1с. Б.з.д. VI ғ. дейінгі тайпалардан қазақ мемлекетінің белгілері

Б.з бұрынғы бірінші мыңжылдықтың басында мал шаруашылығы мен егіншіліктің едәуір дәрежеде қарқынды дамуы, кен өндірісінің жолға қойылуы сол қоғамдағы өндіргіш күштің дамуын басып озды. Темірді пайдаланып үйрену, одан әр түрлі еңбек құралдарын жасау да өндіргіш күштердің даму қарқынын күшейте түсті. Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар санының өсуі мен өндірістің даму деңгейі арасында теңсіздік пайда болды. Мал санының өсуі дәстүрлі шаруашылыққа айналды. 
       Адамдардың негізгі тұрмыс тіршілігі мен әл-ауқаты мал өнімдеріне байланысты болғандықтан жаңа өндірістік қатынастар қажет болды. Бұл жағдайдан шығудың сол кезде екі түрлі жолы бар еді. Біріншісі, егіс көлемін бірнеше есе көбейту және мал басын одан әрі көбейте отырып, малдың қыстық шөбін көбірек дайындау. Бірінші жолды таңдауға Қазақстан жерінің табиғаты мен климаты сәйкес келмеді, яғни суармалы егіншілікті дамытуға суландыру жүйелері жеткіліксіз болды және оны дамыту мүмкін болмады. Екіншісі, малды қысы-жазы далада жаятын интенсивті көшпелі мал шаруашылығы еді. 
      Қазақстанның кең-байтақ аумағы жері мен табиғат ерекшеліктері де көшпелі мал шаруашылығын өркендетуге ыңғайлы болатын. Еуразия далаларын мекендеген тұрғындардың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, бұл ұлы далада тек көшпелі өмірмен ғана тіршілік етуге болатындығы дәлелденген еді. 
     Қола дәуірінің соңғы кезеңінде басталған көшпелі мал шаруашылығына ауысу ежелгі Қазақстан тайпаларының тарихи дамуының жаңа кезеңімен байланыстырылды. Осылайша шаруашылықтың үрдісі дамуы нәтижесінде б.з. бұрынғы бірінші мың жылдықтың басында Қазақстан аумағында алғашқы көшпелі тайпалар пайда болды. Көшпелі мал шаруашылығына көшу далалар мен шөлді аймақтарды мекендеген тайпалар өмірінде сол кездегі жағдаймен салыстырғанда ірі экономикалық алға басушылық еді. Б.з. бұрынғы бірінші мың жылдықтың алғашқы ғасырларында Қазақстанның кең байтақ далалары мен шөлейт жерлерінде жартылай көшпелі мал шаруашылығы шаруашылықтың басым және негізгі түрі болып орнықты. 
       Ерте темір дәуіріндегі Қазақстан жеріндегі тайпалар мен халықтардың ежелгі тарихын зерттеуде жазба деректердің елеулі рөлі бар. Осы мәліметтерге қарағанда, Қазақстан жерінде тұрған ежелгі тайпалар темірден заттар жасауды игеріп, қуатты тайпалы одақтар құрған. Темірді игеру өндіргіш күштер дамуындағы ірі төңкерістердің бірі болып табылады. 
       Андрон мәдениетінің Нұра кезеңінен бастау алған мал шаруашылығы Алакөл-Атасу кезеңінде малды көшіп жаюға ауыса бастады. Яғни, Қазақстан жеріндегі көшпелі мал шаруашылығын б.з.д.1 мыңжылдықтың басында қалыптаса бастады деп айтуға толық негіз бар. Бұл кезде қолға үйретіліп өсірілген малдардың ішінде жылқы, түйе және қой түлігі көбейіп, жыл маусымына немесе жайылымға қарай жиі көшу дағдыға айналды. Жоғарыда аталған үш түліктің көшпелі шаруашылыққа төзімді екені белгілі. Ал сиыр малы ұзақ көшке ілесе алмайды және қыста тебіндеп жайыла алмайды. Сиыр малы отырықшы халықтарда ғана көптеп өсірілді. Аталған үш түліктің көшпенділер қоғамында, одан бертін келе көшпелі қазақ қоғамында, олардың тіршілігінде орасан зор маңызға ие болғандығы халық ауыз әдебитеінде, тұрмыс салт жырларында және т.б. көрініс тапқан. Қазақтар өз балаларын жақсы көріп еркелеткенде «ботақаным», «құлыным», «қошақаным» деп те атайды. Ал, «бұзауым», «лағым» деп айту дөрекілеу естіледі. 
       Еуразияның ұлы даласын мекендеп қана қоймай, осы даланың ұлан-байтақ кеңістігін еркін билеген, оның табиғи байлығын, географиялық орналасуын көшпелі шаруашылыққа икемді пайдалана білген тайпалар көшпенділердің ұлы өркениетін де жасай білді. Әсіресе жылқы малын көлікке де, тағамға да, тұрмысқа да тиімді пайдаланған көшпелі тайпалар осы түлікке қатысты ұлы жаңалықтар да ашты. Мысалы, ат әбзелдері мен жылқы малынан алынатын тағамдар кейіннен басқа өркениеттерге де таралды. 
