанулық  ізденістерде  көрінеді. Бұл   сипатта  ізденуші  философтар С. Ақатаев, Ж. Алтаев, Б. Байжігітов,  Т. Бурбаев, Ғарифолла Есім, Т. Ғабитов,  А. Қасабек,   А. Қасымжанов,   Д. Кішібеков,  Ж.  Молдабеков,  Б. Нұржанов,  Қ. Нұрланова, Ә. Нысанбаев, М. Орынбеков, Қ. Шүлембаев, ж.т.б., тарихшылар мен    өнертанушылар  К. Ақышев,   Х. Арғынбаев,   К. Байпақов,  Т. Бәсенов, Ө. Жәнібеков, С. Қасқабасов,  С. Қасиманов,   Т. Қоңыратпаев, Ә. Марғұлан,  М. Өмірбекова,  З. Самашев, А. Сейдімбек, Ә. Тәжімұратов  т.т.  ғылыми еңбектерін пайдаланды.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Тақырыптың өзектілігі мен оның зерттелу деңгейінен жұмыстың басты мақсатын айқындау мүмкіндігі туады. Оны скиф-сақ мәдениетінің қазіргі Қазақстанның ұлттық мәдениетімен сабақтастығын, құндылығын сараптау деп тұжырымдауға болады. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында  мына міндеттерді шешуге тырыстық:

–  Қазақ өнері қалыптасуы кеңмәтінінде көшпелілік көркем мәдениеттің диахрондық және синхрондық типтеріне мәдениеттанулық талдау беру және оларды зерттеудің әдістемелік тұғырнамасын анықтау.

– «Аң стилі» феномені  пайда болуындағы рәміздік-рәсімдік мағына қисынына  сүйене отырып, оның түбегейлі мәдени негіздерін, сұхбат аймағын, өрістеу бағдарларын айқындау.

–  Скиф-сақтардың тіршілікті бейнелеудегі стильдері мен көркемөнерлік тәсілдеріне мәдени-философиялық түсініктеме беру.

– «Аң стилі» феноменінің қазақ халқының қолөнеріндегі және ою-өрнектеріндегі нышандарына мәдениеттанулық талдау беру.

–  Өнер туындыларының құндылығын, мән-мағынасын суреткер шеберлігі арқылы қарастыру. Қазіргі Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениетіндегі  «Аң стилінің» орнын анықтау.

        Жұмыстың объектісі. Зерттеу тақырыбының нысанына еуразиялық көшпелі мәдениет ареалында қалыптасқан көркемөнер үрдістері жатады. Зерттеу объектісінде тіршілікті кеңістік пен уақытта бейнелеу стильдері айрықша бөлініп көрсетіледі.

Диссертациялық жұмыстың пәніне номадтық мәдени негіздерде қалыптасқан «Аң стилінің» типтік ерекшеліктерін, рәміздік мазмұнын айқындау және оның қазіргі көркемөнер үшін архетиптік қызметін анықтау жатады.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде қазіргі Қазақстан қоғамындағы ұлттық санамыздағы сонау тарихтың қалдырып кеткен аса бай мұраларын жаңартып, жаңа ұлттық идеясын әлемге паш ету бағдарындағы көркем-мәдени артефактыларының бірі – скиф-сақтардың «Аң стилін» мәдениеттанулық талдау ұсынылады. Бұл мәселе осы қырында қазақстандық мәдениеттанулық әдебиетте алғашқы рет қарастырылып отыр. Зерттеу барысында төмендегідей жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:

– еуразиялық көшпелілерде қалыптасқан «Аң стилі»  бейнелеу өнерінің шектерінен шығып, мәдени артефакт ретінде табиғатпен үйлесімді тіршілік етудің рәмізіне айналғаны нақтыландырылды;

– «Аң стилі» өнерінің кеңістік пен уақытты динамикалық және қайталанбалы таңбалаудағы «дәстүрлі үлгі» қызметін атқарғаны, онда тұлпар, түйе, бұғы сияқты үй жануарлары мен қасқыр, барыс, арыстан тәрізді аңдар мен италақаз (грифон), аждаһа, тарантур, самұрық сияқты мифтік туындылар бірегей мәнерде  бейнеленгені дәлелденді;

– «Аң стилі» бейнелеу тәсілі номадтық өнер шеңберінен шығып, отырықшы халықтардың бейнелеу формаларына терең әсерін тигізгені, бұл сипатта Ұлы Жібек жолының көркем мәдени ауысуларда ерекше рөл атқарғаны көрсетілді;

– «Аң стилінің» қазақ қолөнерінде, әсіресе, ою-өрнекте өз қолтаңбасын қалдырғаны   айқындалды, бұл екі көркем мәдени феномендердің еуразиялық көшпелілердегі абстрактылы ойлау стильдерін жетілдіруде маңызды рөл атқарғаны туралы ғылыми гипотеза ұсынылды;

–  қазіргі рационалистік парадигмамен шектелмеген көркем мәдениетте «Аң стилі» сияқты рәміздік және тылсымдық мағынаға толы феномен қайтадан жаңғыратындығы дәлелденеді; бұл қазақстандық бейнелеу өнеріндегі Галереялар қозғалысында, жаңа мифтік шығармашылықпен байланысты суретшілер туындыларында, Ә. Сыдыхановтың таңбалық кескіндемелерінде көрініс табатындығы дәлелденді.

        Қорғауға ұсынылған қағидалар:

1. «Аң стилі» кескін мен бояуда сезім мен ой тудыру шеңберінен шығып, «қайталанбас тілдің» рәміздерінің  арғы жағында өмірдің мәні туралы сұрақтарға жете алады.

2. «Аң стилінде» орындалған өнер туындылары коммуникация әдісі ретінде қарастырыла алады: онда адам, қоғам мен табиғат арасындағы қатынастар нығайып отырады.

