Әбілқайыр әулетінен шыққан өнерпаздар

 Көне кептің байыбына салсақ, көмейіне Жошы хан қорғасын құйғызған домбыра қайтып үн қатпастай тұншықпақ еді. Алайда, ғасырлар өткенде басқа емес – нақ осы әміршінің өзінен өрбіген жұлдызды шоғыр азалы да жазалы аспаптың құдіретіне дүниені қайта табындырды. Жошы заманы тым жырақ – әңгімеміз адасар. Арғы атасы әз-Жәнібек – бұл да бағзы белесі. Бергідегі Әбілқайыр бабаларына алдияр дейік. Иә, әңгіме баһадүр хан ұрпағының тұқымнан тақ тоздырған тегеуріні емес, әулеттен ән оздырған тектілігі хақында болмақ. Әбілқайырдың тікелей мұрагері Нұралының отыз ұлы ішінде, әсіресе, Бөкей, Шығай, Қаратай тарихта аты қалған тұлғалар. Осы үшеуінен басындағы бақты тақтан емес, күмбірлі күй мен әуелеген ән-жырдан тапқан ұрпақ қаншама. Айталық, төре күйдің тәңірі Дәулеткерей, әншілігімен Жайықтың сырнайы атанған Мұхит сал, “Шалқыманың” жаршысы Жантөре хан – дарынымен дара тұрар есімдер!

Бір ғана Бөкейдің балалары – Жәңгір хан, Тәуке, Әділ, Меңдігерей сұлтандар сарайынан күй керуендете шыққан салтанатты топ ше? Тәукеден – Махамбет, Ғабдолхакім, Хабир күйшілер, Әділден – Науша күйші, Жәңгірден – шабытты ақын, шебер домбырашы Шәңгерей тарайды. Меңдігерей де өзімен бір анадан туған інісі Дәулеткерейді тек дәулет пен билікке баулымапты.

Ұлттық мәдениеттің тағы бір көрікті тобы – Қаратаевтар мен Мұхитовтар. Бұлардың көшбасшысы – әнші Мұхит. Мұхиттың атасы да, әкесі Мерәлі – Мерғали Еркінғалиев те рулы ел басқарған бел­сенділер. Мерәлінің Пангерей, Шәңгерей, Мырзагерей, Мұхаметкерей (Мұхит), Сақыпкерей, Жанша (Ақжан) және Жүсіп деген ұлдары болды. Сақып, Жанша, Жүсіптер бірінен-бірі асқан домбырашы болса, Шәңгерей скрипканы сызылта ойнады. Әйтсе де, ағайынды жетеуден оза шауып, “Оралдан ән оздырғаны” Мұхит сал.

Әйгілі аталарының туын жықпай жиырмасыншы ғасырға бұлардың бәрі Қаратаев тегімен жеткен еді. Ұлт азаттық көтерілістің көсемі Қаратай сұлтанның күресі кеңестік тарихнамада әуелі дәріп­теліп, кейіннен есімі қайта көмескіленді. Сірә, Ресей Думасының депутаты, алғашқы үкімет – Қазревкомның мүшесі Бақытжан Қаратаевтың Голощекин саясатын айыптап, қыр көрсете компартиядан шығуынан туған көзқарас салқыны болса керек.

Содан ба, Затаевичтің “1000 әніне” Қаратаев болып кірген Мұхит Жұбановтың “Замана бұлбұлдарынан” Мерәлиев болып шықты. Тап күресі ушығып тұрған заманда Ахаңдай жанашырдың Мұхит мұрасы мен оның кейінгі ұрпағының тағдыры үшін ойлаған сақтығы еді. Сөйтіп, Мұхиттың өзінен тарайтын өнер саңлақтары оның атымен – Мұхитовтар болып жалғасты.

Немере інісі Бақытжан Қаратаевтың айтуынша, ақжарқын, әңгімешіл Мұхит қай төрдің де күткен мейманы болған. Жасында көркіне сұлулар сұқтанған әнші қартайған шағында кең пейілді, келбетіне парасат ұялаған абызға айналып, елдің құрметіне бөленген. Сөйтіп, жас шағында “Күнде той, күнде жиын жүрген жерім” деуі де, егде тартқанда “Мен кепіл өткен жастың келмесіне” дегені де шындықтан шалғай емес. Өмірінің соңында сезім әндерін шырқауды доғарып, Құранның сөзін әуезелейтін ғажайып араби сарынды сопыдай қайталаумен өткен дейді.

“Айдай” мен “Қыпшақ”, “Алуаш” пен “Қилым”, “Айнамкөз” бен “Паңкөйлек”, “Дүния” мен “Зәуреш” әндері Мұхит есімін мәңгілік етті. Мұхит әншілігімен қоса Боғданың, Тазбаланың, Абылдың, Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіре орындаған.