      Көшпелілер өркениетінде жерге жеке меншік болған емес. Жер бүкіл тайпаның, қауымның меншігі болып саналды. Көшіп-қону мен жайылымдарды тайпа басшылары реттеп отырды. Байлық пен бедел мал санының, әсіресе жылқы санының көптігімен өлшенді. 
       Көшпелілер өркениетіне баға беруде көпке дейін моноцентристік, еуроцентристік және шовинистік көзқарастар басым болып келді. Бұл көзқарастар бойынша Еуразияның далаларын мекендеген көшпелілерге «жабайы», «тағылық» тұрмыста өмір кешті және мәдениет пен білімнен, өркениеттен мақұрым қалғандар ретінде баға берілді. Тіпті «көшпелілер өркениеті» деген термин қолданылмады да. Бұл көзқарастар көшпелілер мәдениетін шала білгендіктен және азиялық өркениетті менсінбеушіліктен туған еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жоғарыда аталған көзқарастарға батыл соққы берілуде. Көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениеттің құрамды бір бөлігі болғандығы көптеген тарихи, археологиялық ескерткіштермен, еліміздің танымал тарихшылары мен мәдениеттанушыларының еңбектерімен дәлелденуде. 
      Қолдарына көп мал жинаған бай-шонжарлар өз тайпаларымен бірге жайылым жерлерді үнемі ауыстырып отырған, олар қоғамдағы ықпалды күшке айнала отырып, далалық және шөлейт жерлерді интенсивті түрде игере бастаған. Осы заманда мал және жайылым жерлер үшін тайпалар арасында жиі-жиі соғыстар болды. Бұл соғыстардан әскер және тайпа басшылары байыды. Әскер басшыларының беделі артып, олар бейбіт уақытта да халықты билеп отырды. Маңызды мәселелерді шешу үшін ақсақалдар кеңесі құрылды. Тонаушылық соғыстардың жиіленуі және шаруашылықтың дамуы бірнеше тайпалардың бірігуін қажет етті. Осылайша экономикалық және саяси себептерге байланысты тайпалық одақтар құрылды.

Сақ, үйсін, қаңлы, ғұн мәдениеттері 

      Б.з. бұрынғы VIII-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпалары туралы археологиялық материалдармен қатар жазба деректер де кездеседі. Бұл тайпалар ежелгі иран және грек жазбаларында, Авеста діни кітабында және тағы басқаларында сақтар, азиялық скифтер немесе «жүйрік атты турлар»және т.б. деп аталады.
Зерттеуші ғалымдардың пікірінше сақ тайпалары үш топқа бөлінеді. Олар: 1. Теңіздің арғы жағындағы сақтар (тарадариандар), 2. Шошақ бөрікті сақтар (тигрохаудалар), 3. Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаомаваргалар). Сырдария бойы мен Арал теңізі маңын мекендеген сақ тайпалары тарихи деректерде массагеттер деп аталады. Сонымен бірге жазба деректерде солтүстік дохтар (дайлар), батыста савраматтар, орталықта исседондар, солтүстік-шығыста аримаспылар мекендегені туралы айтылады.
Қазақстан аумағында мал шаруашылығымен айналысқан тайпалар туралы зороастриялық жинақ Авестада айтылады. Бұнда Ирандағы отырықшы мал өсірушілер және егәншілермен бірге қазіргі Орта Азия мен Қазақстан аумағын мекендеген көшпелі тайпалар туралы мәліметтер кездеседі. Аталған жинақта көшпелі тайпалар «турлар» деген жинақталған атпен аталады. Парсы патшасы Дарийдің Бехистун жазбасында былай деп айтылады: «мен сақтардың әскерлерімен бірге теңіздің арғы жағындағы сақтар еліне бардым, бұл ел шошақ бөрік киеді. Содан кейін теңізге жақын кеме көпірін қайтадан өз орнына қойдырдым. Осы көпірмен мен елге өттім, сөйтіп мен сақтарды ойсырата талқандадым, олардың біразын тұтқынға алдым, енді біразын байлап-матап маған алып келді, ал олардың біріншісін, Схунха деп атайтын басшысын қолға түсіріп, маған алып келді. Сол жерде мен өз әміріммен екінші біреуін олардың басшысы етіп тағайындадым. Бұдан кейін бұл ел маған қарады».
«Тарих атасы» атанған Геродот сақтар туралы былай деп жазады: «Бұл халық өзінің көптігімен және жауынгерлігімен көзге түседі. Массагеттер киім киісі мен тұрмыс-салты жөнінен скифтерге ұқсайды. Садақ тартып, найзамен айқасады. Олардың барлық заттары алтын мен мыстан жасалған. Темір мен мысты мүлдем қолданбайды. Олар егін екпейді. Үй жануарлары мен Аракс (Әмударияның көне сағасы) өзенінен балық аулайды, ет жейді, сүт ішеді. Құдайлар мен күнге ғана табынып, құрбандыққа жылқы шалады». Сақтар мен скифтер туралы мәліметтер Страбонның, Үлкен Гай Плинийдің, Птоломейдің, Эфордың т.б. грек-латын авторларының еңбектерінде кездеседі.
