Айтыстағы юмор мен сатира дипломдық жұмыс

Мазмұны
Кіріспе
Негізгі бөлім

1 тарау Ақындар айтысындағы әзіл-әжуа
1.1 Қағысу мен қайымдасу
1.2. Кеңес дәуіріндегі айтыстар

II тарау Жаңа заман айтыстары
2.1. Телеайтыс және ондағы сатира
2.2 Кейінгі кез айтыстарындағы юмор мен сатира

Қорытынды
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Кіріспе

 Тақырыптың өзектілігі. Көшпелі тұрмыс пен ұлттық салт-сана дарытқан айтыс өнеріндегі сатираның сипаты күрделі. Ол күрделілік сан қырлы өнер түрлерінің жиынтығынан тұратын айтыс секілді синкретті өнердің көркемдік, ғылыми, публицистикалық сипаттарынан қоғамдық-рухани өмірде атқаратын қызметтерінен туындайды. Сатираның айтыс шығармаларынан алатын орнын анықтау айтыстың сан қырлы табиғатына тікелей байланысты. Біз осы жұмысымызда басы ашылып нақтыланбаған айтыс өлеңдеріндегі сатира мен юмор мәселелері жайлы ой қозғауға талпындық.

Жаһан халықтары мәдениетінің тарихына үңілсек юмор мен сатираға мысалды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Еуропа халықтарындағы орта ғасырларда, тіпті, одан әріректе де болыпты делінетін күлдіргі өнершілер – сайқымазақтар, шпильмандар, шуттар; орыс-славян жұртындағы скомарохтар, елкезбелер; ал шығыс халықтары фольклорындағы кейіпкерлер қатарына араптың Джухасын, парсының Бахуласын, түріктің Базаралысы мен тәжіктің Мүшфихасын, сондай-ақ түркі халықтарындағы қоғамдық сипат алған Қожанасырдың типтік образын қоса атау орынды болмақ.

Ауыз әдебиетінің өрісі кең, арқалайтын жүгі мол. Арналы саласының бірі – суырыпсалма ақындық өнердің жемісі болып табылатын ақындар айтысындағы әзіл-қалжыңның, юмор мен сатираның алуан сипатын іздеп табу, оның салмағын айыру үшін айтыстың әр түрін жеке-жеке әрі жіті қарастыруымыз керек.

Әлем халықтарының сын-сықағына үңіле қарасақ, қай халықтың болмасын сын-садағына нысана етіп алған қалжыңдары тақырыбы жағынан, кейіпкерлері мен көздеген идеялық мақсаты жағынан бір-біріне ұқсас, тіпті кей жағдайларда бірдей де болып кездесе береді. Бірақ сол ұқсас тақырып пен мазмұнды, кейіпкерлер мен типтерді күлкіге айналдыруда, әзіл-әжуа етуде әр халықтың өз үні, өз бояу болады. Қазақ халқының жан-дүниесін, танымын, түйсік-сезімін танытатын – оның әзіл-қалжыңы, сын-сықағы, ойын-оспағы, әжуасы.

Халық күлкісі, халық әзілдері дегенде басты қадап айтатынымыз халқымыз ойсыз айтылған оспаққа, әрсіз әзілге, анайы, ажарсыз ойға, сауатсыз айтылған сөзге орынсыз күле бермеген. Ол әуелі күлер, күлкі етер жайлардың парқын пайымдап, ой таразысына салып, содан кейін ғана оған деген өзінің    қатынасын білдіріп отырған. Өйтпеген күнде, халық мағынсыз күлкіге жирене қараған, тіпті, ондай бей-берекет күлкі иесі жұрт алдында өзі масқара болары да бар. «Әзіл апат келтіреді», «Әзілдң де зілі болады», «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген мақалдар осыны меңзеп тұрғандай. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп жазған Абайдың: «Әрбір кісінің жаман қылығына күлсең рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл» — деген даналық ой-пікірі де әзіл сөзде қаншалық салмақ тұрғанын көрсетеді, күлкінің қадір-қасиетін түсіне білуге, бағалай білуге шақырады. [1]

Халық қоғамдық өмірдегі озбырлыққа, қиянатқа қарсы әділ үкімі, дұрыс сынын көбіне-көп өзінің көкейінен жарып шыққын юморы мен сатирасы арқылы білдіріп отырған. Халқымыздың сол әзіл-қалжыңдарынан қоғамдық өмірдің барлық аспектілеріне жауап табуға болады.