Мұхиттың Шоң (Мұхаметжан) және Нәу деген балалары әке қасиетін өздері мен кейінгі ұрпақтарына дарытқан өнерпаздар. Он тоғызыншы ғасыр соңында ғұмыр кешкен Шоң домбыра мен скрипкада шебер ойнаған. Шоңның балалары Лұқпан мен Ғұбайдолла Мұхитовтар, Нәудің баласы Шайхы Қаратаев атасының ән қазынасын алтындай сақтап, жиырмасыншы ғасырға әкеп табыстады.

Немересі, 1890 жылы туған Шайхыны Мұхит орысша оқытып, әкімшілік қызметке даярлады. Мұхит інілері Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп және осы жасөспірім Шайхы бесеуі қосылып, ол тұста болмаған жаңалық – қазақтың күй әуендері мен орыстың би-вальстерін бес домбырамен күмбірлеткен. Сөйтіп, әдейілеп емес, әсер мен әуестіктен оркестрге бас құраған.

Жиырмасыншы жылдардың басында Орынборда қазақ ән-күйлерін жинаумен шұғылданған Затаевичтің есіл-дерті елге есімі жайылған Шайхыны көру еді. Оралдық жігіттер екеуін кездестірмек болып, Жымпитыға жеделхат жөнелтті. Жауап орнына оның таяуда өмірден өткені туралы өкінішті хабар келді. Қайран Шайхы өзінің “Арман” әнін домбыра шегінде баяу қағумен дем үзіпті. Соңғы сәтте қасында болған өнерпаз жігіт Бақ Жұмағалиев Орынборға келіп, Шайхының “Арманы” мен одан үйренген Мұхиттың “Мұхамедия” мен “Қоңыр әнін” этнографқа жаздырған.

Ал жастайынан Шайхының қасына еріп, Мұхит шығармаларын көкірегіне құйған күйсандық әнші кейінгі Құрманғалиев Ғарифолла деп білеміз. Ғарекең: “Шайхының ән айтқан дауысына үнімді үш тыныс алып барып теңестіретінмін” деп еске алады екен.

Жанарында сал Мұхит жарқылдаған ақиық осылай деп өз дауысын Шайхыдан үш екпін кем бағаласа, аталы-немерелі екі саңлақтың әншілік “ай-дайы” қай қиырдан естілерін ойлаңыз!

Домбыра, скрипка, гитара болсын – аспап таңдамай ойнай беретін Шайхы әншілік жағынан Мұхиттың әндерін өзінен асырып салмаса, төмен орындамаған. Кейінгіге өз үні жетпегенімен, атасының мұрасын Ғарифоллаға, аталас інісі Қамбар Медетовке (Қаратаевқа) табыстаған Шайхы есімі әйгілі әулет өмірбаянының сырлы парағы.

Жұбанов тағы бір Қаратаевты “Мұхит әндерінің қоймасы” атаған. Айтса, айтқандай, Шынтас Мұхиттың қасында көп болып, әндерінің негізін алып қалды. Көбінің шығу тарихын білді. Өзі орындап та, мамандарға жаздырып та кеңінен насихаттады. “Зәурештің” алпыс шумақ дастанын айтты. Кербез бастап, еркелете аяқтап, күміс әуенмен “Қыпшақты” құбылта шырқады. А.Жұбановқа Мұхит туралы еңбек жазуға негізгі мәліметтерді берген осы Шынтас.

Шынтас Қаратай сұлтанның Тілеуінен тарайды. Бір қызығы, Алматыға Шынтастан бұрын әні жетті. Отызыншы жылдары Қазақ радиосында диктор болған Тәмті Ибрагимова Мұхит пен Шынтас әндерін эфирден алғаш орындады. Қаратөбеге келгенде әкесі Зариптің “керуен сарайына” жиі түсетін Шынтастың өнеріне жастайынан тәнті болған Тәмті одан көп ән үйренген еді. “Паңкөйлекті”, “Айнамкөзді”, “Дайдидауды” жұртшылық радио арқылы Мұхиттың өз мәнерінде тыңдады.

Мұхиттың немересі Лұқпан отызыншы-елуінші жылдары Құрманғазы оркестрі мен Қазақ филармониясында ұлттық өнер үшін аса пайдалы еңбек етті. Әкеден ерте қалса да, Мұхит атасының әндерін шырқай жүріп, он бес жасында Шоңның әнші баласы атанды. 1916 жылы майданның қара жұмысына алынды. 1933 жылы түйе өсірудің үздігі ретінде Алматыға слетке келді. Астанада оның атына сыртынан қанық Ахмет Жұбанов кездестіріп: “Жаңа құрылып жатқан музыка кабинетіне жұмысқа қаласың” дейді. “Апыр-ай, түйелерім…” деп Лұқпан қиналады. Өнер комиссиясындағы Әуезов, Жұбанов, Брусиловскийлер: “Түйе бағатын сенімді адам табылар” деп көндіреді. Содан Қазатком оркестрінің бас домбырашысы болып орналасты.