Сақ тайпалары көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Олар негізінен жылқы, қой түйе өсірді. Өзен жағалаулары мен суы мол жерлерде егін шаруашылығы да дамыды. Көшпелі сақ тайпалары жыл бойы көшіп-қонып жүрді. Бүкіл тайпалар өздерінің табындарымен, дүние-мүліктерімен әртүрлі бағытта алыс жерлерге көшті.Сақтардың мал шаруашылығының негізгі бағыты қой шаруашылығы болды. Бұған зерттелген обалардың көпшілігінен қой суреттерінің, әдет-ғұрыптық ет тағамдары қалдықтарының көптеп табылуы дәлел бола алады. Қойдың еті мен сүті ғана емес, сонымен бірге киіз басу, арқан есу және жіп иіру үшін жүні де пайдаланылды. Бесшатыр обаларынан табылған заттар дәлелдегендей сақтар киіздің көптеген түрін киіз үйді ұстауға, жерге төсеуге, сәндік бұйымға арналған киіздер және т.б. жасай білген. Көшпелі малшы мен жауынгер сақтың тұрмысында жылқы үлкен рөл атқарды. Аса ірі, жүйрік аттарды көсемдер мен атақты жауынгерлер мінді. Олар жауынгерлердің жеке меншігі болып есептелді, иесі өлсе моласының басында бауыздалып бірге көмілді. Батыс және Оңтүстік Қазақстанның далалы, шөлді аймақтарында тұратын сақтарда түйе өсіру кең дамыды. Ірі қара малы аз өсірілді.
Сақ заманында доңғалақты көлік те жақсы дамыды.Оларда соғыс күймелері екі, төрт және алты доңғалақты арбалар болды. Арба үстінде орнатылған көшпелі киіз үйлер де пайдаланылды. Сақ тайпаларында тұрмыстық үй заттарын жасау, еңбек құралдары, қыш ыдыстар және тағы басқалар да жақсы дамыды. Олар неше түрлі өрнектермен, суреттермен безендіріліп жасалды.
Сол кездегі тарихи деректерде сақтар батыл, әрі жауынгер халық ретінде айтылады. Ер кісілер үнемі ат үстінде болған. Герадоттың айтуынша, сақтар тамаша мерген жауынгерлер болды. Парсы мемлекетінің патшасы Кир Лидия билеушісі Крезбен соғысқанда сақтардан әскери көмек алған. Лидияның патшасын бағындырғаннан кейін Кир патшасы сақтардың жеріне басып кіреді. Бірақ олардың жеңісі ұзаққа созылмайды. Сырдария өзенінен өткен жерде сақтардың әйел патшасы Томирис парсыларды ойсырата жеңіп, Кирдің басын алады.
Б.з. бұрынғы 519-518 жылдары парсы патшасы 1Дарий сақтар жеріне жорық жасайды. Олардың әскерін сақ тайпасының бақташысы, жас жігіт Ширақ сусыз шөл далаға алып барып шөлден қырады. Сақ жауынгерлері кейіннен парсылармен бірігіп грек-парсы (Марафон шайқасы)соғыстарына қатысады. Б.з. бұрынғы ІV ғасырда әлемнің көп жерін басып алған әйгілі қолбасшы Александр Македонскийдің әскерлері б.з. бұрынғы 330-327 жылдары Орта Азияға аттанады. Бірақ сақ жауынгерлерін жеңе алмай, Сырдария өзеніне жете бере кейін қайтуға мәжбүр болды.
Сақтар мемлекетінің саяси құрылысы әскери демократияға негізделді. Бүкіл елді тайпа мүшелері сайлаған тайпа көсемі-патша басқарды. Ол әрі бас қолбасшы болды, тайпа атынан келіссөз жүргізді, тайпа мен рулар арасындағы жайылымдық өмірге белсенді араласты. Тіпті олардың кейбірі мысалы, Томирис, Зарина және т.б. тайпа көсемі болып сайланды. Сақ қоғамының әлеуметтік құрылымында адамдардың үш тобы ерекшеленді. Олар жауынгерлер, абыздар, басқа қауым адамдары (малшылар мен егіншілер).
Сақтар заманының қоғамдық құрылыс жүйесін мынадай схема түрінде беруге болады: 1)шағын туыс отбасылар тобы-патраномия (оннан жиырмаға дейін); 2) көшпелі қауым; 3)тайпалар; 4)тайпалар одағы.
Сақ тайпаларында металл өндіріп оны өңдеуге байланысты кәсіпшілік пен қолөнер жоғары деңгейде дамыды. Сақ шеберлері қоладан әртүрлі қарулар, ат әбзелдерін, еңбек құралдарын, тұрмыстық үй заттарын тамаша жасай білді. Саздан тамаша үлгідегі қыш ыдыстар жасалды. Сақ тайпалары шеберлерінің жасаған мәдениеті «аңдық стиль» деп аталды. Оның басты тақырыбы аңдар мен жануарлар қолөнер туындыларында бейнелеу болды. Бұл бейнелеу өнері Сібірге, Қазақстанға Орта Азияға, Оңтүстік Шығысқа, Еуропаға көптеп тарады. Сақтардың материалдық мәдениеті қазіргі халықтардың мәдениетінен де көрініс тауып жүр. Қазіргі ұзын балақты шалбарлар, қысқа жеңді көйлектер, әшекейлі киімдер осы сақтардан қалған киім үлгілері. Қазақтардың мәсісі мен киіз қалпақтары және бөріктері де сонау сақ заманынан бері келе жатыр. Сақ шеберлері көбінесе жылқы, бұғы, қой, тау барысы, жолбарыс, қасқыр және тағы басқаларды бейнелейді. Аталған жануарларды тек сәндік үшін бейнелеген жоқ, оларға өзіндік мән-мағына, мазмұн берді. Мысалы, қару-жарақтағы жолбарыс бейнесі шайқас кезіндежауынгерлерге күш беріп, оған оқ дарытпайды, жеңіске бастайды деп сендірді.
