"Алаш" партиясының құрылуы

«Алаш» партиясының құрылуы туралы қазақша реферат

XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі «Алаш» партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихында алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. Бірақ белгілі обьективті себептерге байланысты бұл әрекеттері   нәтиже бермеді.

Қазақ зиялылары тарапынан осы мазмұндағы әрекеттің нышандары 1913 жылы қайтадан бой көрсетті. М.Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама   көтерді.

Сонымен, жалпықазақ кеңесін шақырып, онда ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді қарау, соған сай саяси партия құру ісін қолға алуға қажетті алғышарттар тек ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты (9).

Тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған   айрықша бюроға тапсырды (10).

Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқаев өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып:»Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» — дейді. Бірінші жалпы қазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24 -маусым күнгі санында съездің  тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді. Бұл тезистер, белгілі дәрежеде, сол тарихи кезеңдегі қазақ демократиялық интеллигенциясының күрделі аяси мәселелерге байланысты ұстанған айқындамасынан, көзқарас деңгейінен хабар беретін еді.

Мысалы, бюроның түсінігі бойынша, съезде қаралуға тиіс ең негізгі мәселе, әрине мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Олай болса бюро мүшелері өздері сұраған ұлттық автономия   мазмұнын қалай    түсінді?

Бұл сауалға   біз тезистерден мынадай жауап аламыз:

«Қазаққа мемлекеттік автономия ма, әлде уалаяттық автономия ма? Бұл екеуінің арасындағы айырмашылығы: мемлекеттік автономия болса өз Г.Думасы болмақ; өзіне керек закондерді сол думасы шығармақ; ақшасын өзі жасап шығармақ, барша шаруашылық ісі, темір жол, почта, телеграф сияқты істерінің бәрі де өзінде болмақ. Жер суының билігі де өзінде болмақ. Өз алдына әскер ұстамақ.

Уалаяттық автономия болса, оның өз алдына ақшасы, темір жолы, почта, телеграфы, әскері болмайды. Жалпы мемлекеттік К.Думасына уәкілдерін жібереді. Өз думасы, сол жалпы Мемлекеттік думасында шыққан законға қайшы келместей закондарды шығаруға ықтиярлы болады. Уалаяттағы барша жергілікті істерінің билігі өз қолында болмақ. Жер-судың билігі жалпы мемлекет қолында болады»(11). (Қазақ, 1917. -234).

Бюро осылайша автономия жөнінде өз түсінігін ортаға салып «біздің қазақ автономия бола аламыз десе, осылардың бәрін қарап, ар жақ-бер жағын таразылап, тексеріп барып» белгілі бір қорытындыға келуі керек деген пікірді айтты(12).

Съездің күн тәртібіне енгізуге ұсынылған мәселелердің бірі «қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» болды. Бұл мәселелерге байланысты бюро жасаған тұжырым мынау еді: Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Қазақ мақсаттарын теріп, программа жасап, сол мақсаттарға жету шарасын қарастырып қазақ партиясын қалай жасау, қандай программа түзеу, қандай жол құру, оны осы жалпы қазақ съезінде кеңесуіміз керек.»(13).

Саяси партия құруға байланысты айтылған бұл тұжырымның мынадай мәні бар. Біріншіден, ол тарихи деректермен толық таныс емес қайсібір авторлардың «Алаш» партиясы шілдедегі жалпы қазақ съезіне дейін-ақ қалыптаса бастады деген пікірін бір жола жоққа шығарды. 1917 жылғы
жалпықазақ съезіне дейін қалыптасып дамыған «Алаш» партиясы емес, кейін алаштық атанған ұлттық интеллигенция басқарған ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Ал бұл қозғалыстың бастаушы ұйытқысының саяси партияға бірігуі
бірінші жалпықазақ съезінен басталғаны тарихи факті. Екіншіден, бұл айтылған тұжырым «Алаш» партиясының саяси мәнін кеміту мақсатында оны ресейлік кадеттер партиясының филиалы есебінде бағалаушылар пікірінің
негізсіз екендігін көрсетеді»(14). Империялық езгідегі қазақ қоғамы       жағдайында    «Алаш»    партия                            ретінде өзінің идеологиялық   негізі етіп,   әрине,   жалпыұлттық   мүддені,   қазақ шындығын алуға тиіс болды. Бұл толық табиғи құбылыс және басқаша  болуы да мүмкін еместін.