Мұрағат қорында жайсаң азаматтың әр жылдары өз қолымен жазған өмірбаян парақтары сақталыпты:

2 қараша 1940 жыл: “Мен Лұқпан Шоңұлы Мұхитов 1894 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында Жақсыбайда тудым. Әкемнің әлеуметтік тегі кедей шаруа. 1841 жылы туған атам Мұхит үш айдай старшындықпен айналысып, одан кейін тек ән-күймен шұғылданған. 1918 жылы қайтыс болды. Кіші інім Ғұбайдолла Мұхитов 1937 жылдың қазанында саяси жағынан қамалып, он жылға жер аударылды. Кейіннен кінәсіздігі анықталып босатылды. Қазір Алматы облысындағы Қапал педучилищесінде оқытушылық қызметте. Өзім 1929 жылы колхозға кіріп, екпінді болып жұмыс істедім. 1933 жылы Алматыда бақташы-малшылар слетіне делегат болып қатыстым…”.

23 сәуір 1955 жыл: “Домбырашы әрі скрипкашы әкеміз Шоңның өнері бәрімізге дарыды. Ағаларым Шайхы, Махмұт, інім Ғұбайдолла бәрі де қайтыс болған. Өз балаларыммен бірге інімнің баласы Сапар Мұхитовты тәрбиелеймін. 1934 жылдан бері Құрманғазы оркестріндемін. Мұхит атамның жеті-сегіз күйін, елудей әнін жаздырдым…”.

Осындай өмірбаянның бірі концертмейстер Лұқпанды Сталиндік сыйлыққа ұсыну үшін жазылған екен. Белгілі себептермен ұсыныс халық әртісі атағы мен “Құрмет белгісі” орденіне түзетіліпті. Еңбегі лайық болғанымен, жоғары жақтағылар сақтық жасаса керек. Лұқпанның өзі әлеуметтік тегінен ақтала да сақтана жазып отырса, мәдениет басындағыларға қалай кінә қоярсыз.

Лұқпан тәрбиелеген Сапар Ғұбайдоллаұлы Мұхитов та Чайковский училищесін бітіріп, 1960-шы жылдары Құрманғазы оркестрінде ойнады.

Музыкант Мұхитовтардың соңғы ірі қайраткері арамыздан күні кеше өткен атақты домбырашы Құбыш Әшімұлы Мұхитов. Құбыштың анасы Зейнеп Нәуқызы Мұхитова – Шайхының қарындасы. Колхозшы Зейнеп 1935 жылы Алматыға келіп, Құрманғазы оркестріне орналасты. Сол жылдары оркестрдегі небәрі екі әйелдің бірі осы Зейнеп еді. Бармағынан бал тамған домбырашы өнер ұжымында жиырма жыл табан аудармай өнер көрсетті.

Құбыш сегізінші сыныпты бітірген 1943 жылы осы оркестрдің ең жас күйшісі болып қабылданды. Сөйтіп, анасы екеуі отызыншы жылдары жазықсыз кеткен ағаларының орнын ойсыратпай, өз та­ланттарымен оркестрдің күйін құйқылжытты. Алдарында аман жүрген екі аға – Науша Бөкейханов пен Лұқпан Мұхитовқа арқа сүйеді.

1950 жылы консерваторияның халық аспаптары факультетін бітірген Құбышты Ахмет Жұбанов осында жұмысқа алып қалды. Кафедра меңгерушісі, декан, проректор бола жүріп, өнер шаңырағына өмірінің соңғы күніне дейін 55 жылын түгел арнады. Домбыраға үйретудің әдістемесін жасап, оқулықтар жазды. Педагогтік және орындаушылық дарынымен танылған Құбышты А.Жұбанов жастайынан-ақ “домбырашылар ұстазы” атаған еді. Профессор Мұхитов баптаған шәкірттер қатарында Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Қарабалина, Мағауия Хамзин, Шәміл Әбілтаев, Құрманғазы оркестрінің дирижері Айтқали Жайымов пен сазгер Кенжебек Күмісбеков есімдерін атасақ, Ахаңның сәуегейлігі айнымай келіпті.

