Әйтеке би ауданы шаруашылығының даму мүмкіндіктері

 Бұл мақалада Ақтөбе облысының солтүстік-батысында орналасқан Әйтекеби ауданының шаруашылығы қаралады. Әйтекеби ауданында өнеркәсіп жақсы дамымаған. Ауданның табыс көзі негізінен ауыл шаруашылығы болып табылады. Ақтөбе облысының АӨК-нің үлкен үлесі Әйтекеби ауданына тиесілі. Мақалада ауданның дамуы үшін шешімін табу керек мәселелер анықталып, тұжырымдамалар жасалынған. 

Кілт сөздер: инвестиция, пайдалы қазбалар, өнеркәсіп, статистика, ауылшаруашылық, әлеуметтік экономикалық. 

Әйтекеби – Ақтөбе облысының солтүстiк-шығыс бөлігінде орналасқан аудан. Бұрынғы Комсомол /1966-1997/, Қарабұтақ /1936-1997/ атанған екі аудан 1997 жылы бірігіп, Әйтекеби ауданы аталды [1].

Аудан аймағы 36,9 мың шаршы шақырымды құрайтын 15 ауылдық округке қарасты 32 елді мекеннен тұрады. Аудан орталығы Комсомол ауылы облыс орталығы Ақтөбе қаласынан 320 шақырым жерде орналасқан. Аудан аймағы арқылы Астана – Ақтөбе теміржол сапар желісі өтеді. Негізгі автокөлік жолы Қарабұтақ – Комсомол – Северный – Жайылма елді мекендер үстінен өтеді [2].

Өнеркәсіп ауданда әлсіз дамыған. Ол бүгінгі күнге негізінен жергілікті мағынада ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу барысында сипат алып отыр. Аудан территориясында өнеркәсіп мағынасындағы пайдалы қазба болып табылатын Теректі ақ мәрмәр, Қайрақты гранит, Союзный каолин саз балшығы, Бенқала кобальтты-никельденген жез кендерінің барланған көздері бар. Келешекте «Союзный» каолин сазын байытып өндіру барысында «Көктас-Ақтөбе» АҚ 2013-2014 жылдары барлығы 630 млн.теңге инвестиция салып, жылына 50 мың тонна өндіруді жобаласа, Бенқала кобальтты-никельденген жез кенін өндіру жұмыстарын жүргізуге «Kaz-Kyper» ЖШС кіріскелі отыр. Одан басқа кен орындарын игеру барысында жер қойнауын пайдалануға Теректі ақ мрамор кен орнына – «Ақтөбе мәрмәр» ЖШС-і, Ақшакөл гранит кен орнына — «Гранит 2006» ЖШС-і, Бөгеткөл кобальтты-никельденген жез кені орнына – «Диана Алия» ЖШС-тері иегерлік етеді [3].

Әйтекеби ауданыәлеуметтік-экономикалық қарқында даму үшін төмендегідей өзекті мәселелерді шешу керек:

  • аймақ бойынша ауыл шаруашылығында астық өндірісін дамыту;
  • азық-түлік қауіпсіздігі және саланы қарқынды даму кепілі бола алатын агроөндірістік кешенді дамыту;
  • мал шаруашылығын серпінді дамыту, оның ішінде: ірі қараны дамыту, қой-ешкі санын көбейту;
  • ауыл халқын толығымен сумен қамту мәселесі.

Ауданның негізгі маманданған саласы ауыл шаруашылығы болып табылады. Ауыл шаруашылығы өнімінің 30,5 %-ын беріп отырған өсімдік шаруашылығы, 69,4 %-ы мал шаруашылығына келіп отыр [4].

Агроөнеркәсіптік кешен аудан экономикасында ірі әлеуметтік маңызды секторлардың бірі болып саналады. Жалпы аймақтық өндірілген өнімнің құрылымында үлесі 3,5%-3,8% болып, оның негізін ауыл шаруашылығы құрайды. 2009 жылы жалпы өндірілген өнімнің құны 9653,3 млн. теңгені құрады.