Сонымен      бірге      съезд  ұйымдастырушылары өз тұжырымдарын талқыға ұсына отырып, тек біздің айтқанымыз ғана оң деген ойдан аулақ еді. Съездің ашылар қарсаңында, анығырақ айтқанда, «Қазақтың» 4-шілде күнгі санында Ә.Бөкейхановтың    «Қазақ       депутаттары»    атты                       мақаласы жарияланады. Ұйымдастыру бюросының атынан жазылған бұл материалда ол «осы ақыл жұрт пайдасы-ау деп» бюроның «қазақ жұртынан депутат болатын жігіттердің атын» атағанын, съезд қолдаған адамдарды бүкіл қазақ болып сайлайтындығын,  депутат саны адам санынан тәуелді екендігін, ал Құрылтай Жиналысына екі     жүз     мың     адамнан бір        депутат сайланатындығын халыққа жан-жақты таратып түсіндіре келіп, қазақ халқының 1917 жылдың орта тұсындағы жалпы санына тән мынадай қызықты фактілерді келтіреді: «1897 жылғы есепте қазақ тілін ана тілім деген адам 4 миллион 48 мың еді. Бір жылдағы адам баласының таза өсімі екі жүзге
3 адам болады. Осы есепке салса біздің 9 облыс, бір губерниядағы қазақ биыл 5 миллион 400 мың болса керек.  Бұлай болса, қазақ депутаты 27 болмақ. Бұларға 13-14 кандидат сайланбақ. Сонда біздің депутатымыз   40-41 болмақ»(15).( «Қазақ» газеті. 1917 ж. № 235).

Ә.Бөкейханов «бұл      болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті.  Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп
көрсетіп, бюроның атынан депутаттыққа кандидат деген 43 адамның атын атап, халықтың талқысына ұсынады. Олардың арасында Ж.Ақбаев, А.Бірімжанов, Х.Досмұхамедов, Р.Мәрсеков сияқты белгілі қайраткерлерден бастап А.Кенжин, С.Сабатаев, М.Төлебаев сияқты саясатқа енді араласа бастаған жастар;  Уақытша үкімет комиссарлары мен мұғалімдер, дәрігерлер
мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар еді. Сонымен, тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан барлығы он төрт мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ
облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа мәселелер бар еді. Съезд қаулысы «Қазақтың»    1917   жылғы         31  шілде  күнгі санында жарияланған (16). («Қазақ». 1917. № 238).

Съезд қабылдаған қаулы бойынша, Ресей «демократиялық федеративтік парламенттік Республика болып, қазақ облыстары қоныс-ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Демек, съезд пікірі бойынша, бұл кезде қазақ автономиясы бүтін қазақ жерлерін негізге алып емес,»қоныс-ұлт жігіне қарай» жариялануға тиіс еді. Бұл арада, өрине,  дүдәмал жағдайлардың көп екендігі түсінікті. Жалпы басқа да деректерді саралай отырып, қазақ демократиялық интеллигенциясының мемлекеттік автономияға байланысты көзқарасы 1917 жылдың күзіне қарай айқындала түскенін аңғаруға болады.

Сонымен, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдайды. Ал бүдан кейінгі уақытта оның қалыптасу барысы,  қызметі қалай жүрді?

Съездің  соңғы  күндері        жаңадан құрылуға  тиіс партияның өміріне қатысты мынадай оқиға болады. Съезге қатынасқан бір топ депутат партия құру ісіне байланысты сөйлеген Ә.Бөкейхановтан ресейлік кадет партиясына қатынасын ашық мәлімдеуді талап етеді(1). Соған байланысты болашақ партия басшысы өзінің кадеттер партиясы құрамынан шыққандығын мәлімдейді. Ал кейінірек «Қазақ» газетіне жариялаған мәлімдемесінде («Мен кадет партиясынан неге шықтым атты») бұл шешімнің себептерін былайша түсіндірген болатын:

«Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келді.

Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып ұлт   автономиясын тікпек болдық.

Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молла хүкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалованье алған моллалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсақ, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от Государства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды.

Осы үш жол айрылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа «Алаш» партиясын ашуға тырыстым. Мен шілдедегі жалпықазақ съезінде осыны айтқан едім(17). (Ғалихан. Мен кадет партиясынан неге шықтым? «Сарыарқа». 1918 жыл. 25 қаңтар. №29).

Сонымен қатар, қазақ сахарасында большевиктер партиясының    ықпалынан,    біршама   болса да қоғамдық саяси, құқықтық ой-пікірлердің ілгері дамығанын мойындаған жөн. Коммунистік тоталитарлық жүйе кезінде жазылған ғылыми зерттеулерде таптық методология тұрғысынан большевиктік, социалистік идеологияның қазақ халқына тигізген әсерінің зор тиімді болғаны   жасанды түрде дөлелденді (18).

Сөйтіп, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдағанымен, күзге дейін, яғни Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқаны қызғанға дейін ол партияның түрлі дейгейдегі ұйымдарын құру ісімен ешкімде айналыса қоймады. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 5-
қазандағы санында Ж.Досмұхамедовтың хаты жарияланады. Ол Құрылтай      жиналысын  дайындайтын    кеңесте, «Шоран Исламда», Бас Жер Комитетінде және басқа көптеген орындарда жалғыз өзі жүргендігін білдіріп, қазақ партиясының бағдарламасын жазуға уақыты мүлдем қалмайтындығын айтып шағым жасайды(19).