Осы мақала авторына Құбыш аға айтқан бір сыр бар еді. Құпиялағаны ма, әлде жариялағаны ма – бірақ анасы атынан айтылған ақиқат болған соң біз де білдіре кетелік. “Менің атам Ақшолақ Сарығожин 1884-1915 жылдары Қаратөбеде болыс болған, тарихта әйгілі адам. Анам Зейнеп Алматыға келгенде әкемнің болыс баласы екенінен сақтанып, мені төре тұқымы болса да Мұхит жарлы деп өз тегіне жаздырды” деген еді. Арғы тегін айтпағанда, ағайыны, “1000 ән” корреспон­денттерінің бірі, шебер домбырашы Әміржан Сарығожиннің де 1937 жылдың құрбаны болуы, Ресей армиясының полковнигі (бір деректерде – генералы), Алашорданың әскери қайраткері Сабыр Сарығожиннің жиырмасыншы жылдары Англияға өтіп кетуі Зейнепке жалғыз ұлын заман кәрінен аман сақтаудың амалын ойлатса керек.

Ұлт мәдениетінде Құрманғазы оркестрінен бұрын да Мұхитовтар мәйек болған оқиғалар бар. Мысалы, Затаевичті этнограф ретінде танытқан “Қазақ халқының 1000 әні” еңбегінің бастамасына белгілі бір дәрежеде Лұқпанның туған інісі Ғұбайдолла Мұхитов ұйытқы болды десек ше? 1921 жылы Ғұбайдолла Орынбор атты әскер командалық құрамы мектебінің курсанты еді. Курсант демесек, Ғұбайдолла 1916 жыл майданының тыл жұмысынан өткен, Алаш әскерінің құрамында ұрыстарға араласқан – бұрыннан-ақ ат ойнатқан ұлан-ды. Күнбатыс алашорда әскері Кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейін атты әскер командирлігіне оқып жатқан кезі. Сол жылдың қаңтар-ақпан айларында Затаевич одан арасында өз атасы Мұхиттың төрт әні мен “Теріс күйі” бар алғашқы он үш шығарма жазып алды. Өнертанушы Мұхит әндерінің көркемдік-бейнелік сипатына қайран қалды. Олардың тәкаппар, кең тынысты, аңыз рухындағы сарыны музыка маманының қазақтың әуен-сазына деген құлшынысын оятты. Келесі күндері Ғұбайдолла зерттеушіге атты әскер мектебінде бірге оқитын семейлік, торғайлық жолдастарын ілестіре келді.

Осылайша, “1000 әннің” алғашқы материалдары жинақтала бастады. Наурыз айында Халық ағарту комиссариатының отырысында жазып алынған әндердің құндылығына баға беретін комиссия құрылды. Құрамына комиссар Ахмет Байтұрсыновтың өзі және орынбасары, азық-түлік комиссары Мұхтар Саматов, Ғұбайдолла Мұхитов пен Ғабдолхакім Бөкейханов кірді.

Қазақ Орталық атқару комитетінің мүшесі Ғабдолхакім Жәңгір ханның ағасы Тәуке сұлтанның немерелері, ағалы-інілі үш домбырашының ортаншысы. Ағасы – Махамбет, інісі – Хабир Бөкейхановтар. Комиссия мүшелерінің ұсыныстары, талқылаудың хаттамалары мұрағатта сақтал­ған. “Жинаққа “Гурьев” әні енгізілмесін, өйткені ол осындағы “Ақ теңіз” әнінің қайталанған түрі” депті Ғұбайдолла. Ғабдолхакім “Қанауыз” әнінің әлсіз жазылғанын атапты. Пікірін дәлелдеу үшін осы әнді өзі орындап берген екен!

Музыка мэтрі ән-күй жинау барысында Ғұбайдолла мен Ғабдолхакімнің көмегіне кейін де талай жүгінді. 1922 жылдың жазында Ғабдолхакім ақыры комиссиядағы қытымыр сарапшыдан қазыналы толықтырушыға айналды. Ол орындаушылығы жағынан өз ағасы Махамбетпен, ұстаздары Салауаткерей Шығаев және Макар Жапаровпен шендесе алмағанымен, он саусағынан күй құйылған домбырашы болатын. Затаевич одан Дәулеткерейдің, Құрманғазының, Тұрыптың, Әлікейдің, Макардың аттарын тұңғыш рет естіп, Мүсірәліден Сейтекке дейінгі бөкейлік ірі домбырашылардың тізімін жазды.

Орал қаласында екінші басқыш мектепте мұғалім болып жүрген Ғұбайдолламен Затаевич екінші рет 1927 жылы осында кездесті. Сабақтар мен конференциялардан қолы босамайтын өнерпаз орынборлық ескі танысына көп қарайлай алмаса да, осы жолы сегіз күй жаздырды. Әсіресе, қоржынына “Абыл”, “Нарату”, “Өтті-кетті”, “Таз бала” секілді салиқалы дүниелер түскенін жинаушы керемет сәттілік санады. Оралдағылар мазасыз Затаевичті Бөкей ордасына жіберуге асықты. Сөйтіп, бөкейліктегі сол тұстағы атышулы екі домбырашы – Махамбет пен Науша Бөкейхановтар тынымсыз зерттеушінің “құрығына түсті”. Ата дәулетінен әлі ажырай қоймаған Махамбет Қарағай жайлауында, Науша Шоңай маңында шаруаларын күйттеп отыратын.