Сақ тайпаларында зергерлік өнер ісі де жоғары дәрежеде дамыды. Алтыннан, күмістен жасалған сәндік бұйымдар өзіндік көркемдігімен адамдарды әлі күнге дейін таң қалдырады. Сақ тайпаларында қала да болған, солардың бірі Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым жердегі Шырық-Рабат қаласы. Бұл қала сақ тайпаларының бірі апасиактардың астанасы ретінде мәлім болды.
Қазақстан аумағындағы сақтар туралы мәліметтердің бір бөлігі археологиялық зерттеу жұмыстары болып табылады. Бұлардың ең көбірек зерттелгендері Жетісудағы Бесшатыр обалары мен Есік обасы, Шығыс Қазақстандағы «Патша обалары» деп аталатын Зайсан ойдымының Шілікті аңғары мен Бұқтырма өзенінің жағасы, Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетіне кіретін «мұртты обалар», Батыс Қазақстандағы Сынтас және Бесоба қорымдары, Сырдарияның төменгі бойындағы Шығыс Арал маңындағы Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен жерлеу орындары. Бұлардың ішіндегі әлем жұртшылығына белгілі болғаны «Есік» обасынан табылған «Алтын адам».
Алматы облысының Есік қаласы маңынан табылған бұл олжа Жетісудағы патша сақтарының ең көрікті ескерткіштерінің бірі болып табылады. Бұнда жерленген адам 17-18 жастағы сақ ханзадасы болуы керек. Сол кездегі жерлеу салты бойынша барлық киімі түгел кигізіліп, қару-жарағы асылған. Басындағы сәукеледен бастап, жұқа тері киімдері, белбеуі барлығы алтынмен апталған. Алтын бөліктерінің барлық саны 4 мыңнан асады. Оң жақ бетінде ағаш қыны бар темір семсер болса, сол жағында шауып бара жатқан бұлан мен ат пішінінде жасалған екі алтын тілігі жапсырылған, қайыспен қапталған темір ақинақ бар. Сәукеле маңдайындағы екі арқар мен екі тұлпар ат өте шеберлікпен және көркем етіп жасалған. Өлік маңында қойылған ыдыстармен бірге табылған жазуы бар күміс тостаған да сақтар мәдениетінің қаншалықты жоғары деңгейде болғандығын дәлелдей түседі.
Сақ мәдениетінің белді тарихи тұлғасы фәлсафашы Анахарсис б.з. бұрынғы VI ғасырда өмір сүрді. Сақ тайпасында дүниеге келіп Ежелгі Грецияда өмір сүрген Анахарсис құнды фәлсафалық мұралар жазып қалдырды. Аристотель «Никомах этикасында» екі тілді жақсы меңгерген Анахарсиске сүйенеді. Диогеннің «Ұлы фәлсафашылардың өмірі мен ғылыми ізденістері» деген кітабында Анахарсиске жеке бір бөлім арналған.
Қытай өзендері мен Дунай өзенінің аралығындағы Ұлы дала мәдениеті өзіндік жеке мәдениет ошағы екендігін сақ дәуірінің мәлениеті айқын дәлелдейді. Ұлы дала мәдениеті Ніл,Тигр, Евфрат, Хуанхэ, Үнді өзендерінің бойында қалыптасқан мәдениеттер секілді Сырдария мен Амудария өзендері бойында қалыптасты.Келесі бір жағынан, бұл мәдениет ошағы Греция мен Кіші Азия, Шығыс Жерорта теңізі және Месопотамия мәдениеттері секілді Азия мен Еуропа шекарасына орналасқан. Бұл мәдениет ошағының әуелгі кезде этномәдениеті жағынан өзіндік ерекшелігі бар еді, ал бертін келе басқа мәдениеттермен етене араласып кетті.

      Б.з.д. VIII-V ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы көшпелілер өркениеті көршілес тайпалармен және мемлекеттермен экономикалық және саяси қарым қатынаста болды. Бұның өзі көшпелі шаруашылықтың экономикалық мүмкіндіктерін одан әрі тиімді пайдалануға, егіншіліктің, қолөнердің және сауда байланыстарының одан әрі дамуына алып келеді. Бұндай өзгерістер б.э.д. IV-III ғасырларда Қазақстанның жекелеген аудандары мен көршілес аумақтарда біршама тұрақты және ірі саяси бірлестіктердің құрылуына алып келді. Бұл бірлестіктер – сол кездегі Грек-Бактрия, Парфия, Қытай және Кушандар империяларын да мойындатқан Үйсін және Қаңлылар саяси бірлестігі болатын. Соңғы деректер мен мәліметтер бұл саяси бірлестіктің мемлекеттік деңгейге дейінгі жеткендігін дәлелдейді. Яғни, б.э.д. ІІІ ғасырдан бастап қазіргі Қазақстан аумағында Үйсіндер және Қаңлылар мемлекеті өмір сүрген деп айтуға біршама негіз де бар.
