Экология

Экология туралы қазақша реферат

Экология тірі ағзалардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін биология ғылымының саласы. «Экология» (гр. oikos – үй, тұрақ, мекен; logos — ғылым) терминін ғылымға алғаш 1866 ж. неміс ғалымы Эрнест Геккель енгізді.

Экологиялық зерттеу обьектісіне биологиялық макрожүйелер (популяция, биоценоз, экожүйе) және олардың кеңістіктегі динамикалық өзгерістері жатады.

Экология ғылымының мақсаты – биосфера шегінде әлемдік жағдайларды бақылай отырып, ондағы тіршіліктің тұрақтылығын сақтау, адам–қоғам–биосфера арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіре отырып, табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды нооэкологиялық тұрғыдан негіздеу.

Экология ғылымының негізгі міндеті — популяция, биоценоз және экожүйені динамикалық зерттеу, экологиялық үрдістердің заңдылықтарын ашу, индустриализация және урбанизация жағдайындағы ғаламшар проблемаларын зерттеу.

Экология биологияның саласы ретінде ХІХ ғ. ортасында пайда болғанмен, жеке ғылым ретінде ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қалыптасты.

Жаратылыс туралы көптеген мәліметтер антика дәуірінің ғалымдары Гераклитттің, Гипократтың, Аристотельдің еңбектерінде келтіріледі. Мысалы, Аристотель «Жануарлар тарихы» деп аталатын еңбегінде өзі білетін 500-ден астам жануарларды зерттеп, мінез-құлығына талдау жасайды.

Аристотель шәкірті Т.Эрезийский қазіргі Жерорта теңізінің жағалауындағы өсімдіктерге топырақтың және ауа райының әсерін баяндады.

XV ғ. аяғы мен XVI ғ. басы Ұлы географиялық ашылулар дәуірі деп аталады. 1492 ж. итальян теңіз жүзушісі Христофор Колумб Американы ашты. 1498 ж. португалдық Васко до Гамма Африканы айналып, теңіз жолымен Индияға жетті. Ал 1519-1521 жж. Фернан Магеллан бастаған испандықтар тұңғыш рет жер шарын айналып шықты. Бұл саяхаттар жер туралы білімнің кеңеюіне септігін тигізді.

XVІІІ ғ. соңы мен XІX ғ. басында қоршаған ортаны зерттеушілер саны арта түсті. 1807 ж. Гумболдь Орталық және Оңтүстік Америкада жүргізген көптеген зерттеулері негізінде «Өсімдіктер географиясы туралы ойлар» еңбегін жарыққа шығарды. Онда ғалым өсімдіктердің өсуі мен өркен жаюы ауа-райы жағдайына, температураға байланысты екенін ашып көрсетті.

Бертін келе бұл ойлар орыс ғалымы К.Ф.Рульенің, Н.А.Северцевтің, А.Н.Бекетовтың еңбектерінде тереңдетіле түсті. Экологиялық ғылымның одан әрі дамуына Ч.Дарвин, В.В.Докучаев, В.И.Вернадский, В.Н.Сукачев, Н.Ф.Реймерстің үлесі жоғары болды.

Экология ғылымының даму кезеңдері:

І кезеңде (1707–1924 жж.) экология ғылымының алғышарттары қалыптасты;

ІІ кезеңде (1924–1980 жж.) экология ғылымы дара ғылым деңгейіне көтеріліп, өзінің зерттеу салаларын, мақсат-міндеттерін жетілдіре түсті;

ІІІ кезеңде (1980–2000 жж.) экология әлеуметтік, саяси-экономикалық, нарықтық жағдайлар мен мәселелерді зерттейтін деңгейіне жетті.

Экологияның дербес ғылым болып қалыптасуы 19 ғ. 2-ші жартысына сәйкес келеді.

«Экология» гректің oicos — үй және logos – ғылым сөзінен шыққан, яғни дәлме-дәл мағынасы экология – «өз үйіңдегі ағзалар» туралы ғылым.

«Экономика» сөзі де (гректің oiconomike) oicos түбірінен шыққан, яғни үй шаруасын жүргізу. Бұл екі пән өте тығыз байланысты, бірақ соңғы кезде бұл көзқарас мағынасын жойған.

Экологияның зерттеу әдістері:

1. Негізгі теоретикалық әдістерге сипаттама, жүйелік анализ, моделдеу жатады.

2. Негізгі эмпирикалық әдістерге бақылау, салыстырмалы талдау, эксперимент (лабораториялық, далалық) және мониторинг жатады.

Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігінің жай-күйі мен проблемалары

Қазақстандағы тәуелсіздік жылдары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлде жаңа мемлекеттік жүйесінің құрылуының және қалыптасуының, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқарушы органдардың жақсы ұйымдастырылған және аумақтық таралған жүйесін — қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқарудың жылдары болды. Бұл қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және дәйекті іске асыруды қамтамасыз етті.