2004 жылмен салыстырғанда пайдаланылған егістік жер көлемі 34%-ға артқан. Ауыл шаруашылық жерлерінің негізгі бөлігін, яғни 1931,6 гектар жерді жайылым алып жатыр, бұл ауданның оңтүстік бөлігіндегі қыстың ұзақтығы 3 айдан аспайтын елді мекендерде мал шаруашылығының дамуының айғағы.

Әйтекеби ауданында 2009 жылы 501 ауылшаруашылық құрылымдары, оның ішінде 469 шаруа қожалығы, 5 өндірістік кооператив, 26 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 акционерлік қоғам бар. Ауданның ауыл шаруашылық құрылымдарының санын салыстыра келе, олардың азайғандығын байқауға болады, бұл ұсақ шаруашылықтардың ірі шаруашылыққа айналдыруына байланысты туындап отыр. Өсімдік шаруашылығында аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында, егіс алқабының құрылымын ұлғайту жұмысы жалғастырылуда.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2010 жылы 7702,6 млн теңгені құрады және 2009 жылмен салыстырғанда 16,8 %-ға төмендеді, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі – 2345,8 млн теңге және 37,9 %-ға төмендеді, мал шаруашылығы – 5348,6 млн теңге және 3,6%-ға өсті (1-кесте) [5].

Кесте 1.Әйтекеби ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) шығарылымы [4].

Өнімдері , млн. теңге

2006

2007

2008

2009

2010

Барлығы

3100,7

5024,8

7293,4

9653,3

7702,6

Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы

555,9

2250,3

3733,9

4812,4

2345,8

Мал шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы

2544,8

2774,5

3559,5

4836,2

5348,6

Ауылшаруашылығы дақылдарын және жануарларды өсіру саласындағы қызметтің көмекші түрлері

4,7

8,2

2010 жылғы деректер бойынша ауыл шаруашылық өнімдерінің 6,9%-ын жұртшылық шаруашылығы, 5,3%-ын шаруа немесе фермер қожалықтары, 87,8%-ын ауыл шаруашылық кәсіпорындары береді.

Өсімдік шаруашылығының жалпы жер аумағы 2010 жылы ауыл шаруашылығы кәсіпорындар иелігінде 519 мың га, шаруа қожалықтар иелігінде 395  мың  га  болды.  Егістік  алқабының   басым   бөлігі   ауылшаруашылығы кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Жыл сайын егістік алқабы артып келеді. 2006 жылы ауылшаруашылығы дақылдарының анықталған егістік алқабы 171,4 мың га болды, ал 2010 жылы ол көрсеткіш 202 мың га тең болды

2010 жылы дәнді және бұршақты дақылдардың алқабы 181,4 мың га, бидай 175,6 мың га аумақты алып жатты. Ауданының дәнді және бұршақты дақылдарының, бидайдың анықталған егістік алқабы түгелімен дерлік ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа, фермер қожалықтарының үлесіне тиеді. Аудан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, бидай өнімдерін өндіруден облыс бойынша бірінші орын алады [4].

Ауданда өсімдік шаруашылығының өнімдерін өңдеуге арналған 45 адам жұмыс істейтін 4 диірмен «Құмкұдық» ЖШС, «Болашақ» ЖШС, «Щербаков» ЖШС, «Әсем-Наз» ӨК жұмыс істейді [3].

Басқа аудандармен салыстырғанда Әйтекеби ауданында ірі қара мал, сиыр, жылқы саны басым келеді. Жыл өткен сайын малдың саны артып отыр. 2008 жылы 49 мың ірі қара, 22 мың сиыр, 75 мың қой мен ешкі, 5,7 мың шошқа, 7,4 мың жылқы, 62 мың құс болса, 2010 жылы 52 мың ірі қара мал, 22,2 мың сиыр, 80 мың қой мен ешкі, 6 мың шошқа, 8 мың жылқы, 65 мың құс болды. Ауданда қой мен ешкі, құс, ірі қара мал көп өсіріледі

Ауданда 2011 жылы сапалы ет өнімін тапсырумен айналысатын «Асем-Наз» өндірістік кооперативі 52,2 тонна сиыр етін, 16,4 тонна жылқы етін, «Алуа» шаруа қожалығы 45,0 тонна сиыр етін, 7,63 тонна жылқы етін тапсырды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 1-шілдеге дейін «Алуа», «Самет» шаруа қожалықтары мал шаруашылығын дамыту мақсатында етті бағыттағы аналық сиыр сатып алу үшін әрқайсысы 7 млн 600 мың теңгеден 15,2 млн теңге несие қаражатын алды.