Бүкіл қоғамға тән әлеуметтік мәселелерден бастап, адамдардың жеке басындағы, мінез-құлқындағы кемшілік-мінді, іс-әрекетіндегі жарамсыз-жағымсыз көріністерді халық өзінің назарынан тыс қалдырмаған. Бұл сипат айтыста ерекше көрініс тауып отырған. Сондықтан айтыстағы сатира мен юморды зерттеу диплом жұмысының тақырыбының өзектілігін айқындай түседі.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сан қырлы жанр ақындар айтысы туралы түйінді тұжырым айтып, мән – маңызына тоқталмаған зерттеуші ғалымдар, әдебиетшілер кемде-кем. Қазақ ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларының, соның ішінде айтыс өлеңдерінің де ең алғаш баспа бетін көріп жеке жинақ, немесе түрлі газет-журналдарда, хрестоматияларда жарыққа шығуы да XIX ғасырдың екінші жартысынан басталды.

Ал, айтыс жанрын қазақ ғылымында арнайы зерттеу А.Байтұрсынов,  Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев, З.Ахметов, Т.Нұртазин, М.Базарбаев, М.Байділдаев еңбектерінен бастау алып, қазіргі кезеңде Р.Бердібай, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов, М.Жолдасбеков, С.Садырбаев, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Сыдиқов, Қ.Өмірәлиев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жармұхамедов, Қ.Жүсіпов, Е.Тұрсынов, С.Негимов, Ж.Тілепов т.б. ғалымдар еңбектерінен жалғасын табуда.

М. Әуезов ақындықтың суырыпсалмалық өнердің көне көздері батырлар жыры мен сонау ертедегі тұрмыс-салт жырларынан бастау алатынын айта келіп «мезгілінде жазылып қалмағандықтан, қазір біз XVI-XVII-XVIII ғасырлардағы ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз», — дейді [2]. Бүгінде аты белгілі Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Құлмамбет, Бақтыбай, Жамбыл сияқты ақындарының 12-13 жасынан бастап өмір бойы серік еткен негізгі жанры көбінесе айтыс болуы осыны аңғартады. Атақты ақындардың ірі айтыстарынан басқа әртүрлі ойын-сауық, ас пен тойда, айт пен мерекеде өткен үлкенді-кішілі әзіл-күлкілі айтыстарда сан жоқ. Сондықтан атағы беймәлім ақындар мен айтыскерлер туғызып кеткен, бірақ хатқа түспей қалған айтыс өлеңдерінің саны, көлемі қаншалық мол болғанын, ұшан-теңіз мұра жасағанын болжау қиын емес.

Қазақ әдебиетінде айтыс өнері, айтыс жанры туралы тың мәселе көтеріп,жинақтап пікір айтқан – жазушы С. Мұқанов. Ол ақындар айтысын бес жүйеге бөледі де, айтыстың XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы орнына, маңызына айрықша тоқталады [3]. Ал біз нысанаға алып отырған сатира мен юмор тікелей айтысқа қатысты болмаса да басқа жанрлық негізде зерттелді. Бұндай зерттеулердің қатарында Т.Қожакеев, М.Тілеужанов, А.Мұсаев, Ж.Әбілев еңбектерін атаймыз. Сондай-ақ сатира теориясына қатысты жазылған орыс ғалымдары Я.Эльсберг, Б.В.Томашевский, В.М.Жирмунский,  М.Бахтин, У.А.Гуральниктің, Ю.Боревтің еңбектері бар.

Ал айтыстағы сатира мен юмор мәселесін Б.Имашев өзінің диссертациясында жан-жақты қарастырған болатын [4]

 Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – айтыс жанрындағы сатира мен юмордың орнын, үлес салмағын, қолдану тәсілдерін анықтау. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

—         айтыстардағы әзіл-әжуаның идеялық-көркемдік маңызын анықтау;

—         ақындар айтысындағы әзіл-әжуаның қолдану тәсілдерін, өзіндік мәнін саралау;

—         юмор мен сатираның айтыс жанрының ролін арттырудағы өзіндік қызметі жайлы ой қорытып, тұжырымдар жасау;

—         айтыстағы сыни сипат, астарлы ой, шеберлік, әзіл-қалжыңның, мысқыл-әжуаның поэтикалық салмағын зерделеу;

—         айтыс өлеңдеріндегі әлеуметтік мазмұн және өткір мәселе көтерудегі ақындардың сатиралық әдіс-тәсілдерді қолдануы туралы ой қорыту.

Дипломдық жұмыс / 54 бет