3. Көркемдік бейнелерде тек қана шындық емес, сонымен қатар мәдени дәуірлердің дүниені сезінуі, дүниені тануы да бейнеледі. «Аң стилі»  табиғатын ұғынуға тырысқан зерттеушілер, өнердің  табиғатты әсемдеу мен еліктеушілік инстинкті арқылы іске асқанын, адамдар арасында қатынас құралы ретінде, әлем танудың қайнар көзі ретінде тарихи кезеңдер мен халықтар туралы деректер беретін өзіндік код ретінде, мәтін мен таңба жүйесі, ойын мен ләззат алуды сыйлайтын, адамның иррационалды және бейсаналы бастамасының көрінуі ретінде және суретші тұлғасы арқылы өзіндік сана мен өзіндік жеткізу әдісі деп түсінеді. Осы түсініктемелердің барлығы өнер туралы жинақталған білімді бейнелейді және мәдениеттің әр түрлі қырларын ашады.

4. Ежелгі түркілердің «Аң стилі» өнердің әлемді бейнелеудегі екі тәсілін: шындыққа негізделген және шартты түрлерін қатар дамытты. Бізге жеткен ежелгі сақтардың көркем бейнелерінде екеуі де кездеседі. Алғашқы суретшілер шынайы өмірді тамаша бейнеленген, олар жануарлар анатомиясын жақсы біліп, қозғалыстарын анық көрсете алды. Ою-өрнек тәрізді шартты бейнелерде жалпылықтың типтік даралығына мүмкіндігінше көбірек көңіл бөлінді, табиғатқа сәйкес қарапайым ұқсастық шеңберінен шығуға талаптанды, бұл абстрактылы ойлау қабілеттілігін жетілдіруге себепші болды.

5. Қазіргі Қазақстанның әмбебап жаһандану үрдістеріне енуі барысында «Аң стилі» сияқты мәдени архетиптер ұлттық өнердің өзіндік қолтаңбасын сақтап, оны жаңа заман талаптарына үйлесімді өрістетуге мүмкіндік береді.

Жұмыстық теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмыстың  теориялық негізіне еуразиялық көшпелілер мәдениетінің ерекшеліктері зерделенген  мәдениеттанулық, өнертанулық, философиялық т.б. еңбектердегі әдіснамалық қағидалар жатады. Ал әдіснамалық негізіне жалпы сақ мәдениетіндегі «Аң стилін» жіктеу тарихи тұрғыда жүйелеу, т.б. қалыптасқан әдістер, ұстанымдар жатады. Диссертациялық ізденісте ХХ ғасыр мәдениеттануында, өнер тарихы мен философиясында, мәдени антропологияда ұтымды қолданыс тапқан герменевтикалық, компаративистикалық, диахрондық және синхрондық талдау, модельдеу, типологияландыру және т.б. тәсілдер пайданалынады.

Жұмыстың мазмұнындағы архитектоникалық бірлік логикалық және тарихи талдаудың ішкі байланысын айқындаудан туындайды, мәдени мәтіндерге түсіндірме беру барысында ұлттық өнер туындыларының гомогендігі мен тұтастығына ерекше назар аударылады.

        Жұмыстық теориялық және практикалық құндылығы, қолданыс салалары.Зерттеудің теориялық құндылығы Қазақстан мәдениеттануындағы осы мәселе бойынша бірінші еңбек екендігімен айқындалады. «Аң стилінің» тарихи-көркем формаларына мәдениеттанулық суреттемелер беру мәдени-философиялық зерттеулерді ынталандырып, елімізде енді қалыптасып келе жатқан  мәдениеттану ғылымын өнер тарихының әдіснамалық  мәселелеріне бет бұруға себебін тигізеді. Олардың арасында қазіргі бейнелеу өнеріндегі дәстүр жалғастығының рәміздік негіздері алдыңғы қатарға шығады.

Ұлттық нақыштау үлгілеріне рәміздік, мағыналық, салыстырмалық  түсіндірмелер беру құндылық бағдарлары енді қалыптасып келе жатқан елімізде мәдениеттілік пен өркениеттілікті   тәрбиелеу үдерісінде жан-жақты қолданыс таба алады. Диссертациялық зерттеудің нәтижелері мен қағидалары жоғарғы оқу орындарында оқытылатын мәдениеттану, философия, эстетика пәндерінде және университеттердің философия мен мәдениеттану бөлімдерінің студенттеріне «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты арнаулы курста қолданыс таба алады. Диссертант шығармашылық топ құрамында ҚР БҒМ ұсынған «Мәдениеттану» (Алматы: Раритет, 2007, 25 б.т.), «Философия» (Алматы: Раритет, 2007, 26 б.т.) оқулықтарын, «Мәдени-философиялық энциклопедияны» (Алматы: Раритет, 2007, 24 б.т.) жазуға қатысты. Ізденуші қосавторлықта «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақ халқының философиялық мұрасының» 16 томын аударуға қатысты (Қазақстандағы фарабитану. 16 т.  –  Астана: Аударма, 2007, 30 б.т.).

        Зерттеу нәтижелерінің баяндалуы мен мақұлдануы. Зерттеудің нәтижелері 4 ғылыми семинарлар мен конференцияларда баяндалды. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің әдіснамалық семинарында «Аң стилі және қазіргі  қазақстандық өнер» тақырыбы бойынша  баяндама жасалынды. Диссертация тақырыбына байланысты  ғылыми журналдарда ізденушінің үш мақаласы  жарияланды.

Жұмыстың құрылымы кіріспеден, қорытынды және негізгі екі тарау мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен (118 еңбек)  тұрады. Көлемі  125 бет.

  Диплом жұмысы / 125 бет