Алайда, Қазақстанда көптеген онжылдықтар бойы қоршаған ортаға төтенше жоғары техногендік салмақ түсіретін, табиғат пайдаланудың көбінесе шикізат жүйесі қалыптасты. Сондықтан әзірге экологиялық жағдайдың түбегейлі жақсаруы әзір бола қойған жоқ әрі ол бұрынғысынша биосфераның тұрақсыздануына, оның қоғамның тіршілік әрекеті үшін қажетті қоршаған ортаның сапасын оның қолдау қабілетін жоғалтуына апаратын табиғи жүйелердің тозуымен сипатталады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 30 сәуірдегі өкімімен мақұлданған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасына енгізіліп, онда өтпелі кезеңнің экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендірудің экологиялық проблемалары, табиғат қорғау заңнамасының, мемлекеттік бақылау және сараптаманың, табиғат пайдаланудың экономикалық тетіктерінің, қоршаған орта мониторингінің жүйесін құру қажеттілігінің мәселелері қарастырылған болатын.

Ұлттық экономиканың барлық салаларын реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға көзқарастардың өзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыруға негіз болды.

Аталған Тұжырымдаманы қабылдаған сәттен бастап Қазақстан Республикасында қоғамдық дамуда елеулі өзгерістер болды. Мемлекет дамуының стратегиялық құжаттары әзірленді, табиғат қорғау заңнамасының негізі құрылды, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша бірқатар халықаралық конвенцияларға қол қойылды, табиғат қорғау қызметін басқару жүйесі құрылды.

Мысалы, 1997 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Экологиялық сараптама туралы», 1998 жылы — «Радиациялық қауіпсіздік туралы» Заңдар, ал 2002 жылы — «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» Заң қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалану саласында Президенттің «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» (1996 жыл) және «Мұнай туралы» (1995 жыл) заң күші бар Жарлықтары, 2003 жылы — Орман, Су және Жер кодекстері қабылданды. Заңға тәуелді қажетті нормативтік құқықтық актілердің көпшілігі әзірленіп, бекітілді.

Заңнаманы жетілдіру мақсатында республикада оны дамыған елдердің заңнамасына жақындатуға және халықаралық стандарттарды енгізу бағыты алынды. Қазақстан Республикасы 19 халықаралық конвенцияға қол қойды және оларды іске асыру жөніндегі іс-қимылды ұлттық жоспарлары әзірледі. Экологиялық сараптау жүйесі, рұқсат ету және бақылау-инспекциялық жұмыс жолға қойылды.

Тұжырымдаманың міндеттерін орындау нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және міндетті экологиялық сараптаманы енгізу есебінен 90 жылдардың басымен салыстырғанда қоршаған ортаны ластаудың қарқыны едәуір төмендеді. Алайда, мемлекеттің экологиялық осал аумақ және шешілмеген экологиялық проблемалар мәртебесі сол күйінде қалып отыр.

Жоғарыда аталғандармен байланысты елдің стратегиялық басымдықтарына сәйкес қазіргі жағдайдағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің міндеттерін түбегейлі қайта қарау, нақтылау және кеңейту көзделуде.

Жаңа Тұжырымдамада іске асырылмаған міндеттерді шешу ұсынылады. Олардың ішінде: экологиялық қауіпсіздік пен табиғат пайдаланудың аса маңызды проблемалары бойынша зерттеулердің, оның ішінде іргелі ғылыми зерттеулердің ілгерілемелі дамуын қамтамасыз ету; қоршаған ортаның жай-күйіне мониторингтің бірыңғай жүйесін енгізу; Қазақстан Республикасының аумағын экологиялық аудандарға бөлу және арнаулы картографиялау ұсынылады.

2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеудің өзектілігі және басымдықтары

Әлемдік тәжірибе көрсететіндей, экологиялық проблемаларды табысты шешу мен экологиялық апаттардың алдын алудың негізі кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесін экологияландыру болып табылатынын көрсетеді.

Ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде экологиялық қауіпсіздік тұрақты дамудың міндетті шарты болып табылады және табиғи жүйелерді сақтаудың және қоршаған ортаның тиісті сапасын қолдаудың негізі болады.

Осы Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы «Қазақстан — 2030» Стратегиясының басымдықтарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына сәйкес және XXІ ғасырдағы Күн тәртібінің негізгі ережелері мен Қоршаған орта және даму жөніндегі 1992 жылғы Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаттарын, сондай-ақ Йоханнесбургге өткен (2002 жыл) Тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік саммиттің шешімдерін ескере отырып әзірленді.

Қоршаған ортаның жай-күйінің нормативтік көрсеткіштеріне қол жеткізе отырып, экологиялық қауіпсіздіктің оңтайлы деңгейін қамтамасыз ету осы Тұжырымдаманың ережелерін кезең-кезеңмен іске асыруды көздейді.

Бірінші кезең (2004 — 2007 жылдар) — қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету және оны тұрақтандыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу.

Екінші кезең (2008 — 2010 жылдар) — қоршаған ортаның сапа көрсеткіштерін тұрақтандыру және табиғат пайдалануға экологиялық талаптарды жетілдіру.