Қазақстан аумағындағы алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі үйсіндер болып табылады. «Үйсін» (усун) деген терминнің этимологиясы осы уақытқа дейін анықталмай отыр. Ол тек иероглиф жазуында ғана кездеседі. Оның дыбыспен айтылуы үйсін деген қазақ тайпаларының біріне сай келеді. Жетісу бойындағы сақ-тигрохаудаларды ығыстырған үйсіндер Қазақстан аумағына Орталық Азиядан б.з. бұрынғы үшінші ғасырларда келді. Үйсіндердің негізгі аумағы Іле, Шу және Талас өзендерінің бойы болды.
Археологиялық деректер үйсіндердің европоидтық нәсілге жататындығын және монғолоидтық нәсіл белгілері бар екендігін дәлелдеп отыр.
Үйсіндер туралы алғашқы жазба деректер б.з. бұрынғы ІІ ғасырдың соңынан бастап кездесе бастайды. Осы уақытта Жетісу аймағына келген Қытай саяхатшысы Чжан Цзянь үйсіндер туралы алғашқы мәліметтерді береді. Оның мәліметтерінде үйсіндердің ғұндарға ұқсас екендігі және олардың алғашқыда ғұндарға бағынышты болғандығы айтылады.
Үйсіндер туралы мәліметтер, сонымен бірге Қытайдың «Тарихи естеліктер», «Хань хандығының тарихы» және Қытай тарихшысы Бан Гудың жазбаларында кездеседі. Ә.Марғұлан, К.Ақышов, А.Бернштам, А.Кушаев сияқты тарихшы-ғалымдар археологиялық материалдар мен жазба деректерді салыстыра отырп үйсіндердің шаруашылық өмірі мен тұрмысы, мәдениеті мен өнерін біршама жүйеге келтіріп, олардың тарихын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.
Чжан Цзянь деректерінен біз сонымен бірге үйсін тайпаларының халық саны 630 мың, үй саны 120 мың, әскер саны 180 мың болғандығын да білеміз. Тайпаның барлық билігі гуньмо деп аталған жоғары билеушінің қолында болады. Үйсін гуньмосының астанасы Ыстықкөл маңындағы Чигу-Чэн (Қызыл аңғар) қаласында орналасты. Орда маңында басқа да бекіністер мен елді мекендер болған.
Б.з. бұрынғы 73 жылы үйсіндер мемлекеті үш бөлікке – шығыс, орталық және батысқа бөлінді. Үйсін мемлекеті өз заманында аймақтық-экономикалық және саяси жағдайларға қатысып отырды. Неке одақтарынжасау арқылы басқа мемлекеттермен одақтастық қатынастар орнатты. Мысалы, үйсін гуньмосы Ван-Гуйми өзінің қызы Дишиді Куги әміршісі Гянь-бинге берсе, б.з.бұрынғы 107 жылы Қытайдың Юань-Фын сарайынан атақты князьдің қызы Си Гюньді үйсін патшасы әйелдікке алады. Жетісу аумағы арқылы өткен Ұлы Жібек жолының тармақтары да басқа елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға көмегін тигізді.
Қытай деректерінде үйсіндердің көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандығы туралы айтылады. Чжан Цзянь «Үйсіндер егін шаруашылығымен, бақша, бақ өсірумен айналыспайды. Шөбі шүйгін, суы мол жер іздеп, малмен бірге бір жерден екінші жерге көшіп жүреді. Оларда жылқы көп. Бай адамдардың 4000-5000-ға дейін жылқысы болады. Қаһарлы, ержүрек, бостандықты сүйетін өте күшті жауынгер халық болып есептелді» дейді. Мал шаруашылығы үйсіндер тұрмысында маңызды роль атқарды. Олар негізінен қой, жылқы, ешкі, сиыр және түйе өсірген.Үйсіндердің егіншілікпен де айналысқандығы археологиялық деректерден анықталып отыр. Үйсіндердің баспанасы шикі кесектен салынды. Бірнеше бөлмеден құралған үй іргесінде мал қамайтын қоралары орналасты. Бір ауылда ондаған үй болды.
Үйсіндерде жерлеудің жаңа түрі қабір шұңқырының бүйірінен үңгіп қуыс қазылды. Мәйіт осы қуысқа салынып, басы батысқа қаратылып шалқасынан жатқызылды. Өлген адамның жанына тамақ, ыдыстар және қару жарақтар мен бағалы сәндік бұйымдар қойылды. Тайпа көсемдерінің қабірі басына үлкен қорғандар тұрғызылды.
Үйсін қоғамында тек малға ғана емес, жерге де жеке меншік орнады. Қолдағы бар жазба және археологиялық материалдар үйсін қоғамының мемлекеттік дәрежеге жеткендігін дәлелдейді. Үйсіндер дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштер – Қызылқайнар, Өтеген, Қызылкене, Алтынемел, Қаратұма, Талғар, Ақтас, Қалқан және т.б. қоныстар мен бейіттер.