Жәңгір ханнан кейін Бөкей ордасын Уақытша кеңес деген әкімшілік атаумен он жыл інісі Әділ Бөкейханов басқарды. Күйші, 1870 жылы туған Науша Мырзагерейұлы осы Әділдің немересі. Наушаның анасы Шахзада – Салауаткерей күйшінің қызы, Дәулеткерейдің немересі. Салауат нағашысы мен Макар күйшіге шәкірт болып, Дәулеткерейдің дәстүрін тікелей жалғастырды. Көз көргендер кейіптейтіндей, орта бойлы, ашаң жүзді, жұмсақ мінезді, байсалды да әдепті, болмысынан рақымшылық есіп тұратын Науша күй тартқанда да сол жайсаңдықтан, кең пейіл­ден, ұлттық саздағы сыршылдықтан айнымаған. Затаевич оны халықтың тамаша суреткері, әуен­нің шабытты шайыры атап, осы өлкедегі ең үздік домбырашының даңқын ол тек Махамбетпен ғана бөлісе алады деп мәлімдеді. Сөйте тұра, Науша “Жошы хан” маршын өзінің орындауында нотаға түсіруге үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені, осынау сарынды Махамбеттей ерулі де шерулі шертетін адам жоқ деп есептеді. Махамбеттің алдын орағаны – күйге қиянат жасағаны! Ғасырлар бойы билік бақталасында бір-біріне есе жібермеген әулет өнер бәйгесінде өзінен жүйріктің алдын шаңдатпаған.

Бөкейлікте дәуірлеген бұрынғы күй тәңірлерінің ізбасарлары Махамбет пен Науша осы жолы Дәулеткерей мен Құрманғазының, Түркеш пен Әлікейдің, Жантөре мен Байжұманың, Баламайсан мен Қарабастың, Тұрып пен Макардың алпыс күйін нотаға түсіртіп, кейінгілерге мұра етті. Науша берген Құрманғазының “Демалыс”, “Кісен ашқан”, “Терісқақпай”, Дәулеткерейдің “Жігер”, “Керілме” күйлерін музыка мамандары ұлттық саздың классикалық туындылары деп бағалады. Қазақ әнінің құнтшысы осы жолы Орал даласынан алпыс күйге қоса алпыс ән алып қайтты.

Көп кешікпей төрт түлік дәулетін колхозға тапсырып, жер аударылғандай Алматыға жеткен ағайындылар жаңадан ашылып жатқан өнер шаңырақтарын сағалады. Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды ән-күй жанашырларымен араласып, музыка шеберханасын, Құрманғазы оркестрін, ұлттық филармония құруға талантымен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де өлшеусіз үлес қосты. Орындаушы, ұстаз, жетекші, дирижер, концертмейстер ретінде аталған ұжымдардың ұйтқысы мен тірегіне айналды.

Макардай топжарғаннан тәлім алған, Тұрып пен Әлікейдің алдын көрген Махамбеттің ендігі “шәкірті” Жұбанов болды. 1933 жылдың сәуірінде Ахаңмен танысқанда Махамбет орта жастағы кісі екен. Қолындағы ұзын мойын, он бес перне, кварта күйлі домбырасынан басқа мал-мүлкін ортақ ұжымға өткізіп келген беті көрінеді.

Әйтеуір, атадан қалған дәулет емес, әулеттен қонған дарын тәркілеуге жатпасына ағайындылар сенімді еді. Етене араласқан үш-төрт жылда Махамбет Брусиловский бар, басқасы бар – бәріне шыққан тегімен емес, өнердегі тектілігімен “Махаң” деп бас игізді. Соған қарамастан Махамбет халық жауы жаласымен құрбан болды. Ғұбайдолла айдаудан оралып келсе де астанаға кіре алмай, Алматы маңындағы ауылдарда домбыра үйірмесін ұйымдастырып жүрді. Наушаның ғана өнері бағаланып, халық әртісі атанды. Консерваторияда домбырадан тәлім берді. Шәкірттерінің бірі – саусағы саз Нұрғиса.

Ән-күй дегенде албырт та әуесқой, табиғат орындаушылық қабілет пен мінсіз мәнерді мол сыйлаған Ғабдолхакім Бөкейханов Мәскеуде Тимирязев академиясында оқыды. Осында 1923 жылдың 31 желтоқсанында Затаевичке “Соқыр Есжан”, “Қосалқа”, “Шалқыма”, “Мерген күйді” ке­лістіре шертті. Жиырмадан астам күй мен халық әнін нотаға түсіртті. Ағасы Махамбет Дәулеткерей мен Құрманғазының 28 күйін, інісі Хабир 9 ән жаздырып, өнер шежіресінде есімдерін қалдырды.

