Биоиндикацияны қолданудың негізгі принциптері

Биоиндикацияны қолданудың негізгі принциптері туралы қазақша реферат

Өндірістің жедел дамуы  және онымен байланысты өнеркәсіптік, қалалық агломерациялардың үлкеюі, жол-көліктік сала мен туризмнің, халық шаруашылығындағы өндіргіш күштердің үздіксіз дамуы  — табиғи ресурстарды пайдалануды арттырып, қоршаған ортаға тиетін әсерлерді күшейтіп жіберді.

Қазіргі ландшафттарда антропогендік әсерге ұшырамаған биоценоздар жоқ деп айтуға болады. Қоршаған ортадағы антропогендік компоненттер биологиялық жүйелердің ластануына себеп болады. Ал ластанған биологиялық жүйелер жаңа жағдайларға бейімделіп тірі қалады немесе мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан антропогендік стрессоролардың әсерінен туындаған экожүйелердің деградациясын уақытында анықтау қажет.

Қоршаған ортадағы адамның тіршілігі үшін маңызды көрсеткіштердің қайтымсыз өзгеріске ұшырауы үлкен қауіп тудырады. Себебі адам биотикалық ортамен өте тығыз байланыста болады.

Адамзат табиғаттағы биоалуантүрлілікті сақтап, табиғи тепе-теңдікті бұзбай, болашақ ұрпаққа қалдыра алатындай етіп сақтауы қажет. Табиғат – адам — өндіріс жүйесінде адам басты тұлға болғандықтан экология ғылыми бақылау, тәжірибе жасау, ғылыми зерттеулер арқылы адамның табиғатпен ара-қатынасын дұрыс ұйымдастыру, өндірісті табиғи ортаға зиянсыз етіп жүргізу жөнінде жүйелі ұсыныстар дайындауға тиімді жолдар мен әдістер табуға міндетті.

Соның ішінде қошаған ортаның өзгерістерін алдын-ала болжау мен уақытында анықтау маңызды орын алады.

Соңғы уақытта ғалымдар қоршаған ортаның өзгерістерін биологиялық жүйе және оның реакциясы арқылы анықтауды тиімді әдістердің біріне жатқызуда.

Биологиялық индикацияны, яғни қоршаған ортаның жағдайын тірі организмдердің реакциясы арқылы бағалау әдістерін өнеркісібі жоғары дамыған мемлекеттер қолданысқа енгізуде.

Қошаған ортаның абиотикалық және биотикалық факторлар әсерін бағалауды биологиялық факторлар әсерін бағалауды биологиялық жүйелер арқылы жүргізу әдісін – биоиндикация деп атайды. Латын тілінен аударғанда “indicare” көрсету деген мағынаны білдіреді.

Сәйкесінше, тіршілік әрекеті қоршаған ортаның белгілі-бір факторларымен тығыз корреляцияда болғандықтан, сол ортаның жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін организмдер немесе организмдер қауымдастықтары биоиндикаторлар деп аталады.

Табиғатты қорғау мәселесі ұлғайған  сайын, биоиндикация ғылымына халықаралық деңгейде көп көңіл аударыла бастады. Қоршаған ортаны қорғау және мониторинг жүйесінің биоиндикациялық бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мақсатымен 1982 жылы Оттава қаласында биология ғылымдары халықаралық кеңесінің 21 ассамблеясы өтті. Онда “биоиндикаторлар” бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның басты принциптеріне зерттеу әдістерінің стандарттарын жасау, аймақтық және ұлттық экологиялық мәселелерді шешу, биоиндикация саласында мамандар дайындау жүйесін қалыптастыру, қоршаған ортаның мониторингінде биоиндикациялық зерттеулерді кеңейту жатады.