Археологиялық материалдар үйсін тайпаларының жоғарғы мәдениеті мен өнерінің бар болғандығын дәлелдейді. Табылған заттар мен бұйымдардың және қару-жарақтардың жоғары көркемдік деңгейде жасалғаны, дүниеге көзқарасын анықтайтыны сияқты құнды түрлері де көптеп кездеседі. Мысалы, Қарғалыдан табылған басқа киетін тәж тәрізді әшекейлі бас киімдегі бейнелер Ыстықкөл қабірінен табылған сақ көсемінің бас киіміне ұқсайды. Бас киімдегі бір-біріне қарап тұрған қос қанатты тұлпарлар, олардың соңындағы аңдар мен адамдар, барыс үстінде шауып келе жатқан әйел, ешкіге, арқарға және айдаһарға мінген әйелдер, ұшып бара жатқан аққулар, өсіп тұрған ағаш пен оның сәнді жапырақтары үйсіндердің табиғат пен дүниеге деген көзқарастарын білдіреді.
Үйсіндерден батысқа қарай Талас, Сырдария өзені мен Қаратау маңында және Орталық Қазақстанда б.з. бұрынғы ІІІ ғасырлардан бастап қаңлы тайпалары мекендеді. Қытай деректерінде бұл жерлер «Кангюйлар елі» деп аталады. Бұл этноним бұдан ерте кездегі жазба мәліметтерде де кездеседі. Діни авеста Шығармасында қазіргі Қазақстан аумағындағы «кангхалар» және сақтармен, тохарлармен қатар «канкилер» деп те аталады. Қалай десек те, «кангар» этнонимінің б.з. бұрынғы VI ғасырдан бастап кездесетінін айтуымыз керек.
Б.з. бұрынғы ІІ ғасырда Қытай императоры Чжан Цзяньды батыс елдеріне сауда елшілігіне жібереді. Ол өзі болған жерлер туралы құнды мәліметтер қалдырады. Үйсіндермен қатар, олардың батысында тұрған қаңлылар туралы да мәліметтер жазады. Қытай елшісінің мәліметтеріне қарағанда қаңлылар елінде 600 мың адам, 120 мың әскер болған. Астанасы ретінде Битянь қаласы аталады. Үйсіндер сияқты қаңлылардың этникалық сипаты жөніндегі мәселе де толық анықталған жоқ. Кейбір ғалымдар қаңлылар түрік тілдес халық десе (А.Бернштам), басқалары оларды солтүстік Иранның мал өсіруші тайпаларының қатарына жатқызады (Б.А.Литвинский)
Қаңлылардың мемлекеттік құрылымы туралы деректер өте аз кездеседі. Жанама деректер арқылы мемлекетті «би», «жабғу» деп аталатын патшаның көмекшісі және кеңесшілері болған. Қаңлыларға бағынышты болған бес иелікті Сусені, Фумуды, Юеньді, Гиді жіне Юегеньді патша тағайындаған әміршілер басқарған. Шығысындағы үйсіндерден үнемі қысым көрген және оларға қарсы тұруға шамасы келмеген қаңлылар Ғұндармен әскери одақ құрады. Солтүстік ғұндар билеушісі Чжи-чжи қаңлы билеушісінің қызына үйленеді. Әскери одақты неке арқылы бекіткен қаңлылар ғұндардың күшті армиясына үлкен үміт артыды. Көп ұзамай ғұндар үйсіндерді жеңіп, солардың жеріне қоныстанады деп ойлады. Бірақ ғұндар жеңілген елдің жеріне қоныстанып, олардың заңдарына және салт-дәстүріне бағынғысы келмеді. Бұл жасалған одақтың бұзылуына және ғұндардың қаңлы билеушісінің ордасынан қуылуына себеп болды. Чжи-чжи өз әскерлерімен бірге Талас бойына кетеді және осы жерге мемлекеттің болашақ астанасы ретінде бекіністі қала салады. Бұл қаланы қытайлар талқандайды.
Қаңлылар өздерінің саяси, әскери және сауда қызметінде шығысқа қарай ұмтылыс танытпаған. Оның бір себебі шығыстағы қытай, үйсін, ғұндар сияқты күшті мемлекеттердің өмір сүруі болса, екіншіден, олардың көрші мемлекеттермен көршілік достық қарым-қатынаста тұруға деген ниетінен болса керек. Олар сонымен қатар осы кезеңдегі негізгі сауда жолы болған Ұлы Жібек жолының Сырдария бойымен жүретін бөлігіндегі бағытын өз бақылауында ұстап тұруға ұмтылды. Қытай, Рим, Кавказ және Оңтүстік елдерімен сауда, экономикалық және саяси байланыстар жасады.
Қаңлылармен уақыт жағынан қатар өмір сүрген үйсіндердің негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болса, Сырдария бойын мекендеген қаңлылардың шаруашылық кәсіптерінің негізгі бағыты отырықшы мал шаруашылығымен қатар, суармалы егіншілік те болды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде дәнді дақылдардың дәндері мен астық сақтайтын қамбалардың, дәнүккіштер мен астық сақтайтын ыдыстардың көп табылғанына қарағанда бұл өңірде егіншілік едәуір дәрежеде дамыған тәрізді. Жерді тас кетпендермен өңдеген, сүйектен жасалған егіншілік құралдарын пайдаланған. Өзен салаларынан егіс алқаптарына қарай қысқа арықтар қазылды. Дегенмен егінді суару шектеулі көлемде жүргізілді. Өйткені, ірі каналдар мен арықтар қазуға күш жетпеді. Суды пайдалануда еңбектің ең қарапайым әдістері қолданылды. Талас пен Арыс өзендерінің аңғарларында, Қаратау баурайларында таудан аққан бұлақтар, жылғалар, кіші өзендер пайдаланылды. Негізінен арпа, бидай, тары және бау-бақша дақылдары өсірілді.