Бұл уақытта Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мерзімі таянып қалған еді. Елдегі әрбір саяси партия өз тұғырнамасын жариялап, өз ұраны атынан депутатыққа кандидаттар тізімін жасап, үгіт-насихат науқанына кірісіп кетеді. Шілдедегі жалпықазақ съезінің шешіміне сай депутаттыққа кандидат қазақ зиялылары сайлау тізіміне қазақ саяси партиясының бағдарламасы да, тіптен аты да мағлұм емес еді. Уақыттың тым аз қалғандығын түсіне отырып, «Қазақ» газетінің басқармасы Петроградтан Ж.Досмұхамедовтың хатын алған соң, 5-қазан күнгі санында «Алаш партиясы» деген бас мақала жариялап, онда былай деп көрсетеді: «Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау ісіне кірісе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалмағанмен жалпықазақ съезінің қайлысы жасалмақ программаның негізі болсын делінген еді. Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партияның атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек»(20).

Сондай-ақ мақала авторлары әрбір облыстардағы орыс жұртымен ынтымақтасып келісіп Құрылтай   жиналысына депутатыққа кандидаттардың ортақ тізімін жасауды мақұл көретіндерін айтып, ондай келісімге жете алмаған күнде қай облыста болса да қазақтар «өз списоктарының атын «Алаш» партиясы -Киргизская    партия «Алашь»-деп жүргізулері    тиіс» екендігін жазды. Осы баяндалған мақаланы жариялаумен бір мезгілде «Қазақ» басқармасы барлық облыстардағы қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою жеделхаттар да жіберген  еді(21). («Қазақ». 1917. №244).

«Алаш»    партиясының     ұйымдарын  ашу        және бағдарламасын жазу қалай жүрді. Ғылыми әдебиетте «Алаш» партиясы негізін сәуір және мамыр айларында құрылған қазақ комитеттері құрды, ал осы комитеттердің активистері «Алаш» партиясының мүшелері болды деген пікір бар. Қазақ комитеттерінің «Алаш» партиясына қолдау жасағаны рас, бірақ бұл екі ұйымның өзара жігі бары анық. Қазақ комитеттері патшалық билік құлағаннан соң Уақытша үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесінде қазақ елінің ұлттық мүддесін білдіру және қорғау мақсатында пайда болған демократиялық бағыттағы қоғамдық незізде құрылған ұйымдар болатын.

«Алаш» партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастайды. Мәселен, Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазан айының шамамен 12-20 жүлдызы аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, сонан соң Омбыда, ал
қарашаның   10-на     қарай Орынборда         ашылады(22). («Сарыарқа». 1917. №»18, 20).

«Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы «Алаш» партиясының 15-кісіден тұрған уақытша комитетін ашумен аяқталады.
Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, жолдасына Ахмеджан   Қозбағаров, хатшысына  Сыдық  Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланады. Комитет мүшелері оған құрматті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты   сайлайды.

Д.Әділов нақты көрсеткендей, «Алаш» партиясының Омбы облыстық комитеті мүшелерінің аты-жөні «Қазақ» газетіне жарияланған, бірақ олардың саны 10-нан көп еді. Қазан -желтоқсан айларында облыстағы бес уезде «Алаш» партиясының уездегі комитеттері ашылады. («Қазақ». 1917. №255).

«Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында «тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы    14    ағза» сайланады.    Комитеттің   төрағасы     болып Ә.Бөкейханов төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазнашысы Ж.Жәнібеков  сайланады.

Партияның орталық комитеті болған емес. Өйткені партияның арнайы съезін шақырып басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыт та,  жағдай да болған жоқ. Бірақ оның басқарушысы ұйытқысына бірінші      жалпықазақ       съезі                             бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат етіп бекіткен топты жазған.

Ол жөнінде «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясы» атты мақаладан мынадай хабарды оқимыз: «Орыс партияларынікіндей біздің «Алаш» партиясында кіндік комитет жоқ болғанымен Орынборда жасалған жалпықазақ тұңғыш тобы ұнатып бата қылған адамдар, бірен-саран өзі қалған, яки ризалықпен орын ауыстырған болмаса, түгелімен «Алаш» партиясының атынан кірген списоктарге жазылып отыр(24). («Қазақ». 1917. №235).

«Алаш» партиясының жарияланбағанымен, белгілі дәрежеде дайындалып қойған шартнамасы (жарғы) да болған. Ол жөнінде партияның Семейдегі облыстық комитетінің құрылуына байланысты «Қазақта» жарияланған материалдан мынадай деректі оқимыз: «Алаш» партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты- кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын «Алаш» партиясының программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тіліп берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн»(25).