2011 жылға Комсомол селосында 1 мал сою пункті ашылды. Оған «Ақтөбе-агросервис» ЖШС 11,0 млн теңге қаражат бөлді (7 жылға лизинг берілді). 5 селолық округте 5 мал сою алаңдары шаруашылық қожа иелерінің өз есептерінен Жамбыл, Қарабұтақ, Құмқұдық селолық оругіндегі Тереңсай, Комсомол селоларында ашылды [6].

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін негізгі көп қажет етілетін мамандар агрономдар, зоотехниктер, ветеринар-санитарлық дәрігерлер және фельдшерлер, инженер-механиктер, ет өнімін және астықты өңдеу, нан пісіру инженер-технологтар, техниктер, электромонтерлар, тракторист-машинистер болып табылады. Осыған қатысты ауданда ауыл шаруашылық мамандарын дайындайтын №9 Әйтекеби кәсіптік-техникалық лицейі бар [7]. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін мамандардың табысының аз болуы да ауыл шаруашылығының ілгерілемеуінің бірден бір себебі. 2010 жылғы статистикалық деректер бойынша орташа айлық жалақы 38959 теңге болды. Ақтөбе облысының басқа аудандарында табыс көзі бұл жылы едәуір артық болды.

Әйтекеби ауданының бағдарламасы бойынша 2015 жылға дейін іске асу қажет жобалар:

  • Ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігін арттыру, 2015 жылға дейін екі есеге өсіру;
  • Жұмыссыздық деңгейін азайту 2015ж. 5,0%-ке дейін (2009ж. — 6%);
  • Тұрғындардың еңбек ақыларының, өмір сүру деңгейінің төмендігін 2015 жылға дейін 4,3% мөлшерге дейін азайту (2009ж. – 5,7%);
  • Ауылды аймақтарды толығымен сумен қамтамасыз ету;
  • 2015жылға жоғарғы деңгейде дамыған ауыл аймақтар санын 98%-ға дейін арттыру.

Әйтекеби ауданында  «Kaz-Kyper» ЖШС іске қосылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бұл өнеркәсіпке бұрылудың бастамасы болып табылады. Ауыл шаруашылығында өнім шығарылымы бойынша Әйтекеби ауданын жыл сайын жоғары көрсеткіштерді көрсетіп келеді. Ауданда шаруашылықты дамыту мақсатында арнайы «Әйтекеби ауданының аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған аймақтық даму бағдарламасы» енгізілді және сол бағдарламаны жүзеге асырылып жатқанын бақылау үшін Әйтекеби ауданының 2011-2015 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы мониторингі дайындалды. Осыларға қарап, Әйтекеби ауданының шаруашылығы алдағы уақытта дамитынын тұжырымдауға болады.

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. Ақтөбе: Энциклопедия. — Ақтөбе: «Отандастар-Полиграфия» ЖШС, 2001. -748 бет.
  2. Мұсаев А.М. Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы. – Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС, 2006. –353 б.
  3. Сергеева А.М. Батыс Қазақстан экономикалық ауданында халықты тұрақтандыру мәселелері //Жас ғалымдар – Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына. Халықаралық конф. еңб. — Алматы, 2001. – 840 б.
  4. Turboreferat.kz сайты
  5. Социально-экономическое развитие Актюбинской области /Департамент статистики Актюбинской области. – Актобе, 2011. – С. 89.
  6. Әйтекеби ауданының аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған аймақтық даму бағдарламасы. – Ақтөбе: Ақтөбе облысының Статистика департаменті,  2011. -84 б.
  7. Malimetter.kz интернет сайты
  8. Ақтөбе облысының аудандары 2010 жылы: Статистикалық жинақ. – Ақтөбе: Ақтөбе облысының Статистика департаменті, 2011. — 154 б.
  9. Ақтөбе облысы Әйтекеби ауданының 2011-2015 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы мониторингі бойынша жедел есептілік. – Ақтөбе: Ақтөбе облысының Статистика департаменті,  2011. — 75 б.