Yшінші кезең (2011 — 2015 жылдар) — қоршаған ортаның сапасын жақсарту және қоғамның экологиялық тұрақты дамуының қолайлы деңгейіне қол жеткізу.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мақсаты, негізгі міндеттері мен қағидаттары

Экологиялық қауіпсіздіктің мақсаты

Экологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты табиғи жүйелердің, қоғамның өмірлік маңызды мүдделері мен жеке тұлға құқығының қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлердің нәтижесінде туындайтын қатерлерден қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Экологиялық қауіпсіздіктің негізгі міндеттері

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:

  • климаттың өзгеруі мен Жердің озон қабатының бұзылуына душар ететін антропогендік әсерді азайту;
  • биоәртүрлілікті сақтау және жердің шөлейттенуі мен тозуының алдын алу;
  • экологиялық апат аймақтарын, әскери-ғарыш полигондары мен сынақ кешендерін оңалту;
  • Каспий теңізі қайраңының ластануының алдын алу;
  • су ресурстарының тозуының және ластануының алдын алу;
  • табиғи ластануларды, әуе бассейнінің ластануын, радиоактивті, бактериологиялық және химиялық, оның ішінде трансшекаралық ластануларды жою және олардың алдын алу;
  • өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жинақталу көлемдерін қысқарту;
  • табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу.

Қойылған міндеттерді шешуге:

  • Қазақстан Республикасының заңдарын, табиғат пайдаланудың, мемлекеттік экологиялық бақылаудың және экологиялық мониторингтің экономикалық тетіктерін жетілдіру және жүйеге келтіру;
  • табиғат пайдаланудың және экологиялық сараптаманың рұқсат ету жүйесін оңтайландыру;
  • қоршаған ортаны қорғау, экологиялық статистика, экологиялық білім беру, экологиялық үгіт-насихат және жұртшылықтың қатысуы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту;
  • халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолымен қол жеткізіледі.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары

Мемлекеттің экологиялық қауіпсіз дамуы мынадай қағидаттарға негізделеді:

  • табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкінді шектерін айқындайтын және қоршаған ортаны сапалы теңгермелі басқаруды қамтамасыз ететін шектеулердің, нормативтердің және шаруашылық әрі өзге де қызмет жүргізу ережелерінің ғылыми-негізделген кешенін енгізу жолымен мемлекеттің тұрақты дамуы үшін барлық қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік тәсіл;
  • экологиялық қауіпсіздіктің өңірлік және жергілікті міндеттерінің экологиялық қатерлердің алдын алудың жаһандық және ұлттық мақсаттарына бағыныштылығы;
  • қоршаған орта мен адамның денсаулығына келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі (табиғат пайдаланушылар мен ластаушылар төлейді);
  • өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгермелігі (экологиялық сыйымдылық пен аумақтық жоспарлау қағидаттары);
  • шаруашылық және өзге де қызметінің қоршаған ортаға әсерін одан кейінгі экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалармен бағалаудың міндеттілігі;
  • халықтың экологиялық ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуы;
  • халықаралық ынтымақтастықтағы әріптестік және халықаралық құқық нормаларын сақтау.

Экологиялық қауіпсіздік проблемалары және оларды шешу жолдары

Қоршаған орта және даму жөніндегі Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаттарын ескере отырып, Қазақстанның экологиялық қауіпсіздік проблемалары оларды жаһандық ұлттық және жергілікті ретінде шешудің маңыздылығы мен деңгейіне байланысты қаралады.

Жаһандық экологиялық проблемалар

Климаттың өзгеруі

«Қызу әсерінің» салдарынан болатын климаттың өзгеруі жалпы әлемдік көлемдегі проблема болып табылады және қоршаған ортаның жай-күйіне барынша ықтимал қатер төндіреді.

Қазақстан 1995 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Yлгілік конвенциясын бекітті, ал 1999 жылы осы Конвенцияға Киото хаттамасына қол қойды.

Аталған хаттаманы бекіткен және ол күшіне енген жағдайда Қазақстан қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелерді өзіне жүктей отырып, І қосымшаның Тарапы болады.

Қазақстанның Киoтo хаттамасын бекітуінің мақсатқа сайлығын айқындау үшін 2004 жыл барысында қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелердің Қазақстанның экономикасына әсері мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу қажет.

Талассыз экологиялық тиімділігінен басқа, Киото хаттамасын бекіту біздің ел үшін халықаралық инвестицияларды тарту, басқа елдердің экономикасына активтерді орналастыру мүмкіндігімен инвестор рөліндегі бірлескен жүзеге асыру жобаларына және «таза даму» процестеріне қатысу, өндірістің энерготиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану, сыртқы энергетикалық рынокта елдің экономикалық мүдделерін қорғау үшін көміртегі кредиттерін шоғырландыру, қызған газдардың шығарындыларына квоталар сату жөніндегі перспективаларды ашады.

Киото хаттамасын бекіткеннен кейін нақты жобалар мен іс-шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасында қызған газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі 2015 жылға дейінгі бағдарлама әзірленетін болады.