Ұлы мұраға үн қосқан үш қоңыр қаз-ай! Тарихта Бөкей ордасының 100 жылдық салтанатына Петербургке барып, патшаға кірген Нұрмұхамет сұлтаннан тете туған үш ұлан өнер көгінен бір сәтте жоғалар деп кім ойлаған…

Болашақ мемлекет қайраткері Ғабдолхакім кезінде Салауаткерей мен Макардан үйренген күй нұсқаларын өздерінен айнытпай орындайтын талант иесі еді. Нотаға түсіру кезінде шығарманы қанша рет қайталап ойнаса да, бір жерінен ауытқу, мүлт кету дегенді білмеген. Екпін мен ойнау еркіндігіне қарап, көне көздер оны Салауаткерейдің өзі деуші еді. “Ақ желеңді” Салауаттың дәл өзіндей Макар екеуі ғана тарта алған. Ғабдолхакім 1937 жылы тұтқындалып, келер жылы атышулы “Горячев тізімімен” С.Сейфуллин, Қ.Жұбанов, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, Ғ.Тоғжанов, С.Асфендияров секілді 39 ұлт қайраткерімен бірге 25 ақпан күні атылды.

Ұлттық өнерде есімі қалған әуесқой әншінің бірі Ерғожа Қаратаев. Егде жасында радио арқылы ән орындап жүрді. “Сол кезде Ерғожа Қаратаевтың, сірә, алпыстан асқан шағы, – деп еске алады оны отызыншы жылдары көрген өнер зерттеушісі Ерзакович. – Ерғожа қазақ ауылының үлгісімен жинақы тігілген сыпайы киім киіп жүретін. Ақылды, ашаң жүзінен, адамға ілтипатпен қарайтын үлкен қой көздерінен, жұқалтаң да сымбатты тұла бойынан, салмақты сөзінен дегдарлық пен байсалдылық есіп тұратын. Сыртқы келбетімен, адамға ілтипатымен, сондай-ақ әншілік үні, орындау үлгісімен ол маған халық сазгері Естайды елестететін. Кәсіби әнші демегенмен, ол басқалар біле бермейтін халық әндерін орындайтын. Өкінішке орай, өмірбаяндық мәліметтерін жазып алмаппын”.

Ерғожа радиодан әнді ұстамды, поэтикалық және музыкалық мәтіндегі маңызды деген сөздерді мәнерлей, тенор даусымен қоюландыра шырқайтын. Сонда “Дүние қызыл түлкі бұлаңдайсың, бақ тайса бас пен дәулет құра алмайсың” деп әспеттей салар бір әуен “Әлеуша” еді. “Алма мойын еркеммен көрісе алмай, аттандым асығыста Орынборға” деп Бекеннің әнімен аңсататын. “Жез оймақ”, “Қапия”, “Мәулен”, “Күлдарай” сынды сырлы саздарды қоңыр жыраулататын.

Әулет шежіресінен хабардар адамға Ерзакович өкінішінің орнын толтыру қиынға соқпайды. Қаратай сұлтаннан Шонық, Шонықтан жеті ұлдың кенжесі болып Ерғожаның әкесі Медет туған. Медеттің ұлы, 1875 жылдың түлегі Ерғожа Орынбор гимназиясын бітіріп, елде заң, ағарту салаларында қызмет етті. 1930-ыншы жылдары баласы, атақты күйші Қамбармен бірге Алматыға келді.

Кейінгілер Ерғожадан гөрі баласы Қамбар Медетовті біліңкірер. Өйткені, күйшіліктің ғажабы мен азабын қатар шеккен шабыттың шандозы сол емес пе? Мамандардың бағалауынша, өз тұсында оның перне басу аппликатурасын ала алатын адам болмаған. “Арынғазы”, “Ақжелең”, “Боғда”, “Қарасай”, “Қостайбек” – Қамбар күмбір қақтырған күй қаншама! Солардың ең үкілісі – “Ақсақ құлан”. Оны тартқанда қос ішектен бірде адам даусына, бірде керней үніне тән әуезділік үндесе екпіндер еді. Шанақтан әлдебір қайталанбас гуіл, әсем күмбір есіле құйылып, тыңдаушыны сиқырлы әуен арбап алар еді. Кезінде қатыгез Жошы тұншықтыра алмаған домбыра үні, әттең, Қамбармен бірге Қиыр Шығыста, Хабаров өлкесінде өшті ғой…

Қамбар әңгімелеген аңыз бен орындаған күй-симфония әсерімен ақындар қанша дастан жазды! “Жел айдап, қонарын тек сайлар білген, Атой сап ат үстінде айлар жүрген, Қаптаған жаугер тобыр, жойқын жасақ…” деп, Қалижандар күй екпінін жырымен жалғап кетті. Алайда, хас шебердің өз есімі көп жылдар айтылмай жүрді. Рухы асқақтағаны ғасырмен бірге келген жүз жылдық мерейтойы кезі. Сол игілікті шараның басы-қасында Қамбардың жиен немересі, бір кезде Қамбар іргесін қаласқан Құрманғазы атындағы консерваторияның ұстазы Айжан Рахман­құлқызы Бердібай жүрді. Орны бар оңалар, Айжанның анасы – Бибізада Қамбарқызы.