Шаруашылықтың екінші бір маңызды саласы мал өсіру еді. Қой, ешкі, сиыр және жылқы өсірілді. Қаңлылардың аң аулау мен балық аулаудың қосымша маңызы болды. Сырдария бойындағы тоғайлар мен Қаратау бойынан елік, арқар, киік және құстар ауланды.
Қауыншы, Жетіасар, Отырар-Қаратау мәдениеттерінен табылған археологиялық материалдар қолөнер кәсібінің де дамығанын көрсетеді. Еңбек құралдары мен ыдыстары, қару-жарақтары темірден балқытылып жасалды. Айырбас саудасымен қатар ақша айналымы да қолданылды. Оны археологиялық қазбалар кезінде табылған ақшалар да дәлелдейді.
Қаңлыларда табиғатқа, ата-баба аруағына табыну сияқты діни ұғымдар болды. Олар сонымен қатар аспан денелеріне де айға, күнге, жұлдыздарға табынған. Б.з. бұрынғы І ғасырдың ортасында үйсіндер мен қаңлылар арасында ұзаққа созылған соғыстар басталып, әлсіреген қаңлы мемлекеті өзінің өмір сүруінің соңғы жылдарында Түрік қағанатының құрамына енеді.

     Б.з. бұрынғы 1 мыңжылдықтың екінші жартысынан бастап Еуразия- ның этникалық-саяси тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпалары- ның ролі өсті. Солардың бірі ғұндар еді. Ғұн тайпаларының аты тарихта олардың жауынгерлік даңқымен, қаталдығымен және халықтардың ұлы қоныс аударуының басталуына негіз болған көшпенділігімен мәлім. Еура- зияның кең байтақ даласын мекендеген ғұндардың әлемдік өркениеттегі орны да ерекше.
Б.з.д. IV— III ғасырларда Қытайдың солтүстігіндегі тайпалар екі саяси бірлестікке — сунну және дунху бірлестіктеріне топтасты. әсіресе, сунну бірлестігі тез күшейіп көршілес аймақтарға да елеулі қауіп төндіре бастайды. «Сунну» атауының қайдан шыққаны әлі толық дәлелденбеген. Кейбір деректерде, бұл этноним аталған бірлестіктің қытайша жазылуы- нан деп есептеледі. Ғұндардың этникалық шығу тегі туралы түпкілікті тұжырым айту да қиын. Дегенмен де ғұндардың түріктердің арғы тегі екендігі туралы болжам басымдау келеді.
Ғұндар туралы алғашқы жазба деректер б.з. бұрынғы 822 жылдан бас- тап кездеседі. Бұл деректер көшпелі ғұн тайпаларының осы жылы Қытайға жасаған аса зор шапқыншылық жорығы туралы айтылады. Б.з. бұрынғы IV— III ғасырларда Қытайдың солтүстігіндегі көшпелі тайпалардың топтасуы нәтижесінде екі тайпалык бірлестік сунну және дунху тайпалары қалыптасты. Мұндағы сунну тайпалары өз заманындағы тарихи оқиғаларға белсене қатысып, көршілес елдердің тарихына ықпал жасады және олардың кейінгі дамуында да айтарлықтай роль атқарды.
Суннулар (хунну немесе ғұндар) б.з. бұрынғы III ғасырда едәуір күшейді. Ғұндардың жаңа жорықтарынан қауіптенген қытайлар ¥лы қытай қамалын салады және оны одан әрі нығайтады.
Б.з. бұрынғы 209 жылы ғұн тайпаларының билеушісі болып Мөде сай- ланды және ғұн билеушілері шаньюй деп аталды. Ғұндарды құдіретті елге айналдыру мақсатында Мөде бірқатар реформалар жасады. Мөде алдымен көршілес тайпа дунхуларды талқандады. Солтүстігіндегі Саян- Алтай тайпаларын және батыстағы үйсіндерге жорықтар жасап, олардың бір бөлігін өзіне бағындырды. Осы жеңістерден кейін Мөде Қытайға шабуылдады. Ғұндармен болған шайқастарда сәтсіздіктерге ұшыраған Қытай империясы Мөдемен «тыныштық және туыстық туралы» шарт жасасты. Ғұн билеушісі Қытай ханшасын әйелдікке алды және сонымен қатар Қытай империясы ғұндарға жыл сайын көп мөлшерде салық төлеп тұруға міндеттенді.
Байкалдан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзенінің орта ағысына дейін созылып жатқан үлкен аумақ ғұндардың қол астына қарады. Жасалған келісім шарт Мөде өлгеннен кейін де ондаған жыл бойы сақталды. Бұл шартгы б.з. бұрынғы 123 жылы император Удидің ғұндарға қарсы жасаған жорығы бұзды. Ғұндарды Ордостан ығыстырған қытайлар б.з. бұрынғы 90 жылы Яныиань тауының түбінде ауыр жеңіліске ұшырады. Шаньюй Құлағу қытайлықтарға өз талаптарын қояды және бітім шартын жасайды. Бірақ бұл шарт мерзімі ұзаққа созылмайды.