Өнерпаз Қаратаевтардың қатарында қайраткер Бақытжанның өз балалары да бар. 1928 жылы Қазақтың ұлттық атты әскер полкі Қызылордадан Алматыға жорықпен орын ауыстырды. Полк туын желбіретіп, сайын далаларда, адыр-қыраттарда “Қазақ маршын” шырқатып комиссар Шәміл Қаратаев қол бастап келе жатты. Шәміл азамат соғысы жылдарында “қызылдар” жағында күресті. Қазақтың 1-атты әскер дивизионының комиссары болды. Ұлттық атты әскер құру мен нығайтуға жиырма жыл өмірін жұмсаған қолбасшы қайраткер. Ол Затаевичке әскери марш жаздырды. “Тұрымтай”, “Әсет”, “Әмірхан” әндерінің негізінде жазылған жорық жырын 1934 жылы “Госиздаттың” музыка секторы басып шығарды.

Шәмілдің әні 1937 жылы үзілді. Оның туған інісі, бізге Затаевич “жас қазақ интеллигенті, аса мәдениетті, жігіттің сұлтаны” деп таныстыратын Мұрат Қаратаев та жас дегенімен, ат сайлап, қылыш қайраған әскери атақ-мансап иесі. Бұрын – юнкер, одан – Алаш жасағының сарбазы, енді – 1-атты әскер жауынгері. Сөйте тұра, тұла бойы толған ән. Зерттеушіге халық әндері “Өрлеші” мен “Ақсақ қызды”, Мұхиттың “Жайма қоңыры” мен “Ахауын” ғана жаздырып үлгеріп, Мұрат Ташкентке асығып аттанады. Оралған соң ән-күйдің астында қалдырам деген уәдесінің орындалуына тағдыр жазбады. Жайықтың көне әндерін көп білетін, олар туралы мәліметі де мол Мұраттың бұл ақырғы сапары еді… Затаевич өкіне отырып, ол қалдырған төрт әнді қосып, жинағын “1000-ға” жеткізді.

“Қазақтың 1000 әнінде” қолтаңбасы қалған Баязит Қаратаев, Бақтығали Сәлімов, Збайда Айшуақовалар да қайраткер Бақытжанның немере жұрағаттары. Өзінің “Қазақтың 1000 әні” мен “500 ән-күйін” Затаевич сыпайылықпен ұжымдық еңбекке балаған. Басқаларды үлес-пайыздап жатпай-ақ, оған енген 150-дей ырғақ пен сазды, яғни оннан бір бөлігін – бір әулет адамдары, Әбілқайыр тұқымының өнерпаздары бергенін айтсақ, бұл мойындауының жаны бар.

Құрманғазы оркестрінің атасы Ахмет Жұбанов екендігі өнер тарихында барша мойындайтын талассыз ақиқат! Дегенмен, бір кезде Ахаң өз қолымен жазылған “Махамбет Бөкейханов” деген баяндама-естелігінде оркестрдің құрылуына қатысты кейбір қызықты жәйттерді алға тартыпты. Осыдан жарты ғасыр бұрын – 1959 жылдың 17 қарашасында бір данасына қолтаңбасын жазып Махамбеттің отбасына берген естелігінде Ахаң: “Көп кешікпей Махамбеттің күшімен кабинет домбырашыларының, техникум студенттерінің қатарынан ансамбль құрылды. Концертмейстерлері Махамбет Бөкейханов пен Қамбар Медетов болды. Ауызша күй үйретудің (домбырашылардың нота білмейтін кезі) шебері Лұқпан Мұхитов еді. Ансамбльге мен, Махамбет пен Қамбар үшеуміз кезек дирижерлік еттік” деп оркестрдің даңқын ағайындылармен бөлісіпті.

Мұхиттың әндері, әулет өнерпаздары жаздырған әйгілі шығармалар кеңес композиторларының жаңа туындыларына кірпіш болып қаланды. Е. Брусиловский “Қыз Жібек” операсына “Үлкен Оразды”, Жібектің ақырғы ариясы етіп Мұхиттың “Дүния” әнін енгізді. Төлегеннің соңғы сәтіндегі “Алты қаз” күйін Қамбардың орындауынан алды. Мұхиттың “Алуашын” “Жалбыр” операсына кіргізді. “Айнамкөзін” Ерзакович квартетіне арқау етті. “Зәурешті” Шаргородский мен Шабельский еншіледі.