Б.з. бұрынғы 59 жылы ғұндарда билік үшін өзара күрес басталып, осының нәтижесінде қуатты ғұн мемлекеті оңтүстік және солтүстік ғұндар болып екіге бөлінеді. Оңтүстіктегі ғұндар Хань империясына бағынышты болды. Солтүстік-батыс Монғолиядағы солтүстік ғұндар билеушісі Чжи-чжи Қырғызнұр көліне таяу жерден өз ордасын орнатады. Хань империясы мен оңтүстік ғұндардың тарапынан үнемі шабуылға ұшырап отырған солтүстік ғұндар тәуелсіздігін сақтап қалды. Бірақ жиі-жиі шапқыншылыққа ұшыраған солтүстік және оңтүстік ғұндар арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түседі. Ғұндардың қазіргі Қазақстан аумағына алғашқы жаппай келе бастауы б.э.д. II ғасырға сәйкес келеді. Бұл кезде ғұндар Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды мекендей бастаған болатын.
Жиілей түскен жорықтардан зардап шеккен солтүстіктегі ғұндар солтүстік Монғолия мен Шығыс Түркістанның солтүстік бөлігіне көшіп баруға мәжбүр болды. Одан кейінгі жылдары олардын бір бөлігі Тянь- Шаньнан өтіп қаңлылармен көршілес отырады. Осы кезде қаңлылар үйсіндермен соғыста ғұндармен соғыс одағын жасайды. Бірақ бұл одақ берік болмай ғұндар мен қаңлылар арасында жанжал болды. Осыдан кейін екі жақ соғыс одағын бұзып Чжи-чжи қаңлы билеушісінің ордасынан қуылады. Көп ұзамай қытайлар солтүстік ғұндардың Талас бойына салған орда- сына шабуыл жасайды. Ғұндардың ерлікпен шайқасқанына қарамастан қытай әскерлері қамал қорғанысын бұзып, қамалды қиратып, қаланы ба- сып алады. Чжи-чжи өзінің туыстарымен, нөкерлерімен, атақты адамда- рымен барлығы 1518 адам тұтқынға алынып, барлығының басы кесілді.
Ғұндардың Қазақстан жеріне қоныс аударуыньщ екінші толқыны б.з. 93 жылы басталады. Олар батысқа қарай жылжи отырып жолында кездес- кен тайпалардың бірін көшпен бағындырса, екіншілерін өздеріне қосып алады. II ғасырда ғұндар Сырдарияға, Арал бойына, Орталық және Батыс Қазақстанға дейін жетеді. Ғұндардың батысқа қарай жылжуы басқа тайпа- лардың қоныс аударуына себеп болды. IV ғасырда ғұндар басқа да көшпелі тайпалармен қосылып, оңтүстік орыс далалары арқылы Дунайға және одан әрі Шығыс және Орталық Еуропа елдеріне дейін барады. Ғұндар Атилланың басшылығымен Еуропа елдеріне жорықтар жасап, қалаларды қырғынға ұшыратты. Рим империясын құлатқан халықтардың Ұлы қоныс аударуының басталуына негіз болды. Халықтардың ұлы қоныс аударуы Қазақстанның, Орта Азияның және Алдыңғы Азияның, сондай-ақ Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір дәрежеде өзгертті.
Монғол нәсілдес және түрік тілдес ғұндар Қазақстан аумағындағы тайпалардың антропологиялық тұрпатын да өзгертті. Зерттеуші ғалымдар- дың пікірінше ғұндар түріктердің арғы ата-бабалары. Ғұндардың қоғамдық құрылымында патриархалды рулық қарым-қатынастардың белгілері өте күшті сақталды. Бізге жеткен мәліметтер бойынша ғұндар 24 руға бөлінген. Оларды ақсақалдар басқарды. Ақсақалдар кеңесі мен халық жиналысы жұмыс істеді. Мемлекетті шексіз билігі бар шаньюй (тәңірқұт) биледі. Оған түменбасы деп аталатын бекзадалар бағынышты болған және олардың әрқайсысының меншігінде көшіп қонатын жер-сулары болды.
Ғұндардың тұрмысында мал шаруашылығы басты роль атқарды. Қытай тарихшысы Сыма Цяньның жазбаларында ғұндардың үнемі бір жайылымнан екінші жайылымға көшіп жүретіндігі, мал өнімдерін пайдаланатындығы туралы айтылады. Ғұндардың өмірінде жылқы малы ерекше маңызды болған. Ғұндар сонымен қатар қой, ешкі, сиыр және түйе өсірді. Ғұндарда малға отбасылық және жеке меншік болғандығы туралы мәліметтер бар. Басқару аппаратын қаржыландыру үшін халықтан салық жиналды.
Артына терең тарихи мұра мен айтулы оқиғалар қаддырған, өзіндік мәдениеті қалыптасқан ғұндар түрік тілдес тайпалар мен халықгардың одан кейінгі тарихи дамуына да айтарлықтай үлес қосты.