“Зәуреш” әні жөнінде өз алдына әңгіме етуге әзірміз. Әзірге талас тудырып жүрген бір мәселеге қатысты пікірмен шектелейік. Әңгіме әннің рухани авторы (шын авторы – Мұхит) Зәурештің әкесі Медет хан хақында. Әннің шығу кезін анықтау үшін уақыт пен кеңістікке кейде тарихшы көзімен қарау керек. Медет ешқандай хан емес, отыз ұлы да болмаған. Бөкейлікте 19-ғасырда өмір сүріп, әкімшілік қызмет атқарған Медетқали Шөкіұлы Нұралиханов. “Уай, Зәуреш, сенің үшін елден келдім” дегені – сонау Еділ бойынан Ырғызға ат арытуы. “Сен қалған отыз ұлдан едің, Зәуреш” дегені – Медеттің әкесі Шөкі сұлтан Нұралының отыз ұлының бірі. Екіншісі – Бөкей, үшіншісі – Шығай, тағысын тағы. Зәурешті жалғызға балауы, бәлкім, осы әулетке қатысты айтылатын “Нұралының отыз ұлы” нақылын тілге тиек еткені шығар. Әкесі аяулы қызын қияндағы Ырғызға неғып, қашан ұзатып жүр? Перовский Жәңгір тұқымын Орданы басқарудан шеттету үшін ел ішінің арыз-шағымын пайдаланып, 1859 жылы Медетқали мен інісі Ескендірді үй-ішімен Орынбордың теріскейіне жер аударды. Еліне 1861 жылдың күзінде оралды. Зәуреш сол көші-қон кезінде 25 жастағы Әлмұхамет Сейдалинге тұрмысқа шығып, жырақта қалған. Әкімдік қызметтегі әскери адам Әлмұхамет Зәурештен кейін көп жыл тұлбойдақ жүріп, тек 1869 жылы Сүлеймен Жиһангеровтің қызы Халифаға үйленді. Қайраткер Жанша Сейдалиннен бастап он ұл-қыздың бәрі Халифадан туған.

Әбілқайыр немересі, Айшуақ баласы Жантөре хан күйдегі “Шалқыма” жанрының негізін салушы. Атасы мен әкесінен қолбасшылық зәузат дарыған Жантөре жасында Сырым батыр жасағына ерді. Талай ұрыста ойқастап, талай айқастан аман шықты. 1805 жылы әкесі Айшуақтың орнына таққа отырды. Ағайынның алауыздығы мен Ресей саясатының қыспағынан тосылған сәттерде екі ішекке ерік беріп, “Көбік шашқанын” бебеулетіп, қаһары мен күйінішін күй құдіретімен жеткізген.

Әбілхайырдың тағы бір немересі Шығай хан балаларының ішінде тағдыры қызығы Дәулеткерей. Шығайдың ағасы Бөкей ханның үш әйелі болды. Бәйбішесінен Тәуке мен Әділ, Атан ханшадан Жәңгір туды. Үшінші әйелі Жұмадан Меңдігерей есімді ұл сүйді. 1815 жылы Бөкей қайтыс болғаннан кейін Жұма әмеңгерлік жолымен Шығайға қосылды. Одан туған Дәулеткерей балалық, жастық шағын ағасы Меңдігерейдің қамқорлығында өткізді. Жәңгірлермен еншілес болды. Жиырма жеті жасқа дейін “сұлтан Дәулеткерей Бөкейұғылы” есімімен жүрді.

Екі шаңыраққа тел өсіп, жастайынан билікке бейімделген Дәулеткерей 1852 жылдың ақпанынан бастап ноғай, 1860 жылдың сәуірінен бастап шеркеш руларын басқарды. Әйтсе де, Жантөре хан секілді мұның да атағы кейінгі ұрпаққа әкімдік әмірімен емес, ерен өнерімен – “Қосалқадай”, “Қосшектей”, “Құдашадай”, “Ақжелеңдей”, “Ақбаладай”, “Мұңдығыздай”, “Бұлбұлдай” сылқым саздарымен әйгіленді.

Күй керуенін Дәулеткерей, ән шеруін Мұхит бастап, әлеуметті сазбен тербеп, сарынмен тебірентіп өткен ардақтылардың әрқайсысына еншілі әңгіме арнауға дерек жетер еді. Олар қалдырған рухани мұра мен өздері туралы айтылар лебізді бұл жолы әулеттік портретке жиып-тердік.

Араларынан бір бекзатының: “Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп, кейінгі ұрпақтарым есіне алар” деген өсиетін ұмытпақ емеспіз. Мұны – тек өзін емес, әулеттен шыққан барша шандозды алдағы күнге арыздаған аманат-мұң деп қабылдайық.

Авторы: Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ.